Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ақын ілімі – өз-өзіңді тану

Омар Жәлелұлы "Иман" журналы 20.02.2020 1118 0 пікір
Ақын ілімі – өз-өзіңді тану

Тәуелсіз ел болдық. Ал дана Абай қазақ руханиятының  сахнасында, одан түспек емес. Қайта күннен- күнге Абайға деген рухани сұраныс өсіп келеді. Себебі біз өзіміз өмір сүрген заманды игере алмай жатырмыз. Заманды игеруге рухани күш-қуатымыз жетпей жатыр. Олай болатыны – бір жарым  ғасырға жуық созылған отарлық кезеңнің зардаптары.

Отарлық кезең біздің төл дүниетанымымыздың іргесін қиратып, шаңырағын шайқап жіберді. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген мақалды әркім әртүрлі түсінеді. Көбіне бұл мақалды өзің өмір сүрген заманды игеру деп емес, керісінше, заманның ыңғайына көну, ығына жығылу деп түсінетініміз де жасырын емес. Төл дүниетанымымыздың әлсірегені сол – біз заманның ыңғайына жығылғыш, епшіл, бір-ақ рет өмір сүруге бейім адамдарды дайындап жатырмыз.

Абай олар туралы:

Ұяламын дегені көңіл үшін,

Ұсақ қулық бір ғана өмір үшін.

Татымды достық та жоқ, қастық та жоқ,

Жігері жоқ, маңызы жеңіл үшін, – дейді.

Енді белгілі болды: «бір ғана өмір үшін» – осы көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын өмір үшін ғұмырын сарп ететін адамдар ұсақ қулықтан әріге бара алмайды екен. Тіршіліктері мардымсыз, тән ләззаты мен құлқын құрдымының есеп-қисабы төңірегінде өмір кешетін «жігері жоқ, маңызы жеңілдер» тобы. Бұл халқымыздың рухани денесіне түскен жегі құртпен көсегеміз көгеріп, ұшпаққа шықпасымыз анық.

Бұл мәселе – заман мен адамның қарым-қатынасы, заманды игеру мәселесі – Абай заманында болған, қазір де бар, болашақта да бола бермек. Пәни дүниенің – құм үстіне салынған құбылмалы сарайдың (Шәкәрім) тамырын тап баса білген Абай алдымызға ең басты мәселені – Адам мен Заман мәселесін қояды:

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек.

Заманды билеу, заманды игеру – адамның адамшылығының  іске асуы, адамшылық қасиеттің жойылып кетпей сақталуы. Бұл элитаның – жақсылардың ісі. Жаман – көпшілік, тобыр – заманға күйлейді, заманның ыңғайына көніп, айдағанына жүреді. Заман өтеді, олар да заманмен бірге жоғалады, ұмытылады. Ал Жақсы...

«Жақсының аты өлмейді».

Біздің қоғам, қазақ қоғамы қазір осы заманға күйлемейтін жақсыларға зәру. Мұқтаж. Жақсыларды тәрбиелеп шығару бір Алланың қалауымен Абай ілімі арқылы жүзеге асады. Абай ілімі бойынша адам екі нәрседен тұрады

– Жан мен Тән. Тәнде ұят жоқ, мақсаты белгілі, ғұмыры өлшеулі. Ішсем, жесем, ұйықтасам, дейді. Бүгінгі күнмен ғана өмір сүреді. Тән қалауымен ғана өмір сүретін адамдар туралы Абай:

Жалығу бар, шалқу бар, іш пысу бар,

Жаңа сүйгіш адамзат – көрсеқызар.

Ар мен ұят ойланбай, тәнін асырап,

Ертеңі жоқ, бүгінге болған құмар, – дейді.

Осы өлеңді оқығанда тәнін асырап, ертеңі жоқ (ақыретке деген сенімі жоқ), бүгінге (бұ дүниеге) құмар болған жамандардан ар-ұят талап етудің өзі әбестік екеніне көз жеткізесіз. Бүгінгі көп айтылып жүрген отансүйгіштік, адалдық, тазалық ұғымдарын олардан талап ету, қасқырға қой баққызғандай қисынсыз екенін ойлайсыз. Біздің бүгінгі тіршілігіміздің көбісінің кері кетіп, қиюын таппай жататыны осы өзін-өзі таныған, өз жанын таныған жақсылардың аздығынан деп білеміз.

Сонымен, адамның адамшылығының өлшемі ар мен ұят – тәннің шаруасы емес, бұ дүниеге аз ғана күнге қонаққа келген жанның шаруасы екеніне ден қоясыз. Осы кезде келіп иманның алтыншы шарты болып табылатын ақыретке деген сенімге қажеттілік туындайды. Ақыретсіз, соңғы, жанның мәңгі өмір сүретініне деген сенімсіз дүние бізге сырын ашпайды. Дүниенің  сырын аша алмаған соң, біздің жанымыз адамның жаны емес, ішкен-жегенін місе тұтатын хайуанның  жаны болады да шығады. Бірақ қызылды-жасылды дүниенің қызықтығы сондай, ол адамның көңілін ұрлайды, қызықтырып өзі туралы ойлантпауға тырысады:

Кім жүрер тіршілікке көңіл бермей,

Бақи қоймас пәнидің мінін көрмей.

Міні қайда екенін біле алмассың,

Терең ойдың телміріп соңына ермей.

Терең ойдың телміріп соңына еру ердің ері, егеудің сынығы дейтіндей адамдардың қолынан ғана келеді. Абай атамыздың жолы, Абай үлгісі бізді осы жолға нұсқайды.

«Бір қынға екі пышақтың сыймайтыны сияқты, бір көңілге екі тілек сыймайды» (Мәшһүр-Жүсіп). Не тәннің қалауымен өмір сүріп, дүниемен дос боласыз, не жанның тілегін қанағаттандырып, ақыретке, соңғы өмірге қамданасыз.

Дүниеге дос ақыретке бірдей болмас, 

Екеуі тап бірдей боп орныға алмас.

Дүниеге ынтық, маһшарға амалсыздың,

Иманын түгел деуге аузым бармас.

Біздің қоғам – «дүние достардың» қоғамы. Біз өзімізге дүниені дос тұтамыз, соған сенеміз, соған үміт артамыз. Бірақ сол біз сеніп жүрген дүниеміз ертең арнайы таусыншақ күн (Абай) келгенде бізді тастап кетеді.

Сол кезде біз опынамыз, өкінеміз, бармағымызды тістейміз – бірақ бәрі кеш болады.

Адам ғапыл дүниені дер менікі,

Менікі деп жүргеннің бәрі оныкі.

Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,

Сонда ойла, болады не сенікі?

Абай ілімінде «біздікі» болатын үш- ақ нәрсе бар екен. Ол:

Шырақтар, ынталарың «менікінде»,

Тән құмарын іздейсің күні-түнде.

Әділеттік, арлылық, махаббат пен

Үй жолдасың қабірден әрі өткенде.

Қабірден әрі өткендегі үй жолдасымыз – иманымыз. Абай үшін иман дегеніміз – әділет, ар және махаббат. Қабірден әрі өткенде саған мал-мүлкің, харам жолмен жинаған атақ-абыройың қорған бола алмайды, қорған болатын жалғыз-ақ нәрсе – иманың.

Адамды аздырып, жүрегін қара тастай ететін дүние достықтың емі – шын досты тауып алу. Екі дүниеде де бізге қорған әрі шын дос – Жаратушы иеміз Алла Тағала! Абай ілімі бізді  осы жолға, өзіңді өзің тану арқылы, Жаратушыны тануға шақырады:

Махаббатсыз – дүние дос,

Хайуанға оны қосыңдар.

Қызықтан өзге қалсаң бос,

Қатының, балаң, досың бар.

 

Жүрегі жұмсақ білген құл,

Шын дос таппай тыншымас.

Пайда, мақтан бәрі – тұл,

Доссыз ауыз тұщымас.

"Иман" журналы, №2, 2020 жыл

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі