Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ДӘРІГЕР МЕН МЕДБИКЕ МӘРТЕБЕСІ

Тимур НҮСІПХАНҰЛЫ muftyat.kz 21.05.2020 499 0 пікір
ДӘРІГЕР МЕН МЕДБИКЕ МӘРТЕБЕСІ

Адам баласының өмір кешкен қай қоғамында болмасын індет пен ауырудан алыс пенде болмаған. Науқастанған адамның ем алуы үшін дәрігерге жүгінуі қалыпты құбылыс. Адамдардың сырқатануы мен дәрігерге деген мұқтаждығының тарихи төркіні адамзаттың тарихымен тығыз байланысты. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласындағы алғашқы Ислам мемлекетінің негізін қалау барысында адамдардың денсаулығына өте мұқият мән беретін. Аурудың алдын алуға қатысты асыл сөздерін айтумен ғана шектелмей, амалымен көрсете білетін, дәрігерлерге деген құрметі ерекше еді.

«Дені саудың – жаны сау» демекші, бір адамды өлімнен арашалау күллі адамзатты құтқарумен теңдігін және науқастанған хәлде емделуді міндеттеген асыл діннің дәрігер мен медбикеге деген мәртебесі ерекше. Пайғамбар Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) науқастанған адамды көргенде Иран мен Иеменде медицина білімін жетік игерген доктор Харис бин Кәләдаға дереу барып, емделуді әмір еткен (Әбу Дәуіт, тыбб,12). Харис бин Кәләдәнің өмірбаяны жайлы жеткен хабарлардың басым көпшілігі оның мұсылман емес (Абдуллаһ. Көшә, Харис бин Хәләда. ДИА. Стамбұл, 1997), өзге дін өкілі екенін дәлелдейді. Бұл Пайғамбар сүннеті күллі адам баласын бөліп жармай, тең  құрметтеп, дүниелік істерде тәжірибелі өзге діни сенімдегі тұлғалармен ортақ қоғамның пайдасы үшін қызмет атқарудың қажеттілігін көрсетсе керек. Сонымен қатар Пайғамбар сахабаларының бірі Убәй бин Кәғб сырқаттанып, төсек тартып қалғанын естігенде үйіне дәрігер жіберген еді (Ахмат бин Ханбал 315, Мүслім 73).

Шәмәрдил бин Қуббас әл-Кәғби ән-Нәжәрани есімді дәрігер Пайғамбарға арнайы келіп, әйелдің сырқаттану себептері жайлы өз білгенімен бөлісіп, кеңескені айтылады (Ибн Хажар, әл-Асаба, V, 140). Мұнымен қатар Әбу Римса әт-Тәмими есімді дәрігер Пайғамбардың мазасызданғанын біліп, мұның дауасы ретінде екі жауырыны арасындағы меңді ота жасап алу жайында ұсыныс білдірген (Өзтүрк. Ислам тыб тарихі үзеріне инжелемелер, 63). Бұл – ауыр хәлдегі кейбір жаралыларға арнайы медициналық құрал арқылы ота жасайтын қабілетті хирург дәрігерлердің Пайғамбармен бірге болғанының дәлелі. Мұнымен қатар дәрігерлік қызмет атқарғандардың арасында жолдасы Жағыпар бин Әбу Тәлібпен бірге Хабашистанға хижрет жасаған Әсма бинт Умәйісті айтуға болады (Әл-хузари, тахрижуд-дәләлати-самғия, 106). Әсма Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) төсек тартып жатқан сәтінде өзгелердің қарсылығына қарамай, оған шөптен жасалған дәрі ішкізу қажет екенін айтқан көрінеді және бұл дәріні ішкізген жағдайда Пайғамбардың тәуір болып жазылатынын білдірген (Ибн Сағд, Китабут табақат кәбир, II,208). Әсама өте тәжірибелі дәрігер еді. Пайғамбардың кеңесімен талай ауруға қарсы тұратын түрлі дәрумендер жасайтын. Сондай-ақ медицина саласындағы мол білімін Хабашистанда қалған күндерінде сол қаланың танымал докторларынан үйренген.

Енді медицинада дәрігердің көмекшілік қызметін атқаратын медбикелер жайлы баян етер болсақ. Бұрынғы кезде де қазіргідей медбикелер көбіне әйел адамдар болған. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінде де құдды бүгінгідей дәрігердің жанында жәрдемші әйел адамдар болған деседі. Алла елшісінің заманында әйел медбикелер Пайғамбармен бірге түрлі сапарлар мен жорықтарға қатысқан. Жарақаттанған жандарға жәрдемдесіп, қажетті алғашқы көмек көрсеткен (Дәрими, Жихад, 30). Дін дұшпандарымен болған Хайбар шайқасына қатысу үшін өз еркімен алты әйелдің Алла елшісінің алдына келгені айтылады. Пайғамбар бұлардың не үшін жорыққа қатысқысы келетінін сұрағанда, өздерінің медбике екенін және өзімен бірге бірнеше дәрі-дәрмек алғанын, жорық кезінде жарақаттанғандарға жәрдемдесетінін білдіргеннен кейін ғана Алла елшісі оларға рұқсат берген. Сол жорық кезінде ауыр жарақаттанған Пайғамбардың ең жақын сахабасы Сағд бин Муғазды емдеу үшін лезде бір шатыр құрып, жанында болып, алғашқы көмек көрсетіп, ем-дом жасаған Руқая әл-Ансари есімді әйел медбике екені баяндалады (Әл-Айни, Умдетул-Қари, IV, 239).

Қорыта келгенде, күллі адамзатқа бақытты өмір сүру жолын үйреткен Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінде дәрігерлер мен медбикелердің мәртебесі биік, жоғары құрметпен қадірленгені белгілі. Олардың сенімі мен тіліне, жынысына қарамастан тең көріп, қолдау көрсеткен. Пайғамбар тек діни іліммен шұғылдануды насихаттап қана қоймай, қоғамға қажетті маман иесі болуды үндеген. Бүгінгідей жер бетіне жұқпалы індет жайылған кезде білікті дәрігерлерге мұқтаж екеніміз белгілі. Ал өз жанын біз үшін артық көрген ақ халатты абзал дәрігерлер мен медбикелердің мәртебесін дін Ислам осыдан он төрт ғасыр бұрын баяндап кеткен болатын.

 

Тимур НҮСІПХАНҰЛЫ,

дінтанушы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі