Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Аллаға ең көркем есімдер тән

13.10.2015 9510 0 пікір

Алланың есімдері мен сипаттарын зерттейтін ілім – пайдасы көл-көсір, берер жемісі мол, қалдырар ізі анық, мүбәрак ілім. Бұл ілімнің артықшылығы мен ұлы пайдасы төмендегі жайттар арқылы байқалады:

1) Ислам діні соңғы, ұлы дін, ал Ислам дініндегі ең ұлы амал – Алланы жалғыз деп тану, яғни таухид. Барлық пайғамбарлар мен елшілер Алланы жалғыз деп тануға, бір Аллаға құлшылық етуге шақыратын.

Көркем есімдер мен кемшіліксіз, пәк сипаттарды білу – Исламдағы ұлы амалдың бір тірегі. Сондықтан көркем есімдер мен кемел сипаттарды білу – ұлы, мәртебелі ілім болып саналады.

2) Иманның алты рүкінінің, алты тірегінің ең ұлысы, ең алғашқысы – Аллаға иман келтіру. Иманның бұл тірегі Алланы танымай жатып құр «Аллаға иман келтірдім» деген құрғақ сөз арқылы орындалмайды. Шынайы иман – күмәнсіз, нақты сенімге жеткенге дейін пенденің өзі иман келтірген Раббысын тануы, Оның есімдері мен сипаттарын танып-білуге бар күшін салуы. Раббысын қаншалықты таныған болса, иманы да сонша болмақ. Раббысын неғұрлым жақсырақ білсе, иманы да соғұрлым артады, ал енді Раббысын білмесе, иманы да төмен болмақ.

Алланы таныған адам өзін де, өзгені де біліп жүреді. Шынайы Жаратушы мен жалған құдайдың арасын оңай ажыратады. Алла Тағала Құранда: «Сондай Алланы ұмытқан, сөйтіп Алла олардың өз-өздерін де ұмыттырған кісілер тәрізді болмаңдар. Міне, солар бұзақылар», - деген (Хашыр, 19). Кімде-кім Алланы ұмытып, есім-сипаттарын білмесе, Раббысын танымаса ол өзін де жоғалтып, бұл жалғанда бақытқа жеткізіп, апаттан құтқарар себептерді де біле алмайды әрі өзіне пайда берер нәрселерді ажырата алмайды.

3) Бұл ең көркем әрі ең абзал, алар орны жоғары, мәртебесі биік ілім. Шын мәнінде кез-келген ілімнің беделі сол сала зерттейтін нәрсенің беделімен анықталады. Ал енді Алланы және қасиетті Құран мен пайғамбар сүннетінде келген Оның есімдері мен сипаттарын зерттеуден абзал ілім жоқ бұл жалғанда.

4) Алла мен Оның есімдерін танып-білу – Оған деген махаббат, Оны ұлықтау, Оны жоғары тұту, Одан қорқу, Одан үміт ету сияқты құлшылық түрлерін жасауға, кез-келген амалды ықыласты түрде орындауға итермелейді. Кез-келген пенде Алланың есімдері мен сипаттарын білген сайын Аллаға деген талпынысы, ынтасы, асығыстығы, сағынышы артып, шариғатына толық беріліп, бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан бас тартады.

5) Алла Тағала Өзінің есімдері мен сипаттарын жақсы көреді. Осы сипаттары мен есімдерінің жаратылыс бойында із көрсеткенін де қалайды. Бұл Алланың кемелдігінің нышаны. Ол Алла «әл-Жәмил (аса сұлу)» әрі әдемілікті жақсы көреді, Ол «әл-Ғалийм (толық білуші)» әрі ілім иелерін жақсы көреді, Ол «әл-Жәуәәд (аса жомарт)» әрі қолы ашық, жомарт пенделерін сүйеді, Ол «әт-Тәууәб (тәубені қабыл алушы)» әрі тәубе етуші құлдарын жақсы көреді, Ол «әл-Мухсин (жақсылық жасаушы)» әрі жақсылыққа асық құлдарын сүйеді, Ол «әр-Рахийм (ерекше мейірімді)» әрі мейірімді құлдарын жақсы көреді. Оның кешірімі мен мейірімділігі осы сипаттардың пенде бойында қалыптасуына қарай беріледі. Бұл да Алланың көркем есімдері мен сипаттарын білудің артықшылығын айғақтайды.

6) Алланы танымаған, есімдері мен сипаттарын білмеген жан толық әрі кәміл түрде құлшылық жасауы мүмкін емес. Құлшылықтың көркем түрлерінің бірі – Аллаға дұға ету, Одан сұрау. Тіпті намаздың өзі дұға мен тілектен құралады. Алла Тағала Құранда: «Көркем есімдер Аллаға тән, Оған солар арқылы дұға жасаңдар», - деген (Ағраф, 180). Кейбір ғұламалар бұл аяттағы «дұға» сөзі «сұрау дұғасын» да «құлшылық дұғасын» да қамтитынын айтқан.

Сұрау дұғасы дегеніміз – жалпы көркем есімдерінің мағынасына сай Алладан сұрау, тілеу. Мысалы: «Әй, әл-Ғафуур (аса Кешірімді) мені кешіре гөр! Әй, әр-Рахим (ерекше Мейірімді) маған мейіріміңді төк» дегендей.

Құлшылық дұғасы дегеніміз – көркем есімдердің мазмұнына сай құлшылық ету. Мысалы, әрбір жасаған күнә үшін тәубе етіп, Алладан кешірім сұрау, себебі ол әт-Тәууәб (тәубені қабыл етуші), зікір-дұғаларды тілмен айту, себебі ол әс-Сәмиғ (толық Естуші), денемен құлшылық жасау, себебі ол әл-Басыр (бәрін Көруші), жақсы ниетте болу, себебі ол әл-Ғалийм (бәрін Білуші) т.с.с; Көркем есімдер мен кемел сипаттарды білмеген жан қалай ғана дұға етіп, құлшылық жасасын?!

7) Шын мәнінде Алла Тағала жаратылысты жаратып, жоқтан бар етіп, көктер мен жердегі жанды-жансыздың бәрін де адамзаттың қызметіне арнады. Мұның бәрі де Алланы танып-білу және Оған құлшылық ету үшін ғана. Раббымыз Құранда: «Ол Алла, жеті көкті жаратқан және жерді де солар сияқты жаратқан. Күмәнсіз Алланың әр нәрсеге күші толық жететіндігін білулерің үшін әмірлері жер мен көктің арасында түсіп тұрады», - деген. (Талақ, 12). Осы аят арқылы бұл әлемнің жаратылуындағы мақсат – Алланы тану, Оның әр нәрсеге күші толық жететіндігін білу екені байқалады. Енді тағы бір аятта: «Шын мәнінде жындар мен адамдарды тек қана Өзіме құлшылық қылулары үшін жараттым», -делінген (Зәрият, 56). Ондай болса адам баласының өз жаратушысын тануға деген талпынысы – өзінің жаратылуындағы мақсатын білуге деген талпынысы болып табылады. Өзінің бұл жалғандағы негізгі мақсатын біліп, Раббысын тануға, тек Оған құлшылық етуге талпынып, мұратына қол жеткізген адам бақытты болмақ.

8 ) Алланы тану, Оның есімдері мен сипаттарын білу – пайдасы көл-көсір саудаға тең. Бұл саудадан кіретін кіріс: жанның тыныштық табуы, жүректің орнықты болуы, көкейдің ашық, ояу болуы, Оның разы болған нәрселеріне қол жеткізіп, ашуы мен азабынан алыс болуы, Қиямет күні Фирдаус бағында болуы, Ұлы Раббымызбен жүздесуі. Расулалла (с.а.у.): «Алланың тоқсан тоғыз есімі бар. Бұларды жаттап алып, (мағынасына сай амал еткен) жан сөзсіз жәннатқа кіреді. Ол әл-Уитр (тақ) және тақ санды жақсы көреді», - деген (Бұхари, Муслим).

Алланы таныған жан Одан өзге құдайсымақтың да, жаратылыстағы жын мен адамзаттың да Алланың қалауынсыз ешбір зиян немесе пайда бере алмайтынын ұғынады, Алланың аса мейірімді және барлық бұйрықтары шектен тыс даналыққа негізделгенін ұғынып, барлық амалдарын тек Соған арнайды. Осы арқылы жаны тыныштық тауып, жүрегі орнығады. Жүрегі орныққан, жаны тыныш адамның көкейі ояу, көкірегі ашық болып, ақиқат пен жалғанның арасын, пайда мен зиянның арасын дұрыс ажыратады. Алла жақсы көрген істерді ғана ұнатады. Бұлай жасаған адамның барар жері Фирдаус жәннаты, ал алар сыйы – Алламен жүздесу!

9) Алланы тану және Оның есімдері мен сипаттарын білу арқылы жұмыр басты пенде әрбір жамандықтан алшақ болады. Осы арқылы ол үшін үміттің есігі ашылып, үмітке қол жеткізуде шыдамдылық пен сабырлылыққа бейімделіп, жалқаулықтан алыстап, құлшылық пен бойсұнушылыққа бар күшін салып, күнәлар мен өзге жамандықтың бәрінен алыстауға бел буады. Бұл сипатпен сипатталған жан шайтаннан алыс жүреді әрі Аллаға деген махаббаты оянады. Ал Алланы жақсы көрген жан жақсылық пен ізгілікке асық болып, жамандық пен зұлымдықтан қашық болмақ.

Бұл Алла мен Оның есім-сипаттарын білудің кейбір артықшылықтары. Осы арқылы адам баласының Алланы, Оның есімдері мен сипаттарын, бұйрықтары мен тыйымдарын, елшілері мен кітаптарын білуге деген ынтасы артып, мұқтаждығы арта түседі. Шын мәнінде Алла пен Оның есімдерін танып-білуге деген мұқтаждық әрдайым сезілген.

islam.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру