Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Имам Ибн Ғасакир – өз заманының теңдессіз ғалымы

Әйгерім Есқожаева muftyat.kz 26.01.2018 3934 0 пікір

 

Имам Хафиз Абул Қасим Әли ибн Хасан ибн Ғасакир (ол кісіге Алла рақым етсін) хижра жыл санауы бойынша 499 жылы Дамашықта дүниеге келіп, хижра бойынша 571 жылы сол жерде өмірден озған.

Ол кісі білім іздеу жолындағы сан түрлі сапарымен әйгілі болған адам. Оның ең мәшһүр еңбегі бір кездері Дамашықта өмір сүрген және Дамашыққа келген барлық ғалымдардың ғұмырнамасы жазылған 80 томдық «Тарих Димашқ» атты кітабы.

Ғалымдар бұл кісі жайлы не айтқан?

Имам Ибн Халлиқан (ол кісіге Алла рақым етсін) бұл ғалым туралы былай деп жазады: «Ибн Ғасәкир сол заманда Шамдағы ең үлкен мухаддис болған, сонымен қатар, шафиғи мәзһабының үлкен ғалымы еді.

Ол хадис ілімі саласында танымал болғанша өз өмірін хадистерді зерттеуге арнаған. Басқаларға жетпеген, ел естімеген хадистерді жинауға бар күшін салған. Әлемнің түпкір-түпкірінде болып, көптеген ғалымдармен кездескен. Хафиз Әбу Саъад әс-Сәмәни (ол кісіге Алла рақым етсін) сапарға шыққанда жолсерігі болған.

Рауилардың тізбегін және хадис мәтіндерін үнемі жазып жүретін өте тақуа адам болған.

Хадистерді зерттеудің шебер маманы еді және ол көптеген еңбектердің авторы, соның әйгілісі - «Тарих Димашқ» атты 80 томдық еңбегі, ол жерге сирек әрі құнды мақалалар енген».

Ибн Халлиқан ары қарай былай деп жазады: «Менің ұстазым Хафиз Әбу Мухаммад Әл-Мунзир имам Ибн Ғасәкирдің осы еңбегі жайлы сөз етіп отырғанда былай деген: «Менің ойымша, Ибн Ғасәкир бұл еңбекті жазуды балиғат жасына жетпей тұрып бастаған, әйтпесе өзі сүрген уақыт аралығында мұндай көлемді еңбек жасап үлгермес еді».

Хафиз Захаби болса Хафиз Ибн Ғасәкир білім іздеу сапарын хижраның 520 жылы бастағанын жазады. Сол кеткеннен Дамашықтағы үйіне хижраның 533 жылы, яғни 13 жылдан соң оралған екен.

Осы уақытта ол қырықтан астам қалаларда болып, сол замандағы қырық түрлі қалада өмір сүретін, қырық түрлі ұстаздан қырық түрлі мәселеге қатысты қырық хадистен тұратын «Әл-Арбаъин әл-Булдәниә» атты еңбегін жазып үлгереді. Бұл хадистердің әрқайсысы әртүрлі сахабалардан жеткен.

Бұл оның сапарының географиялық тұрғыдан ауқымдылығын көрсетеді. Хадис алған ұстаздарының саны 1380-нен асып түскен.

Хафиз Әбул-ғалә әл-Хамазанидың айтуынша, Ибн Ғасәкирдің ойының ұшқырылығына қарап Бағдатта оны «от ұшқыны» деп атаған екен.

Имам Әбул-Мауахиб ибн Сарсари былай дейді: «Бірде бұл кісіден өзіне тең келер біреуді кездестірді ме, жоқ па деп сұрадым. Ол: «Олай деме, Алла тағала былай деген: «Өздеріңді періштедей тазамын деп санамаңдар»,- деп Нәжім сүресінен аят оқыды. Алайда мен қарсылық білдіріп: «Бірақ Алла Тағала: «Раббыңның нығметін білдір» деген ғой деп жауап берген едім,

Ол: «Егер әлдекім бұрын- соңды мен секілді адамды көзім көрмеді деп айтса, ол өтірік айтпаған болар еді»,- деді.

Имам Әбул-Мауахиб тағы да: «Тақуалық жағынан оған тең келетін жанды көрмедім деп айта аламын, себебі ол қырық жыл бойы намазын алдыңғы сапта оқыды. Сонымен қатар, қырық жыл бойы Рамазан айында және Зулхижжа айының алғашқы он күнінде иғтикафқа кіретін»,-дейді.

Сондай-ақ, лайық бола тұра қандай да бір лауазымға ие болудан бас тартатын еді. Адамдарды жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыюға тырысатын».

Шейх Абдул-Уаххаб ибн әл-Әмин былай деп әңгімелейді: «Бірде хафиз Ибн Ғасәкир және хафиз Ибн Сәмәнимен бірге ілім іздеу жолындағы сапарда жүргенде бір ғалымды кездестіріп қалдық. Сонда хафиз Сәмәни әлгі ғалымнан бір еңбекте келген хадистер жайында сұрамақ болып тоқтайды да әлгі кітапты сөмкесінен іздеп таппай, көңілі түсіп кетеді. Имам Ибн Ъасәкир қандай кітап қажет болғанын сұрайды. Сонда әс-Сәмәни Ибн Әби Дәуәттің «Китабул Баъси уә нушуры» екенін айтады. Сонда Ибн Ъасәкир «Қынжылма» деп әлгі кітапты ойша оқи бастайды!

Осы деректер неліктен ғалымдардың барлығы Хафиз Ибн Ъасәкирді құрмет тұтқанын көрсетеді.

Оның ұстазы Әбул Фадл әт-Туси былай деген: «Хадистер хафизы атануға лайық бұдан басқа ешкімді көрмедім».

Имам Ибн Нажар былай деген: «Ол өз заманының имам мухаддисі болды».

Имам Науауи оны Шамның ғана емес, бүкіл әлемнің «хафизы» ретінде сипаттаған».

Жоғарыда айтылғандар – шейх Абдул-Фаттах Әбу Ғудданың «Ғалымдардың білім жолындағы құрбандық тағылымдары» атты еңбегінен алынған үзінділер болды.

Имам Ибн Ғасакирдің өмірінен қандай үлгі аламыз?

Білімге деген құштарлығы және құлшылықтағы тұрақтылығын. Бұл жерден ілімге талпынған шәкірт құлшылықта да тұрақты болуы керектігін аңғарамыз. Мұндай амал адамның өміріне нұр және біліміне береке береді.

Бірде одан неге Исфаханға бармағанын сұрайды, сонда ол: «Анам қарсы болды»,- деп жауап берген екен.

Ол жаққа барғысы келгеніне қарамастан, анасының рұқсатын күткен. Алайда, ол қарсылық «бүкіл әлемнің хафизы» атануына тосқауыл болған жоқ, себебі ол өзінің қалағынын жасауға емес, борышын өтеуге тырысатын.

Бұл ғалымның бір ғана еңбегі 80 томды құрайды, ал қазыр, біз мұндай үлкен көлемдегі қолжазбаны жазбақ түгіл, тіпті оқи да алмайтын халдеміз.

Алла Тағала бізді теңдесіз ғалымдардың берекесінен айырмасын. Әмин.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру