Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АЗАН – ИСЛАМ МӘДЕНИЕТІНІҢ АТРИБУТЫ

28.07.2015 1818 0 пікір
Азан – ислам дінінің ұраны. Қазақта «Азаны бар ауыл азбайды» деген қанатты сөз бар. Азанның қоғамға берері көп. Мысалы, қазақтың салт-дәстүрі бойынша дүниеге келген нәрестенің құлағына азан айтып жақсы ат қойылады. Ондай баланың жолы болып, өмірде өзінің орнын табады деп күтіледі.

Ал егер бес уақыт азан шақырудың басты мақсаты күйбең тіршіліктің қамындағы пенделерге Алланы және ақірет күнін еске түсіру екендігін ескерсек, қоғамның рухани өмірін дамытуға үлкен үлес қосары анық. Сондай-ақ, жұма намазына арналған азанның да қасиеті керемет.

Сондықтан да Қасиетті Құранда: «Уа, иман келтірген жандар! Жұма күні намазға азан шақырылған кезде саудаларыңды тастап, Алланы еске алуға (құтпа тыңдап, намаз оқуға) асығыңдар! Біле-білсеңдер, сендерге ең қайырлысы осы. Намазды оқып болғаннан соң жан-жаққа тарап, Алланың нығметінен өздеріңе ырыздық-несібе іздеңдер. Алланы көп-көп еске алыңдар, мүмкін, бақытты боларсыңдар» (Жұма сүресі, 9-10 аяттар), – деп, адамды өзін-өзі тәрбиелеуге, ерік-жігерін бағындыруға, бақыт жолын іздеуге талпындырады.

Қазақ әдебиетінің, рухани мәдениетінің көрнекті өкілі – Бұхар жырау «Ей, айташы, Алланы айт» деген өлеңінде: «Таңертең азан шақырған дауысы сұлу молланы айт», – деп таңғы азанның ғаламатына тоқталса, Қабылиса ақын:

– Бақыт, қайда барасың?

– Шариғат сөзін тыңдаған,

О дүниені ойлаған,

Аллалы үйге барамын.

– Бақыт, қайда барасың?– Көршімен болған бірлігі,

Тағат, ғибадат тірлігі,

Ұйымшыл елге барамын, – деп жырлап, азан айтып Алласын еске алатын, көршісін құрмет ететін ұйымшыл қоғамның болмысынан сыр шертеді.

Азан – қазіргі Қазақстан қоғамында имандылық пен рухани мәдениеттің маңызды атрибутына айналды.

Десек те, Қазақстан зайырлы әрі көп конфессиялы мемлекет болғандықтан, мешіттердегі шақырлатын азан дауысы шектен тыс зорайтылып, сол арқылы мешітпен көршілес тұрғын үйлердегі азаматтарға зарар беруге де болмайды. Осыны ескерген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзіне қарасты барлық мешіттердегі айтылатын азанның дауысы ҚР заңнамасындағы талаптарға сәйкес 30-45 децибелден аспауын қадағалап келеді.

Сөз соңында айтпағым, мешіт қызметкерлері мен мешіттің көршілері бір-біріне түсіністікпен қарап, бірліктерін арттырса екен деймін. Мешіттегі молдалардың азан айтқанда дауыс зорайтқыштарды заңда көрсетілген талаптан асырмауы көршілерге көрсеткен құрметі болар еді. Ал, тұрғындар заң аясында айтылып жатқан азанның дауысына төзімділікпен қараса қасиетті ғибадат орындарына, ислам дініне деген құрметтерінің көрінісі болары хақ.

Ершат ОҢҒАРОВ,

ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің хатшысы, 

теолог, PhD

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі