
Адам баласы жаратылғаннан бастап Алла Тағала пендесін тура жолға салу үшін, Өзіне ғана құлшылық етулері үшін пайғамбарлар жіберді. Пайғамбарлар әкелген дінді кей қауымдар қабылдаса, кейбірі қабылдамай, қарсы шықты. Ал кейбір азғын қауым ішінен пайғамбарына иман етушілер аз болған. Ондай қауымдардың басым көпшілігі пайғамбарға қарсы шығып, пайғамбарды өлтіруге дейін барған. Пайғамбарға иман еткендерге қысым жасап, зәбір көрсеткен. Ақиқатты әкелуші Алла Елшілерін қабылдағысы келмей оларға «жалғаншы, өтірікші, жынды, сиқыршы» деп жала жапқан.
Пайғамбарлар өз қауымдарынан бір ғана нәрсені сұрады, яғни бір Аллаға иман ету және Оған серік қоспау. Елшілер өз қауымына әрдайым мына бір сөзді де айтып отырған: «Мен сіздерден ақы сұрамаймын. Менің ақымыды Алла береді». Олар халықты Алланың хақ дініне шақырды. Шақыруын қабыл етіп, иман еткендермен бірге Алланың разы болатын амалдарын орындады.
Кейбір қауымдар Алланың жіберген елшілерін қабылдамай, азығындықтың шегіне жеткен. Аллаға серік қосумен қатар Алланың азабынан да қорықпай, ақиқатты қабылдамай, тәкәппарлық танытқан. Өздерінің байлықтары мен күштеріне сеніп, көптіктерін мақтан тұтқан. Ондай қауымдар Алланың қаһарына ұшырап, жер бетінен жойылып кеткен. Құранда Алланың азабына ұшыраған адамдар мен қауымдар жайында баян етіледі. Кейбір қауымдар жайында аз айтылса, кейбірі жайында кеңірек тоқталады. Ондай азғын, апатқа ұшыраған тұлғалар мен қауымдар жайында айтылған аяттар біздерге ғибарат үшін айтылуда. Солардың кебін кимеу, солар секілді ақиқатты қабылдамай көрсоқырлыққа, тәкәппарлыққа, зұлымдыққа, азғындыққа бармауымызды ескертуде. Қайшы жағдайда сол қауымдарға келген апат біздерге де келуі мүмкін екенін түсінген жанға баян етеді. Құранда біздерге ғибрат алу үшін жер бетін шарлап, азапқа ұшыраған қауымдардың мекенін көруді ескертеді.
Құранда апатқа ұшыраған адамдар мен қауымдар жайындағы баян етеді. Апатқа ұшырағандар қатарында мына қауымдар мен тұлғаларды ғибрат үшін баяндайды: Нұх қауымы, Ад қауымы, Самуд қауымы, Хижр халқы (асхабы хижр), Ибраһим қауымы, Рәс қауымы, Лут қауымы, Мәдян (әйкә) қауымы, Перғауын және қауымы, Һаман, Қарун, Сәбт асхабы, Тубба халқы, Қария асхабы, Ухдуд асхабы, Фил асхабы, Сәбә халқы, Әбу Ләһаб.
Азапқа ұшыраған қауымдар мен тұлғалар мұнымен шектелмейді. Себебі қаншама пайғамбар жіберілсе, олардың тек 25-і ғана Құранда аталғанын ескерсек, азапқа ұшыраған қауымдар саны одан да көп болуы мүмкін.
Енді жоғарыда аталған апатқа ұшыраған қауымдар ішінен Нұх, Ад, Самуд және Лут қауымына қысқаша тоқталып өтелік.
- 1. Нұх қауымы және топан су
![]()
(Көрнекі сурет)
Баршамызға мәлім Нұх қауымы жербетіндегі алғашқы апатқа ұшыраған қауым еді. Оның қауымы Аллаға серік қосып, өз араларынан шыққан танымал кісілер өлген соң уақыт өте мүсіндерін жасап, құдайға айналдырып, табынуға көшеді. Алла азғындаған қауымды тура жолға салу үшін Нұхты пайғамбар етіп жіберді. Ол өз қауымын Аллаға иман етуге, азғындықтарын тоқтатуға шақырды. Бірақ қауымы оны қабылдамай, керсінше оны мазаққа айналдырып, азғындықтарын жалғастырды. Оған қарсы шығушылар Нұхты жынды деп жала жабумен қатар, қысым көрсетуге дейін барады. Мына бір аят сол сәтті былай деп баяндайды:
«Рас біз Нұхты өз қауымына пайғамбарлықпен жібердік. (Ол еліне): Ей, қауымым, бір Аллаға құлшылық етіңдер, одан өзге ешбір құдайларың жоқ. (Алладан) қорықпайсыңдар ма? – деді. Оның елінің имансыз адамдары: Бұл (Нұх) өздерің сияқты бір адам. Ол сендерден үстем болмақшы. Егер Алла (пайғамбарды жіберуді) қаласа, періштелерді жіберер еді. Мұндай сөзді бұрынғы ата-бабаларымыздан естіген емеспіз. Ол бір жынды, сондықтан сендер оны бір мезгіл тоса тұрыңдар, - деді. (Нұх): Раббым, олар мені жалғанға санағандығы үшін жәрдем бере көр! – деді» (Муминун сүресі, 23-26 аят).
Алладан жәрдем сұраған Нұхқа Алла кеме салуды бұйрады. Кеме салған Нұхты көрген қауымы одан бетер мазақ етуге көшеді. Ақырында кеме құрылысы бітіп, Алладан әмір келеді де, жан-жануар, хайуанаттардан бір жұптан кемеге мінгізеді. Нұхқа иман еткендерде кемеге мінеді. Нәтижесінде Алланың уәде еткен азабы басталып, жерден су атқылып, көктен жаңбыр себелеп, жербетін топан су алады. Аллаға қарсы келген азғын қауым осылайша опат болады. Аталмыш топан су б.э. бұрын 4000 жыл бұрын болған деген болжам бар.
Нұх және иман еткен пенделер аман қалып, адамзат жер бетінде қайта тіршілігін жалғастырады.
- 2. Ад қауымы
![]()
(Көрнекі сурет)
Ад қауымы Құранда аты аталған ескі араб қауымының бірі. Ад қауымы өмір сүрген аймағы жайында екі түрлі пікір бар. Көпшілік тарихшылар Йемен аймағында десе, кейбіреулері Омман мемлекетінің аумағында өмір сүрген деуде. Ад қауымы Нұх пайғамбардың ұлы Сам, Самның ұлы Ирам, Ирамның ұлы Аус, Аустың ұлы Адтың ұрпағынан тараған. Топан судан кейін шамамен 800 жылдан кейін өмір сүрген.
Нұх пайғамбардың ұрпақтарының бір бөлігі араб түбегінің оңтүстігіне қарай жылжып, теңіз жағасына дейін барып, қазіргі Йемен аймағына тұрақтаған. Араб түбегіне алғашқы болып қоныстанған қауым.
Аңыз бойынша ад қауымы біздің эрамыздан бұрын 3000 жыл алдын өмір сүрген. Олар мекен еткен Ирам қаласы сол заманда мәшһүр сауда-саттық орталығына айналған. Ад қауымы өте ауқатты өмір сүріп, сол заманның ең әдемі қаласын салып, оған бабаларының есімі «Ирам» атауын берген. Қала ішінде биік ғимараттар бой көтеріп, көрікті сәулет өнерімен әсем сарайлар салынған. Көз тартар әсем ғимараттары мен мәрмәр бағаналары көрші елдерге үлгі болған. Мәселен, римдіктер өз қалаларын салу барысында сол озық сәулет өнерін пайдаланғаны деректерде айтылады. Мыңғыраған мал ұстап, таңдай қақтырарлық бау-бақшалары болып, диханшылықпен айналысқан. Сондықтан ел аузында «Ирам бағы» деген атпен танылған.
Олар өте ірі денелі, ұзын бойлы еді. Өздерін өзгелерден артық санап, ешкім қол жеткізбеген жетістікке жету үшін барын салып, жартасты қашап сарай салады. Алайда азғындыққа бет алған қауым уақыт өткен сайын шектен шығып, байлыққа мастанып, өз күштеріне сеніп, Аллаға деген сенімдері өзгеріп, пұтқа табынуға көшіп, құдайын ұмытады. Дінсіздікке бет бұрған қауым өкілдері зұлымдық жасауды әдетке айналдырып, сырттан келушілерге күн бермей қанайды. Өздерінің ірі денелі, бойшаң, күшті екенін алға тарта отырып, тәкәппарлыққа бой алдырады. Құранда бұл жайында былай дейді: «Ад қауымы жер бетінде орынсыз өркеуделік істеп: Бізден күшті кім бар? – деп даурықты. Өздерін жаратқан Алланың өздерінен күшті екенін олар білмей ме? Олар аяттарымызға қарсы шықты» (Фуссиләт сүресі, 15 аят)
Ад қауымы 23 тайпадан құралған. Құранда олардың тұрған аймағын «Ахқаф» аймағы деп атаған. Олар жайында мына 10 сүреде баяндалады: Ағраф, Һуд, Муминун, Шуғара, Фуссиләт, Ахқаф, Зарият, Қамар, Хаққа және Фәжр.
Ад қауымы Нұх топан суынан кейінгі алғашқы пұтқа табынған қауым., Молшылыққа кенелгендіктен дүниеге алданып, топан суды ұмытады. Олар тура жолдан адасып «Самад, Самуд, Сада, Һәуа» есімді пұттарды құдай етіп, табынуға көшеді. Имансыздық оларды қатыгездікке итермеледі. Күштілер әлсіздерді қанап, түрлі қатыгездікке бой алдырады. Тіпті әлсіз жандарды биік ғимараттарың үстінен лақтырып жіберетін. Жақын маңдағы тайпаларды шауып, шектен шығады.
Алла Тағала осындай азғындаған қауымды тура жолға салу үшін Һудты (а.с.) пайғамбар етіп жібереді. Һуд (а.с.) текті әулеттен шыққан, абыройлы жан еді. Алла Һуд пайғамбарға сені қауымыңның ішінен таңдадым, оларға бар, қорықпа деп ескертеді. Қауымын Аллаға иманға шақырып, лас істерінен бас тартуға үндейді. Құранда осы көріністі былай деп келтіреді:
«Ад қаумына туыстары Һудты (а.с.) жібердік: Әй елім! Аллаға құлшылық етіңдер. Сендердің Одан басқа тәңірлерің жоқ. Сендер өте жалақорсыңдар - деді. Әй, елім! Мен пайғамбарлығым үшін сендерден ақы сұрамаймын. Маған ақы мені жаратқан Алланың өзінен. Сонда да түсінбейсіңдер ме? Әй, халқым! Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Онан соң Оған тәубе етіңдер. Сендерге көктен жаңбыр жаудырып, қуаттарыңның үстіне қуат қоссын. Сондай-ақ күнәкар болып, жалтармаңдар - деді. Олар: Әй, Һуд! Сен бізге ашық дәлел келтірмедің. Біздер сенің сөзің бойынша тәңірлерімізді тастамаймыз да саған сенбейміз - деді. Олар: Саған кейбір тәңірлеріміздің киесі тиген екен деп қана айтамыз деді. Һуд (а.с.): Расында мен Алланы куә қыламын, сендер де куә болыңдар. Мен сендердің Аллаға қосқан серіктеріңнен аулақпын, - деді. Барлығың маған қастандықтарыңды істеп көріңдер, тіпті мұрсат бермеңдер. Расында мен, менің Раббым әрі сендердің Раббыларың Аллаға тәуекел еттім. Ол, меңгеруіне алмаған бірде бір мақлұқ жоқ. Күдіксіз Раббым тура жолда. Егер сендер бас тартсаңдар мен сендереге өзіме жүктелген елшілік міндетімді жеткіздім. Раббым орындарыңа басқа қауымды әкелсе, сендер оған ешбір зиян келтіре алмайсыңдар. Шынында Раббым әр нәрсені қорғаушы (деді). Әміріміз келген кезде, Һудты (а.с.) және онымен бірге иман келтіргендерді мәрхаметімізбен құтқардық. Сондай-ақ оларды ауыр азаптан да босаттық. Осы ад қауымы, Раббыларының аяттарына қарсы келіп, Оның елшілерін мойындамай әрбір зорекер тоңмойындардың әміріне жүгінді. Оларға бұл дүниеде қарғыс тиді, қиямет күнінде де қарғыс тиеді. Естеріңде болсын! Ад қауымы Раббыларына қарсы болды. Естеріңде болсын! Һудтың қауымы ад, (мәрхаметтен) аулақ болсын!» (Һуд сүресі, 50-60 аят)
Ад қауымынң көсемі Халжан өздерінің күпірлігін былайша тілге тиек етеді: «Ей, Һуд! Сен білмейтін бе едің, біз күшті қауымбыз және көппіз. Сен бізге қарсы келетіндей кім едің? Сен болсаң жалғызсың. Білесің бе, біздің қауымда күніне мың сәби дүниеге келеді», - деді.
Һуд (а.с.) пайғамбарды тыңдамай, күпірліктерін жалғастырған қауымға Алла апат ретінде әуелі жауын жаудырмады. Жауын жаумайынша қуаңшылық басталып, егіс алқабы қурап, мал қырылып, Ирам бағы қурайды. Артынан дауыл тұрып, көз көріп, құлақ естімеген дауыл 8 күн ішінде ад қауымын опат етеді. Тек Һуд және оған иман еткендер ғана аман қалады.
Амал мен сенімде шектен шыққандықтан Нұх топан суынан кейінгі азапқа ұшыраған қауым болды.
- 3. Самуд қауымы
![]()
(Көрнекі сурет)
Самуд қауымы да араб тайпаларының бірі еді. Олар араб түбегінің солтүстік аймағында, яғни Сирияға жақын маңда өмір сүрген тайпа. Арғы аталары ад қауымынан тараған деген дерек бар. Самуд қауымы ад қауымынан кейін Аллаға күпірлік еткен, пұтқа табынған қауым. Дінсіздікке бой алдырып, азғындыққа белшеден батады. Ад қауымы секілді сарайлар салып, тауларды үңгіп қазып, баспана етеді.
Алла Тағала азғындыққа ұшыраған қауымға тура жолды нұсқаушы етіп араларынан Салих (а.с.) есімді тұлғаны пайғамбар етіп жібереді. Салихтің (а.с.) насихатына құлақ асып, иман еткендер саны аз болып, өзгелері қарсы шығады. Әсіресе елдің белді де, ауқатты азаматтары оған қарсы шығып, оны жалғанға шығарып, дұшпанға теңейді. Салихқа (а.с.) иман еткендерге қысым көрсетуші тәкәппар шонжарлар: «Сендер Салихты Раббы тарапынан келген анық елші деп білесіңдер ме? – деді. Олар: «Біз оның пайғамбар екеніне, әрине сенеміз», - дейді. Әлгі өркөкірек шонжарлар: «Сендер иман еткенге біз әсте сенбейміз», - деп жауап береді. (Ағраф сүресі, 75-76).
Салих (а.с.) пайғамбар Самуд қауымын Аллаға иман етуге шақыруын жалғастыра береді. Самуд қауымының бір мерекесі болатын. Сол күні пұттарын қала сыртына алып шығып мерекелейтін еді. Аталмыш мереке күні қарсаңында олар Салихқа (а.с.) былай деп ұсыныс тастайды: «Ей, Салих. Біз мерекемізді тойлайтын уақытта сенде бізбен бірге кел. Бізге пайғамбар екеніңді дәлелдейтін керемет көрсет. Сен өз құдайыңа жалбарын, бізде өз құдайларымызға жалбарынып, дұға етейік. Егер сенің құдайың дұғаңды қабыл етсе, саған иман етеміз. Ал егер біздің құдайларымыз біздің дұға тілектерімізді қабыл етсе, онда сен бізге ересің», - деді. Салих пайғамбар олардың айтқан ұсыныстарын қабыл етеді.
Салих пайғамбар аталмыш мерекеде жерлестерімен бірге қала сыртына шығады. Қауымы пұттан жасаған өз құдайларына жалбарынғанымен ештеңеде болмайды. Самуд қауымынң көсемі Салихқа: «Ей, Салих. Мынау тұрған жартастан бізге түйе шығаршы. Егер соны жасай алсаң, саған сенеміз», - дейді. Салих пайғамбар олардан Алланың қалауымен сол жартастан сұраған түйелерін шығарған жағдайда өзіне иман ететіндігі жайында уәде берулерін және ант ішулерін талап етеді. Олар да уәделерінде тұратыны жайында ант ішеді. Салих пайғамбар әуелі намаз оқып, Аллаға дұға етеді. Алланың құдіретімен жартас жарылып, ішінен буаз әрі аш түйе шығады. Алайда сондай таңғажайып көріністі керсе де, самудтықтар берген уәделерінен айнып, иман етпей қояды (Şamil İslam Ansiklopedisi. Ömer Tellioğlu. Semud kavmi тармағы). Сонда Салих қауымына: «Уа, халқым! Аллаға құлшылық етіңдер. Сендердің одан өзге құдайларың жоқ. Сендерге Раббыларыңнан айқын муғжиза келді. Алланың түйесі сендерге муғжиза болмақ. Оны Алланың жеріне қоя беріңдер, жайылсын, оған тиіспеңдер, сұмдық азап түптеріңе жетеді», - деді (Ағраф сүресі, 73 аят)
Алла Салих пайғамбарға уахи етіп, муғжиза ретінде жіберген түйенің су ішуі үшін сондағы құдықты кезектесіп пайдалану керектігін білдіреді: «Оларға судың кезегі белгіленгенін (құдық суын бір күн түйе ішсе, бір күн ел ішетін) қайсысының кезегі келсе, соның дайын болатынын ұқтырып қой» (Қамар сүресі, 28 аят). Салих қауымына: «Мынау түйе. Су ішетін кезегі бір күн оныкі, бір күн сендердікі болсын», - деді (Шұғара сүресі, 155 аят).
Түйе біраз уақыт қауым ішінде қалып, айтылғандай бір күн құдықтан түйе су ішсе, бір күн самудтықтар ішеді. Самудтықтар түйенің сүтін сауып пайдаланады.
Самуд қауымы Салихтің (а.с.) дағуатын қабыл еткісі келмей, уақыт өткен сайын оған деген өшпенділіктері артып, түйені өлтіруді ойластырады. Алла олардың арам ойларын Салихқа (а.с.) білдіреді. Салих (а.с.) сұраған муғжизаларын қабыл етпей иман етуден жалтарған қауымына түйеге тимеулерін қайшы жағдайда апатқа ұшырайтынын ескертеді. Өкінішке орай олар оның айтқан сөздерін тыңдамай мазақ етеді. Бір күні сәтін тауып азғындар түйені бауыздап тастайды.
Салих (а.с.) олардың істеген істерін көріп жылайды да, былай дейді: «Үйлеріңде үш күн рахат көріп алыңдар, бұл жалған уәде емес» (Һуд сүресі, 65 аят). Түйені өлтірген күні кешкісін 9 қарақшы біз оны бірінші өлтірейік деп, түнде Салих пен оның бала-шағасын өлтіруге ниеттенеді. Ертесіне түк білмегендей кейіп танытпақ болып уағдаласады. Алайда Алла олардың өздерін апатқа ұшыратады. (қараңыз: Нәміл сүресі, 47-50 аят). (Şamil İslam Ansiklopedisi. Ömer Tellioğlu. Semud kavmi тармағы).
Түйені өлтірген соң апаттың сол мезетте келмегенін көріп, Салихты (а.с.) мазақ ете бастайды. Оны жалғаншы деп мазасын алады да: «Ей, Салих! Пайғамбарлығың хақ болса, сес қылған жазаңды келтіріп көр», - деді (Ағраф сүресі, 77 аят).
Нәтижеде үш күннен кейін ескертілген апат келді. Азғын қауымға жіберілген апат ашты бір дауыс еді: «Залымдарға бір ашты айғай естілді де, олар лезде серейіп қатып қалды. Олар мұнда тіршілік кешпеген сияқты болып қалды. Біліп қойыңдар, самуд елі Раббыларына қарсы болды. Самудтықтар құрыды» (Һуд сүресі, 67-68 аят).
Бұл апаттан тек Салих пайғамбар мен өзіне иман еткен азғантай адам ғана құтылады.
- 4. Лут қауымы
![]()
(Көрнекі сурет)
Лут пайғамбар Ибраһим пайғамбармен бір кезеңде өмір сүрген. Ибраһим пайғамбарға жақын маңдағы қауымға елші болып жіберіледі. Лут қауым деп аталған бұл қауым біздің эрамыздан бұрын 1900 жылға дейін өмір сүрген. Олар Иордания мен Израилдің шекарасындағы өлі теңізге жақын маңда өмір сүрген. Таурат кітабында сол қауымның мекен еткен қаласын Содом және Гоморро деп атайды. Сол заманда өлі теңіз маңында 5 қала болған: Содом, Гоморро, Адма, Севоим және Сигор.
Ол қауым сол уақытқа дейін адамзат көрмеген, естімеген азғындыққа ұшыраған еді. Яғни ермен ердің жақындасуы болатын. Әрине азығындықтары тек бұл ғана емес. Онда әділетсіздік орын алған, жетім-жесір құқығы аяқ асты етілген, тәкәппарлық белең алған, әлсізге зәбір көрсету етек алған болатын. Сырттан келушілерге қоқан лоқы жасалып, саудагер болса, тауарларын тартып алу әдетке айналған (Mehmet Katar. Tevratın Lut kıssası üzerine bir araştırma. AÜİFD XLVIII (2007), sayı: 1, s. 57-76).
Лут пайғамбар азғын қауымға насихат айтып, азғындықтарынан қайтуға, бір Аллаға иманға шақырады: «Сендер расында өздеріңнен бұрын әлемде ешкім істемеген көргенсіздік істеп жүрсіңдер. Сендердің (әйелдерге жуымай) еркекке шабуларың, жолкестілік істеулерің, топтасып әшкере арсыздық істеулерің шарт па?» - дейді. Сонда қауымы: «Егер шыншыл болсаң қане Алланың азабын келтіріп көрші», - деді (Анкәбут сүресі, 28-29 аят). Алайда олар оны мазақ етіп, иманға келуден бас тартады. Алланың азабының келуінен сақтандырғанымен аз ғана адам иман етеді.
Шыдамның да шегі бар, Лут пайғамбар азғын қауымның Алладан қорықпағанын көріп: «Раббым, бұзық елге қарсы маған жәрдем бере көр!» - деп дұға етеді (Анкәбут сүресі, 30 аят).
Алла Лут пайғамбардың мінәжатынан кейін екі періштені жібереді. Жас жігіт бейнесіндегі екі періште алдымен Ибраһим (а.с.) пайғамбарға барады. Ибраһим пайғамбар бейтаныс жігіттерді үйіне қонақ етіп, бұзау сойып, алдарына ас әкеледі. Алайда әлгі қонақтар асқа қол созбайды. Қол созбағанына күмәндана бастағанда жас жігіт бейнесіндегі періштелер өздерінің кім екенін айтады және Лут қауымына апат әкелгенін жеткізеді. «(Ибраһим) Нендей бұйымтаймен келдіңдер елшілер?» - дегенде періштелер: «Біз бір күнәкар қауымға жіберілдік. Оларға балшықтан пісірілген тас жаудыру үшін. Шектен шыққандар үшін Раббың тарапынан (ол тастарға аттары жазылып) белгі салынған» (Зарият сүресі, 31-34 аят) «Біз тек Луттың үй ішін түгелдей құтқарамыз. Бірақ оның қатыны құтылмайды. Оның тып-тыйпыл болатындармен бірге кетуін ұйғардық», - дейді (Хижр сүресі, 59-60 аят). Ибраһим пайғамбар Лут қауымында жақсы адамдардың бар екенін айтып, апатқа ұшыратпауларын өтінеді. Періштелер ол қауымда жақсы адамдардың саны 10-ға да жетпейтінін айтады.
Періштелердің Ибраһим пайғамбардың үйіне келудегі себебі оған сүйінші хабар жеткізу еді. Яғни жасы келген Сара анамыздың перзент сүйетінін айтады. Сүйінші хабарды естіген Сара анамыз таңырқап күлімсірейді. Әрине Алла қала қалаған пендесіне перзент берері хақ.
Адам бейнесіндегі екі періште Содомға келгенде Лут пайғамбар қаланың қақпасы алдында отырған еді. Бейтаныс жолаушыларды үйіне қонаққа шақырады. Адам бейнесіндегі періштелер Луттың үйіне келгенде: «Лут: Шындығында сендер бөгде адамсыңдар ғой», - деді. Олар: Олай емес, біз мұнда олар күмәнданған азапты алып келдік. Және саған нақ шындықты әкелдік. Біз әрине хақ сөйлейміз. Түн жарымнан кейін бала-шағаңды алып жолға шық. Өзің олардың соңынан жүр. Сендерден ешбір адам артына қарамасын. Бұйырылған межелі жерге жеткенше жүре беріңдер», - дейді (Хижр сүресі, 62-65 аят).
Жас жігіт бейнесіндегі періштелердің Луттың (а.с.) үйіне барғанын естіген азғындар оның үйіне жиналып, әлгі келген жігіттерді беруін талап етеді. Мақсаттары олармен жыныстық қатынас жасау еді. Лут пайғамбар қатты қысылып, қонақтарына тимеулерін өтінеді: «Бұлар менің қонағым мені ұятқа қалдырмаңдар. Құдайдан қорқыңдар, мені қорламаңдар», - дейді (Хижр сүресі, 68-69 аят). Одан басқа қандай өтініш талаптары болса, орындауға әзір екенін тек қонақтарына тимеуін өтінеді. Тіпті қыздарын некелеп беруге әзір екенін де айтады.
Періштелер: «Ей, Лут! Рас біз Раббыңның елшілеріміз. Мыналар саған тисе алмайды, түннің бір кезінде үй ішіңмен кетіп қал. Жұбайыңнан басқа ешкім артына қарайламасын. Өйткені ол олармен бірге зауал табады. Олардың қарарлы шағы таң уақыты. Таң жақын қалды емес пе?» - дейді (Һуд сүресі, 81 аят).
Азғын қауым Лутты қорқытып, үйдің есігін сындыруға тырысқан кезде, періштелер Лутты үйге кіргізіп, олардың көздерін көр етіп, есікті таба алмайтындай етеді (Қамар сүресі, 37 аят).
Түн ортасында періштелердің көмегімен Лут пайғамбар отбасын және өзіне иман еткендерді ертіп, қаланы тастап, тауға қарай кетеді. Таң ата Алланың ескерткен азабы басталады. Содом мен Гоморро қаласына көктен күкірт пен балшықтан піскен тас жауады: «Күн шыға бере оларға ащы дауыс естілді. Олардың қаласының астын үстіне келтіріп, үстіне қатты құмтас жаудырдық» (Хижр сүресі, 73-74 аят). «Әміріміз келген кезде олардың мекенжайларының астаң-кестеңін шығардық және үстілеріне отпен қыздырылып, әзірлеп қойған тастарды үстемелей жаудырдық» (Һуд сүресі, 82-83 аят).
Азғын қауымның барлығы опат болады. Қала жермен жексен етіліп, тарихта өшпес ізі қалады. Азғын қауымды тасқа айналдырып, жатқан жерлерінде қатырып тастауы кейінгі ұрпаққа ғибрат үшін еді. Жай ғана тарихта болыпты деместен, олардың азабын өзгелердің көзбен көрулері үшін қияметке дейін тас мүсінге айналдырған. Луттың әйелі періштелер айтқандай кетіп бара жатып, артына қарайды да, апатқа ұшырап, қатып қалады.
Құран мұндай азғын қауымның басына келген апаттарды біздерге ғибарт үшін баян етуде. Сондай апат пен азапқа ұшырамау үшін шектен шықпай, күпірлік етпей, Аллаға иман етіп, дұрыс жолмен жүру парызымыз екенін ұмытпайық.
Сейтбеков Смайыл Сүйерқұлұлы,
ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы
бойынша өкіл имамы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
06.04.2017
10158
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру