Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жастар және ислами құндылықтар: хадистен тәлім  (Төртінші бөлім)

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы www.muftyat.kz 15.01.2018 4645 0 пікір

 

Алдыңғы бөлімге өту

Жастар тәрбиесінде Құран даналығы мен хадистердегі тәлім-тәрбиелік мәні зор адамгершілік құндылықтарды (отбасы мәмілесі, ата-ана қадірі, отанға сүйіспеншілік, көрші ақысы, өзге дін өкіліне құрмет сияқты т.б.) ұлттық нақыш пен ділге сай тиімді қолдана білсек тәрбие беруде ұтарымыз анық. Бастысы қасиетті мәтіннің (аяттың) мазмұнын және пайғамбардың ﷺ хадистерінде айтылған өсиеттерді дұрыс түсіну, оны басқаға түсіндірген кезде де бұрмаламай жеткізу. Бүгінде кейбір жастардың теріс ағымдардың артынан еруі, олардың ықпалына түсіп, дәстүрге қарсы шығу әрекеттері дінді дұрыс түсінбеу, оның мазмұнын бұрмалау салдарынан болып отырған жағдай.

Мақаламызда оқырманды шаршатпас үшін мысал ретінде бір ғана хадисті, оның ішінен бір ғана сөзді алуды жөн көрдік. Бұл арқылы дін исламдағы аят-хадистердегі әрбір сөздің тәлім-тәрбиелік мағынасының қаншалықты кең әрі терең екенін көреміз. Сонымен, бір күні пайғамбар ﷺ өзінен насихат сұрап келген кісіге:  «Ашуланба», – деп кеңес береді. Әлгі сахаба бұл сөзді азсынып, тағы кеңес сұрайды. Осылай бірнеше рет қайталайды. Бірақ, пайғамбар әр жолы: «Ашуланба», – деп қайталайды (Бұхари).

Ғалымдар хадистегі «ашуланба» деген сөздің мағынасы: өзіңді ашуландыратын нәрседен аулақ жүргенің дұрыс және ашу-ызаға берілме.  Ашуыңды келтіретін нәрсені жасамағаның жөн деп түсіндіреді. Хадисте айтылған «Ашуланба» сөзі бір ғана сөз болғанымен ішіне жастарға берер тәлімі мол құндылықтың бірнеше мағынасы мен мазмұнын қамтыған.

«Ашуланба» сөзіндегі құндылықтың бірінші мағынасы – көркем-мінез.

Мінезі көркем адам – кішіпейіл, адамдарға мейірімді, әлсізге күш көрсетпейді және ұстамдылық жасайтын нағыз ер-азаматтың қасиетімен ерекшеленеді. Ол кек алуға мүмкіндігі бола тұра кешіре білетін, қиындықтарға сабыр мен төзімділік көрсететін, біреулер зұлымдық жасағанда не ашу-ызасын тудырғанда ұстамдылық жасайтын, қандай жағдайға тап болса да байсалды, адамдармен жақсы қарым-қатынас жасайтын тұлға.

Құндылықтың екінші мағынасы – жасты игілік пен жеңіске жетелейтін байыптылық пен байсалдылық мінезі.
Құранда Алла тағала: «Сондай-ак, олар ашуын жеңушілер, адамдарға кешірім етушілер. Алла жақсылык, істеушілерді сүйеді», – деп көркем-мінезді адамдарды ізгілікке жігерлендіріп, оларды мақтап, сүйетінін білдіреді (Әли Имран: 133-134).

Сонымен қатар бұл аят адамдарды көркем мінезге, мейірімді болуға шақырады.

Үшінші мағынасы – ашу барлық жамандықтың тоғысқан жері, ашудан құтылу – жақсылыққа ұмтылу.

Өкінішке орай, жастарымзға көп жағдайда ашуын тежеу жетіспей жатады. Бір-біріне пышақ ұрып, қару тақап арты қайғыға ұласып жатқан оқиғаларды жие естіп, көріп жатамыз. Егер жастарымыз рухани бай, адамгершілігі мол, басқаларға мейірімді болса мұндай оқиғалар мұнша белең алмас па еді. Қазіргі қоғамда жастар мен жасөспірімдердің қатысуымен болған қылмыс мәселесі де – мемлекетіміздің алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі.

Төртінші мағынасы – ашу дегеніміз әлсіздік, ал ұстамдылық – күштілік.

Ислам этикасында адамның күштілігі оның дене бітімінің ірілігі мен күшіне байланысты емес. Адамның күштілігі оның сабырлығымен өлшенеді. Пайғамбар ﷺ:

«Палуан күшті емес, ашуын жеңген адам – күшті», – деп айтқан (муттафаққун алей).

Ал Батыс мәдениетінде керісінше – адамның денесі қаншалықты үлкен әрі күшті болса – сол адам нағыз күшті. Сөйтіп осы философиямен сусындағын жастар батыс фильмдеріндегі сияқты көшелерде адамдарды қырып жатқан кейіпкерлерге еліктеп, әлсіздерге әлімжеттік жасауы да мүмкін.

Құндылықтың бесінші мағынасы – ашудың жиіркенішті жемістері бар екенін көрсетеді.

Ашушаңдық – айыпқа лайық қасиет. Жаман мінез-құлықтың көрінісі және адамды қасіретке жолықтыратын жол. Егер адам ашуға берілсе, алдымен өзіне, кейін өзін қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін күштің құрбаны болмақ. Ашу – адамның денсаулығына, мінез-құлқына, рухани дүниесіне зиян келтіреді. Ашуына мінген адам әдепсіз сөздер айтып, орны қайта толмайтын қайғылы істерге баруы ықтимал.

Алтыншы мағынасы – ашулы адам жасаған әрекеті үшін жауапты.

Адам өзінің қолымен жасаған әрекетін мойнымен көтереді. Басқаша айтар болсақ, «Ашудың күшімен жасап қойдым, білмедім», – деген сылтауға орын жоқ. Ашудың салдарынан келтірілген шығын өтелуі тиіс. Исламда жеке тұлғаны қалыптастыратын әдептілік ережелерінің  түсіндірмелері кең, осылай адамгершілік құндылықтар соңсыз талданып кете береді.

Хадистегі «ашуланба» сөзінен шыққан – «ашуды тежеу», «көркем-мінез», «байыпты және салқынқанды болу», «жақсылыққа ұмтылу», «байсалды болу», «жауапкершілік», «кеңес алу» сияқты моральдық-этикалық құндылықтар имандылық аясында шоғырланады. Егер осындай әдептілік құндылықтарына ұлттық рең беріп, дәстүрмен, заман талаптарына сай жастарымызға дұрыс ұсына білсек, онда өскелең ұрпаққа келешегі үшін дұрыс бағыт һәм тәлім берген болар едік.

Жалғасы бар...

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру