Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Абдуллаһ ибн Хузафаның батырлығы

18.01.2012 6758 0 пікір

Хазреті Омардың (р.а.) халифалық дәуірінде Рим әскерлеріне қарсы соғысу үшін Шамның Қайсария аймағына  мұсылман  әскері аттандырылады.  Абдуллаһ ибн Хузафада (р.а.) осы жасақтың  арасында еді.  Шайқаста  ол  жау қолына түсіп қалады.  Римдіктер оны  патшасының құзырына апарады.  Патша  оған ас-су бермей, қамап тастауға бұйырады.  Әбден ашықты-ау  дегенде  шарап пен доңыз етін   бөлмесіне апарып қояды.   Бақылаушылар  үш күн бойы Абдуллаһтың  шарап пен доңыз етіне қолының ұшын да тигізбегенін байқап,  патшаға келіп:
– Ол әбден әлсіреді, оны   шығармасаңыз, өліп кетуі мүмкін, - дейді.
Патша оны құзырына алдыртып:
–  Өліп бара жатсаң да неге тамақ ішуден бас тарттың? - деп сұрады.
Абдуллаһ:
– Негізінде, мәжбүр (зарурат) болған кезде оларды ішіп-жеуге рұқсат етілген. Бірақ, мен өзімді және исламды мазақ етіп, күлуіңді қаламадым, - деді.
Патша оның мәрттігіне қызығып:
– Егер христиан болсаң, саған дүние-мүлкімнің жартысын және  қызымды беремін. Бұған не дейсің? - деді.
Абдуллаһ  ибн Хузайфа:
– Сен маған Мұхаммедтің (с.ғ.с.)  дінінен бір сәтке болса да бас тартуым үшін барлық дүниеңмен қоса бүкіл арабтың байлығын   берсең де,  мұны еш уақытта істемеймін, - деп жауап берді.
Патша:
– Олай болса, сені өлтіртуден басқа амалым жоқ.
– Ол сенің шаруаң.
Патша Абдуллаһты (р.а.) айқыш ағашқа кергіздірді. Садақшылар оны қорқыту үшін айналасына оқ атты. Рим патшасы ұсынысын тағы қайталады. Хазреті  Абдуллаһ (р.а.)  алған бетінен  қайтпады. Патша оған:
– Христиан бол! Әйтпесе, сені қайнап тұрған қазанға тастаймын, - деді.
Абдуллаһ (р.а.) сонда да райынан қайтпаған соң, үлкен қазан әкелдіріп, ішін зәйтүн майы мен суға толтыртты. Астына от қойып, тұтқынға түскен мұсылмандардың бірін алдыртты да оған христиан болуға ұсыныс жасайды. Ол христиандықты қабыл алмаған соң, қайнап тұрған қазанға тасталды. Абдуллаһты  (р.а.) одан көзін алмай қарап тұруға мәжбүрледі. Бір кезде еттері сүйектерінен ажырап түсті.
Патша Абдуллаһқа (р.а.) тағы бір мәрте ұсынысын қайталады.  Ол тағы да бас тартқаннан кейін  қайнап тұрған қазанға тастауға әмір етті. Хазреті Абдуллаһ (р.а.) қазанға тасталар кезде көздері жасқа толып, жылап жіберді.  Рим басшысы оның пікірі өзгерген болар  деген оймен қасына әкелгізіп,  тағы да ұсыныс жасайды. Ибн Хузайфаның (р.а.)  өзгермегенін біліп:
– Олай болса, не үшін жыладың? - деп сұрады.
Хазреті Абдуллаһ (р.а.)   былай деп жауап береді:
– Мені азаптап өлтіретініңнен қорқып жылады деп ойлама! Мен Аллаһ жолында беретін жаным біреу ғана болғаны үшін жыладым. Өз-өзіме: «Сенің бір ғана жаның бар, ол да мына қазанға тасталғалы тұр. Сосын аз ғана уақыт  ішінде Аллаһ жолында жоқ болып кетесің. Әйтпесе, мен денемдегі түктің санындай жанымның көп болғанын және олардың әрқайсысы үшін Аллаһ жолында осы нәрселердің қайта-қайта жасалуын сондай қалар едім»,– дедім.
Ибн Хузайфаның (р.а.)   табандылығы мен қайтпас қайсар мінезіне дән риза болған патша  оған бостандық бергісі келді.
Патша:
– Басымды сүй, сені қоя берейін, - деді.
Абдуллаһ (р.а.):
– Егер басыңды сүйсем, менімен бірге барлық мұсылман тұтқындарды да босатасың ба? - деді.
Патша:
– Иә, босатамын, - дегенде ол:
– Міне, енді болады, - деді.
Хазрет Абдуллаһ (р.а.): – Ішімнен өз-өзіме: «Өзімнің жанымды әрі қаншама мұсылман тұтқынның жанын құтқару үшін Аллаһ дұшпандарынан бірінің басын сүюдің қандай зияны болсын! Сүй! Ештеңе болмайды - дедім.
Сол күні сексен мұсылман тұтқыннан босатылды. Хазреті Омардың (р.а.)  құзырына келгенде болған жағдайды айтып берді. Халифа  Омар (р.а.):
– Бүгіннен бастап Абдуллаһ ибн Хузафаның (р.а.)   басын сүю әрбір мұсылманның міндеті. Мұны ең бірінші болып мен бастаймын, - деді де, орнынан тұрып Абдуллаһтың (р.а.)   қасына барды да оның басынан сүйді.
Көкірегі ояу, көзі ашық кәміл мүміндер оқиғаларды ақирет тұрғысынан саралайды. Олар әрдайым пайда мен зиянды есепке алады. Сондықтан, олар үшін  мына жалғандағы ауыртпалықтар мен қиындықтардың ешқандай маңызы жоқ, жай өткінші дүние ғана...

Осман Нұри ТОПБАШ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру