Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТУЫСЫҢДЫ ТӨРГЕ ШЫҒАР

Жолдас ҚОСПАҚОВ muftyat.kz 03.04.2020 3164 0 пікір
ТУЫСЫҢДЫ ТӨРГЕ ШЫҒАР

Бір кісі ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп былай дейді: «Уа, Алланың елшісі! Мені жұмаққа жетелеп, тозақтан алыстататын кеңес беріңізші» дейді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ол сенің Аллаға ғана құлшылық етіп, оған серік қоспауың, намазыңды кемеліне келтіріп орындауың, зекетіңді өтеуің және туған-туыстарыңмен қарым-қатынаста болуың» - деп жауап берген. Осы хадисте айтылған мәселеге көңіл аударсақ.

Аллаға құлшылық ету, намаз оқу, зекет өтеу Исламдағы ұлы құлшылықтар екенін мұсылмандар жақсы біледі. Туыстармен қарым-қатынаста болу да осы құлшылықтармен қатар айтылып тұр. Туыстық қарым-қатынасты халқымыз қашанда жоғары қойған. Әйгілі ағартушы Ыбырай Алтынсарин атамыз бір еңбегінде: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады» деген екен.

Ешкім де туған-туыссыз, ағайынсыз емес. Бәріміздің де жақын тартар ағайын-туысымыз бар. Тіпті тарқата берсең бүкіл адамзат Адам ата, Хауа анадан тарап, бір кіндіктен өрбіген болып шығамыз. Сондықтан Абай атамыз иманым толық болсын десең, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...», ақыл айтады. Түрі-түсі, тілі-ділі әртүрлі болса да тегі тұрғысынан бір нәсілден тарағандықтан, адамзатты Алланың өзі аса құрметтеп, мейір-махаббатымен жаратқан. Сол мейірімнің нышаны ретінде Алла Құран аяттарында адамзаттың асыл тегін, бірі-біріне туыстығын айрықша білдіріп, нәсілшілдікті, жікшілдікті, араздықты түбегейлі тыйған.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы» деп бұйырады («Ниса» сүресі, 1-аят). Туыстық қатынасты сақтаушыны Алла Тағала ешқашан қорлыққа ұшыратпайды! Бұған Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басынан өткен мына бір оқиға дәлел.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алладан хабар (уахи) алған алғашқы уақытта Жәбірейіл періштені өз бейнесінде көріп, қатты қорқады. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүрегі дірілдеп, әйелі Хадишаға: «Мені орап тастаңдар, мені орап тастаңдар!» - дейді. Олар оны қорқынышы басылғанша орап қояды. Сонан соң Хадишаға: «Мен өзіме қатысты қорқып қалдым» (яғни, маған бір залал тимесе жарар еді)» деп болған оқиғадан хабардар етеді. Сонда Хадиша анамыз (р.а): «Жоқ, олай емес. Алламен ант етемін! Алла сені ешқашан қор қылмайды, өйткені сен туыстарыңмен  жақсы қарым-қатынастасың, қорғансызды сүйейсің, жоқ-жітікке қарайласасың, қонақты сыйлайсың және өзгелердің құқығының сақталуына жәрдем етесің», - дейді. Міне, осыны тілге тиек еткен ғалымдар туыстарымен байланысты үзбейтін, олармен әрдайым көркем мәміледе болатын жандардың Алланың панасында болатынын, әрі олардың ризығы артып, ғұмыр жасы ұзақ болатынын айтып сүйіншілеген.

Халық даналығында бұған қатысты мыңдаған маржан сөз бар. «Ағайын – ағайынның айнасы», «Ағайында өкпе бар да, кек жоқ», «Ағайынмен ішкен ас тәтті», «Ағайын қадірін білмесең, жалғыздық берер сазайды», «Сара жолдың қадірін адасқанда білерсің, Қарындастың қадірін қарасқанда білерсің», «Туғаныңмен туыспасаң, кең дүниеге сыйыспассың», «Ағайын тату болса, ат көп, Абысын тату болса, ас көп» т.б болып жалғасып кете береді.

Екі дүниенің бақытын ойласақ, дұғаларымыздың қабыл болуын қаласақ, жақындарымызбен жақсы қатынаста болайық. Осындай қиын сәтте, хабарласып, хал-жағдайын сұрап, көңілін көтерейік. Өмір деген бүгін бар, ертең жоқ. Бүгін ренжіткен ағайынға ертең зар болып, мәңгілікке ажырап қалуымыз  мүмкін ғой. Сондықтын да туыстық қарым-қатынасты үзбей, бір-бірімізге жәрдемдесіп, көмек берейік. Алла елімізді аман, жұртымызды тыныш қылсын!

Жолдас ҚОСПАҚОВ,

Павлодар облысының бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі