Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қажылық қалай өтеледі?

15.09.2015 4804 0 пікір

Қажылық қалай өтеледі?

Серікбай қажы Ораз,ҚМБД Наиб мүфтиі, "Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамы

Қажылық кімге парыз?

Адамға қажылық парыз болу үшін төмендегі шарттар қажет:

1. Мұсылман болу. Мұсылман еместерге қажылық парыз етілмеген.

2. Ақыл-есі дұрыс болу, есі ауысқан адам қажылық жасауға міндетті емес.

3. Балиғат жасына жету. Бұл жасқа жетпеген бала қажылық жасамаса да болады. Бала балиғатқа жетпей тұрып қажылық жасаса да қажылық жасау парызы оның мойнынан түспейді.

4. Басы азат болу, өйткені құлға қажылық парыз емес. Құлдардың үкіміне тұтқындар мен түрмедегілер де кіреді.

5. Қажылықты орындауға шама-шарқы жету. Бұған төмендегілер кіреді:

а) Денсаулығы жақсы болу. Ауыр науқас адам ауруынан айыққанша қажылық жасамаса болады.

ә) Қажылыққа баратын кісінің Меккеге барып-қайтуға, онда тұруға және сол уақыт аралығында бала-шағасын қамтамасыз етуге жеткілікті қаржысы болуы. Меккеге барып-қайтуға қаржысы жеткіліксіз адамдарға қажылықты өтеу парыз емес.

б) Сапардың қауіп-қатерсіз болуы.

6. Әйел кісі қажылықты күйеуі не махрамға1 жататын ер туысымен бірге өтейді. Өйткені Алла Елшісі (ﷺ):

«Әйел кісі өзімен бірге махрамы болмаса, үш күннен артық сапарға шыға алмайды», - деп бұйырған (Бұхари, Мүсілім).

_______________

1. Махрам: күйеуі және әйел адамға үйленуге шариғат тыйым салған ер кісілер. Олар: әкесі, туған аға-інілері, аға-інілерінің ұлдары, әпке-сіңлілерінің ұлдары, әкесінің аға-інілері, туған нағашылары және қайын атасы.

 

Ихрам үкімдері

Ихрам жағдайындағы кісіге тыйым салынған амалдар

Алла Елшісі (ﷺ) ихрам жағдайына кірген қажыларды бірқатар амалдарды жасаудан сақтандырған. Ихрамдағы адамға төмендегі амалдарды жасауына тыйым салынады:

1. Жыныстық қатынасқа түсу және соған итермелейтін сүйісу, аймаласу сияқты әрекеттер;

2. Күнәлі істер және Аллаға бойсұнбау;

3. Жол серіктермен, қызметші-лермен және басқа адамдармен ұрысып, жанжалдасу, оларға тіл тигізіп, ренжіту. Бұл тыйым Алла Тағаланың:

«Кім осы айларда (өзіне) қажылық-ты парыз етсе (яғни, қажылыққа баруды ниет етсе), онда қажылықта әйелге жақындасу, күнә істеу және жанжалдасу* жоқ», - деген аятына негізделген («Бақара» сүресі, 197-аят).

* Бұл жерде негізсіз әрі әділетсіз дау-жанжал туралы айтылған. Ал, ақиқатты қорғау мақсатында дауласу туралы айтар болсақ, ол ұнамды, тіпті міндетті саналады. Алла Тағала: «Әрі олармен көркем түрде күрес», - деген («Нахыл» сүресі, 125-аят).

4. Көйлек, шапан, жадағай, шалбар, жейде, тоқылған бас киім сияқты тігісі бар киім кию. Сондай-ақ иіссу себілген киім, тобықты жауып тұратын аяқ киім киюге де тыйым салынады. Кебіс сатып алуға мүмкіндігі болмаса, мәсінің қонышын қызыл асыққа жетпейтіндей тобықтан төмен етіп кесіп тастауға болады.

5. Бүкіл мұсылман ғұламалары осы тыйым салынғандар тек ер кісілерге қатысты екенін айтқан.

6. Әйел кісі иіссу себілген киім, бетперде және қолғаптан басқа шариғат талабына сай киімдерді кие береді. Алла Елшісі (ﷺ):

«Ихрамға кірген әйел жүзін бетпердемен жаппауы және қолғап кимеуі тиіс», - деген (Бұхари).

Әйел кісі жүзін бөтен еркектердің көзінен қолшатыр немесе сол сияқты нәрсемен көлегейлеуіне болады. Сондай-ақ бетін орамалының бір шетімен жабуына да рұқсат етіледі.

Айша (р.а.): «Бірде біз Алла Елшісімен (ﷺ) бірге ихрамда болған кезімізде қасымыздан атты кісілер шауып өтетін. Олар қатарласқанда біз жүзімізді орамалдың шетімен жабатынбыз, олар кеткен соң бетімізді ашатынбыз», - деген (Әбу Дәуіт).

7. Изар мен рида немесе кебіс таба алмаған кісі өзімен әкелген киімді киеді. Өйткені Алла Елшісі (ﷺ):

«Кімде-кім изар таппаса, онда кәдімгі дамбал кисін, ал кебіс таппаса, онда кәдімгі мәсісін кисін», - деген (Бұхари, Мүсілім).

8. Ихрам жағдайында жүрген адамға үйленуге, біреуді үйлендіруге, некесін қиюға немесе біреуге құда түсуге болмайды. Өйткені, Алла Елшісі (ﷺ):

«Ихрам жағдайындағы адамға үйленуге, біреудің некесін қиюға және (біреуге) құда түсуге тыйым салынады», - деген (Мүсілім).

9. Ихрамдағы адамға тырнағын алуға, шашын алдыруға немесе қысқартуға, сондай-ақ денесіндегі басқа да түктерді алуына немесе қысқартуына тыйым салынған. Алла Тағала:

«Құрбандық өз орнына жетіп барғанға дейін бастарыңды (яғни шаштарыңды) алмаңдар», - деген («Бақара» сүресі, 196-аят).

10. Ихрам жағдайында еркектерге де, әйелдерге де киіміне және денесіне иіссу жағуына тыйым салынады.

11. Ихрамдағы адамға құрлықтағы аң аулау шараларына қатысуына; оны өлтіруге, союға, көзге түскен аңды қолымен көрсетуге немесе оған баратын жолды нұсқауына тыйым салынады. Бірақ қажылық өтеушілердің судан балық аулауына және балықты тағам ретінде пайдалануына рұқсат етіледі.

Құран Кәрімде:

«Сендерге және саяхатшыларға пайда ретінде теңіз (жануарларын) аулау мен оларды жеу халал етілді. (Бірақ) ихрамда болсаңдар, сендерге құрлық (жануарларын) аулауға тыйым салынды», - делінген («Мәида» сүресі, 96-аят).

 

Қажылық кезінде тыйым салынған амалдарды жасаған адамға қатысты үкімдер

1. Егер қажылық өтеуші адам ихрамда болып, белгілі бір себеппен жыныстық қатынас жасаудан басқа тыйым салынған амалдардың бірін істеп қойса, мәселен, ыстықтан не суықтан қорғану мақсатында шашын алдырса, тігісі бар киім кисе т.с.с, онда ол кәффарат төлеуі тиіс. Ол кәффарат ретінде бір қой құрбандық шалуы не алты міскінді, әрқайсысына жарты сағ8(Бір сағ – күріш есебімен 2,04 келіге тең) тиетіндей етіп тамақтандыруы немесе үш күн ораза тұтуы керек.

Тыйым салынған амалды істеген кісі осы аталған үш өтемнің бірін таңдауға ерікті. Алла Тағала:

«Құрбандық өз орнына жетіп барғанға дейін бастарыңды (яғни шаштарыңды) алдырмаңдар. Сендер-ден кім (қажылықта) ауру болса немесе басында бір жайсыздық пайда болып (шашын алдырса), ораза (тұтып) не садақа (беріп) немесе құрбандық (шалып) підия төлейді» - деген («Бақара» сүресі, 196-аят).

2. Қажылық өтеуші кісі ұмытып не білместікпен иіссу жағынса, күнә болмайды.

Әли ибн Умәйя (р.а.): «Бір күні Алла Елшісіне (ﷺ) үстінде жуббасы (жеңі кең шапаны) бар, сақалымен шашы сары түске боялған бір адам келіп: «Уа, Алланың Елшісі (ﷺ)! Ұмра үшін осы күйімде ихрамға кірдім», - деді. Сонда ол: «Өзіңдегі бояуды жу, жуббаңды шеш, сонан соң ұмраны орында», - деп айтты», - деген (Бұхари, Мүсілім).

Егер ихрамдағы кісі ұмытып не білмей аң аулап, бір хайуанды өлтірсе, онда ол мүліктің сақталу кепілдігіне байланысты кәффарат төлеуі керек. Өйткені мүліктік кепілдерде жағдайдың ұмыту, білместік немесе кездейсоқтық сияқты себептері ескерілмейді. Кепілдіктің сақталу мәселесі сияқты іске қатысты адамдардың барлығы бірдей жауапқа тартылады.

3. Қажылықта жүрген кісі жыныстық қатынас жасаса, оның қажылығына нұқсан келеді. Ол қажылық амалдарын аяғына дейін орындап, құрбандық шалуы және келесі жылы қайта қажылық жасауға міндетті.


Қажылық үкімдері

Қажылықтың бұлар орындалмаса, ғибадаты дұрыс болмайтын тіректері (парыздары) бар. Олар:

1)Ихрамға кіру. Бұл үшін қажылық өтеуші адам осы ниетте изар және рида деп аталатын екі бөлек матадан тұратын киім киеді. Ол киімді «ихрам» деп атайды. Арнайы тоқылған «ихрам» киімі табылмаса, кез келген екі ақ матаны пайдалануға болады. Рида екі иық пен мойынды жабады, ал изармен дененің белден төменгі жағы оралады. Ал әйелдер әдеттегі киімін киіп жүре береді.

2)Арафатта тұру. Онда зұл-хижжа айының тоғызы күні түс мезгілінен келесі күннің таң сәрісіне дейін тұруға болады. Арафатқа күндіз келген қажылар күн батқаннан кейін Муздалифаға қарай кете берулеріне рұқсат етілген. Ал күндіз Арафатқа келіп үлгермеген қажылардың таң атқанша Арафатқа кіруіне болады. Яғни Арафаттың уақыты түс мезгілінен таң атқанша созылады. Бұдан кешіккен қажылардың қажылықтары қабыл болмайды.

3)Тауафул-ифада – қажылық тәуабы. Ол зұл-хижжаның оныншы күні таңертеңнен айт күндерінің соңына дейін орындалады. Алайда бір себептермен осы күндері орындай алмаған жағдайда, өмірінің соңына дейін әйтеуір бір орындауы міндет.


Қажылықтың уәжіптері

Қажылардың орындауы міндетті саналатын уәжіп амалдары бар. Қажылық өтеуші бұлардың біреуін қалдырып кетсе, Меккеде құрбандық шалуы тиіс. Олар:

1.  Муздалифада түнеу.

2.  Жамараттарға тас ату.

3. Сафа мен Маруа арасында жүру (сағи). Кейбір ғалымдар бұл амалды қажылықтың рүкіндері қатарына жатқызады.

4. Шашты алдыру не қысқарту.

5. Қоштасу тәуабы.

Құрбандық шалу, оның түрлері және құрбандық малына қойылатын талаптар

Қасиетті аймаққа сый ретінде құрбандыққа сойылатын түйе, сиыр, қой және ешкі сияқты шаруа малдары шариғатта «һәди» деп аталады. Һәди ерікті және міндетті болып екі түрге бөлінеді. Һәдиге ерікті түрде мал шалуды тек ұмра не қажылық өтеушілер ғана орындай алады. Ал міндетті саналатын һәди төмендегілерге тиісті:

1-2)Қажылықтың «қиран» және «таматтуғ» түрін өтеушілерге. Қажылықты өтеп болған соң екеуі де бір-бір қойдан шалуға міндетті. Аталмыш құрбандық малының етінен шалған кісілердің өздеріне де жеуіне болады.

2)Қажылық уәжіптерінің бірін орындамаған қажыларға. Мысалы, миқаттан ихрам кимей шыққан, Арафаттан күн батпай жатып шығып кеткен, Муздалифада не Минада түнемеген, бағаналарға тас лақтырмаған немесе қоштасу тәуабын жасамай кеткен қажылар бір қой шалуы керек.

3)Ихрам жағдайындағы кісілерге тыйым салынған амалдар арасынан жыныстық қатынастан басқа бір істі жасап қойған кісілерге. Мысалы, иіссу себінген не шашын алдырған жағдайда.

4)Аң аулау не ағаштарды кесу арқылы қасиетті аймақтың тыйымын сақтамағандарға.

Қажылықтың әдептері

1.  Қажылықты шын ықыласпен Алла разылығы үшін орындап: «Аллаһумма һәзиһи хажжатун лә рия фиһә уә лә сумъа», - деп айту.

Мағынасы: «Уа, Алла! Бұл қажылықта рия және мақтаншақтық жоқ».

2. Жақсы адамдарға серік болып, оларға қызмет ету және қасындағы адамдардың тигізген қолайсыздықтарына сабыр ету.

3. Темекі шекпеу және оны сатып алмау, өйткені бұған шариғат тыйым салған әрі ол денсаулық пен қасындағыларға зиян тигізеді және қаражатын ысырап етеді. Темекі шегу Алла Тағала алдында күнә саналады.

4. Намаз алдында тісті тазалау үшін мисуак қолдану. Сыйлық ретінде үйге мисуак, зәмзәм суын және құрма ала қайту. Мисуактың пайдасы туралы сахих хадистерде айтылған.

5. Әйелдерге жанаса жүруден, оларға көз тігіп қараудан сақтану және әйелдерін бөтен еркектерге көрсетпеу.

6. Намаз оқып жатқан адамдарға кедергі жасамау және оларға қолайсыздық тудырмай, өзіне жақын орынға жайғасу.

7. Қағбада не Мәдинадағы Пайғам-бар (ﷺ) үйі, мешітінде болса да намаз оқып жатқан адамның алдын кесіп өтуден абай болу, өйткені бұл шайтанның ісінен.

8. Намазды алдыңа дуал, ер кісінің арқасы немесе сөмке сияқты сутра (қалқа) қойып, асықпай оқу. Жамағат намазында имамның алдына қойылған сутра, оған ұйып тұрғандарға да сутра болып есептеледі.

9. Тәуаб, сағи, тас лақтыру және қара тасты сүю кезінде қасыңдағыларға сыпайылық таныту. Бұл талап етілетін істердің бірі.

10. Алладан басқа ешкімге, мәселен әруақтарға жалбарынудан сақтану, бұлай ету қажылық т.б. амалдарды зая кетіретін ширкке жатады. Алла Тағала:

«Егер (Аллаға) ортақ қоссаң, әлбетте амалың зая кетіп, анық зиянға ұшыраушылардан боласың», - деген («Зумар» сүресі, 65-аят).

Жеке басының мәселелерін шешуде тек Алладан жәрдем тілеп, Оған ғана жалбарыну аса маңызды. Өйткені, Алла Тағала:

«Шын мәнінде, мен Раббыма ғана жалбарынып, Оған ешкімді серік қоспаймын», - деп айт», - деген («Жын» сүресі, 20-аят).

11. Меккедегі Харам мешітінде көбірек намаз оқуға тырысу. Себебі онда оқылған намаз басқа мешіттерде оқылған намаздан жүз мың есе артық. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Менің мешітімде оқылған намаз Харам мешітінен басқа мешіттерде оқылған намаздан мың есе абзал» (Бұхари); «Харам мешітіндегі оқылған намаз (менің) мешітімдегі намаздан жүз есе артық», - деген (Ахмад; сахих хадис).

 

Пайғамбарымыздың (ﷺ) мешітін зиярат ету әдептері

1. Мешітке оң аяқпен кіріп: «Бисмилләһ. Уәс-саләту уәс-сәләму ъалә расулилләһ. Аллаһуммаф-тах ли әбуәбә рахмәтик!» - деп айту.

Мағынасы: «Алланың есімімен! Алла Елшісіне (ﷺ) игілігі және сәлем болсын! Уа, Алла, маған Өз мейіріміңнің қақпаларын аша гөр!» (Бұл дұға кез келген мешітке кіргенде оқылады).

2. Ішіне кірген соң екі рәкат тахиятул-масжид (мешіттің сәлем) намазын оқу. Сонан соң Алла Елшісімен (ﷺ) қатарлас жатқан екі сахабасына: «Әссәләму ъаләйкә, я, Расулаллаһ! Әссәләму ъаләйкә, я, Әбә Бәкр! Әссәләму ъаләйкә, я, Омар!» - деп сәлем беру.

Мағынасы: «Саған сәлем болсын, уа, Алланың Елшісі (ﷺ)! Саған сәлем болсын, уа, Әбу Бәкір (р.а.)! Саған да сәлем болсын, уа, Омар (р.а.)!»

Содан кейін құбылаға бұрылып, Алла Тағалаға жалбарына дұға ету және Алла Елшісінің (ﷺ):

«Тілесең, тек Алладан тіле, жәрдем сұрасаң, тек Алладан жәрдем сұра!», - деген сөзін еске алу (Термези, сахих хадис).

Мәдинадағы Пайғамбарымыздың (ﷺ) мешітін зиярат ету және Алла Елшісіне (ﷺ) сәлем беру сүннет амалдар санатына жатады. Оны зиярат ету қажылық амалдарына жатпайды және бұл зияраттың белгіленген уақыты жоқ. Қалаған адам кез келген уақытта зиярат ете береді.

3) Мешіттің терезе-дуалдарын т.с.с. нәрселерін сипамау, сүймеу, одан артқа шегіншектеп шықпау, өйткені бұлай жасау дінімізге жат амалдардан.

4) Алла Елшісіне (ﷺ) жиі салауат айту. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кім маған бір рет салауат айтса, Алла ол үшін оған он рет салауат айтады (яғни игілігіне бөлейді)», - деген (Мүсілім).

5)8Мәдинаға Пайғамбарымыздың (ﷺ) қабірін емес, оның мешітін зиярат ету, сосын Оған (ﷺ) сәлем беру ниетімен бару керек. Өйткені, Пайғамбарымыздың (ﷺ) мешітінде оқылған намаз басқа мешіттерде оқылған намаздан мың есе артық. Алла Елшісі (ﷺ):

«Үш мешіттен басқа (мешіттерді құлшылық мақсатымен зиярат ету үшін) сапарға шығуға болмайды: мына менің мешітім, Харам мешіті және Ақса мешіті», - деп айтқан (Бұхари, Мүсілім).

 

Мәдинада мына жерлерді де зиярат ету сүннет:

1)   Бақиғ зияраты

«Бақиғ» атты қабірстан Пайғамбар (ﷺ) мешітінің жанында орналасқан. Онда көптеген сахабалар жерленген, солардың ішінде атақты сахаба, үшінші халиф Осман ибн Аффан (р.а.) бар.

2)   Ұхуд шайқасында шәһид болған мұсылмандар жерленген орын.

Олардың қабірлері Ұхуд тауының маңына орналасқан.

3)   Құба мешіті.

Исламдағы ең алғашқы салынған «Құба» мешітіне дәрет алып барып, екі рәкат намаз оқу сүннет.

Ибн Омар (р.а.) риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (ﷺ):

«Кімде-кім үйінен дәрет алып, одан кейін Құба мешітіне келіп намаз оқыса, ұмраның сауабындай сауап алады», - деген (Нәсәи, Ибн Мәжә).

Алайда «Жеті мешіт», «Қос құбылалы мешіт» сияқты орындарға баруға қатысты шариғатта нұсқау берілмеген.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру