Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өзін-өзі өлтіру - ауыр күнә

14.03.2011 28007 0 пікір


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және 
Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, 
Бас мүфти, 
шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ

Соңғы жылдары елімізде жас жеткіншектердің өздеріне қол жұмсап, өз туыстарын да, бүкіл қоғамды да дүр сілкіндіруі белең ала бастағандай. Бұқаралық ақпарат құралдары әр аптада осы жайлы кемінде бір немесе бірнеше хабар беріп қояды. Мұндай жайсыз хабарлар республиканың барлық облыстарында көрініс беруде. Сондықтан, осындай дертпен ел болып, жұрт болып жұмыла күресудің өзектілігі артып отыр.

Иә, халқымыздың келешегі саналатын жап-жас өрендеріміздің осындай бір дертке шалдыққаны бүгінгі қоғамның ең басты проблемасы десек, артық айтқандық емес. Тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүние жүзінде өзін-өзі мерт ету оқиғалары соңғы жарты ғасырда көптеп орын алып отырғандығы рас.

Статистика бойынша, әлемде жыл сайын шамамен бір миллиондай адам өз-өзіне қол жұмсап, 20 миллиондай адам өзін-өзі өлтіруге әрекет жасайтын көрінеді. Тіпті, әр 40 секунд сайын бір кісі өз жанын өзі қиюда деген дерек те бар. Ал Қазақстан өкінішке орай, өзін-өзі өлтірушілердің жалпы саны жағынан әлемде үшінші орынға, тіпті қыз балалар жағынан бірінші орынға шыққан.

Біздіңше, бұл проблеманың шешімін Ислам дінінен іздеген мақұл. Өйткені Жаратушы Иеміз өз құлдарының жағдайын кез келген пендеден әлдеқайда жақсы біледі. Адам баласына ненің пайда, ненің зиян екенін де Алла тағаладан артық білер ешкім жоқ.

Ал өз өмірін өлімге қиюдың шариғатымыздағы үкіміне келсек, Ислам дінінде жазықсыз адамды өлтіру немесе өзін-өзі өлімге қию – Алланың ашуы мен аса ауыр азабына себеп болатын ауыр күнә. Себебі, Ислам дінінің, қасиетті Құран мен хадистің көрсетуінше, адам баласының орны жаратылыс атаулының бәрінен де жоғары, әрі үстем. Мейлі ол әйел болсын, еркек болсын, кәрі болсын, жас болсын, әрбір адам қадірлі және құрметті. Демек, адам өз өмірін оп-оңай қия салатындай сұраусыз, іздеусіз, бостан-бос жаратылыс емес. Қасиетті Құранда: «Біз адам ба-ласын ардақтадық...», «...оларды басқа жаратқандарымыздан әлдеқайда артық жараттық» («Исра» сүресі, 70-аят), – делінген анық аяттар бар. Сондықтан, әрбір жанның өмірі де өте қымбат. Оның өміріне қол сұғуға, ар-намысына тиюге, малына зұлымдық жасауға, еркінен айыруға дінімізде рұқсат жоқ. Тіпті, адам өмірінің қымбаттығы сонша – жазықсыз бір адамды өлтіру бүкіл адам баласын өлтірумен парапар (Маида/32). Бұл бір. Екіншіден, адам жаратылысының өзгеден жоғарылығы оның ақыл-ойына, ар-ұжданына, парасатына, әр нәрсенің қадірін біліп, парықтай алу қабілетіне, т.б. қатысты мың сан артықшылықтарынан анық байқалады. Адамзат баласының іші-сыртын осындай рухани және материалдық інжу-маржандармен безендіре жаратқан Алла тағала олардың өмірі мен өліміне де белгілі бір шарттар мен өлшемдер белгілеген. Қасиетті Құранда:  («Мүлк» сүресі, 1,2-аяттар), – деген аят келтірілген. Бұл аятқа қарасақ, адамның бүкіл тіршілігі де, өмірден озуы да сынақ. Адамның өзіне қол жұмсауы осы сынақтан омақаса құлаудың айқын бір белгісі.

Сондай-ақ, кісінің өзін-өзі өлтіруі – Алланың кешірім, мейірімінен, рақымынан қол үздіреді. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мүмін арам қанға былғанбайынша (малынбайынша), дінінде кеңдік ішінде», – деп, өзінің немесе өзгенің қанын төкпеген адам ақыр бір Алланың рахымына бөленуі мүмкін екендігін білдірген. Ал өзін немесе өзгені өлтіруші кісі осы кеңдіктен құр қалады. Бұл айтылғандар адамның ақыл-есі мен ішкі ұжданының өзі кісі өліміне қарсы екендігін білдіретін деректер. Алла тағала бұдан үлкен ескертуді қасиетті Құран кәрімнің төмендегі аятында келтірген: «...өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді» («Ниса» сүресі, 29-аят).

Тәпсірші ғалымдар Жаратушы Раббымыздың «өздеріңді өлтірмеңдер» деген тыйымында бірнеше мағына бар екендігін айтады. Ең әуелгі тура мағынасы адамның өзіне-өзі қол жұмсауына, қазіргі заманның тілімен айтқанда «суицидке» тыйым салу. Сондай-ақ, «өздеріңді өздерің» деген сөздің астарында «бір адам екінші адамды өлтірмесін, өйткені олар екеуі де адам» деген мән жатыр. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Мүміндер – бір жан (адам) секілді» деген хадисінен де осы мағынаны аңғарамыз. Ал өз өмірін өз қолымен қиған жанның барар жері жалын атқан жаһаннам екендігін Ислам дінінің алғаш жылдарындағы мына бір оқиға айқындап бере алады:

Хайбар соғысы кезінде үлкен қаһармандық көрсеткен Кузман атты кісінің тозаққа түсетінін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) білдірген болатын. Хузайи Әксүм деген сахаба Кузманның соғыстан кейінгі ауыр жарақатына төзе алмай, өз қылышына құлап өлгенін көреді. Кузманның өлімі жайлы Алла елшісіне (с.ғ.с.) жеткізілгенде, ол былай дейді: «Адамдардың арасында сырттай қарағанда жәннат иелеріне тән қайырлы істерді жасап жүргендей көрінетіндер бар. Алайда олар тозақтық...» (Бұхари, Тағдыр, 5).

Алланың соңғы елшісі, сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұдан өзге бірқатар хадистерінде өзін-өзі өлтірген адамның ақыреттегі азабы жайлы хабар берілген.

Солардың бірінде былай делінеді: «Кімде-кім өзін-өзі қандай да бір темірмен өлтірсе, жәһаннамда қолына темір алып мәңгі-бақи өзін-өзі түйреумен болады. Ал, кімде-кім у ішіп өлсе, жәһаннам отында мәңгілік у ішумен қалады. Ал, кім өзін таудан тастап өлтірсе, жәһаннамда да өзін мәңгі отқа лақтырып тұрады». Бұл хадис өзін-өзі өлтірудің ақыры ауыр азаппен аяқталатынын білдірсе, екінші жағынан ХХІ ғасырда пайда болатын осы сұм өлімнің бірнеше негізгі түрлерінен сақтандырады.

Біріккен ұлттар ұйымының зерттеуле-ріне қарасақ, өзіне қол жұмсаушылардың басым көпшілігі тапанша немесе пышақ қолданатын көрінеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жоғарыдағы хадисінде «өзін-өзі қандай да бір темірмен өлтірсе» деп осы ақиқатты білдірген. Сондай-ақ, у ішіп, дәрі-дәрмекті мөлшерден тыс көп қолданып немесе газ жұтып, өзге де химиялық заттармен уланып, өзіне қастандық жасайтындар да кездеседі. Хадисте: «кімде-кім у ішіп өлсе» деп бұған да ишара жасалған. Ал өзін-өзі көп қабатты үйлерден, басқа да биіктіктен тастап, өз жанын қиятындардың да көп кездесетінін ескерсек, Алла елшісінің (с.ғ.с.) бұл хадисі сонау жетінші ғасырдың өзінде бұл қатерлі дерттің негізгі түрлерін қамтитын ескерту екенін көреміз.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис-шә-ріптердің тағы бірінде: «Кім өз жанын қандай затпен қиса, тозақта сол затпен азапталады», – делінген.

Міне, осы секілді аят-хадистер жа-зықсыз қан төгу қылмысының ақыры өте ауыр екендігін білдіруде. Демек мұсылман адам қандай қиындыққа тап болса да, бұл іске бармайтыны сондықтан. Осы орайда, маңызды бір мәселені қозғай кетудің реті келіп тұр. Соңғы жылдары шетелдерде суицолог мамандар жүргізген зерттеу жұмыстары өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттері көбінесе ешбір дінге сенбейтін жандардың (атеист) арасында кездесетінін дәлелдеп отыр. Оның себебі дінсіздердің өз келешектерінен үміт күтпейтіні, іштей уайымшыл болатыны және ешкіммен бастары бірікпей бытыраңқы өмір сүре-тіндері деп көрсетілуде. Оларда Аллаға және Ақырет күніне иман келтірмеулері және айқын бір мақсаттарының болмауы да көбіне-көп өзін-өзі өлтіруге әкеліп соқтыратын көрінеді. Осымен қатар, зерттеушілер дінсіздік жайылған елдерде суицидтің де көбірек байқалатынын анықтаған. Әсіресе, Швеция, Дания секіл-ді мемлекеттер алдыңғы қатардан орын алған. Әсіресе, Дания тұрғындарының 80 пайызы ешбір дінге сенбейтіндіктері мә-лім. Мысалы, Суицидология зерттеушілері Жус Мануель Берталоти мен Александра Флейшман БҰҰ мәліметтеріне сүйене отырып, Ислам мемлекеттерінде өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттері нөл пайызға жуық (яғни жоқтың қасы), ал өзге сенімдер мен атеистердің арасында бұл дерттің тым жоғары екендігін нақты көрсеткіштермен келтірген (http://www.iasp.info/pdf/papers/Bertolote.pdf).

Демек, елімізде суицид эпидемиясын жоюдың бір тетігі жастарға имандылық тәрбиесін көбірек ұсынумен тығыз байланысты екендігі ақиқат. Өйткені Ислам дінін ұстанушылардың арасында өзін де, өзгені де өлтіру өте-мөте аз кездесуі қасиетті Құрандағы тыйымдарынан десек, қателеспейміз. Мысалы, жоғарыда келтірілген мына бір аятты басқа бір қырынан талдап көрелік: «...өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл Аллаға оңай» («Ниса» сүресі, 29, 30-аяттар). Бұл аяттардың бір қарағанда байқала бермейтін бірнеше астарлы мәндері бар:

1. Алла тағала «өздеріңді өлтірмеңдер» деу арқылы мұсылман қауымына қатаң ескерту жасаған;

2. Одан соң «Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді» деген үмітсіздік пен келешекке сенбеушіліктің рухани емі айтылады. Мұнда «өздеріңді өл-тірмеңдер» деген тыйым мен «Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді» деген сүйіншінің арасында кісі өлімінің бірқатар себептеріне ишара жасалған. Байыппен саралап қарасақ, адамның өзін өлтіруіне ең алдымен үмітсіздік себеп болады. Сондай-ақ, Алланың адамзатқа нәсіп еткен сан мыңдаған нығметтеріне көз жұма қараушылықтың да әсері жоқ емес. Одан соң адамзат баласын мейіріммен, махаббатпен жаратуында да мән бар. Ендеше, бұл аяттан «Алла тағала сендерге осынша мол нығметті үйіп-төгіп беріп, ерекше мейірім танытқанда, қалайша сендер өздеріңе қол жұмсайсыңдар» дегендей мағынаны да аңғаруға болады.

3. Осының бәріне мән бермей, Алланың тыйымына қарсы келіп, өзін немесе өзгені өлтірген кісінің ақыры жалын атқан жаһаннам оты екендігі де бұл аятта «кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл Аллаға оңай», – деп келтірілген.

Өзін-өзі өлтіруден жан-тәнімен аулақ болу үшін мұсылман адамдарға осы аят та жеткілікті.

Демек, өзіне-өзі қол жұмсау дертінің бірден-бір дауасы және оның алдын алудың ең сенімді жолы Ислам дінін ұстану екендігі анық.

Енді өзіне қол жұмсау әрекетінің бірнеше негізгі себептерін атап өтелік. Кейбір ғалымдар өзіне қол жұмсау балаға шектен тыс қысым көрсетушіліктен, орынсыз тыйымдарды көп жасаудан, олардың кей тілектерін орындамаудан, олар қызыққан затты сатып әпере ал-маудан, құрдастарының қысым көр-сетуінен, өзін ешкімге керексіз жалғыз сезінуден, т.б. жағдайлардан пайда болады деп есептейді. Алайда, оның басты себебі Аллаға, ақырет күніне және тағдырға иманның әлсіздігінде. Әсіресе, Ислам дініндегі жақсылық та, қиыншылық та Алладан екендігіне сенімнің жоқтығы осындай күнәлі іске көбірек себеп болады.

Сондай-ақ, ұлы Жаратушы Иемізді танып білу, бұл дүниенің уақытша сынақ алаңы екендігіне илану, үміт, жақсы көру, қорқу, сабыр, тәуекел, т.б. имани жіптер адамды өмірге байланыстырып тұрады. Бұл «жіптерге» тиісінше мән бермей қою өмір мен адам арасындағы байланыстардың біртіндеп үзілуіне алып келеді. Содан барып, өмірден безу сияқты әрекеттер туындайды.

Енді осы ретте ерекше атап өткім келіп отырған бір мәселе – бүгінгі таңда жұртымызды жалпағынан жайлап алған жат елдік сайтани секталардың осы өзін-өзі өлтіру проблемасының бір себебі бо-лып жатқандығы. Сайтани секталардың: «жастайыңнан мына өмірден кетсең, Құдай алдына тап-таза бейкүнә күйде барасың» деген секілді үгіттерімен балаларды өлімге итеріп отырғандығы жасырын емес. Ал шетелдерде секталардың әсерімен өзін-өзі өртеп жіберу оқиғалары көп тіркелген. Сондықтан, алыс-жақын кей елдерде бұл мәселе қатаң қолға алына бастағанын айтуымыз керек. Мысалы, Ресей Федерациясында сайтани секталардың қоғам өміріне деструктивтік әсерлері түбегейлі зерттелуде. РФ ІІМ Қылмыстық ақпарат орталығы бастығының орынбасары, ішкі істер полковнигі, заң ғылымдарының кандидаты Андрей Игоревич Хвыляның «Діни сек-талардың қатерлі тоталитар-лық формалары» атты жинағы осының бір дәлелі.

Бұл еңбекте сатанизм сайтани секталардың бүкіл мемлекеттің өміріне дес-труктивті әсері мен әлеуметтік-қылмыстық қатері басым екендігі және ондай ағымдардың негізгі көздегені мемлекеттің тұрақтылығына нұқсан келтіру екендігі нақты материалдармен дәлелденген. Мұндай қатерлі секталардың жаппай қанат жаюын Ресей мамандары бұрынғы коммунистік қоғам азаматтарының рухани жұтаңдығы және дәстүрлі діннен жан-жақты хабардар болмауымен түсіндірген. Ондаған жылдар бойы әлеуметтік институттар руханиятқа тиісінше мән бермей келгені, дәл осы рухани қажеттілік діннің де, сенімнің де, идеология мен мәдениеттің де, адамгершілік құндылықтар жүйесінің де негізі екендігіне назар аударылмай келгені осы еңбекте сөз болған (Хвыля-Олинтер А.И., Лукьянов С.А. Опасные тоталитарные формы религиозных сект. — М., 1996;). Қазақстанда да осы бағытта зерттеулер жүргізу кезек күт-тірмей атқарылуы тиіс деген ойдамыз.

Жасөспірімдер арасында суицидке себеп болып отырған тағы бір себеп бар. Былтырғы жылдан бері өзін-өзі өлтірудің «Ит рахат» («Собачий кайф») деп аталатын тағы түрі жас жеткіншектер арасында кең тарай бастады. Бұл «ойынның» тәртібі бойынша тыныс алуды жиілетіп, содан соң бірден күре тамырын барынша қысып тұратын болса, бала 10 секундтан кейін өзге бір әлемге саяхат жасағандай күй кешеді. Міне, осыны жас балалар «ит рахат» деп атап жүр. Алайда бұл ойынның ақыры насырға шауып жап-жас өмірін «ит рахатпен» емес, ит өліммен аяқтап жатқаны ақпарат құралдарында айтылып та, жазылып та жүр. Былтырғы жылдың өзінде Ресейде «ит рахат», «жетінші аспан», «ғарыштық ковбой» деген Интернет топтарына мыңнан аса бала тіркелген. Бәрінен қиыны, бұл ойынның бір рет дәмін татқан бала оған маскүнемдік пен нашақорлық секілді тәуелді болып, онсыз өмір сүре алмайтындай жағдайға жетеді. Осылайша талай ата-ана өз балаларынан айырылып қалуда.

Осы жерде бүгінгі қоғамның ескеруі тиіс тағы бір мәселе шариғатымыздың «бір іске себеп болу оны жасаумен тең» деген қағидасы. Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Барлықтарың қарамағыңдағыларға жауаптысыңдар», – деген хадисі де осыны аңғартады. Ендеше, өзін өзі өлтіруге себепші болудың өзі күнә. Демек, жас өрендердің өмірлерін өз қолымен қиюына олардың күнделікті өміріне мән бере алмаған ата-анасы, мектепте қылықтарын дұрыс аңдай алмаған мұғалімдері, мұсылмандық ақысын толық өтей алмаған көршісі, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ете алмаған тиісті органдар да жауапты. Адамды ең қиын сәтте жалғыз қалдырған дос, жар, жолдастың да бұған қатысы бар. Ендеше, әскер қатарындағы жоғары шенділердің өзінен төмендерге, жоғары сынып оқушылардың өзінен кішілерге және әлсіздерге қысым жасап, ақша талап етуіне де Ұлы Есеп күні бір сұрау болары хақ. Алла Тағала Ақырет күнінде міндетті түрде бұл істерге қатысы бар жандарды жауапқа тартып, тиісінше ауыр азапқа кіріптар етеді.

Олай болса, бүкіл ата-аналарға, мұғалімдерге, балалардың құқын қорғау орган-дарына, көрші-қолаң, жолдас атаулының бәрін Алладан және Ақырет күнінен қор-қуға шақырар едім.

Анығында, адамның иманы да, дін-дарлығы да, адамшылығы да өзге жан-дармен мәмілесінен көрінеді. Жай сөзбен әркім де мұсылманмын дей алады. Ал нағыз мұсылмандық қажет кезде айналасына қорған бола білу, үлкеннің қабағын баға білу, кішінің жан-жүрегіне бойлай білу деген секілді істерден де көрінеді.

Бұқаралық ақпарат құралдарының суи-цид оқиғаларын көп жариялап, бұл істің қалай жасалғанын тәптіштеп түсіндіру арқылы кейбір жас жеткіншектерге теріс әсер етіп жатқаны да жасырын емес. Сол бағдарламаларды көрген балалардың ара-сынан осындай жолмен әйгілі болғысы келетіндер де шықпайды дей алмаймыз. Сондықтан, телеарналарда мұндай оқиғалар оның ауыр күнә екендігі жағынан көрсетіл-се, содан соң оның алдын-алу шаралары мен сақтандыру жолдары да қоса жарияланса деген тілегіміз бар.

Ал ендігі сөзіміз өз өміріне қанағаттана алмай, бұл дүниеден қол үзуді барлық проблеманың шешіміндей көретін бауырларымызға арналады.

Ақиқатына қарайтын болсақ, адам өмірі оның өз мүлкі емес, ешкім де өзін-өзі жаратқан жоқ. Әлсіз жаратылған адам өз денесіндегі бір клетканың өзін жаратып алуға қауқарсыз. Кеудеміздегі жан да Алланың бізге нәсіп еткен нығметі, әрі аманаты. Ендеше, адам өзін әу баста жаратпаған болса, онда өз еркімен оны қиюға да құқы жоқ. Әркім өз өмірін қадірлей білуі керек. Өмірде кездесетін қиыншылықтар салдарынан өмірден безе жөнелу – мұсылман адамға тән емес.

Мүмін адамға қол қусырып отыру емес, қажыр-қайрат жұмсап әрекет ету, қашып кету емес, күресу жарасады. Мұсылманның иманы мен көркем мінез-құлқы өмір майданынан қашуға жол бермеуі тиіс.

Иә, өзін өлтіру қиындықтан құтылудың жолы емес, керісінше өзін-өзі тілмен жеткізіп болмас ауыр азаптарға лақтыру деген сөз.

Қарап отырсақ, адамның өзін-өзі өлтіруі қиыншылыққа сабыр ете алмаудан туындауда. Бұл да айналып келіп, тағы да иман мәселесіне тіреледі. Өйткені иманды жанның көзқарасы бойынша мына дүниенің ең үлкен бақытсыздығының өзі ақырет мәселесінің қасында түк те емес. Бұл өмір қалай қарасаңыз да, өткінші, жалған. Кез келген ауыртпашылық бүгін жан шы-датпастай болып көрінгенмен, ертең-ақ соншалықты дәрежеде қорқатындай емес екендігі анықталып жатады. Уақыт өтуімен кез келген қиыншылық ұмытылады. Бір мәселенің орнына жаңа мәселелер келеді. Бұрынғысы естен шығады. Бұл дүниенің заңы сондай. Сондықтан, өтпелі қиыншылықтар үшін Алланың адамға берген өмір атты ұлы аманатына қиянат жасауға бола ма? Өзімізді ауыр азапқа тастауымыз жөн бе?

Сондай-ақ, өзін-өзі өлтіру тек қара басын ғана ойлайтын нағыз эгоисттердің ісі. Өйткені, олар өз басына түскен қиын-шылықтан құтылу үшін жандарын қияды. Ал артында жүректері езіліп, еңіреп қалған ата-анасын, туыстарын ойламайды. Жалпы қоғам үшін де бұл оңай іс емес. Сондықтан, Алла бұл дерттің бетін елімізден аулақ етсін!

Дінге сенімі бар адам өмірдің қиындықтарын сынақ деп біледі. Әрбір қиындықтан кейін жеңілдіктің келетініне сенеді. Құдайдан үмітін еш үзбейді. Сабыр етеді. Ең қиын сәттерде де өзін өлтіруге бармайды.

Бұл өмірде әр адам әр сәт сайын қиын жағдайлармен бетпе-бет келіп жатады. Бірақ, олардың ешқайсысы текке кетпейді. Иманды жанның бұл дүниедегі тартқан азаптары мен көрген қайғы-мұңдары арғы өмірде мәңгілік бақытқа айырбасталатыны пайғамбары-мыздың (с.ғ.с.) хадистерінде білдірілген. Ендеше, адам баласының бұл өмірде белгілі бір мөлшерде қасірет тартуы заңды құбылыс. Оған иман тұрғысынан қарауымыз керек. Өйткені, Алла тағала жай адамға ғана емес, барша пайғамбарларға да небір адам төзгісіз сынақтар берген.

Қорыта келе айтарымыз, құрметті мұ-сылман бауырлар! Өзіне-өзі қол жұмсау ісі, көбінесе, үмітсіздіктен, мақсатсыздықтан, келешекке сенімсіздіктен, жан тыныш-сыздығынан туындайды. Ал иманды жан, жүрегі бай адам қашан да бұл дерттен аулақ болады. Қиналған кісінің жанын түсінуге тырысайық, құлазыған көңілдерге демеу болайық, достарымызды еш уақытта жалғыз қалдырмайық және ең бастысы өз төңірегімізге қасиетті Ислам дінінің асыл құндылықтарын үйретуді міндетіміз деп білейік. Сондай-ақ, әр қараңғы түннен кейін жарық күн, әр қиыншылықтан кейін бір жеңілдік бар. Алла тағала аспанымыздың ашық, жастарымыздың парасатты, еліміздің ынтымақты болуын жазсын!

№8 (224), 11-20 наурыз, 2011 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру