Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

САЛТПЕН СІҢГЕН САНА

Наурызбай қажы Тағанұлы muftyat.kz 12.04.2023 2816 0 пікір
САЛТПЕН СІҢГЕН САНА

Қазақ халқы – кешегі ахундар мен ишандардың, дін ғұламалары мен тұлғалардың бүгінгі мирасқорлары. Дана бабаларымыздың руханият саласындағы жанкешті еңбегінің арқасында қазақ даласында асыл дініміз кеңінен насихатталды. Соның нәтижесінде шариғат ережелері мен діни ұстанымдар салт-дәстүрімізбен сабақтасып, рухани өміріміздің, тіршілігіміз бен құлшылығымыздың ажырамас бөлігіне айналды.

Біздің ата-бабаларымыз арнайы шариғи білім алмаса да Ислам құндылықтарымен сабақтасқан салтымызды берік ұстанды. Халық арасында «Кім бұрын райынан қайтса, ұшпаққа шығады» деген сөз бар. Былайша айтқанда, кім кешірім жолын ұстанса, сол бірінші жұмаққа кіреді деген сөз ғой. Халық даналығында «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік» деп айтылатын сөздің де астарында үлкен мән жатыр.

«Аталар сөзі – ақылдың көзі» дейді қазақ. Шын мәнінде біздің аталарымыз жақсы сөз айту арқылы халықты игілікке бастап отырған. Мысалы, кешірім туралы айтқанда халық арасында кең тараған «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Иілген басты қылыш кеспес», «Білмегенді кешірмесең, білгеніңнен не пайда?», «Жүрек кешірімді, ақыл шешімді болсын» деген мақал-мәтелдер еріксіз еске түседі. Біз сөзге тоқтаған дана халықпыз ғой. Бір ауыз сөзбен үлкен дауды шешу қазаққа тән мінез деп ойлаймын.

Жазушы Ғабиден Мұстафин «Жақсы дәстүр жайында» еңбегінде былай деп жазады: «Қазақ дәстүрі тек ата-ананы ғана емес, жалпы адамды сыйлауға баулиды. Үлкенге сәлем беру, орын беру, жол беру, кимелеп баса-көктеп өтпеу, үйіне келе қалса атын байлап, есік ашып, төрге шығарып, жақсы қабақпен аттандырып салу, меймандос, жолдас-жораға қайырымды болу сияқты салт-дәстүрлердің бірде-бірі ескірген жоқ. Бұлар өмір бойы ескірмейтін, адамнан адам іштей әмән дәметіп тұратын табиғи құлық-мінездер. Бұл мінездерді қорлау – алдымен өзін-өзі қорлау, сыйлау – алдымен өзін-өзі сыйлау.

Үлкенге құрмет көрсету – сан ғасырдан бері атадан балаға жалғасып келе жатқан игі дәстүріміз. Бала кезімде үйге үлкен кісілер келгенде алдынан жүгіріп шығып, сәлем беріп, қолына су құйып, батасын алуға таласатынбыз. Әкеден осындай тәрбие көрдік. Аллаға шүкір, қазір осы дәстүр жалғасын тауып келеді. Үйге қариялар келсе, балаларым сәлем беріп, құрмет көрсетеді. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жасы кіші жасы үлкенге сәлем береді», – деген. Иә, қонақ күту, қарияға сәлем беру – қазақ халқының күнделікті тіршілігінде кездесетін дәстүр. «Қонақ күтпегеннің ырысы өшеді, қариясын сыйламағанның тынысы өшеді» деген мақал текке айтылмаса керек.

Өз кезегінде қарияларымыз да қызмет етіп, шауып жүрген балаларға батасын беріп: «Өркенің өссін! Үлкен азамат бол! Ұрпағыңмен мың жаса!» деген тілегін жаудырып отыратын. Түсінген адам үшін бұл – үлкен дұға. Қазақта «Қырықтың бірі – Қыдыр, жүздің бірі – Уәли» деген сөз бар. Дуалы ауыз қарияларымыздың осындай тілегі мен батасын алудың өзі үлкен ғанибет емес пе?!

Қонақ күту – қанға сіңген игі дәстүріміздің бірі. «Қонақ келсе құт келер» деген сөзді өмірлік ұстанымға айналдырған ұлтпыз. Қазақты өзге ұлттардан ерекшелеп тұратын қасиетінің бірі де – осы қонақжайлық. Салт-дәстүрімізде бағзы заманнан бар қонақжайлық қасиетіміз халқымызбен бірге туып, бірге жасап келе жатқандай әсер қалдырады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қонақ күту туралы былай деген: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын күтсін, оған жақсы мәміледе болсын». Діннен бастау алып, дәстүрімізге сіңген мұндай игі салттарымыздың қайсібірін санаймыз?!

Бұрынғы кісілер былай дейді екен: «Өзіңнен жасы үлкенді көрсең, «менен жасы үлкен болғандықтан, сауапты істері де менен көбірек болар» деп ойлап, оны сыйла. Егер өзіңнен жасы кіші адамды көрсең, «менен жасы кіші болғандықтан, маған қарағанда күнәлі істері де аз шығар» деген оймен оны да сыйла». Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің мәні осында жатса керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім кішімізге мейірімділдік танытпаса, үлкеніміздің шарапатын білмесе – бізден емес», – деп ескерткен. Осы мәтіндегі «бізден емес» деген сөздің өзі бұл хадистің қаншалықты маңызды екенін айқындап тұр. Шын мәнінде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбеті болу үлкен бақыт емес пе?!

Біз, қазақ – өзгеге жасаған жақсылық өзіме жасалған жақсылық деп түсінген халықпыз. Иә, біреуге жасаған жақсылықты ұмытып кету – дәстүрімізде бар құндылықтың бірі. Адамнан қайтпаса да Алладан қайтады деп сенеміз. Расында, жақсылық өзіңе жақсылық болып қайтады немесе Алла Тағала бізді бір қатерден аман сақтайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде: «Қандай да бір жас адам қарияның жасын ескеріп, құрмет көрсетсе, Алла Тағала ол қартайғанда оған құрмет көрсететін кісіні жаратады», – дейді. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы хадисі үлкендерге құрмет көрсетуге жігер сыйлайды.

Бала кезімде ата-әжелеріміз көп өсиет айтып, жаман әдеттерден тыйып отыратын. Мысалы, әжемнің жатарда айтқызатын:

«Жаттым, жаттым жан Алла!

Тұрғыза көр Иншалла,

Тұрғызбасаң, иншалла,

Лә иләһа илалла!» деген өлең шумақтарын әлі күнге дейін жадымнан шығармай келемін. Қазақ халқында ауыз әдебиеті жақсы дамығаны белгілі. Ертегі мен дастан айтылса, оны құлағына құйып алатын құймақұлақ балалар көп болатын. Біз осы дәстүрді қайта жаңғыртуымыз керек. Өйткені ертегі естіп өскен баланың ойлау деңгейі дамып, бойында көркем мінез үлгілері қалыптасады. Батырлық сезімі оянып, Отанды, отбасын қорғау сынды жауапкершілікті бала кезден сезіне бастайды. Немерелеріне тұрақты түрде ертегі мен өсиетін айтып, тәрбиесіне араласып отыратын бірнеше ақсақалды танимын. Олардың бұл ісі құптарлық және өзгелер де осы дәстүрімізді жаңғыртса екен деп тілеймін.

«Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» деген қанатты сөз бар. Кейде заңмен тыйым сала алмаған жаман әдеттерді «обал болады», «ұят болады» деген қанға сіңген ұғымдар тоқтатып жатқанын көргенде дәстүрдің қаншалықты қуатты күш екенін сөзсіз мойындайсың. Салтпен сіңген сана осы болар...

Мен жыл басында еліміздегі барша дін қызметкерлеріне жолдаған бағдарлық баяндамамда мүфтият өзіне жүктелген міндеттер мен қоғамдық жұмыстарды жүйелеу, жандандыру мақсатында бес бағытқа басымдық беретінін атап өттім. Олар – дін мен дәстүр, ізгі қоғам, ихсан және насихат, діни оқу-ағарту, жат діни ағымдардан сақтандыру. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2023 жылы осы бес бағыт бойынша ауқымды іс-шаралар өткізеді. Соның бірі – дін мен дәстүр бағыты бойынша насихат жұмыстарымен қоса ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге арналған қоғамдық іс-шаралар жүзеге аспақ. 

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

«Иман» журналы, №3, 2023 жыл  

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру