Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Сұлтан Бейбарыс әл-Бундуқдари

Сәбит  Ибадулла, "Иман" журналы www.muftyat.kz 10.10.2017 13010 0 пікір

 

Сұлтан Бейбарыс әл-Бундуқдари (1223-1277 жж.)

Қыпшақтан шыққан мәмлүк сұлтаны аз-Заһир Бейбарыс әл-Бундуқдари үлкен жетістіктері үшін тарихта аты қалған әміршілердің бірі әрі бірегейі. Ол Мысырдың, қала берді, күллі Ислам жұртының дамуына өзіндік үлес қосқан сұлтаны, барша мұсылманға ортақ тұлғалардың бірі. Оның дәуірінде Мысырда үлкен құрылыстар салынып, ел экономикасы дамыды, соның арқасында елінің даңқы артып, сұлтанның аты да тарихта мәңгі қалды.

Қазірде Мысырдағы Бейбарыс сұлтан дәуірінде салынған ескерткіштер сол замандағы елдің қаншалықты дамығанын, сұлтанның оған қаншалықты үлес қосқандығын айғақтайды.

Шыққан тегі

Оның толық аты-жөні Рукнуддин Бейбарыс әл-Бундуқдари. Шамамен 1223 жылы Еділ бойындағы қыпшақ жұртында туылған. Бейбарыс жастайынан моңғолдардың тұтқынына түсіп, Шам-ның құл базарында сатылады. Оны Димашықтың әл-Ғаммад ас-Саиғ деген байы сатып алады. Сосын одан әмір Алауддин Айдекин әл-Бундуқдари сатып алады. Бейбарыс жаңа қожайынының лақабымен Бейбарыс әл-Бундуқдари деп аталады. Көп ұзамай Бейбарыс бұл әмірдің барлық дүние-мүлкін, құлдары мен күңдерін тәркілеген патша Нәжмуддин Аййубтың қол астына өтеді. Мұнда ол әмір Ақтайдың басқаруындағы бахри мәмлүк-тер жауынгерлерінің қатарына қосылады. Уақыт өте Бейбарыс әскерлер арасын-дағы жауынгерлік шеберлігімен ерекше көзге түседі. Әсіресе, әл-Мансурадағы крестшілермен шайқаста Бейбарыс бас-таған мәмлүктер жасағы дұшпанды тас-талқан етіп жеңіп, Франция патшасы ІХ Луисті тұтқынға алады. Сонымен бірге әмір Ақтаймен бірігіп ел ішіндегі бүліктерді басуда үлкен еңбек сіңіреді.

Шам елінде

Нәжмуддин Аййубтан кейін билік тізгінін қолға алған Иззуддин Айбек жасақтарының қолбасшысы Сейфуддин Құттызға әмір Фарисуддин Ақтайды өлтіруге бұйрық беріп, Бейбарыстың әміршісінің көзін жояды. Осыдан кейін Бейбарыс пен оның жақтастары Шам еліне қашып кетеді. Шам шаһарларының бірінен біріне өтіп, көшіп-қонып жүреді. Мысырдағы сұлтан тағына Сейфуддин Құттыз отырған соң Бейбарысқа бас амандығын беріп, оны ел билігіне араласуға шақырады. Сөйтіп Бейбарыс Каир шаһарына қайта оралады. Сұлтан Құттыз оны қошеметпен қарсы алып, уәзірлер сарайына орналастырады, Қалюб аймағын бөліп береді, әскер қолбасшылығына тағайындайды. Расын-
да да Бейбарыс соғыс өнерін өте жетік меңгерген қолбасшы еді. Ол көптеген әскери жорықтарда жеңіске жетіп, шынайы шеберлігін дәлелдеп шықты. Солардың ең үлкені 1260 жылы моңғол басқыншыларымен болған Айн Жалұт шайқасы. Осы жеңістен кейін Бейбарыстың әскер арасындағы, жалпы жұртшылық арасындағы беделі, атақ-даңқы өсе түседі. Батырдың қасындағы жақтастары енді оны Құттыз сұлтанды тақтан тайдырып, билікті тартып алуға үгіттейді. Бейбарыстың бойында марқұм ұстазы әмір Ақтайдың кегін қайтару бұрыннан бар еді. Бір жағынан сұлтан Құттыз моңғолдарды жеңсең, Халеб аймағына әмірші етемін деген уәдесінен тайқып кетеді. Мұны қорлау деп түсінген Бейбарыс пен оның жақтастары сұлтанды өлтіріп, билік тізгінін қолдарына алады.

Сұлтан тағында

Сөйтіп Бейбарыс Құттыздан кейінгі Мысырдың сұлтаны атанады. Оған «әл-Мәлик аз-Заһир» – «Жеңімпаз патша» деген лақаб ат беріледі. Билік басына келген жаңа әміршінің алдында елді дамытып, өркендету міндеті тұрды. Шынында да оның тұсында Мысырда тұрақтылық орнап, ел шаруашылығы алға басып, өркендей түсті. Бейбарыс сұлтан қасына әмірлерді жақындатып, оларға шен-шекпен үлестіріп, жерлер бөліп берді. Мысыр сұлтаны сонымен бірге бұқара халыққа оң көзбен қарап, олардан алынатын алым-салықты азайтып, зынданда отырған тұтқындардың көбін босатты.

Осындай жұмсақ саясатына қарамастан Бейбарыс сыртқы жауларға аса қатал болатын. Сонымен бірге ішкі жауларды, олардың бүліктері мен көтерілістеріне қарсы аяусыз күресті. Сол бүліктердің ішіндегі ең үлкені Димашықтағы Аламуддин Санжар әл-Халаби бастаған көтеріліс болатын. Ол өзін сұлтан деп жариялады. Бейбарыс оған қарсы жазалаушы әскер жіберіп, әскерін талқандап, өзін тұтқынға алды. Ал екінші бірі бүлік Каирдің өзінде орын алды. Онда шииттердің көсемі шииттердің басын қосып, билікке қарсы көтеріліс жасауды жоспарлап, аттар мен қару-жарақ жинайды. Сөйтіп әр жерде бүлік ұйымдастырады. Алайда бұл көтеріліс ұзаққа созылмады. Бейбарыс көтерілісті тез басып, оны ұйымдастырушы көсемдерін ел алдына шығарып дүре соқтырып жазалады.

Жетістіктері мен жеңістері

Бейбарыс сұлтанның дәуірі жетіс-тіктерге толы. Ол мәмлүк мемлекетінің негізін қалап, моңғолдар қиратқан Бағ-дадтағы аббасидтер халифатын қайта қалпына келтіруге тырысты. Аббасидтер әулетінің тұяғы Әбу Аббас Ахметті алып келіп, мұсылмандардың халифасы етіп жариялады. Оған Құран мен Пайғамбар сүннетіне амал ететіндігі туралы ант берді. Сөйтіп жоғалған мұсылман халифатын қайта жаңғыртты. Алайда халифатты жариялағанмен нағыз билік халифаның емес, сұлтан Бейбарыстың қолында еді.

Сондай-ақ сұлтан Бейбарыс біраз аймақтарды бағындырып, Хиджаз аймағына дейін жетті. Өзінің дұшпандарын, мәмлүк мемлекетінің дұшпандарын ойсырата жеңді. Өзімен билікке таласпақшы болған Кирк қаласының әкімі Омар ибн Әділ әл-Аййубиді жеңіп, орнына басқа әкім тағайындады.

Бейбарыстың жетістіктерінің ең маңыздысы ислам мемлекетінің көзін жоюға тырысқан крестшілер мен моң-ғолдарға қарсы жасаған іс-шаралары. Сол үшін сұлтан көптеген келісім-шарттарға қол қойды. Елдің ішкі тұрақтылығы мен тыныштығын толық қамтамасыз еткен соң сыртқы қауіпсіздігі үшін үлкен әскер жасақтап, крестшілердің әмірліктеріне қарсы жорықтар жасады. Сол арқылы олардың қол астындағы мұсылман аймақтарының біразын қайтарып алды. Ал моңғол шапқыншыларына қарсы Алтын Орда ханы Берке ханмен одақтас болды. Нәтижесінде Берке хан Ислам дінін қабылдап, Мысыр мен Алтын Орда арасындағы байланыс күшейді. Ирак пен Иран жерін жаулап алған Хулагу мен оның ұрпақтарына қарсы одақтасты.

Бейбарыс сұлтан ислам жауларына қарсы қуатты әскер, теңіз флотын құрып, қару-жарақпен жабдықтады. Осылайша крест жорықшылары мен моңғол шапқыншыларына қарсы шайқастарда талай жеңістерге жетті. Крестшілермен ұрыстарда Қайсария, Арсуф, Сафад, Яфа және басқа да қамал-қалаларын бірінен соң бірін алып, ақырында ірі шаһар Антакияны мұсылмандарға қайтарды.

Ал моңғолдарға қарсы жорықтарында әл-Бира, Херран шайқастарында дұшпан қолын ойсырата жеңді. Мұсылман аймақтарын бірте-бірте моңғол бас-қыншыларынан азат ете бастады. Ақыры һижра жыл санауы бойынша 675 жылы Абластин елдімекенінің жанында моңғол әскерін күйрете жеңіп, шешуші жеңіске қол жеткізді. Осы жеңісі арқылы сұлтан Бейбарыс мұсылман мемлекетінің сыртқы қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз етті деуге болады.

Елдегі жетістіктері

Елдің ішкі саясатында Бейбарыс сұлтан аса көреген саясат ұстанды. Мұсылман мемлекетінің тұғырын нықтап, өркендеуі үшін көп еңбек сіңірді. Бейбарыстың дәуірінде Мысыр гүлденген елге айналды. Ішкі саясатта ішкі көтерілістер мен бүліктерді басу арқылы елдің іргесін мықтап бекітті. Заң саласында сұлтан Бейбарыс бұрын-соңды болмаған өзгеріс енгізді. Суннит жолын ұстанатын төрт мәзһаб қазыларынан төрт қазы тағайындады. Әл-Азһар мешітін қалпына келтіріп, түбегейлі өзгертіп, мешіт-медресеге, шартараптан шәкірттер ағылатын іргелі оқу ордасына айналдырды. Мысыр мен Димашықта көптеген медреселер салдырды. Соның ішінде Каирдегі «Заһири медресесінің» ғимараты жақсы сақталған. Медреселерде мол кітап қоры бар кітапханалар да жұмыс істеді.

Каир шаһарында Заһир Бейбарыс жамиі деп аталатын үлкен жұмалық мешіт салдырды. Осы мешіт орналасқан аумақ әлі күнге дейін аз-Заһирия деп аталады. Сонымен бірге Бейбарыс салдырған жәдігерлер әлі күнге дейін Каир қаласының сәнін келтіріп тұр. Сол ескерткіштерге қарап Бейбарыс дәуірінде ел мәдениетінің қаншалықты дамығанын көзге елестетуге болады. Сонымен бірге сұлтан Бейбарыс тұсында көптеген арықтар, каналдар қазылып, талай көпірлер, Ніл өзенінің суын есептейтін үлкен құрылғы салынды.

Мысырдан өзге Мәдинадағы Пайғамбардың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шамдағы Ибраһим (Оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың мешіті жаңартылды. Иерусалимдегі әл-Ақса, Қуббат Сахра мешіттері жөнделіп, жаңартылды. Түрлі мәселелер мен дау-дамайларды шешетін әділет үйін құрды.

Сұлтанның қайтыс болуы

Сұлтан Бейбарыс һижри 676 жылы мұхаррам айының 28-күні, миләди 1277 жылдың 2-мамыры күні қайтыс болды. Ол билік басында 17 жылдай болды. Ол қайтыс болған соң орнына ұлы Насируддин отырды. Алайда Бейбарыстың балалары билікті ұзақ уақыт ұстап тұра алмады. Билікке жетуге тырысқан мәмлүк әміршілері оның ұлдарын өлтіріп, ақырында қыпшақтан шыққан келесі әмірші Сейфуддин Қалауын билікке келді.

Сұлтан Бейбарыс туралы естеліктер

«Жеңімпаз патша (Бейбарыс), Алла оған рақым етсін, ержүрек, айбынды, аса күрескер әмірші деген атқа лайық патша еді. Өте сергек, шалт қимылдайтын, соғыстарды өзі басқарып, жүргізетін». (Тарихшы Ибн Туғрибердінің «Ан-Нуджум аз-Заһира» кітабынан).

«Ол билікке лайықты жан еді.. Алла оны рақым етіп, жарылқасын! Оның Ислам дініне сіңірген еңбегі ерекше еді. Талай жерде дінімізге қалқан болып, көптеген жеңістерге жетті..» (Тарихшы әз-Зәһәбидің «Ислам тарихы» кітабынан).

«Ол соғыс жүргізу ісінде, қамал-бекіністерді алуда өте айбынды қолбасшы еді. Сондықтан да моңғол-татар, француз дұшпандары одан өлердей қорқатын. Өйткені ол үздіксіз шабуылдарымен, құрсауларымен олардың зәресін алумен болды. Бірде ол әскерін артында қалдырып, Евфрат дариясын жалғыз өзі кешіп өтіп, моңғол-татар әскеріне қырғидай тиіп, талайын жер жастандырды...» (Тарихшы Ибн Шакир әл-Кутубидің «Фауат әл-Уафайат» атты кітабынан).

Атақты тарихшы Ибн Кәсир өзінің «әл-Бидая уан-Ниһая» атты еңбегінде Сұлтан Бейбарысты «жаужүрек жолбарыс» деп сипаттап, былайша мынадай жолдар жазған: «Алла рақым еткір, өте сергек, айбынды, жауларына күні-түні тыныштық таптырмайтын ержүрек болатын. Ислам дұшпандарымен аянбай күресті. Олардың араларына именбей кіріп, тоз-тозын шығарды. Жалпы айтқанда Алла Тағала оны сын сағатта Ислам дініне, жұртына қорғаушы әрі көмекші ретінде, крест жорықшылары мен моңғол-татарлардан құралған мүшіріктер тобына тойтарыс беруші ретінде жіберді».

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру