Қазақстан мұсылдары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай өткен «Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы» атты имамдардың IV республикалық онлайн форумында «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті», «Зияткер имам» туралы жаңа құжаттар қабылданды. Құжаттардың мақсат-міндеті мен ережесі форумға қатысқан өңірлердің бас имамдарына және форум жұмысын онлайн тамашалаған дін қызметкерлеріне жан-жақты таныстырылды.
Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген бұл шағын құжаттарда қоғамда бұрыннан қызу талқыланып, осы уақытқа дейін ауызекі тілде айтылып келген, бірақ жазбаша түрде жарияланбаған өзекті мәселелер тиянақты, ұғынықты жеткізілген. Мысалы, «Ас беру мәдениеті» құжатының негізгі мақсаты – марқұмның атынан ас берілгенде ысырапшылыққа жол бермеу. Өйткені мұндай рәсімдерді атқаруда халық арасында өзара жарыс, бәсекелестік белең алып кеткені жасырын емес. Тіпті марқұмның кәдесін өткізу үшін қарызданып, қауғаланып, несие алып тойхана немесе мейрамхана жалдайтындар, ас мәзірін той дастарқанынан кем қылмайтындар да бар. Мұның бәрі – асыл дінімізде құпталмайтын амал.
Сонда мұндағы мақсат не? Алланың разылығын ысырып қойып, адамның разылығын табу ма? Жаназа мен той дастарқанынан шатаспаудың не қиындығы бар? Мұндай сауалдарға нақты жауап – жаназа рәсімі кезінде дастарқанға ауыз тиер ас қойсаңыз жеткілікті. Себебі мұндағы мақсат тойып ас ішіп-жеу емес, марқұмның туыстарын сабырға шақырып, қайғысын бөлісіп, көңіл айту. Әрине «тапқанымыз тойға шашылсын» дейтін қазақ үшін қуанышты жағдайларда, той, думандарда берілетін астың жөні бөлек. Десе де «өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» демекші, бақилық болған адамның жаназасы қарапайым тәртіппен өткізілсе, «дастарқаны жұпыны болды, табақ ет таратпады» деген жұрттың әңгімесіне назар салынбаса, қазалы үйдің иелері қалтасындағы соңғы тиынын санап қалмас па еді?!
«Зират және зиярат мәдениеті» құжаттамасының басты мән-мағынасы да жоғарыда көрсетілген ас та төк мысалдардан тыяды. Яғни бұл құжаттама да адамдарды қарапайымдылыққа, шариғат талаптарынан, ата-баба дәстүрінен аттамауға шақырады, астамшылықтан, ысырапшылықтан, мақтаншылықтан алыстатады. Өйткені о дүниелік болған адамға қымбат құлпытас пен көк тіреген күмбез қоюдан бір-бірінен оза шапқысы келетіндер саусақпен санауға келмейді. Құжаттамада көрсетілгендей, мұсылман жұртшылығы қайтыс болған кісінің есімі мен жатқан жері белгілі болсын деген мақсатпен оның басына құлпытас қоюды әдетке айналдырған. Ал құлпытастардан бөлек зират басына үлкен ескерткіштер, сәнді қоршаулар, мүсін кеуделер тұрғызу марқұмға ешқандай пайда бермейтіні айтылған. Сондай-ақ құжатта қабірге биіктігі – 1 метр, ені 50 сантиметрден аспайтын құлпытас қою, құлпытасқа марқұмның толық аты-жөнін, туған және қайтыс болған күндерін жазу, құлпытасқа марқұмның суретін салмау, құлпытасты қымбат, бағалы тастардан жасамау, құлпытасқа Құран аяттары мен сүрелерді жазбау керектігі анық жазылған. Бұл дегеніміз зираттың сән-салтанатсыз, астамшылықтан ада болу керектігін меңзейді. Бір сөзбен айтқанда, екі құжаттама да дініміз бұйырмайтын тірліктерден, сонымен қатар шектен тыс шығыннан, көзбояушылықтан аулақ болуға үндейді.
Құран Кәрімнің «Исра» сүресінде «Ысырап қылушылар – шайтанға туыс» делінген. Бұл аятқа қарағанда, ысырапқорды Алла өзіне қарсы шығып, адамзатқа дұшпан болған Ібіліс-шайтанға теңеген. Сол сияқты қасиетті Құранда: «... ішіңдер, жеңдер, алайда ысырапқа жол бермеңдер. Өйткені Алла Тағала ысырап етушілерді сүймейді» делінген («Ағраф» сүресі, 31-аят). Алла Тағаланың несібесін орынсыз шашу өкінтетін күнәлар қатарына жатады. Сол себепті Ислам дінінің негізгі қайнар көзі мен ата-бабаларымыздың озық дәстүрі негізінде дайындалған құжаттардағы ережелер мен ұстанымдарға бет бұрғанымыз абзал.
Діни басқарманың қазіргі күндегі негізгі міндетінің бірі – заман талабына сай кадрлар дайындау. Соған сәйкес қабылданған «Зияткер имам» тұжырымдамасы арқылы имамдардың білім-біліктілігі, кәсіби шеберлігі сын тезіне салынады. Имамдық – көрер көзге өте оңай, жеңіл жұмыс сияқты көрінгенмен, шынтуайтында жауапкершілігі мол маңызды қызмет. Бұл бес уақыт намазбен ғана шектелетін шаруа емес. Мешіттің үйлесімділігін, ауызбіршілігін сақтаумен қатар имандылық үйіне әрқилы тағдырлар мен тосын мәселелермен келетін жандардың сауалының шешімін тауып беруде, бұрыс бағыттағы біреудің жетегінде жүрген азаматтарды дұрыс арнаға салуда, ақ пен қараны, дұрыс пен бұрысты, халал мен харамды ажыратып беруде имамдардың рөлі білімділігінен, ұстаздық қабілет-қасиетінен көрінеді. Мұндай қызметті ыждағат-ықыластылықпен алып жүру, Алла бұйырған істерді орындап, тыйым салған істерден тыйылу – үлкен абырой. Сондықтан да айтулы марапат, мәртебеге ҚМДБ-ның барлық Жарғы, талаптарынан сүрінбей өткен имамдар ғана қол жеткізеді. Демек республикалық имамдар жиынында талқыланған құжаттардың үшеуі де қоғамға қажетті, дәл уағында, керек кезінде қабылданған құжат деуге болады. Бұл құжаттардың халықтың тұрмыс-тіршілігіне, қоғам өміріне керекті құнды дүние ретінде дендеп еніп, іс жүзінде көрініс табуы бізге, имамдарға, байланысты. Ендеше осы құжаттардың өміршең әрі пайдалы болуына сіз бен біз, ақсақалдар мен қазыналы қариялар, жұдырықтай жұмылған тұтас қауым болып ауызбіршілікпен атсалысайық демекпін.
Әнуар ЕЛЖАНОВ,
Маңғыстау облысының бас имамы
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру