Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ислам көзқарасы бойынша кім бұзақы (пасық) болып саналады?

www.muftyat.kz 27.09.2017 5667 0 пікір

«(Мұхаммед Ғ.С.) расында саған ап-ашық аяттарды түсірдік. Оған бұзақылар ғана қарсы келеді».
Пасық (бұзақы) – Алла Тағаланың бұйырғанына қарамастан әрекет ететін, күнә әрі жамандық атаулыны жасау оған әдет болып табылатын жан.

Шариғат терминологиясындағы «фисқ» (пасықтық) термині Аллаға бағынудан шығу әрі Оған бағынбаушылық танытуды білдіреді.

Пасықтың кең мағынасы үлкен күнәлар жасайтын, кіші күнәлардан қайтпайтын, сондай-ақ, діни ұйғарымдарға толықтай немесе жартылай мән бермейтін адам болып табылады (Фахруддин ар-Рази, Тафсируль-Кабир, II, 91; Рағиб әл-Исфахани, әл-Муфрадат, 572).

Фисқті (пасықтықты) үш категорияға бөлуге болады:

1. Күнәні жиіркенішті деп санап, оны сирек жасау.

2. Бір күнәні қайтпай жасай беру.

3. Рұқсат етілген деп санап күнә жасау. Бұл жағдайда адамның иманмен, дінмен еш байланысы қалмайды.

Қасиетті Құранда «фисқ» термині негізінен «күпір» (сенбеушілік) мағынасында да қолданылады. Кейбір аяттарда «пасық» термині абсолютті (күнә істеу) мағынасында қолданылады. Мысалы:

Қажылық кезінде күнә істеу (2:197), немесе Сондай абыройлы әйелдерге зина жаласын жапсырғандар  (24:4).

Басқа аяттардың бәрінде «фисқ» термині бұзақы мағынасында келеді:

«(Мұхаммед Ғ.С.) расында саған ап-ашық аяттарды түсірдік. Оған бұзақылар ғана қарсы келеді» (2:99).
«Інжіл иелері ондағы Алланың нұсқауымен үкім етпесе, міне солар бұзақылар» (5:47).
«Осылайша бұзақылық істегендерге Раббыңның: «Рас олар иман келтірмейді» деген сөзі ақиқат болды» (10:33).
«Егер олар Аллаға, Пайғамбарға және оған түсірілген Құранға иман келтірген болса, оларды дос тұтпас еді. Бірақ олардың көбі бұзақылар» (5:81).

Муғтазилиттердің пікірінше, пасық иман келтірген де емес, иман келтірмеген де емес, арасындағылар. Бұл олардың орныққан пікірі, сонымен қатар, діни сенімнің негізін қалаушы бес қағиданың бірі болып табылады және «Манзилю бейнал-Манзилятейн» деп аталады. Олардың пікірінше, пасық тәубәсіне келсе онда дінге келеді, ал тәубәсіз өліп кетсе онда мәңгі Тозақта қалады. Әрекетті дін негізінің бірі деп санайтын харижиттердің пікірінше, жоғарыда келтірілген фисқтің көрінуі күпірлік (сенбеушілік) болып табылады әрі пасық Тозаққа мәңгіге түседі.

Фисқ өте қауіпті жағдай болып табылады және әрбір адам одан аулақ болуы керек. Кез-келген үлкен, кіші күнәлардан аулақ болған жөн, сондай-ақ, кіші күнәларды қайтпай жасаудан аулақ болған абзал. Жоғарыда айтылып өткендей, кіші күнәларды қайтпай жасау фисқ дәрежесінің бірі болып табылады.

Дегенмен, бір аса маңызды жайт: ешкім де басқа бір адамды пасық деп айта алмайды. Осы жөнінде Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай айтқаны келтірілген:

«Басқа бір адамды пасық немесе кәпір деп айтуға ешкімнің де құқы жоқ. Егер кімде-кім біреуді пасық не кәпір деп айтса, ал сол кісі ондай болып табылмаса, онда айтылған сөздер айтқан адамның өзіне қайтып келеді де өзі пасық немесе кәпір болады» (Мухтасар Таджридус-Сарих, XII, 137).

Сонымен қатар, бұл хадис аса маңызды адамгершілік қағидасын орнатады. Адамның кемшілігін ашу, оған фисқ немесе күпірлікті жабыстырып оны айыптау өнегесіздік болып табылады, егер бұл қасиеттер айтылған адамға тән болмаса, онда сол сөздер айтқан адамның өзіне қайтып оралады. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру