Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Оразаның артықшылығы

05.05.2014 6648 0 пікір


Оразаның әрбір мүмінге міндетті құлшылық екендігін Хақ тағала: «Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін, ораза ұстау сендерге де парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – деген аят білдіреді. Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Ислам бес нәрсеге негiзделген: «Алла тағала-дан басқа тәңiр жоқ, Мұхаммед (с.ғ.с.) Оның құлы, әрi Елшiсi», – деп куәлiк ету, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару және Рамазан айында ораза ұстау», – деген хадисі оразаның Исламның бес негізгі тірегінің бірі екенін көрсетеді («Сахихүл-Бухари»).


Ораза – күнәлардың кешірілуіне бірден-бір себеп.

Расулулла (с.ғ.с.): «Рамазан айында шын иман келтіріп және сауабынан үміттеніп ораза ұстаған адамның бұрын iстеген күнәлары кешiрiледi» («Сахихүл-Бухари»), – деген.

Ал, ораза үшін берілетін сауап мөлшеріне келер болсақ, Расулулла (с.ғ.с.) бір сөзінде: «Адам (ғ.с.) баласы-ның барлық амалының сауабы оннан жеті жүз есеге дейін еселеніп беріледі», – десе («Сахиху Муслим»), екінші бір хадисінде: «Хақ тағала айтады: «Адам (ғ.с.) баласының барлық амалы өзі үшін. Тек ораза Мен үшін. Оразаның қарымын мен беремін». Ораза – қалқан. Ораза ұстағандарың жаман сөз айтпасын, дауласпасын. Біреу оны балағаттаса немесе онымен жанжалдасса, ол: «Мен оразамын», – десін. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) жаны билігінде болған Алла тағаламен ант етем! Қиямет күні Жаратушы Иенің жанында ораза ұстаушының аузының иісі мисктің иісінен абзал. Ораза ұстаушыға екі шаттық бар: Бірі – ауыз ашқанда қуанады. Екіншісі – Қияметте Раббысы-мен жүздескенде ораза ұстағанына қуа-нады», – деген («Әл-Жәмиъус-Сағир»).


Бұл хадис оразаның мына артықшылық жақтарын баян етеді:

Біріншіден: Алла тағала пенденің істеген құлшылықтарының ішінде тек оразаға қатысты: «Пенденің бұл құлшылығы Мен үшін», – деді. Бұл оразаның ерекше құрметке лайық құлшылық түрі екенін көрсетеді.

Ораза ұстаған адам таң атқаннан күн батқанға дейін ауыз бекітіп, тіпті оңашаланып, сырт көзден тыс қалған сәттің өзінде ішіп-жеуден тыйылады. Бұл – пенде мен Жаратушы Иенің арасындағы сыр!

Екіншіден: Жоғарыда айтылғандай, әрбір ізгі амал үшін берілетін сауаптың белгілі мөлшері болса, ораза үшін берілетін сауаптың мөлшері жалғыз Алла тағалаға мәлім.

Ораза сабырлықтың үш түрін қамтиды. Ол:

1. Жаратушы Иенің әміріне бойсұнудағы сабырлық;

2. Хақ тағаланың тыйым салғанынан тыйылудағы сабырлық;

3. Оразаның кезінде шөлдегенге, қарны ашқанға және дененің әлсі-реуіне сабыр ету («Мажәлису шаһри Рамазан»).


Ал Хақ тағала «Зүмәр» сүресінің 10-шы аятында: «Күмән жоқ, сабырлы болғандарға сауап-сыйлары есепсіз беріледі», – деген.


Үшіншіден: Ораза – қалқан, яғни пендені жаман сөзден қайтаратын, тозақ отынан қорғайтын құрал.


Төртіншіден: Қиямет күні Жаратушы Иенің жанында ораза ұстаушының аузының иісі мисктің иісінен абзал болуының себебі, ораза ұстаушының аузынан шыққан иіс – ауыз бекіткеннің әсері әрі пенденің Жаратушы әміріне бойсұнғанының белгісі.


Бесіншіден: Ораза ұстаушы ауыз ашқанда шаттыққа бөленуі.


Бұл іс екі мәселені қамтиды.

Бірінші мәселе: Ораза ұстаушы күні бойы нәр татпай, күн батқаннан кейін қарны тойып, шөлі қанған сәтте табиғи ләззатқа бөленеді.

Екінші мәселе: Пенде Раббысы оған ораза ұстауын нәсіп еткеніне қуануы. Қаншама адам шайтанның жетегі мен нәпсісіне еріп, өз-өзін одан мақұрым етуде!


Алтыншыдан: Ораза ұстаушы Қияметте Раббысымен жүздескенде шаттыққа бөленуі. Себебі неде? Расулулла (с.ғ.с.) айтады: «Жәннатта «Раййан» атты қақпа бар. Қиямет күні ол қақпадан ораза ұстағандардан өзге ешкiм кiрмейдi. Қиямет күнi: «Ораза ұстағандар қайда?», – деп жар салынады. Сонда ораза ұстағандар тұрып сол қақпадан кiредi. Олар кiрiп болған соң, қақпа жабылып, одан басқа ешкiм кiрмейдi» («Әл-Жәмиъус-Сағир»).

«Қиямет күні ораза мен Құран пендеге шапағат етіп, ораза: «Я, Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жеуден тыйдым. Менің шапағатымды қабыл ет», – десе, Құран: «Я, Раббым! Мен оны түнде ұйқысынан айырдым. Менің шапағатымды қабыл ет», – дейді. Кейін олардың шапағаты қабыл етіледі» («Әл-Жәмиъус-Сағир»).



Суфйан ибн Ъуяйна (р.а.) айтады: «Алла тағала Қиямет күні пендесін жауапқа тартып, амалдарын тізіп, ондағы кемшіліктері үшін айыптайды. Оразаға кезек келгенде Хақ тағала амалдардағы кемшіліктерді кешіріп, оразаның себебінен пендені жәннатқа кіргізеді» («Мажәлису шаһри Рамазан»).



Тақырыпты Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят еткен мына хадиспен тәмамдағым келеді. Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Расулулла (с.ғ.с.): «Қиямет күнi Алла тағала жолына екi нәрсенi жұмсаған адам жәннаттың бiр есiгiнен: «Ей, Алланың құлы! Бұл – жақсылық», – деп шақырылады. Намаз оқығанды «намаз» есiгiнен, қажыр-қайрат жұмсап, күрескенді «жиһад» есiгiнен, ораза ұстағандарды «Раййан» есiгiнен, ал садақа бергендердi «садақа» есiгiнен шақырады», – деп айтқанда, Әбу Бәкір (р.а.): «Ата-анам Сіз үшін құрбан! Бұл есiктің бірінен шақырылғанға не қам, не қайғы? Алайда, осы есiктiң барлығынан бiрдей шақырылатын пенде бола ма?», – деп сұрады. Сонда Расулулла (с.ғ.с.): «Иә, болады. Мен Алла тағаладан сiздi солардың бiрi болуыңызды тiлеймiн», – деп жауап бердi» («Сахихүл-Бухари»).



Жаратушы Иеміз ұстаған оразалары-мызды қабыл етіп, тағдырымызға ха-дисте айтылған жәннаттың есіктерінен шақырылуымызды жазсын! Әмин!



Абдуссамад МАХАТ,

Дінтанушы

«Ислам және өркениет», №22 (238), 1-10 тамыз, 2011 ж.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру