Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТАЛ ЕК, ТАБИҒАТТЫ АЯЛА!

ҚМДБ баспасөз қызметі "Мұнара" газеті 05.06.2020 754 0 пікір
ТАЛ ЕК, ТАБИҒАТТЫ АЯЛА!

 

Егін егу, диқаншылық жасау – Адам атаның (оған Алланың сәлемі болсын) сүннеті. Пайғамбарлардың бәрі де күнкөріс үшін еңбекпен айналысқан. Адам ата бидай өсірген. Диірменнен ұн тартып, нан пісірген. Адам атаның өмірбаянында егіншілер үшін керемет үлгілер бар.

Абул Хасан Мауарди өзінің «Дүние және дін әдебі» кітабында: «Кәсіптің негізгі тірегі үш нәрсеге байланысты. Олар – диханшылық, коммерция және өнеркәсіп. Егін шаруашылығы – ең таза және пайдалы кәсіп» деп түйіндепті. Дініміз маңдай термен табыс табуды Алла жолындағы іске теңейді.

«Бірде Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасынан бір кісі өтеді. Оның еңбекқорлығын, жігерін байқаған сахабалары: «Уа, Алланың елшісі! Мына адам Алланың жолында ма?» − деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Егер де ол балаларына нәпақа табу үшін жолға шықса – Алла жолында. Егер жасы ұлғайған қарт ата-анасының қамы үшін шықса – Алла жолында. Егер өз басын (тіленшіліктен, кедейшіліктен) сақтау үшін шықса – Алла жолында. Ал егер адамдарға мақтану үшін, рияшылдық мақсатында шықса – шайтанның жолында» деп жауап береді» делінген.

Ислам – адамзатты алдымен Аллаға иман келтіруге, содан соң сол иман аясында игі амал істеуге шақыратын дін. Құран Кәрімнің көп аятында еңбек ету әрдайым иманмен бірге қосарланып келіп, екеуі бір-бірінен ажырамас ұғымдар екендігі баса айтылған. Еңбек етудің артықшылығы туралы Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген хадисінде айрықша атап өткен. «Кiмде-кiмнiң қолында бiр ағаштың көшетi (тал шыбығы) болса, Қиямет басталып кетсе де қолындағы көшеттi (үлгеретiн шама болса) дереу отырғызсын» деп бұйырған (Бұхари).

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  көзін көрген Әбу Дәрда (қартайған шағында) Да­маск қаласында жеміс көшетін отырғызып жат­са, оны бiр кiсi көрiп: «(Қартайып қалдыңыз ғой). Мұны не үшін істеп жатсыз?» – деп сұрапты. Сонда Әбу Дәрда оған: «Асықпа, сабыр ет! Бізден бұрын келгендер көшеттер отырғызды, біз оны пайдаландық, жемісін жедік. Ендігі, егу, өсіру кезегі – біздікі. Оны келесі ұрпақ пайдаланады және жемісін жейді. Мен Пай­ғамбары­мыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай да бiр мұсылман ағаш отырғызса немесе егiн ексе, ол егiстiктен адамдар, жануарлар мен жәндіктер, құстар жесе, ол адам үшiн садақа болып есептеледi» дегенiн естiгем», – деп жауап берді.

Бұл хадистер көшет егу, диқаншылықтың маңыздылығын баяндайды. Ислам діні бойынша, диқаншылық жасаудың пайдасы осы өмірлік қана емес, о дүниеде де пенденің пайдасына садақасы ретінде кері қайтады. Әрі диқаншылық жасау, егін егу, жеміс көшетін, тал немесе гүл отырғызу, оны суғару, күтім жасау – ғибадат-құлшылық. Мұсылманның аталған істерді атқарып, сауапқа кенелуінің себебі – қоршаған ортаның жақсаруына үлес қосуына, адамзатты түрлі өнімдермен, жеміс-жидектермен қамтамасыз етуіне, табиғатты аялауына, баптауына байланысты. Егінші өзін ойлап қана қоймай, ел-жұрт игілігі үшін әрекет жасап, жақсылықты арттыруға көмектеседі. Біздің ата дініміз осындай құндылықтарға құрылған.

Ислам тек мiнәжат етуден тұрмайды. Ислам дiнi барша тiр­шiлiк иелерiне, яғни адамдарға, жан-жануар­ларға, тiптi өсiмдiктiң өзiне рақым­дылық танытуға, сүйiс­пен­шi­лiк­пен мәмiле жасауға бұйырады.

Қасиетті Құранда Адам баласы «Алланың жер бетіндегі халифасы» деп ұлықталған. Бұл адамзат Алланың барша жаратқанына мейiрiм-шапағатпен және сүйiс­пен­шiлiкпен қарап, оларға қамқор болуға тиiс дегенді білдіреді. Ендеше, табиғатты аялап, оны таза ұстау, жер бетін абаттандыру – адамдық борышымыз.

Дініміз мұсылманның діни міндеттерін бөліп қарастырып, Алла Тағаланың алдындағы міндеттері сияқты, қоршаған орта, табиғат алдындағы міндеттерді жүктейді. Адам баласының Жаратқан Иесi­мен байланысы неғұрлым жақсы бол­са, өзгелердiң, сондай-ақ, табиғат­ты құрметтеуге көбiрек тал­пыныс жасайды. Сондықтан Алла­ны бiлетiн адам ешқашан өзгелерге зұлымдық етпейдi. Табиғат­ты бүлдiрудi әрi оған кесiрiн тигiзудi мақсат тұтпайды.

Ислам – қоршаған ор­таны қорғайтын заң, қағидаларды бұдан он төрт ғасыр бұрын баяндаған дiн. Ол заманда табиғатты қорғау мәселелерi түгiлi әлеуметтiк әрi экономикалық мәселе­лер­дiң өзi қарастырылмаған еді. Аят-хадистер арқылы мұсылмандар қоршаған ортаны қорғау ғана емес, оны бүлдiрмей таза ұстауға жұмылды­рыл­ған.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иман жетпіс неше немесе алпыс неше бұтақтан тұрады. Олардың ең абзалы – «Ләә Иләһә Иллаллаһ» деу және ең кішісі – жолдағы қоқысты (кедергі беретін нәрсені) алып тастау. Ұят та – иманның бір бұтағы» деді. Хадис шәріпте мұсылман адамның иманы бұтағы көп ағашқа теңелген. Бұл жай теңеу емес. Ағаштың тамыры – жерде, иманның тамыры – жүректе. Жер сау болса, өнім жақсы. Жүрек сау болса, амал жақсы. Жолда жатқан қоқысты алып тастау – мұсылман үшін иманын күшейту сияқты қадірлі амал. Бұл хадиске қажеттілік күннен күнге артып бара жатқандай. Себебі, тазалық сақталмай, көшелердің кез келген жеріне қолындағы қоқысын тастай салу, темекі тұқылын лақтыру, көрінген жерге түкіріп кету, жас талды сындыру, көгалды таптау, гүлдерді аяқ асты ету секілді келеңсіз көріністер жоқ емес. Өкінішке қарай бұл – мұсылманшылықты бiлмегеніміздің кесi­рi­, ата діннен қаншалықты қашықтығымыздың көрінісі.

«Тазалық – иманның жартысы» де­ген хадис шәрiп – әр мұсылманның иманын тарызылайтын өлшем. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдар жүретiн жолдың үс­тiне, тынығатын көлеңкелерде, әсiресе жемiстi ағаштардың түбiнде дәрет сындыруға болмайтыны жөнiнде сахабаларға: «Екi түрлi қарғыс арқа­лау­дан сақ болыңдар!» дегенде, олар: «Уа, Алланың елшiсi! Екi қарғысты арқалаушы дегенiңiз кiм?» – деп сұрайды. Сондай Пайғамбар: «Адамдар жүретiн жолға немесе тынығатын көлеңкеге дәрет сындырушы» дейді (Муслим).

Демек, айналамыздағы қоршаған ор­та­ны таза ұстау – бiзге, мұсылмандарға түскен мiндет. Ендеше, табиғаттың тазалығы – тіршіліктің тынысы әрі иманымыздың көрінісі.

 

Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ 

«Мұнара» газеті, №8, 2020 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі