Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

КӨШБАСШЫҒА ТӘН ӘДЕПТЕР ҚАНДАЙ?

Думан САЙФУЛЛА muftyat.kz 27.07.2021 2195 0 пікір
КӨШБАСШЫҒА ТӘН  ӘДЕПТЕР ҚАНДАЙ?

Қазіргі уақытта ең көп жазылатын тақырыптың бірі – көшбасшылық. Батыс зерттеушілерінің бұл мәселеде егжей-тегжейлі зерттелген еңбектерін жиі кездестіруге болады. Осы еңбектерді оқып отырып, мұсылмандық құндылықтардан өзіне қажетті көптеген мағлұмат алғанына көз жеткіземіз. Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарды тура жолға бастайтын, оның артынан махаббатпен еретін, керемет көшбасшы болған.

Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Оларды әміріміз бойынша, тура жол көрсететін имам қылып, оларға жақсылық істеуді, намазды орындауды, зекет беруді уахи қылдық. Олар бізге құлшылық қылушы еді», – деп айтқан («Әнбия» сүресі, 73-аят). Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне мән берсек, адамдарды жақсылыққа бастар көшбасшыға тән көптеген сипатты көруге болады.

 

  1. Қасиетті Құран мен Пайғамбар сүннетін басшылыққа алу. Мұсылман көшбасшы сөзінде, ісінде, мінезінде, мақсатында, Қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)

сүннетін басшылыққа алу қажет. Осы себепті де Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Оның мінезі Құран еді», – деп айтқан (Әбу Дауд,  Ибн Мажа). Хафиз ибн Касир хадистің мағынасы жайында: «Ол Құранның әмір еткендерін жүзеге асыруды және Құранның тыйым еткендерінен алшақ болуды өзіне міндет қылды. Сондықтан Жаратушының әміріне бағынуы оның мінез-құлқына айналды», – деген («Әл-фусулу фи сирати әр-расул»).  

  1. Мақсатты болу. Көшбасшының белгілі бір мақсаты болып, сол мақсаты үшін әр кез харекет етіп, өзгелерге де сол жолда жігер бере білуі тиіс. «Мақсатсыз адам – желкенсіз кеме тәрізді», «Мақсатсыз адам – қанатсыз құсқа тең» дегендей, мақсаты жоқ адамның өмірі де мәнсіз болмақ. Адамның арманы асқақ, мақсаты биік болған сайын, өміріне мағына кіріп, әр ісінде ширақтық пайда болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алладан сұрасаңдар, Фирдаусты сұраңдар», – деген (Тирмизи). Фирдаус жәннаттың ең жоғарғы дәрежесі екені белгілі. Осы сөзі арқылы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылманның мақсаты биік болып, соған жету жолында бар ынтасымен амал ету керектігін меңзеген. Мақсат биік болуымен қатар нақты болу қажет. Яғни арман не қиял ғана болып қалмай, адамның бойында соған жетуге деген ұмтылысы мен әрекеткі болу керек. Сонда мақсат нақты болып, оған жетудің стратегиясы мен жоспарын құру оңай болады.



  2. Жоспарлау. Көшбасшы мақсатына жетудің жоспарын құрып, әр уақытта келесі қадамы қандай болатынын біліп отыруы тиіс. Көшбасшы мақсатына қарай күнделікті атқарылатын істеріне жоспар құрғанда, мына жайттарды ескергені жөн.

Біріншісі, бір күнгі атқаратын істерді алдын-ала жақсылап ойлап, ақыл таразысына салып, ой елегінен өткізіп, кейін қағаз не ұялы телефондағы арнайы бағдарламаға түсіру.

Екіншісі, маңызды істерді алдыңғы жоспарлап, келесі күні де істеуге болатын немесе кез келген бос уақытта атқарылатын істерді одан кейін жазу.

Үшіншісі, атқарылатын істер тізіміне барлық ұсақ-түйекке дейін қалдырмай жазған дұрыс. Өйткені сол ұсақ деген ісімізге кейде уақыттың басым бөлігі кетіп қалып жатады.

Төртіншісі, жоспарлаған істерді 100% толық атқару мүмкін емес. Бар өмірі қағаз бетінде тұрған адам кейде өзін жоспардың құлы ретінде сезінуі әбден мүмкін. Сондықтан істерді жоспарлауда ең дұрысы 70/30 қағидасына сүйенген жөн. Өйткені күнделікті өмірде адам жоспарламаған сәттер мен жұмыстар кездесіп жатады. Сол үшін жоспар құрарда бос уақытқа да көңіл бөлу керек.

Бесіншісі, әр күні кеште келесі күннің жоспарын жазу қажет. Өткен күнгі атқарылған істердің үстінен атқарылғанын білдіретін белгі қойып не үстінен сызып тастау қажет. Құрылған жоспардың қанша пайызы атқарылғанына назар салып, есеп берген дұрыс.

Алтыншысы, жазылған істі ішіне демалыс уақытын белгілеу қажет. Мысалы, 50 минут жұмыста 10 минут демалыс енгізу қажет. Бұл бос уақытты спортпен шұғылдану, жақындарға қоңырау шалу, отырған жерді жинау, көз талса уқалау деген сияқты істермен пайдалы етіп өткізуге тырысу керек.

Жетіншісі, артық жоспар құрмау. Кейде адам жоспарды тым ауыр етіп құрғандықтан, жоспар іске аспай жатады. Сондықтан жоспар нақты іске асыруға шамаңыз келетін істен тұру қажет.

Сегізінші, күнде таңда бір күндік жоспарды қарап өтіп, күндіз сол жоспар бойынша амал етіп, ал кешке істелген істердің дұрыс-бұрысын саралап, өзіне есеп беру әдетке айналмайынша жоспар тек қағаз бетінде қалады.

Хәкім Абай атамыз он бесінші қара сөзінде: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» – дейді.

  1. Позитив болу. Ислам дінінде позитив болудың маңызы өте зор. Мұсылман адам әркез позитив болу арқылы айналасындағы қоғамды да сондай көзқарасқа шақырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Қиямет басталған сәтте әлдебіреуің ағаш отырғызып жатқан болса, оны (тастап кетпей) отырғызсын» (Ахмад, Бұхари) дейді. Бұл хадистен мұсылманның қаншалықты позитив болу керектігі сипатталған. Ол қиямет басталып, өмірімінің ең соңғы сәті тақап қалса да, бастаған ісін соңына дейін жеткізуге бұйырылған. Шынайы көшбасшының қандай қиын жағдай болса да мойымай, болашақта Алла Тағаладан тек қайыр-жақсылық үміт етіп, өзгелерге күш-жігер сыйлай білуі өте маңызды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден өткені жайындағы хабар сахабаларға өте ауыр тиген еді. Өз құлағына өзі сенбей, талып құлап жатқандар болған. Алайда Әбу Бәкір сол кезде нағыз көшбасшының ісін жасады: «Әй, адамдар! Егер араларыңда Мұхаммедке құлшылық еткендер бар болса, біліңдер, Мұхаммед дүниеден өтті! Кімде-кім Алла Тағалаға құлшылық қылған болса, Ол тірі, мәңгілік өлмейді. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Мұхаммед бір елші ғана, одан бұрын да елшілер өткен. Ал сонда ол өлсе не өлтірілсе, кері қайтып кетесіңдер ме?» – дейді» («Әли Ғымран» сүресі, 144-аят). Осы кезде айналасына жиналған адамдар бұл аятты жаңадан естіп тұрғандай болып, есін жияды.

Позитив көшбасшының бойынан табылатын сипаттар төмендегідей. Біріншісі, жымию. Шынайы көңілізбен жымисаңыз, өзге адам мен араңыздағы бөгет алынып, көңіліне жылылық ұялап, сіздің оған деген құрметіңізді сезініп, ол да сізді құрметтейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Бауырыңның жүзіне қарап жымиюың – садақа», – деген (Тирмизи). Ендеше өзара бауырмашылықтың артуына себеп болатын әрі садақа берумен сауабы пара-пар болған мұндай іске ешқашан бей-жай қарауға болмайды. Әбу Зар (оған Алла разы болсын) «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маған: «Еш уақытта (шариғаттың) жақсылық деп таныған ісіңе немқұрайлылық танытушы болма, тіпті бауырыңды күлімдеп қарсы алу тұрғысында болса да»,– деді», – деген хадисті жеткізген (Мүслим, Тирмизи).

Екіншісі, жасаған жақсылық үшін ешкімнен алғыс, рахмет күтпеу. Біз жақсылығымызды Алла разылығы үшін істейтін болғандықтан, ол үшін ешкімнен алғыс, рахмет күтпеуіміз керек. Әлдекімге жақсылығымыз тиіп, ол рахмет айтпаса ренжу мұсылманға тән іс емес. Адамның ұмытшақтығын ескеріп, үзірін қабыл етіп үйренген жөн. Ең бастысы Алла разылығы үшін жасалған амалдың сыйы Алладан екенін естен шығармау қажет. Қасиетті Құранда Алла Тағала жәннаттық құлдарын: «Олар: «Шын мәнінде сендерді Алланың ризалығы үшін тамақтандырамыз. Сендерден бір төлеу, алғыс тілемейміз» (дейді)», – деп сипаттаған («Инсан» сүресі, 9-аят). Алайда рахмет күтпеу деген ешкімге рахмет айтпау керек дегенді білдірмейді.  Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кім адамдарға шүкірлік етпесе, Аллаға да шүкірлік етпеген болады»,–дейді (Әбу Дауд, Ахмад).

Үшіншісі, сынаққа сабыр ету. Суһайбтан  (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Мүмін адамның жағдайына таң қаласың! Шындығында, оның кез-келген ісінде хайыр бар, әрі бұл мүміннен басқа ешкімге берілмеген. Егер оған бір жақсылық келсе, ол Аллаға шүкірлік айтады және оның сол айтқанында қайыр бар, ал егер оған бір қайғы келсе, ол оған сабыр етеді, оның бұл ісі де өзіне қайыр болып оралады» (Мүслим).


  1. Үлгі болу. Кез-келген мекеменің мәдениеті жоғарыдан басталады. Сол себепті көшбасшы өзі атқарып жүрген ісінде өзгелерге үлгі болу қажет. Құранда Алла Тағала: «Әй, иман еткендер! Сендер өздеріңді түзетулерің керек», – дейді («Мәида» сүресі, 105-аят).

Әдетте бір мекеменің басшысы қандай киім кисе, қызметкерлер де солай киінеді. Басшы қызметкерлерін құрметтесе, қызметкерлер де бір-бірін құрметтейді. Өзі жұмысқа кешігіп келетін басшының қызметкерлерін кешікпей келуге үйретуі қиынға түседі.

  1. Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу. Нағыз көшбасшы әрбір сөзі не ісінде өзгелерге жұмсақтық пен қамқорлық танытуы тиіс. Міне, осы кезде қызметкерлер өз ұжымын екінші отбасындай көріп, көшбасшыны сол отбасының отағасындай құрметтейді. Адамдар өзгелермен үш түрлі деңгейде қарым-қатынас жасайды.

Біріншісі, өзіне жасалған қарым-қатынастан төмен деңгейде қарым-қатынас жасайтындар. Екіншісі, өзіне жасалған қарым-қатынаспен тең деңгейде қарым-қатынас жасайтындар. Үшіншісі, өзіне жасалған қарым-қатынастан жоғары деңгейде қарым-қатынас жасайтындар.

Бірінші деңгейде қарым-қатынас жасау адамдардың сізге деген жеккөрінішін оятып, сіз туралы жаман пікірде болуына алып келеді. Екінші деңгейдегі қарым-қатынас адамдарды сізден алшақтатпағанымен, сіздің артыңыздан еретіндей, сізге қарай тартылатындай жағдай туғызбайды. Үшінші деңгейде қарым-қатынас жасау адамдардың сізге деген сүйіспеншілігі мен достығын оятатын, артыңыздан еретіндей жағдай туғызатын, нағыз Пайғамбарымызың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті деп танылады. Пайғамбарымыздың сирасын оқитын болсақ, өзіне, жақындарына небір қастандық жасаған дұшпандарын кешіріп, жамандығына жақсылықпен жауап беру арқылы олардың өкініп, қателігін түсінуіне, тура жолға түсуіне себеп болған. Құран аятында Алла Тағала: «Жамандықты ең көркем түрде жолға сал. (Жамандыққа қарсы жақсылық қыл) Сол уақытта екеуіңнің араңда дұшпандық еткен біреу, өте жақын достай болады», – деген («Фуссилат» сүресі, 34-аят). Аятта Алла Тағала жамандық жасаған адамға тек «жақсылық жаса» деп емес, «ең көркем түрде жақсылық жаса» деп бұйырған. Халқымыздың «Таспен ұрғанды аспен ұр»,  «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі» деген нақыл сөздері осыған байланысты айтылса керек.

  1. Адамдардың жақсы амалын қошеметтеу. Әр адамның бойында жақсылықты сүю, жақсылыққа құштарлықпен қоса нәпсі де бар екенін естен шығармау қажет. Нағыз көшбасшы өзге адамның нәпсісіне тимей, жақсылыққа деген ынтасын оята білу қажет. Кез келген адамның бойында жылт еткен жақсылығы болады. Иса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар шәкірттерімен келе жатқанда алдынан бір ит шығады. Сонда шәкіртінің бірі: «Мына ит не деген жиіркенішті еді», – десе, енді бірі: «Сұрқы неткен жаман еді», – дейді. Біреуі тұрып: «Исі неткен сасық еді», – деп жиіркенеді. Сонда Иса пайғамбар: «Бұл иттің тісі неткен аппақ еді», – деген екен. Сол себепті көшбасшы әр қызметкердің бойындағы жақсы сипатын көре біліп, оны бағалайтынын сездіре білу керек.

  2. Тапсырма емес, өтініш ету. Біреудің бізге бұйрық бергенін ұнатпайтынымыз сияқты, ешкім өзіне басқа адамның бұйрық бергенін ұнатпайды. Әрине күш-қауқары жетіп тұрған адам өзінен төменгі адамға бұйрық беруіне болады. Бірақ істің соңғы нәтижесінде ол басшының қол жеткізетінінен жоғалтатыны көп болуы әбден мүмкін. Ол – қызметкердің басшыға деген құрметі мен сүйіспеншілігі. Бұйрық берілгенде адамның ішкі жан дүниесінде бірден қарсылық пайда болатынын психолог мамандар да айтуда. Бұйрық айтушыға оңай болғанымен істеушіге қиын соғады. Өтініш айтушыға қиын болғанымен, істеуші үшін оны атқару жеңіл келеді. Сол үшін де тапсырманы адамдар өзін жақсы сезінетіндей дәрежеде беру көшбасшының шеберлігін байқатады. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» демекші, тапсырманы өте жұмсақ түрде айтып: «Мына істі атқарып жібересіз бе?» – деп, немесе сұрақ арқылы: «Мына істі былай істесек, дұрыс бола ма?», «Бұл жұмысты былай атқарсақ қалай қарайсыз?» – деген сияқты үлгіде қолдануымызға болады. Имам Шәфиғи: «Кей жағдайда ұтысқа жеткеннен гөрі, адамның жүрегіне жол табу маңызды», – деген. Сондықтан да өтініш айту арқылы адамға құрмет білдіріп қана қоймай, жүрегінде сізге деген құрметтің жоғалмауына ықпал етесіз.

  3. Өзгелердің қателігін даналықпен түзеу. Өзгелерге ашулану, дауыс көтеру мәселеден шығудың жолы емес. Құранда Алла Тағала Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оларға Алланың мейірімі бойынша, жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине олар маңайыңнан тарқап кетер еді. Сондықтан оларды кешірім ет», деген («Әли Ғымран» сүресі, 159-аят).

Қызметкерлерінің басшысын ұнатпауының негізгі себебі ашық сын айтқанынан. Өзгенің қателігін жөндегісі келген адам ол қателікті бірден бетіне баспай, жұмсақтықпен жеткізу керек. Сол кезде ол адам қателігін шынайы көңілмен түсінеді.

Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте: «Бірде бір бәдәуи мешітке кіріп кіші дәрет сындыра бастады. Оны көрген адамдар орнынан атып тұрып, тоқтатпақшы болды. Бірақ Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларға: «Оған тимеңдер, дәрет сындырған жеріне бір шелек су құйыңдар. Өйткені сендер қиындық емес, жеңілдік жасауға жіберілдіңдер», – деді. Кейін оған жұмсақтықпен түсіндіріп, бәдәуи қателігін түсінеді.

Өзгенің қателігін түзеу барысында көшбасшы мына істерді басшылыққа алған жөн. Біріншісі – сол істе өзі басқаларға үлгі болу. Екіншісі – адамның істеген қателігін көрген уақытта бірдей бетіне баспай, қолайлы уақытты таңдап айту. Үшіншісі – қателігін сөз қылмай тұрып, ол адамның жақсы қасиеті туралы айту. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде бір сахабасының көп ұйықтайтынын «Абдулла неткен жақсы адам, бірақ түнде намаз оқыса (одан да) жақсы болар еді» (Бұхари, Мүслим) деген үлгіде жеткізген. Содан кейін ол адам өте аз ұйықтайтын болған.

Төртіншісі – адамның өзін емес, оның істеген ісін сынға алу. Қателік жасаған өзге бір адам жайында әңгіме не қисса айтып отырып та адамның қателік істегенін түзетуге болады. Ол көшбасшының өзі жасаған қателігі мен оны қалай жөндегендігі турасындағы әңгіме болуы да мүмкін. Саналы адам әңгімені тыңдай отырып, өз қателігін түсінері сөзсіз.

  1. Көркем түрде пікір алмасу. Ақылды көшбасшы дау-дамайға жол бермейді. Мұндай жағдайға тап болған жағдайда оның да әдебін сақтау қажет. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Әрі олармен ең көркем түрде тартыс», – деп бұйырған («Нахыл» сүресі 125-аят).

Жалпы дауда әркім өз пікірін дәлелдеуге тырысады. Біз қарсыласымыз сөзімізді тыңдап, пікірімізге құрмет көрсеткенін қаласақ, оған бұның қалай жасалатынын көрсетіп, үлгі болып, алдымен оның пікіріне құрмет көрсетуіміз қажет. Бұл – оны мойындатудың ең жақсы тәсілі. Бастапқыда қарсы пікірдегі адамның сөйлеп алуына мүмкіндік беру керек. Алдымен өзгені түсініп, кейін оған түсіндіру – пікір алмасудағы ең қолайлы тәсілдердің бірі. Бірден оның пікірін жоққа шығармай, «мен сіздің пікіріңізді сыйлаймын», «өте жақсы айттыңыз, бірақ бұл мәселеге қатысты мынандай да пікір бар» деген сөздермен бастаған тиімдірек. Бастапқыда қарсылас келісіп, «иә» деп келісетініндей сұрақ қоюға тырысу керек. Оның артынан қойылатын үшінші, төртінші сұрақтарда дәл солай жалғасын табуы тиіс. Ең соңында бұл көп жағдайда қарсыластың сіздің пікіріңізбен келісуіне алып келеді. Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға кей мәселелерді түсіндіргенде осылай істеген болатын.

  11.Үздіксіз даму. Тірі мен өлінің негізгі айырмашылығы, тірі зат әрдайым өсіп отырады. Кез-келген зат өлгенде өсу мен өзгеріске ұшырауы тоқтайды.  Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Екі күні бір-біріне ұқсаған адам алданушы», – деп айтқан. Көшбасшы адам әрдайым ізденіп, кітап оқып, өзін дамытуына жәрдемі тиетін адамдармен араласып, білмегенін сұрап, өзі де басқалардың дамуына жәрдем етеді. Өзін дамытпаған адам ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмай, өмірбойы бір іспен айналысып қала береді.

  1. Сынға ілігуден қорықпау. Бес саусақ бірдей болмайтыны сияқты адамдардың барлығы бірдей емес. Бір адам ұнатып жатса, біреу жақтырмай, сын көзбен қарауы мүмкін. Бәріне бірдей жағу көшбасшының міндеті емес. Тіпті бұл мүмкін де емес. Әркімге жағуға тырысып, жағымпаздануды ғалымдар екіжүзді адамның сипатына жатқызған. Сол себепті әрбір көшбасшы оның сыртынан айтылған сөзге, сынға дұрыс қарай білуі тиіс. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, орнымен айтылған сын болса, көшбасшы оны қабыл етіп, өз қателігін түзейді. Мұны да адамның өзінің жеке дамуына, үйренуіне берілген мүмкіндік деп пайымдаған жөн. Қателіксіз адам болмайды. Мүміндердің әміршісі Омар ибн Хаттаб (оған Алла разы болсын) бір сөзінде: «Менің қателігімді өзі сыйға тартқан адамды Алла мейіріміне бөлесін», – деген. Сыннан қашу арқылы адам өз қателігін түзеп, сабақ алу мүмкіндігінен қағылады. Ал орынсыз шүйлігіп, жоқ жерден кір іздеп, сыртынан ғайбат айтушыларды елемеген жөн.

  2. Жаңа көшбасшы тәрбиелеу. Үлкен мақсатқа жалғыз қол жеткізе алмайсың. Сондықтан нағыз көшбасшы ұлы мақсаттарға жету үшін өзге көшбасшыларды тәрбиелей білу керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) 23 жылғы пайғамбарлық өмірінде Алла Тағаланың уахиын адамдарға жеткізіп қана қойған жоқ. Оны өзгелерге үйретіп-түсіндіретін, өзгелердің бақыты үшін өмір сүретін асыл тұлғаларды тәрбиелеп шығарды. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі: «Сахабаларым жұлдыз іспеттес. Қайсыбіріне ерсеңдер де тура жол табасыңдар», – деген (Ибн Хазм, «Әл-Ихкәм»). «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, инвестицияны талапты адамдарға салу – ең көркем істердің бірі.

 

Думан САЙФУЛЛА,

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің маманы

«Мұнара» газеті, №13, 2021 жыл 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі