Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Руслан ҚАМБАРОВ: Ұстазды сыйлау – ұлылық

08.10.2015 3542 0 пікір

Ескендір Зұлқарнайын жорықтан оралғанда ең əуелі ұстазына, кейін ата-анасына сəлем беруге баратын көрінеді. Мұның сырын сұрағандарға, ол: «Ата-анам менің аспаннан жерге түсуіме, дүниеге келуіме себепкер. Ал, ұстазым жерден аспанға, яғни жəннатқа кіруіме себепші» деген екен. «Таяқты əліп деп үйреткен» ұстазды құрметтеу қазақтың қанына сіңген қасиет еді. Өкінішке қарай, ғаламторда мұғалімді мазақ еткен оқушылардың бейне ролигіне куə болдым. Бұл – білім күні қарсаңында. Содан еріксіз қолға қалам алдым.

Дінде: «Адам баласы жетістік шыңына құрмет көрсетумен шығады, ал құлдырауы құрметсіздік салдарынан» деген нақыл бар.

Бұрынғы заманда шəкіртке «Сенің үш əкең бар: біреуі – бел əкең, тағы біреуі – білім берген ұстазың, үшіншісі – сен қызын алған кісі» деп оқытады екен. Бұл ұстазыңды əкеңдей құрмет ет деген тəрбие болса керек. Мұғалімге деген құрмет, оның жолын кеспеу, алдына түсіп алмау, орындығына отырмау, рұқсатсыз сөз бастамау, сөзді көбейтпеу сияқты əдептілікті де қамтиды. Сондай-ақ, ұстаз шаршап тұрғанда сауал қоймау, уақытқа мəн беру, мазасын алмау жəне ұстаз бөлмесіне есік қағып кіру де сый-құрметке жатады. Бір қараған адамға тым асыра сілтеу сияқты. Бірақ, саңлақ сахаба Əли (р.а.): «Мен өзіме діннен бір мəселе үйреткеннің құлымын. Қаласа мені сатып жіберсін, қаласа өзіне құл етсін, қаласа бостандық берсін» деген сөзі ұстазға жасалған құрмет əрқашан да көп етпейтіндігін көрсетеді.

Алла Талағаның сөзі Құранды үйреткен ұстаз ерекше құрметке лайық. Алайда, ақ қағазға қара қаламмен жазуды, əліппе ұстатып əріп үйреткен алғашқы ұстаздан бастап адамның ғұмыр жолында жолыққан, білім алуына ат салысқан əрбір ұстаздың орны бөлек.

Халифа Һарун Рашидтың ғибратты хикаясында былай жазылған: Һарун Рашид баласын атақты ғұлама Асмағиге білім жəне əдеп үйрену үшін тапсырады. Күндердің күні халифа оқудағы баласының жағдайын көруге барады. Ғалым Асмағи дəрет алып, аяғын жуып отырған екен. Ал, халифа баласы ұстазының аяғына су құйып тұр екен. Сонда халифа Асмағиге: «Мен сізге балама білім берсін, əдеп үйретсін деп жіберген едім. Неге балама бір қолымен су құйып, екінші қолымен аяғыңызды жууды бұйырмадыңыз?!» деп сын айтқан екен. Иə, «Еті сенікі, сүйегі менікі» деген осы болар.

Пайғамбарлардың да басты міндеті – ұстаздық. Алла Тағалаға құлшылық етуге үндеуші елшілердің басты міндеті адамзатқа ақ пен қараны ажыратуды үйрету болды. Екі дүние сұлтаны Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз: «Ақиқатында мен мұғалім (үйретуші) етіп жіберілдім» деген сөзі бұған айқын дəлел.

Құрметті ата-ана! Балаңыз мектеп табалдырығын аттады. Қадамы құтты болсын! Балаңызға бірінші кезекте ұстазын құрметтеуді үйретіңіз. Себебі, тəрбиесіз білім алысқа шаппайды. Абайдың қара сөзіндегі қайрат, ақыл жəне жүрек үшеуі өз артықшылығын айта жарысып, ақыры төрелігін білімнен сұрағанда «...Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала қалпыңа əрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы...» деп білім діндарлық пен тəрбиені таңдағанын естеріңізде болғай. 

Дайындаған Руслан ҚАМБАРОВ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру