Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қолы ашықтың - жолы ашық!

10.08.2015 10592 0 пікір

Күллі мадақ-мақтаулар мен хамді саналар, және сансыз шүкірлеріміз, әл-ауқатты мұсылмандарға зекетті парыз ету арқылы, ел ішіндегі жарлы-жақыбайлардың тұрмыстық жағдайын жақсартуды бұйырған, Жаратушы Жаббар Иеміз Алла Тағалаға болсын!

Алланың игілігі мен ізгілігі, салауаты мен сәлемі және барша қайыр шапағаты ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедке (ﷺ), оның пәк отбасы мен салихалы сахабаларына, сондай-ақ, көңілі дархан кеңпейіл, қолы ашық жомарт жандарға дарығай!

Қадірлі  бауырлар! Құдайға сансыз шүкірлер болсын , қазіргі таңда біз ұлық нығметті басымыздан өткізудеміз. Көгілдір аспанда көк байрағымыз желбіреп, тәуелсіз ел болғаннан бері көптеген жетістіктер мен жақсылықтарға қол жеткіздік. Жұртымыз аман, еліміз тыныш болған бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Аллаға  мың да бір шүкір, бүгінде елімізде күмбездері мен мұнаралары  көкке ұмтылған  мешіттеріміз көбейіп келеді. Мұсылман жамағатының қатары күн санап  өсуде. Барлық діни рәсімдер мен  ғұрыптарды  толықтай жүзеге асыруға мүмкіншілік бар. Әлбетте, мұның бәрі Жаратушы  Жаббар Иеміздің  аузында Алласы, жүрегінде тәубасы бар қазақ халқына сыйы десек  артық айтқандығымыз емес.  Ислам ғұламалары:

ولهذا دعا الخليل إبراهيم عليه السلام لأهل مكة قال : (رَبِّ اجْعَلْ هَـَذَا بَلَداً آمِناً وَارْزُقْ أَهْلَهُ مِنَ الثَّمَرَاتِ مَنْ آمَنَ مِنْهُم بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ) 

«Алланың халилі (досы) болған Ибраһим (ғ.с) Мекке тұрғындары үшін дұға еткен кезінде:«Раббым! Бұл шаһарды  тыныш қала ете көр! және оның тұрғындарынан кім Аллаға, ақирет күніне иман келтірсе, түрлі өнімдермен ризықтандыр»(«Бақара» сүресі, 126-аят)–деп  жалбарынған.  Хазреті Ибраһим (ғ.с) бұл дұғасында ризықтан бұрын  алдыменен тыныш өмірді сұраған. Себебі, қауіп-қатер болған жерде  адамдар ризықтың ләззәтын сезіне алмай үреймен өмір сүреді.  Бәлкім, қауіп-қатер болған жерде ризықтың  да болуы екіталай»,– деп.

Жоғарыдағы аятта, Ибраһим (ғ.с) пайғамбар халқы үшін, алдыменен бейбіт өмір мен әр-түрлі мол ризық несібе сұрағандығын байқадық. Демек, Ибраһим (ғ.с) пайғамбар Аллаһ Тағаладан екі ұлық нығметті тіледі. Ал, бүгінде біздің халқымыз осы екі нығметті де басынан кешіріп жатыр. Шынтуайтында, Аллаһ  Тағаланың бізге берген әрбір нығметіне шүкір етуіміз керек.   Енді ослардың екігшісіне тоқталсақ.  Ең  бірінші   әр-түрлі мол ризықтың Аллаһ Тағала тарапынан екендігіне иланып, жақсылап ұғынуымыз керек. Сондай-ақ, әр-түрлі мол ризықтың ішіне мал-дүние байлықтың да кіретіні белгілі.  Аллаһ Тағала Қасиетті Құранда:

وَمَا بِكُمْ مِنْ نِعْمَةٍ فَمِنَ اللَّهِ

«Сендердегі әр нығмет Алладан» - деп ескертеді. Яғни, бай адам- өзінен де төрт көзі түгел, он екі мүшесі сау, денсаулығы мықты, қабілетті адамдардың өздері, мал-дүние нығметінен мақрұм екендігін ұғынып, сол нығметті нәсіп еткен Раббысына шүкіршілік ету қажет.

Құрметті жамағат! Жаратқан Иеміз қамшының сабындай ғана мына қысқа  заманда, бірімізді мал-дүние байлықпен, енді бірімізді жарлылықпен сынайды.  Ауқатты жандар   мал-мүлкінің  бір бөлігін  кедей-кепшіктерге зекетін  сынақтан сүрінбей өтер.  Сонымен қатар, игі істерге мұрындық болған мұндай атымтай жомарттар  дүниелерін берекесін кірзіп,  күнәларынан арылады. Себебі, олар зекет ғибадатын орындау арқылы  Алла Тағала берген байлыққа шүкіршілік еткен болып, жарлы-жақыбайлардың және періштенің дұғасына бөленеді. Әбу Һурайрадан (р.а.)  жеткен хадисте:

 

عن أبي هريرة رضي الله عنه أن رسول الله صلى الله عليه وسلم قال: (( مامن يوم يصبح العباد فيه إلا ملكان ينزلان فيقول أحدهما: اللهم أعط منفقا خلفا، ويقول الآخر: اللهم أعط ممسكا تلفا

Алла Елшісі (ﷺ): «Күн сайын таңертен Алланың құлдары ұйқысынан енді оянып жатқанда, көктен екі періште түседі. Бірі: «Уа, Алла Тағалам! Дүние-мүлкін игі жолға жұмсағанның дүниесінің орнын толтыра гөр»,-десе, екіншісі: «Уа, Алла Тағалам! Жиған-тергенін жұмсамай, тығып отырған сараңды шығынға батыр»-деп, дұға жасайды»,-деп айтты» -делінген. Аса қамқор ерекше мейрімді Раббымыз:

وَمَا آتَيْتُم مِّن زَكَاةٍ تُرِيدُو نَوَجْهَا للَّهِ فَأُوْلَئِكَ هُمُ الْمُضْعِفُونَ

«Алланың ризалығы үшін берген зекеттерің өседі. Міне,  солар артықша (еселенген) сауапқа бөленушілер» .-деп сүйіншілеген. Тағы бір аятта:

وَمَا تُنفِقُواْ مِنْ خَيْرٍ فَإِنَّ اللّهَ بِهِ عَلِيمٌ

«Қандай қайыр-садақа берсеңдер де  Алла Тағала оның бәрін біледі» -деп айтқан.

Қазақ  тумысынан жаны жайсаң, кеңпейіл, жомарт халық.  Бойында мұндай қасиеттері бар жанды  Алла Тағала да жақсы көреді. Ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) өз  хадистерінің бірінде:

السخي قريب من الله قريب من الناس قريب من الجنة بعيد من النار

«Қолы ашық жомарт адам- Алла мен адамдарға және жәннатқа  жақын әрі тозақ отынан  алыс »[1] -деп сүйіншілеген. Абдуллаһ ибн Масғудтан  (р.ғ)  жеткен хадисте  Алла Елшісі (ﷺ):

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَا حَسَدَ إِلَّا فِي اثْنَتَيْنِ رَجُلٌ آتَاهُ اللَّهُ مَالًا فَسُلِّطَ عَلَى هَلَكَتِهِ فِي الْحَقِّ وَآخَرُ آتَاهُ اللَّهُ حِكْمَةً فَهُوَ يَقْضِي بِهَا وَيُعَلِّمُهَا

«Екі нәрсеге қызығыңдар және шүкіршілік етіңдер.   Алла Тағала бір кісіге дәулет беріп, оны Хақ (шариғат бұйырған, яғни зекет, садақа, т.с.с.) жолына жұмсаса,  екінші бір адамға даналық нәсіп етіп, онымен дұрыс төрелік жасаса және  басқаға үйретсе »[2],– деген. Демек, ілім мен даналықтың шүкірі оны басқаларға үйретумен жүзеге асса,  дүние-мүліктің шүкірі мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, зекет беру арқылы жүзеге асады.   Бүгінде   көпшілік  намаз оқу, ораза, қажылық секілді құлшылық-ғибадаттардың парыз екендігін  өте жақсы біледі. Алайда, исламның бес парызының бірі есептелетін  зекетке жеткілікті деңгейде мән бере бермейді.  Оны  кез-келген  кезде берілетін  садақамен шатастырып жүргендер де   арамызда аз емес.  Біле білсек, зекеттің дінімізде алар орны ерекше маңызға ие.  Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ):

بُنِيَ الإِسْلاَمُ عَلَى خَمْسٍ شَهَادَةِ أَنْ لاَ إِلَهَ إِ الَّلهُ وَأَنَّ مُحَمَّداً رَسُولُ الَّلِه، وَإِقَامِ الصلاََّةِ، وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ، وَالْحَجِّ، وَصَوْمِ رَمَضَانَ

«Ислам бес нәрседен тұрады. (Олар:) Иман, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару және Рамазан айында  ораза  ұстау»[3]-деп айтқан. 

 Дүние-мүлкі нисаб мөлшеріне  жеткен мұсылман  зекет беруге міндетті. Қасиетті Құранда:

خُذْ مِنْ أَمْوَالِهِمْ صَدَقَةً تُطَهِّرُهُمْ وَتُزَكِّيهِم بِهَا

«Мұхаммед (ﷺ) Олардың малынан зекет ал да,  күнәларынан тазарт[4]...»-деп әмір етілген. Сондай-ақ, Жаратқан Иеміз Құранның 32  жерінде зекет  беруді  намазбен  қатар атаған. Соның бірінде:

وَأَقِيمُواْ الصَّلاَةَ وَآتُواْ الزَّكَاةَ

«Намаз оқыңдар, зекетті толық беріңдер»[5]- делінген.

 

Зекет қазақ тілінде  «берекеттену», «тазалау», «арту», «көбею», «тазалық» сияқты мағыналарды білдіреді.  Яғни нисаб көлеміне жеткен нақты бір байлықтың түрінен  белгілі бөлігін жылына бір рет  Алла  разылығы үшін  белгіленген кісілерге қайтарымсыз беруді зекет деп түсінеміз.  

Алла Елшісі (ﷺ) өсиетінде:

حَصِّنُوا أَمْوَالَكُمْ بِالزَّكَاةِ ، وَدَاوَوْا مَرْضَاكُمْ بِالصَّدَقَةِ ، وَأَعِدُّوا لِلْبَلاءِ الدُّعَاءَ

«Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар... »[6]-деп айтқан.  Демек, зекет беру арқылы  әрі парызымызды орындаймыз, әрі  мал-мүлкімізді сақтап   қаламыз. Сондай-ақ, оның  рухани емдейтін   қасиеті тағы бар.  Яғни,  зекет жұмыр басты пендеге  бақыт сыйлайтын  ұлық ғибадат. Асан қайғы  бабамыз бұл жөнінде былайша толғайды: «Бақыт қонған ерлердің әрбір ісі оң болар, дәулеті күнде көбейіп, не істесе  да мол болар».

Зекет өз уақытында  берілуі тиіс. Өйткені,  оның  берілетін мерзімі  өткен  сайын  пенденің  шайтанның азғыруына түсіп қалу  ықтималдығы да  арта түседі. Ислам ғұламалары:

«Пенде үшін  бір іс өте пайдалы және  ол Алла Тағаланың алдында жақсы көрінген сайын, оған деген шайтанның да қарсылығы арта түседі»[7], – деп  мұсылмандарды құлаққағыс етеді. Зекет  беретіндей байлығы мен дүние-мүлкі бола тұрып,  сараңдық танытса,  жазасы да   өте ауыр болмақ. Ақиретте   ондай адамдардың  байлығы жылан кейпіне еніп,  иесінің   мойнына оралып (шағып), қатты азапқа салатынын[8]  Пайғамбарымыз (ﷺ) өз хадистерінде  қатаң ескертеді.  Ал,  Құран кәрімде оларды Алла Тағалаға серік қосушылардың қатарына қосады:

لِّلْمُشْرِكِينَ الَّذِينَ لَا يُؤْتُونَ الزَّكَاةَ وَهُم بِا خْآلِرَةِ هُمْ كَافِرُونَ

«..  мүшіріктер зекет бермейді және ақиретке сенбейді»[9].

  Мұндайда  хакім Абайдың : «Пейілі кедей байдан сақта»-деп  айтқаны еріксіз есіңе түседі.

Зекет  Рамазан оразасынан бұрын парыз етілді.  Бұл кезде Пайғамбарымыздың   (ﷺ) Мәдинаға  қоныс аударғанына екі жыл болған еді. Зекет Рамазан айында берілсе, сауабы  да мол. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыз  (ﷺ) өз үмметіне үлгі бола білді. Зекеттің адам баласына  аса пайдалы екенін  Ислам  ғұламалары  былайша  түйіндейді:

 

أنها قيام بركن من أركان الإسلام الذي عليه مدار سعادة العبد في دنياه وأٌخراه

أنها تُقرب العبد إلى ربه وتزيد في إيمانه ، شأنها في ذلك شأن جميع الطاعات ما يترتب على أدائها من الأجر العظيم

 

«Зекет- құлды бұл дүние мен ақиретте  бақытқа жетелейді.  Раббысына жақындатып, иманын арттырып,  мол сауапқа кенелтеді».

Енді,  осы  пікірлерді  таратып айтсақ:

–  Зекетті алған адам берген кісінің байлығының артуын Құдайдан тілейді. Өйткені, мал-мүлкі көбейсе, тағы да зекет беретінін жақсы біледі. Осылайша қоғамда тұрақтылық, әлеуметтік тепе-теңдік сақталады;  

– Байларды сараңдықтан  арылтып,  күнәдан тазартады; 

– Бай  мен  кедейдің арасында бауырмалдық  қарым-қатынас орнайды;

– Адамдардың бір-біріне деген мейірімі артады;

– Алла Тағаланың адамзатқа берген  нығметтерін еске алуға себепкер болады;

Зекет  жария түрде  берілсе өзгелерге  үлгі.  Мұны көрген басқа бақуатты кісілердің зекет беруіне себепші болуы әбден мүмкін.  

Зекетті кімдер береді?

1) Мұсылман болу;

2) Ақыл-есі дұрыс болу;

3) Балиғат жасына   толған;

4)Азат (бас бостандығы) болу;
5)  Әл-ауқатты  болу; (өз қажеттілігі мен  мен қарыздарынан басқа «нисаб» мөлшеріндегі дүние-мүлкі немесе ақшасы) болу;
6) Зекет берілуі керек дүние-мүлік пен байлыққа толық ие болу.  а) Нисаб мөлшерінде яғни 85 г. алтынның не  595 г күмістің құнына тең болса;
ә) Бұл байлық бір қамари жыл бойынша (яғни 354 күн) иесінің қолында болу;
б) Қолдағы мал заттай немесе бағалай өсу күйінде болуы қажет.

7) Қарызы болмау.

Зекет кімдерге беріледі?

Құранда:

 

إِنَّمَا الصَّدَقَاتُ لِلْفُقَرَاء وَالْمَسَاكِينِ وَالْعَامِلِينَ عَلَيْهَا وَالْمُؤَلَّفَةِ قُلُوبُهُمْ وَفِي الرِّقَابِ وَالْغَارِمِينَ وَفِي سَبِيلِ الّلهِ وَابْنِ السَّبِيلِ فَرِيضَةً مِّنَ الّله

 

«Шын мәнінде садақалар (зекеттер) Алла Тағаланың парызы.  Олар  кедей, жоқ-жітікке ,  пақыр-міскіндерге,  зекет жинайтындарға  (жалақы ретінде), көңілдерін Ислам дініне аударғандарға,  құлдарды азат етуге,  қарызға батқандарға,  Алла Тағаланың жолына және қиналған жолаушыларға беріледі.  Алла Тағала бар нәрсені біледі және аса Дана». («Тәубе» сүресі, 60-аят.)

        

Ойымды Пайғамбарымыздың (ﷺ) төмендегі хадисімен түйіндесем деймін. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте:

«Күн сайын таңертең Алланың құлдары ұйқысынан енді оянып жатқанда, көктен екі періште түседі. Бірі: «Уа, Алла Тағалам! Дүние-мүлкін игі жолға жұмсағанның дүниесінің орнын толтыра гөр»,-десе, екіншісі: «Уа, Жаратқан Ием! Жиған-тергенін жұмсамай, тығып отырған сараңды шығынға батыр деп дұға жасайды,[10] – деп айтқан.

 


[1] Әт-Тирмизи риуаят етті.

[2] Бұхари, Мүсілім риуаят етті.

[3] Бұхари «Сахих», Мүсілім «Сахих».

[4] «Тәубе» сүресі, 103-аят.

[5] «Бақара» сүресі,  43-аят.

[6] Ат-Табарони, Әбу Наим.

[7] Мәуаридуль әмән 162-бет.

[8] Бұхари, «Зекет».

[9] «Фуссилат» сүресі, 6-7- аяттар.

[10] Бухари,зекет 27; Мүсілім, зекет 57.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру