Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жетімін жылатпаған ел едік

28.07.2015 7462 0 пікір

Смайыл Сейтбеков, 

ҚМДБ-ның Маңғыстау

облысы бойынша өкіл имамы

 

Жетімін жылатпаған ел едік

Дүниедегі тіршілік атаулының ғұмыры Жаратушының әу баста тағдырға жазған мөлшерімен өлшенеді. Ешкім де сол межеден не артық, не кем өмір сүре алмайды. Пенде өзіне бұйырылған рызық-несібесіне қол жеткізіп, дәм-тұзы таусылған соң пәни өмірмен қош айтысып, мәңгілік өмір сапарына көш түзейді. Себебі өмірді де, өлімді де жаратушы – бір Алла. Әрбір кеудесінде жаны бар тіршілік иесі өліммен бетпе‑бет келері хақ. Құранда ажалдың уақыты да Алланың иләһи ілімімен белгіленіп қойғандығы жөнінде айтылады: «Біз араларыңда өлімді белгіледік. Бізден ешкім оза алмайды» (56.Уақиға сүресі, 60-аят).

Алла әрбір пендеге тек өзіне тән өмір өлшемін нәсіп еткендіктен, кімнің қанша уақыт ғұмыр кешетіндігі біз үшін беймәлім. Ол әрине, бір Аллаға аян. Кейде пенденің ден саулығына, жас-кәрілігіне қарап, «пеленшенің денсаулығы мықты екен, ал түгеншенің ғұмыры санаулы, тіпті ауру меңдеп алыпты ғой өзін» деп, соған байланысты біреудің өмірінің ұзақтығы мен қысқалығы тұрғысында тон пішетін кездеріміз де болады. Ал тіршілікте бәрі де біз ойлағандай бола бермесі белгілі. Демек, ажал күтпеген сәтте келері анық, өлімнің ерте-кеші, жасы не кәрісі болмайды. Алайда біреулер өмірден ерте кетеді, енді біреулер ұзақ жасайды, ал кейбіреулер мына дүниенің есігін ашпай жатып, жан тапсырады.

Қоғамда ата-анасынан жастайынан айырылғандар көбінесе өзгелердің жәрдемі мен қамқорлығына мұқтаж болып қалады. Тағдыр тауқыметіне ұшырап, жетімдіктің  ауыртпалығын тартады. Ал жетімге қарайласып, қолынан келген көмегін көрсету мұсылман кісінің міндеті әрі Алланың мұсылманға жүктеген аманаты. Осы аманатқа адалдық танытып, жетімге керекті жәрдемін көрсеткен жан әлбетте Алланың ризашылығына кенелетін амал жасаған болады. Жетімге қолғабысын аямаған мұсылманды Пайғамбарымыз (с.а.у.) мына хадисімен сүйіншілеген: «Жетімнің тірлігіне қарайлаған кісі, оның туысы болсын, мейлі оған бөтен болсын, ол кісі менімен жәннатта мына екі саусақ сияқты бірге болады (деп сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын ашып, көрсеткен екен)» (Бухари, Талақ-23).

Мұсылман кісі жетімге тек Алланың разылығын көздеп көмек беруі тиіс. Қайшы жағдайда, сауап емес күнәлі іс жасаған болады. Әрине Алла біздің жетімге көрсеткен жәрдемімізге мұқтаж емес. Бәлкім адам баласын жетім қалдыруының да бір хикметі болар. Бір-біріне сеп болып, жақсылыққа кенелсін деп, ретін осылай келтіріп қоюуы да мүмкін.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз өмірінде жетімдерге көп қарайласып, барынша қамқор болған. Жетім балаларға әке орнына әке бола білген. Жетімге қарайласудың қаншалықты сауап іс екендігін мына бір хадисініде айтып өтеді: «Кімде кім бір мұсылман жетімнің қамқорлығын өз мойнына алса, кешірілмейтін бір күнә жасамағанша, Алла оны жәннатқа кіргізеді» (Тирмизи риуаяты).

Пайғамбар тәлімін алған сахабалар өз кезегінде жетімге қарайласу мәселесінде өзараларында қалыс қалмай, қада қағып, қанат жайып, былайша айтқанда, барынша қарекет етіп, қам қылғанын байқаймыз. Омардың ұлы Абдуллаһ есімді сахаба күнделікті өмірінде дастархан басына отырғанда алдымен жетім баланы тойдырмайынша, астан ауыз тимейтін болған. Тіпті сапарға шыққанда бір өзі отырып тамақтанғанын ешкім көрмепті. Түскілікке жетім баланы шақыртып алатын әдетін замандастары тілге тиек етіп айтып жүрген. Бірде асқа отырғанда қызметшісі жетім баланы таба алмайды. Сонда Абдуллаһ сол жетім баланы тауып әкелгенше алдындағы асқа қол созбай күтіп отырған екен.

Сахабалардың мұншалықты жанкештілігі Алланың разылығына бөлену үшін екендігіне күмән жоқ. Сол сахабалардың бірі әрі бірегейі халифа Омар өз халифалығы тұсында жетімге қарайласуды үлкен бір міндет ретінде қараған. Халифа Омар халықтың тұрмыс-тіршілігін өз көзімен көріп-білмек болып көпшілік жүретін базарға, көшеге шығатын. Бірде алдынан жесір әйел кез болып, былай дейді:

– Әй, мүминдердің әміршісі! Күйеуім өліп, артында шеттей бала-шағасы қалды. Олар өздігінен азық табатындай жасқа жеткен жоқ әлі. Олар аштықтан бұратылып өліп қала ма деп қорқамын. Мен Хузайфа инб әл-Ғифаридің қызымын. Әкем Худайбияда Пайғамбармен бірге болған еді, – дейді. Сол кезде Омар:

– Шағымын осылай жеткізе білудің өзі зор абырой! – дейді де, есігінің алдында байлаулы тұрған семіз түйесіне азық-түлік пен киім-кешек артып, оның бұйдасын әйелге ұстатады да:

– Мынаны игілікке жарат. Бұл таусылса, Алла бұдан да жақсысын береді, – деп шығарып салады.

Біз қазақ ежелден ислам дінін қабылдаған халықтардың біріміз. Ата бабаларымыз да, өз өмірлерінде дініміздің бұйырған сауапты да, жауапты амалдың бірі жетімге қарайласуды абырой санап, барынша қамқор бола білген. Жаугершілік заманды және түрлі қилы заманды өткерген бабаларымыз ешқашанда жетімін жылатпаған. Ел болып, қоғам болып тағдыр тауқыметіне түскен жандарға қамқор бола білген. Тіпті ағайындары қайтыс болса, жесірін қаңғытпау үшін әмеңгерлікпен туыстарына алып беріп, жетімдерін жылатпай, өзгеге кіріптар етпей, қамқор бола білген.

Тарихқа көз салсақ, қазақ даласында жетімдер үйі деген болмаған. Өкінішке орай соңғы жарты ғасырда елімізде жетімдер үйі пайда болып, түрлі жастағы балалар сол үйлерде тәрбиеленуге мәжбүр болуда. Әсіресе тәуелсіз ел болғалы қоғамда жетімдеріміздің саны артпаса, азаймай тұр. Безбүйрек, көкек аналардың кесірінен тірі жетімдер көбейіп барады. Жүректі жылататын ең өзекті мәселе, жастарымыздың некесіз баланы дүниеге әкелуі, яғни кәмелетке толмаған қарындастарымыздың ойнап жүріп от басып, тірі жетімдердің санын арттыруда. Бұл дегеніміз тексіз ұрпақ дүниеге келді деген сөз. Қазақ халқы текті әрі қаны таза бірден бір халық болса, онда тексіздік қоғамның болашағына қауіп төндірер індет болмақ.

Тағдыр тауқыметіне ұшырап, ата-анасынан айрылған жетімдер үйіндегі балалар санын азайтудың жолы баршамызға мәлім болғандай өз қамқорлығымызға алып, отбасы жылуын сыйлап, асырап алу. Аллаға шүкір қазір көптеген қайырымды жандар жетімдерді асырап алып жатқаны біздерді қуантады.

Жетімге қарайласу әрине үлкен сауапты іс. Жетімге материалдық тұрғыдан барлық адам бірдей көмек бере алмас. Алайда сауапты іс тек қаржымен ғана шектелмейді. Мәселен, жетімнің басын мейіріммен сипауда сауап болмақ. Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Кімде кім Алла разылығы үшін бір жетімнің басын мейіріммен сипса, оның қолына тиген шашының санындай сауап жазылады» (Ахмад риуаяты).

Олай болса, жетімін жылатпаған, жесіріне қамқор болған иманды бабалардың ұрпағы ретінде бізде жетімге қарайласуды мұсылмандық міндетіміз ретінде қарайық. Алланың сүйіспеншілігіне бөленуді, ризашылығын алуды қалаған, жұмақтан үміт еткен мұсылман жетімге қамқор болсын. Алла осындай абыройлы да, сауапты істі жасап жатқан азаматтарға разы болсын. Әмин!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру