Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қадар және тауфиқ

Әйгерім Есқожаева muftyat.kz 05.02.2018 8549 0 пікір

 

Тағдыр – Алла Тағаланың кемел әрі шүбәсіз іліміне жатады. Ол бір нәрсені болуынан бұрын біледі. Әлдекімнің қалай амал етерін білетін ілімге ие болу деген сөз, Алла Тағала адам баласын еркінен айырып, оны сол амалды жасауға мәжбүрлейді деген сөз емес.

Тағдыр мәселесін түсіну үшін, мына мысалды келтірейік: Зейд пен Ахмет маңызды бір мәселені талқылап отырды. Кенет олар өздеріне қарай келе жатқан екі адамды көреді. Зейд: «Бұл шаруа жайлы екеуінен сұрайық, бәлкім, қолдарынан келер»,-дейді. Ахмет болса әлгі адамдарды танып: «Оң жағындағы, ақ киімді адам бұл жұмысты істей алады, бірақ сол жақтағы жасыл киімдегі істей алмайды»,- дейді. Зейд: «Сен оны қайдан білесің?»,- деп сұрайды. Сонда Ахмет: «Жеке тәжірибемнен»,- деп жауап береді. Сол кезде Зейд: «Егер сен сенімді болсаң, онда кейін өз сөзіңнен бас тартпас үшін айтқаныңды қағазға жаз»,-деп талап етеді. Осылайша Ахмет бұл сөзін қағазға жазады. Екеуі сөз етіп отырған әлгі екі адам жақындап келіп, жандарына жайғасады.  Сонда Зейд пен Ахмет екеуінен көмек сұрайды. Ахмет болжағандай жасыл түсті киімдегі адам кешірім сұрап, бұл іске жәрдем бере алмайтынын айтады. Ал ақ киімдегі болса, қуана қол ұшын беруге даяр екендігін айтады. Дегені рас болып шыққан Ахмет Зейдке: «Сөзім рас болып шыққаны үшін маған бір нәрсе беруің қажет. Мен об аста ол адамның қолынан бұл істің келмейтінін айтқанмын»,-деп қолындағы қағазды шошаңата бастайды. Мұны жасыл үсті киімдегі адам көріп: «Қараңыздар, ол алдын ала менің бұл істі жасай алмайтынымды жазып қойыпты. Сол үшін мен оны істей алмай қалдым!,- дейді.

Ол адам әлгі істі Ахмад істей алмайды деп алдын ала жазып қойғаны үшін істей алмай қалды дегенмен келісесіздер ме? Бұл жағдайда, Ахмад ол адамның қолынан не келетінін білгеніндей, Алла Тағала да әрбір адам қалай, қашан не істейтіні жайлы ілімге ие.  Мұның барлығы жазылып қойған (Әлбетте, бұл жай ғана мысал, Алланың ілімімен ешқандай ілім салыстыруға келмейді). Егер адамның жеке тәжірибесі он немесе жиырма жылдық тәжірибемен өлшенер болса, онда Алла Тағаланың кемел әрі шүбәсіз ілімін ойлап қараңыз!

Тағдырды түсінудің тағы бір тәсілі: біздің таңдау қабілетімізді көру мен есту қабілетімен салыстыруға болады. Бұл қабілеттерді Алла берген. Алайда олар шектеулі – егер жолда бөгет немесе кереге болар болса, біз оның ар жағындағыны көре алмай немесе ести алмай қаламыз. Алайда, көру мен есту қабілетіміз шектеулі болса да көреміз, естиміз. Сол секілді бізде таңдау еркі бар, дей тұрғанмен, әлбетте, біздің еркіміз де шектеулі.

Жоғарыда келтірілген мысалға сүйене отырып сауап пен азап, Жәннат пен Тозақты таңдауға еркіміздің барын аңғарамыз. Біз жасап жатқан барлық амалдарымызды Алла Тағала алдын ала білген таңдауға дәлме дәл келеді және де Алла Тағала Өзі алдын ала белгілеп қойған, болуы тиіс нәрселермен өмірімізді толтырады.

Тауфиқ – сәттілік немесе Алланың жәрдемі. Оның жәрдемінсіз ешкім жақсы амалдар жасай алмайды. Егер адам жақсылық жасар болса, ол амалы шынайы түрде жасалмаса, қабыл болмайды. Неге адам баласына тауфиқ бір кезде беріліп, бір кезде берілмейді? Неге біреуге көп, біреуге аз беріледі? Шақиқ әл- Балхи атты ғалым бұл сұраққа былай деп терең түсінік берген:

Тауфиқтың есігі алты амалды жасайтын адамдарға жабық:

Берілген нығыметті жаратып, алайда оған шүкіршілік етуді ұмытқандар;
Білім алып, оған амал етпегендер;
Күнә жасауда жылдамдық танытып, тәубеге асықпағандар;
Шыншылдардың ортасында жүргенмен, ізімен жүрмейтін, өздерін шыншылмыз деп ойлайтындар;
Дүние олардың артында болғанымен, оның соңынан қуып жүретіндер;
Ақырет алдыларында тұрса да, одан бет бұратындар.

Сондай- ақ, Дәуіт пайғамбар күндіз бір сағат және түнде бір сағат өзі немесе отбасынан бір адам Аллаға құлшылық ететін. Бірде Дәуіт бұл жайлы Аллаға айтқанда Ол былай деп жауап береді: «Ей, Дәуіт, бұл амалдарыңның барлығы Мен берген тауфиқтың жемісі. Егер Мен құлшылық жасауға жәрдем бермесем, оны өз күштеріңмен жасай алмас едіңдер. Бір күні осы құлшылықты өздерің жасау үшін Мен сендерді тастап қоямын». Бұл жүйе бұзылатын күн де келіп жетеді, Дәуіт пайғамбар құлшылыққа отыратын уақытта бір таластың шешімін шығаруы қажет болып қалады. Дәл осы уақытта оның отбасында бірде бір жан құлшылық қылмайды. Сол кезде Дәуіт өзінің қателігін түсініп, Аллаһтан кешірім сұрап, сәждеге бас ұрған екен.

Жоғарыда айтылғаннан сауапты амалымызға сауаптарды еселеп алатынымыз түсінікті, себебі бізде таңдау болғандықтан, жақсы амал жасауды таңдадық. Алайда, біз ол амалды өз күшімізбен жасамағанымызды білуіміз керек, себебі біз барлық мұқтаждығымызда Аллаға тәуелдіміз. Ықыласпен жақсылық жасау Алла берген тауфиқтан. Осылайша, біздерге тауфиқ бергені үшін Алла Тағалаға сансыз шүкіршілік етуіміз қажет. Егер Алла Тағала бізді өз күшімізбен амал жасауға тастап қояр болса, қанша қаласақ та жақсы амалды шын ықыласпен жасай алмайтын едік.

Тағдырға тереңінен үңілудің қажеті жоқтығын айта кету керек. Алла Тағала ешкімге әділетсіздік жасамайды. Осы естеріңізде болсын, осы ілім сіздерге рухани тыныштық береді.

«...Раббың ешкімге әділетсіздік қылмайды» («Кәһф» сүресі, 49- аят)

Егер Алла Тағала бізге әділ болса, Оның заңына қарсы тұра алмайтын едік. Егер біз жақсы амалды өз еркімізбен жасайтын болсақ, сауапқа кенелеміз,

Алайда Алла Тағала барлық нәрсені біз сол жақсылықты жасауымыз үшін жаратып қойған. Егер Ол бізге сол құралдарды бермегенде еді, біз бірде бір жақсылық жасай алмайтын халде қалар едік. Жақсы амалдар үшін берілген сауап, расында да – Алланың мейірімі.

Керісінше, адам баласы жамандыққа аяқ басар болса, өз еркімен барады. Негізінде Алла Тағала адамның табиғатына оны күнәдан тосатын нәрсе салып қойған: ол оның иманы (Алланың барына сену) және ар- ұят, жамандық жасағанда өзін күнәлі сезіну сезімі. Адам күнә жасаған кезде таңдау жасап қана қоймай, күнәдан тосушы сезімдердің барлығына қарсы шығады. Сондықтан да жазаланады. Бірақ ол тәубе ету мен Аллаға бет бұру мүмкіншілігіне ие болады. Тіпті күнә жасап жатса да Алла Тағала Өзінің құлына сондай мейірімді. Оның рақымы мен мейірімі сондай кең!

Уа, Раббым! бізге кешірім етіп, рақымыңа бөлей гөр. Біз Сенің шексіз мейіріміңнен үміт етеміз.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру