Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Батыржан Мансұров: ЕР МЕН ӘЙЕЛДІҢ ОТБАСЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕРІ ЖӘНЕ ТАЛАҚ МӘСЕЛЕСІ

17.06.2014 11240 0 пікір

Батыржан Мансұров,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі

 ЕР МЕН ӘЙЕЛДІҢ ОТБАСЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕРІ ЖӘНЕ ТАЛАҚ МӘСЕЛЕСІ

Әуелі барша мадақ-мақтаулар Алла Тағалаға болғай! Жаратқанның игілігі мен сәлемі ардақты Алла Елшісі Мұхаммедке r, оның отбасына, сахабаларына, сондай-ақ барша мұсылман баласына болғай!

Дана халқымыздың«Отан отбасынан басталады», «Отбасы – шағын мемлекет» деген ғибратқа толы қанатты сөздерінде терең мән-мағына жатыр. Әрбір отбасы өзінше бір Отан. Оның басшысы отбасының қамқоршысы мен тіреуі – ер адам. Адамзаттың абзалы ардақты Елші Мұхаммедтің r хадисінде:

وَالرَّجُلُ رَاعٍ فِي أَهْلِهِ وَهُوَ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ

«Ер кiсi отбасының бақташысы. Сондықтан да ол  –  қол астындағыларға жауапты»[1], - деген сөзі қуаттай түссе керек.

Отбасы босағасының берік, шаңырағының биік болуы, ондағы жанұя мүшелерінің тату-тәтті өмір сүруі – бір-бірлерінің алдындағы құқықтар мен міндеттерді орындауларына тікелей байланысты. Сондай-ақ, тәуелсіз Қазақстан болашағының іргетасы әрбір шаңырақта қаланатыны анық. Бақуатты отбасы – қоғамымыз бен мемлекетіміздің берік тірегі десекте болады. Осы орайда асыл дініміз Ислам мұсылман отбасының іргетасының нық бекем болуына және шаңырақтың шаттыққа бөленуі үшін ең алдымен жақсы жар мен жолдас таңдаудың маңызды рөл атқаратындығын ескертеді. Бабаларымыз: «Екi жақсы қосылса, өлгенiнше дос болады. Екi жаман қосылса өлгенiнше өш болады», – деп тектен тек айтпаса керек. Ерлі-зайыптылардың түндігі бүтін, түтіні түзу бақытты отбасы қатарынан табылуы үшін бір-бірлеріне қатысты құқықтар мен міндеттерді біліп, оларды іс жүзінде жүзеге асыруы қажет. 

Өкінішке орай, «Үйлену оңай, үй болу қиын» – демекші, бүгінгі күнде ажырасқан отбасылар қатары көбейіп келеді. Бірін-бірі шынайы сүйеміз деп «екі жарты, бір бүтін» болып шаңырақ көтерген екі жастың арасына жік түсіп, бір-біріне деген ыстық сезімдерін жоғалтып, шаңырақтың шайқалуына нендей нәрсе себеп болды екен? – деген сауалдың астарында көбінесе ер мен әйел бір-бірлерінің алдындағы міндеттерін орындамаудан туындап жатады.    

Олай болса аталмыш мақаламызда ер мен әйелге қатысты аят-хадисте келген міндеттердің ең маңыздысын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Алла Тағала Құран Кәрімде:

﴿ وَلَهُنَّ مِثْلُ الَّذِي عَلَيْهِنَّ بِالْمَعْرُوف...

 «Ерлердің әйелдердегі хақылары сияқты, әйелдердің де ерлерінде белгілі хақылары бар»[2] - деп айтқан. Осы аятқа байланысты атақты Құран тәпсіршісі ибн Кәсир өзінің «Тәфсиру әл-Қуран әл-азим» атты кітабында:

ولهن على الرجال من الحق مثل ما للرجال عليهن، فليؤد كل واحد منهما إلى الآخر ما يجب عليه بالْمَعْرُوفِ

«Яғни, ерлердің әйелдеріне қатысты хақылары болғандай, әйелдердің де ерлерінің алдында хақылары бар. Ендеше екі жақ бір-бірлерінің алдындағы міндеттерді орындаулары керек»[3]екендігін түсіндірген. Пайғамбарымыз r:

أَلاَ إِنَّ لَكُمْ عَلَى نِسَائِكُمْ حَقًّا وَلِنِسَائِكُمْ عَلَيْكُمْ حَقًّا

«Шын мәнінде, әйелдерiңнiң сендердiң алдында және сендердiң әйелдерiңнiң алдында тиiстi мiндеттерiң бар»[4], - деп ескертті.

Жаратқан Иеміз қасиетті Құран аяттарында, сүйікті Пайғамбарымыз r асыл хадистерінде көрсеткендей мұсылман ерге әйелінің алдында бірнеше  міндеттер жүктеледі.

Әуелі, сүйікті жұбайыңа жұмсақ мінез танытып, әрдайым көркем мәміледе болу. Өйткені әйел адам – ер азаматтың өмірлік адал жары, кеңесер қабырғасы, қуанышта да, қайғыда да қасынан табылатын сүйеніш досы. Ата-бабаларымыз әйелзатын бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен дүниені тербеткен абзал жан, асыл ана деп бағалаған. Сондықтан да ол – жұмсақ мінез бен көркем мәміле жасауға ең лайықты пенде. Әйелге лайық, отағасылық мiндеттi атқару әрбір мұсылман ерге парыз. Себебі, әйелзаты Жаратқан Иенің ер адамға тапсырған аманаты болғандықтан, сол аманатқа қиянат жасау мұсылмандыққа тән қылық емес. Алла Елшісі r:

اتَّقُوا اللهَ فِي النِّسَاءِ, فَإِنَّكُمْ أَخَذْتُمُوهُنَّ بِأَمَانَةِ الله

«Әйелдеріңізде (олардың хаққысында) Алладан қорқыңыздар! Өйткені сіздер Алла алдында оларды аманат етіп алдыңыздар»,[5] –  деген. Сондай-ақ, тағы бір хадисте:

وَإِنَّ لِزَوْجِكَ عَلَيْكَ حَقًّا

«Әлбетте, жұбайыңның сенде хақысы бар»[6] – деп әйелдерімізге қатысты міндеттерді ұмытпауға үндеген. Ал төмендегі хадисте мұсылман ер азаматтың әйелі алдындағы бірқатар міндеттерді атаған. Муғауия ибн Хайда t:

يَارَسُولَ اللهِ! مَا حَقُّ زَوْجَةِ أَحَدِنَا عَلَيْهِ؟ قَالَ: أَنْ تُطْعِمَهَا إِذَا طَعِمْتَ، وَتَكْسُوَهَا إِذَا اكْتَسَيْتَ أَوِ اكْتَسَبْتَ وَلا تَضْرِبِ الْوَجْهَ، وَلاَ تُقَبِّحْ، وَلاَ تَهْجُرْ إِلاَّ فِي الْبَيْتِ

«Мен: «Уа, Алла Елшісі! Әйелдерiмiзге қатысты бiзге не нәрсе мiндеттелiндi?» – деп сұрағанымда, Ол r: «Өзiң жегенiңнен жегiзу, өзiң кигенiңдi кигiзу. Және оның бетiнен ұрма, сондай-ақ балағаттапжаман сөз айтпа! Үйiңнен тыс орында дауысыңды көтерiп ұрыспа!»[7] – деп жауап қатты.

Міне, Ислам діні – отбасын материалдық һәм рухани тұрғыдан қамтамасыз етуді ер адамға жүктеді. Өмірлік жарының киім-кешегі мен ішіп-жеуі күйеуінің мойнында. Ардақты Елші r:

أَلاَ وَحَقُّهُنَّ عَلَيْكُمْ أَنْ تُحْسِنُوا إِلَيْهِنَّ فِي كِسْوَتِهِنَّ وَطَعَامِهِنَّ  

«Әйелдерге келер болсақ, олар сендерден өздерiн жақсы киiндiруiлерiң мен тамақтандыру-ларыңды талап етуге құқылы»[8] –деген.

Жоғарыдағы хадисте әйеліне қол көтеріп ұрып-соғуға, ауыр сөздер айтып ренжітуге, дауыс көтеріп кіжіндеуден қайтарған. Керісінше әйелінің алдында сөзімен де, ісімен де, жан дүниесімен де жан-жақты әдемі көркем болуға тырысу керек. Алла Елшісінің r майталман сахабасы ибн Аббастың t  нақыл етуі бойынша:

إني لأحب أن أتزين للمرأة كما أحب أن تتزين لي المرأة ؛ لأن الله يقول ( وَلَهُنَّ مِثْلُ الَّذِي عَلَيْهِنَّ بِالْمَعْرُوفِ )

«Әйелдің мен үшін көркем әсем болғанын ұнатқанымдай, өзімнің де әйелімнің алдында көркем болғанымды қош көремін. Өйткені, Алла: «Ерлердің әйелдердегі хақылары сияқты, әйелдердің де ерлерінде белгілі хақылары бар»,[9] – деген.

Отбасы отағасының тағы бір басты міндеттерінің бірі – бала тәрбиесінде  жұбайына жәрдем беріп, отбасы мүшелеріне пайдалы білім үйрету. Білім үйрету дегенiмiз жұбайы мен бала-шағасына екі дүниенің де азабынан құтқаратын пайдалы бiлiм алуына жағдай жасау және дініміздің талаптарын орындауға баулу.

Омар t:

 ﴿وَأْمُرْ أَهْلَكَ بِالصَّلاَةِ وَاصْطَبِرْ عَلَيْهَا ...

«Үй-iшiңдi намаз оқуға бұйырып, өзiң де оған көңiл бөл»[10], – деген аят түсiрiлген кезде:

يَا رَسُولَ اللهِ، نَقِي أَنْفُسَنَا، فَكَيْفَ لَنَا بِأَهْلِينَا؟. فَقال: "تَنْهونَهُمْ عَمَّا نَهَاكُمُ اللهُ وَتَأْمُرُونَهُمْ بِمَا أَمَرَ اللهُ

«Уа, Алла Елшісі! Бiз Алла Тағаланың азабынан сақтануға тырысамыз. Ал, отбасымыз-ды қалай қорғасақ болады?», - деп сұрағанда, Ол r: «Алла сендердi не нәрседен қайтарған болса, сендер де отбасыларыңды содан тыйыңдар! Сондай-ақ Алла сендерге ненi iсте деп бұйырса, сендер де бала-шағаларыңа соны  бұйырыңдар!» – деп жауап бередi»[11].

Пайғамбарымыз r:

الدُّنْيَا مَتَاعٌ وَخَيْرُ مَتَاعِهَا الْمَرْأَةُ الصَّالِحَةُ

«Бұл дүние – өткiншi (рақат). Сол өткiншi жалған дүниенің iшiндегi ең абзалы – iзгi әйел»[12] – деген болатын. Ендеше, бес күндік қамшының сабындай мына жалғандағы ең қымбат дүниеміз – әйел затын ардақтап, өз міндеттерімізді толыққанды орындайық.

Ендігі кезде мұсылман әйелдің күйеуі алдында­ғы кейбір міндеттеріне тоқталайық. Әйел адамның отбасы отағасы алдында бірнеше міндеттері бар. Соның ең маңыздысы күйеуінің көңілін тауып, Құдайдың тыйым салмаған істерінде оған бойұсыну. Алла Елшісі r:

إِذَا صَلَّتْ الْمَرْأَةُ خَمْسَهَا وَصَامَتْ شَهْرَهَا وَحَفِظَتْ فَرْجَهَا وَأَطَاعَتْ زَوْجَهَا قِيلَ لَهَا ادْخُلِي الْجَنَّةَ مِنْ أَيِّ أَبْوَابِ الْجَنَّةِ شِئْتِ

«Әйел бес мезгіл намазын оқыса, оразасын тұтса, өзінің ар-намысын қорғаса және еріне бағынған жағдайда оған: «жұмаққа қалаған есіктен кір»[13] деп айтылады», – деп айтты. Ал Муаз ибн Жәбал t  Алла Елшісінің былай дегенін жеткізеді:

لَوْ كُنْتُ آمِرًا أَحَدًا أَنْ يَسْجُدَ لأَحَدٍ لأَمَرْتُ الْمَرْأَةَ أَنْ تَسْجُدَ لِزَوْجِهَا فَوَالَّذِى نَفْسِى بِيَدِهِ لاَ تُؤَدِّى الْمَرْأَةُ حَقَّ رَبِّهَا عَزَّ وَجَلَّ حَتَّى تُؤَدِّىَ حَقَّ زَوْجِهَا كُلِّهِ حَتَّى إِنْ لَوْ سَأَلَهَا نَفْسَهَا وَهِىَ عَلَى قَتَبٍ أَعْطَتْهُ أَوْ قَالَ لَمْ تَمْنَعْهُ

«Егер мен Алладан өзгеге сәжде жасауды бұйыра алғанымда, әйелге күйеуінің алдына сәжде жасауын бұйырар едім. Мұхаммедтің жаны қолында болғанмен ант етемін! Әйел адам күйеуінің алдындағы міндеттерін орындамайынша өзінің Раббысының алдындағы міндеттерін орындамайды. Және күйеуі оны, тіпті ол ертоқымның үстінде отырғанда қаласа да, әйелі күйеуіне бұл нәрседе қарсы келмеуі керек»,[14] – деген.

Дінімізде жұбайының күйеуіне мойынсұнуы-ның жоғары болғаны сондай тіпті, нәпіл ораза құлшылықтың өзінде ерінің бір ауыз рұқсатына тәуелді.  Сондай-ақ, әйел адам шаңырақ иесінің абыройын сақтап, намысын қорғауға, оның рұқсатынсыз бөтен кісілерді үйге кіргізбеуі керек. Хадисте:

فَأَمَّا حَقُّكُمْ عَلَى نِسَائِكُمْ فَلَا يُوطِئْنَ فُرُشَكُمْ مَنْ تَكْرَهُونَ وَلَا يَأْذَنَّ فِي بُيُوتِكُمْ لِمَنْ تَكْرَهُونَ

«Ал, сендердің әйелдерiңдегі хақыларың олар төсектерiңе бөтен бiреудi отырғызбаулары, үйлерiңе сендер қаламаған адамды кiргізбеулері тиіс»[15].

Алла Елшісі бірде Омарға t  былай деді: «Адамның қолындағы ең жақсы қазынаның не екенін айтайын ба? Ол – игі әйел, егер күйеуі оған қараса, қуантады, егер оған бұйырса, айтқанды орындайды, ал үйде болмаған кезде оның ар-намысын қорғайды».

Ибалы жар ешқашан күйеуінің рұқсатынсыз көше кезіп кетпейді. Бір жерге баратын болса міндетті түрде ерінен рұқсат сұрайды.

Имам Ибн Қудама t: «Әйел үйінен күйеуінің рұқсатынсыз шықпайды, алайда күйеуі оған ата-анасына барып тұруға тыйым салмауы керек, себебі бұл нәрседе туыстық қарым-қатынасты үзу бар!» – деп айтқан. Ал имам әл-Ғазали «Ихия-у улумид-дин» атты кітабында былай деген: «Әйел адам күйеуінен қажеттен тыс мал-дүние талап етпеуі және отағасының харам жолмен кәсіп етпеуін өтінуі қажет. Исламның алғашқы дәуірінде өмір сүрген салиқалы әйелдер осылай жасайтын еді. Ер азаматы үйінен шығарда әйелі немесе қызы оған:«Харам кәсіп табудан аулақ бол. Себебі, біз аштық пен қиындыққа бірдеңе етіп төзерміз, алайда тозақ отына шыдай алмасымыз анық».

Жақсы әйел күйеуінің сырын сақтап, оны ешкімге жар салып таратпауы тиіс. Сонымен қатар, күйеуін ренжітіп мұңайтатын әрекеттер мен қылықтардан бойын аулақ ұстап, үй шаруасы мен тамақтың уақытында әзір болуын жіті қадағалауы маңызды. Халқымыз: «Жақсы әйел, жаман еркектi түзетедi», - дегендей күйеуінің көңіл-күйі болмаған кездерде де төзімділік танытып, ашуды сабырға жеңдіре білуі керек.

Хадисте: «Әйел – өз күйеуі мен үйінің және балаларының бақташысы, сондай-ақ сол үшін жауапты», - делінген. Сондықтан да, әйел адам өзіне қатысты міндеттерді үлкен жауапкерші-лікпен орындап, үй иесі ерін қуантатын болса, мұндай жардың барар орны – жәннат болмақ. Қысқасы, күйеуін риза етуге тырысқан жар пейішке барады. Пайғамбарымыз r:

اَيُّمَا امْرَأَةٍ مَاتَتْ وَ زَوْجُهَا عَنْهَا رَاضٍ دَخَلَتِ الْجَنَّةَ

«Қайсы бір әйел күйеуі одан риза болған күйінде жан тәслім етсе, әлгі (қайтыс болған)

әйел жәннатқа кіреді»[16], – деп сүйіншілеген. 

Әрине ер мен әйелдің аят-хадистерде келген міндеттері көп-ақ. Бұл тақырыпта қалам тербеп жаза берсек, жалғасын таба берері сөзсіз.

Көп жағдайларда ерлі-зайыптылар өздерінің міндеттерін толықтай орындамаудың соңы шаңырақтың шайқалуына, талай отбасының еріксіз ажырасуына апарып жатады. Қазіргі күнде ажырасудың өзекті мәселенің біріне айналғаны да жасырын емес. Біле-білсек бір-бірлерімізге қатысты міндеттерді толыққанды орындағанда ғана отбасы бақытына бөленіп, қоғамымызда ажырасу мәселесі шешімін табар еді. Әрине сыныққа сылтау іздегендерге ажырасудың мың сан себептері табылады. Алайда, ажырасуды – Жаратқан жақтырмайтын  іс екендігін ұғынуымыз қажет. Пайғамбарымыз r:

أَبْغَضُ الْحَلاَلِ إِلَى اللَّهِ الطَّلاَقُ

«Алланың құзырында рұқсат етілгенімен, қатты ұнамсыз іс – ажырасу»[17], – деп текке айтпаса керек.

Иә, себепсіз ажырасуды Жаратқан қош көрмейді. Алайда, жұбайлардың жарасуы қиынға соққан жағдайда ерлі-зайыптылардың мүддесі мен пайдасы үшін ажырасу мәселесі қажеттілікке айналуы да мүмкін. Осы жағдайда талақ – ерлі-зайыптылар мен олардың жақын-жуықтарына қаншалықты қиындыққа соқса да, ушыққан ұрыс-керісті доғарудың бірден-бір жолы болмақ. Сонымен қатар Алла Тағала ерлі-зайыптылардың «ажырасамын» деген райларынан қайтуға мүмкіндік пен уақыт беріп, некені тек әйелдің үш етеккірден тазарған кезінде ғана бұзуға рұқсат етті. Демек, ер адам әйеліне талақ бере сала әйелінің үш етеккірден тазарғанын күтпестен үйінен себепсіз қуып жіберуіне болмайды. Алла Тағала қасиетті аятта:

       ﴿يَا أَيُّهَا النَّبِيُّ إِذَا طَلَّقْتُمُ النِّسَاء فَطَلِّقُوهُنَّ لِعِدَّتِهِنَّ وَأَحْصُوا الْعِدَّةَ وَاتَّقُوا اللَّهَ رَبَّكُمْ لا تُخْرِجُوهُنَّ مِن بُيُوتِهِنَّ وَلا يَخْرُجْنَ إِلاَّ أَن يَأْتِينَ بِفَاحِشَةٍ مُّبَيِّنَةٍ  ﴿١﴾ فَإِذَا بَلَغْنَ أَجَلَهُنَّ فَأَمْسِكُوهُنَّ بِمَعْرُوفٍ أَوْ فَارِقُوهُنَّ بِمَعْرُوفٍ.... 

«Уа, Пайғамбар! Қашан әйелдерді талақ етсеңдер, оларды белгілі мерзімінде ажыратыңдар және ол мерзімді есептеңдер. Раббыларың Алладан қорқыңдар. Оларды үйлеріңнен шығармаңдар әрі өздері де кетпесін, тек ашық арсыздық істесе ғана болады. Ал қашан олардың мерзімдері жетсе, оларды дұрыстықпен ұстаңдар немесе туралықпен ажырасыңдар»[18] – деп үкімін баян етті.

Болмашы ұрыс-керіске бола ерлі-зайыптылар Алланың ақ некесін бұзып, ажыраса берсе, елдігіміздің келешегі жас ұрпаққа кім дұрыс тәлім-тәрбие береді. Асыл дініміз – талақ беру құқығына ер азамат лайығырақ деп есептеп, аталмыш құқықты оған берген. Әйел адамға бұл құқық берілмеген. Себебі, талақ ету құқығы әйел адамға берілетін болса, ол болмашы нәрсе үшін некені бұзып жіберуі мүмкін. Тек некеге отыру кезінде әйелі ажырасу құқығын шартқа қосқан болса, онда ол басқа мәселе.

Алла Елшісі r: «Қандай әйел себепсіз күйеуінен талақ сұрамасын, ол үшін жәннаттың иісі харам болады»[19] – деп жөн-жосықсыз ажырасуға тыйым салған. Осы хадиске түсінік берген ғалымдардың бірі аш-Шауқани: «Бұл хадисте әйелдің күйеуінен талақ сұрауына қатаң түрде тыйым салынғанына нұсқау бар! Өйткені кім жәннаттың иісін сезбесе, демек, оған кірмейді емес пе!?»[20]– деп ойын білдірген.

Тіпті, ерлі-зайыпты жұптар Алланың қош көрмейтін «талақ» сөзін ойнап болсын айтудан аулақ болу керек. Өйткені, қалжыңдап айтылған талақ та ескеріліп, талақ ретінде есептелуі ықтимал. Бір топ ғалымдар әзілдеп айтылған талақ ескеріліп есептеледі десе, келесі ғалымдар ниетке байланысты деп айтқан. Әбу Һұрайрадан  жеткен хадисте Алла Елшісі r:

ثَلَاثٌ جِدُّهُنَّ جِدٌّ وَهَزْلُهُنَّ جِدٌّ: النِّكَاحُ، وَالطَّلَاقُ، وَالرَّجْعَةُ

«Үш нәрсенің әзілі де шын, шыны да шын: үйлену, талақ ету және қайта еріне қайту»[21] –деген болатын.

Отбасында  ер мен әйел – шаңырақтың негізгі іргетасы саналатындықтан, жұбайлық өмірдің ыстық-суығын бірге төзіп, жарасымды тіршілік ету парыз.  Дана халқымыз: «Екі жақсы қосылса, ай мен күндей жарасар, екі жаман қосылса, ырылдасып айрылысар», – дегендей  көз көргенде қуанатындай үйлесімді жұп болғанға не жетсін!



[1] Бұхари, 853 хадис

[2] «Бақара» сүресі, 228-аят.

[3] ибн Касир. Тафсиру әл-Қуран әл-азим. І т. – 336 б. – 734 бет. 

[4] Тирмизи. ІІІ т. – 467 б. (№ 1163 хадис). – 668 бет. 

[5] Нәсаи. ІІ т. – 421 б. (№ 4001 хадис). – 489 бет.

[6] Бұхари ІІ т. – 696 б. (№ 1873 хадис). – 982 бет.

[7] Найсабури. ІІ т. – 204 б. (№ 2764 хадис). – 684 бет.

[8] Сүнән ибн Мәжа. – Бейрут: Дәр әл-фикр. І т. – 594 б. (№ 1851 хадис). – 690 бет.

[9] Байһақи. VII т. – 295 б. (№ 14505 хадис). – 481 бет.  

[10] «Таһа» сүресі, 132-аят.

[11] Мухаммед Саид Тантауи. Әт-Тафсир әл-уасит. І т. – 4256 б.

[12] Мухаммад ибн Сәләмә ибн Жағфар Әбу Абдуллаһ әл-Қадағи. Мүснәд әш-Шиһаб. ІІ т. – 236 б. (№ 785 хадис). – 346 бет.

[13] Ахмад ІІІ т. – 199 б. (№ 1661 хадис). – 508 бет.

[14] Байһақи. VII т. – 292 б. (№ 15108 хадис). – 481 бет. 

[15] Сунән ибн Мәжа. І т. – 594 б. (№ 1851 хадис). – 690 бет.

[16] Байһақи. VI т. – 421 б. (№ 8744 хадис). – 547 бет.

[17] Байһақи. VII т. – 322 б. (№ 14671 хадис). – 481 бет.

[18] «Талақ» сүресі, 1-2 аяттар.

[19] Имам Ахмад, 5/277.

[20] Нәйлул-әутәр, 12/371

[21] Найсабури. ІІ т. – 216 б. (№ 2800 хадис). – 684 бет.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру