
Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Адамзат жаратылғалы бері дүниені тану мен оның заңдылықтарын адамзаттың игілігіне пайдалану қай дәуірде болмасын тек қана білім арқылы жүзеге асырылып келеді. Сол үшін де білімнің маңыздылығы Алла Тағаланың кәламы Құран Кәрімде көп айтылған. Тіпті, алғашқы аят та «Оқы» деп түскен болатын. Бұл бұйрық тек Құранды ғана емес, әлемді игеру, адамды зерттеу, әлемнің жаратылыс сырларын оқып білу дегенді білдіреді. «Ілім алу – әрбір мұсылман ер кісіге де, әр мұсылман әйелге де парыз» деп ғылым үйренуді ер, әйел деп бөлмей, әрбір мұсылман баласына міндет екенін айтты. Ал, сол «Оқы» деген аяттан соң Алла Тағала: «Оқы, Жаратқан Раббынның атымен оқы», «Адамды ұйыған қаннан жаратқан» деп сабақтайды. Яғни, бұл жерде Алла Тағала алдымен ғылым үйренуді Алланың атымен бастау қажеттігін айта келе, жаратылыстардың ішіндегі ең ардақтысы болған Адам баласының неден жаратылғандығын жеткізеді. Алғашқы аятты біз шариғат деп түсінсек, келесі аят медицина заңдылығын меңзеп отыр. Демек, Құдіреті күшті Алла Тағаланың өзі шариғи ілім мен зайырлы білімнің біте қайнасып жатқанын, екеуі бір-бірінен еш ажырамайтын құндылықтар екенін о баста-ақ санамызға сіңірген. Десе де осы мақалада сіз бен біз діни және зайырлы білімнің қалай қабысып жатқанын жіліктеп көрелік.
Шариғат ілімін үйренудің маңыздылығы
Шариғат ілімі дегеніміз – бүкіл дүниені кім жаратқандығын, қандай мақсатпен жаратқандығын, қалай жаратқандығын және сол дүниеде өмір сүру жолдарын үйрететін ғылым. Шариғи білімді меңгерген адам алдымен өзін жаратқан Раббысын таниды. Сондай-ақ, өлімнен кейін де өмір бар екенін, адам өзі Алланың алдында істеген істері үшін сұраққа тартылатынын біледі. Сондықтан, Алланың бекіткен адал заңын бұл дүниеде берік ұстануға тырысады. Мәселен, шариғатты меңгерген саудагер болса, ол Алла Тағаланың Құран Кәрімде айтқан: «Таразыдан кемітушілерге қасірет бар» («Мутаффифин» сүресі, 1-аят) деген мағынадағы аятын әрдайым қаперінде ұстап, соған амал етеді. Ал, бұның астарында сатушыға да, сатып алушыға да үлкен игілік бар. Ал, шариғаттан хабары бар адам ұрлық-қарлыққа, біреудің хақысын жеуге еш уақытта бармайды. Себебі, «Бақара» сүресінің 118-аятында «Мал-мүліктеріңді өзара рұқсатсыз (заңсыз) жемеңдер. Сондай-ақ, адамдардың мал-дүниесінен күнә екенін біле тұра жеу үшін өз малдарыңның бір бөлігін үкім шығарушыларға (әкімдерге) пара ретінде ұсынбаңдар», - дейді.
Шариғат ілімі адамды сауапты іс жасауға итермелейді, күнәдан алыстады. Осы арқылы қоғам түзеледі. Дінді меңгерген адам айналасындағыларға құрметпен қарап, олардың көңіліне қаяу түсірмеуге тырысады. Әрдайым жақсылық жасауға жақын тұрады. Қайыр қылу да қолынан келмесе, ешкімге зиянын тигізбейді. Себебі, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұсылман дегеніміз – біреуге тілімен де, қолымен де зиян жеткізбеген адам» деген. Тіпті, асыл дінімізде біреудің жүзіне жымия қараудың өзін садақаға балайды. Танысын, танымасын көрген адаммен көркем түрде амандасып, дұрыс қарым-қатынас жасауды бұйырады. Ислам діні, көршімен өте жақсы араласуға шақырады. Атам қазақ мұны «Көрші ақысы – Тәңір хақысы» деп, бір-ақ ауыз сөзбен түсіндіріп кеткен. Сондай-ақ, бай-дәулеттілердің зекет беруі қоғамдық қиыншылықтарды шешудің бірден-бір жолы. Себебі, өз малын міскіндерге беру арқылы бай, дүниесін тазартса, кедей-кепшіктер оған жасаған қайырымдылығы үшін сырттай дұға қылады. Бұл, бай мен кедей арасындағы өшпенділік, көре алмаушылық секілді теріс әрекеттерді жоюға жол ашады. Ал, мұның барлығы қоғамда тепе-теңдіктің орнауына сеп болары сөзсіз.
Шариғат білімі адамды өмір бойы мазалайтын маңызды сұрақтарға нақты жауап алуға мүмкіндік береді. Мысалы, бүгінде көп адам Алланың бар екенін және бір екенін білсе де, өмірдің мәні неде екенін, өзінің не үшін жаратылғанын, Құдайға деген құлшылықтың не үшін жасалынатынын біле бермейді. Ал, «Зәрият» сүресінің 56-аятында «Мен жындар мен адамзатты тек өзіме ғибадат жасау үшін жараттым» делінген. Яғни, шариғи білім сіздің өміріңіздің шамшырағы.
Зайырлы ілім мен оны үйренудің маңыздылығы
Зайырлы білімді меңгерген адам да алдымен өзін жаратқан Раббысын таниды. Қалай дейсіз бе?! Алла Тағала Құранда адамдарды ойлануға, айналадағы жаратылыстарға қарап, оның кереметтігіне көз жеткізуді бұйырады. Осы арқылы дүние заңдылықтарыңың даналықпен орналастырылғандығын түсініп, бұның бір құдіретті жаратушысы бар екенін еріксіз сезінеді. «Ақиқатында аспандардың және жердің жаратылуында, түн мен күндіздің алмасуында, адамдар үшін пайдалы нәрселер мен теңізде жүретін кемеде және Алланың аспаннан су түсіріп, онымен жер тіршіліксіз қалғаннан кейін оны тірілтуінде әрі онда түрлі жануарларды таратуында және желдердің алмасуында, аспан мен жер арасындағы бағынышты бұлттарды басқаруында ақыл иелері үшін (Жаратушының бірден бір екенін дәлелдейтін) даусыз дәлелдер бар». («Бақара» сүресі, 164-аят)
Мысалы, теңіздердің бір-біріне араласпауы туралы Құран Кәрімде былайша баяндалады: «Ол (Алла Тағала) бір-бірімен кездесетін екі теңізді қосты. Ол екеуінінің арасында екеуі бір-біріне өтіп, араласа алмайтын кедергі бар». («Рахман» сүресі, 19-20 аяттар). Осы құбылысты ХХ ғасырдың екінші жартысында (1962 жылы) бірнеше жыл бойы зерттеп, нәтижесінде оның 1400 жыл бұрын Құран аяттарында жазылып қойғанын мойындаған аты әлемге әйгілі ғалым Жак Ив Кусто былай деп жазады: «…Смысл этого явления совершенно ясно описан в Священной Книге Ислама в Коране, ниспослонном человечеству около 1400 лет назад. Когда я узнал об этом, я поверил, что Коран – это «Слова Аллаха». Я выбрал Ислам, истинную религию Единого Бога-Творца. Духовный же потенциал, заложенный в мусульманстве, дал мне силы преодолеть боль, которую я испытал после потери моего сына...» (Жак Ив Кусто, www.islam.ru) Тәржіма барысында оның мазмұнына өзгеріс енбесін деген оймен оның орыс тіліндегі нұсқасы өзгеріссіз беріліп отыр.
Шариғатта діни білім негіздерін меңгеру әрбір адамға парыз болса, зайырлы ілімді игеру қоғамға міндеттелген. Бұны шариғатта парыз кифая дейді. Мәселен, бір ауылда дәрігер жоқ болса, жауапкершілік сол жердегі барлық адамдарға артылады. Яғни, олар өз арасынан біреуді медицинаны меңгертуге міндетті болады.
Сондай-ақ, Құранда Алла Тағала білімділердің дәрежесін әлдеқайда жоғары бағалайды. «Сен айт: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе? Расында, бұдан тек ақыл иелері ғана ғибрат ала алады» – дейді. («Зүмәр» сүресі, 9-аят). Пайғамбарымыз да өзінің көптеген өсиеттері мен хадистерінде білім алудың маңыздылығын баса айтқан.
Ата-ана өз балаларына шариғат ілімі мен зайырлы
ілімді қалай үйрете алады?
Кеңестер:
а) «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, бірінші кезекте балаға ата-ананың өзі үлгі бола білуі керек. Дүние білімі мен діни ілімді құстың қос қанаты деп алып, осы екеуін балаға қатар меңгертуге мүмкіндік жасауы тиіс;
ә) Баланың іргетасын барынша берік етіп қалауға тырысыңыз. Себебі, өз дінін жетік меңгерген адам ғана өзге ағымның арбауына төтеп бере алады. Әрі қос білімді қатар меңгерген жеткіншек қоғамға атақ-абырой үшін емес, халық мүддесі үшін қызмет ету қажеттігін түсінеді. Осыған байланысты Абай атамыз да «Баламды медресеге біл деп бердім, Шен алсын, шекпен кисін деп бермедім» деген. Оның үстіне, шариғат ілімінен хабары бар бала ата-анасы көрмей тұрса да, Алланың көріп тұрғанын сезініп, жаман әдеттерге баспайды, біреудің ала жібін аттамайды.
б) «Адамдардың ең жақсысы – өзгеге пайдасын тигізгендері» - дейді Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). Бұл жерде тек біреуге қол ұшын созсын деген мағынада ғана емес, қандай да бір пайдалы ілімді меңгеріп, оны жұрттың қажетіне жаратуды да қатар айтып отырған. Сондықтан, балаңызға мейлі ол діни, мейлі дүниелік болсын, әйтеуір пайдалы білім үйретуге тырысыңыз.
Қорыта келе айтпағымыз, бір жақты ғана алынған білім балаңызды шыңға шығармасы анық. Себебі, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы», «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген даналы сөздер бар. Яғни, Құдайын танымай зайырлы білімді игерген адам, оны теріс мақсатта жұмсауы да ғажап емес. Ал, діни ілімді меңгеріп, дүние білімін тәрк еткен мұсылман көш соңында қалуы әбден мүмкін. Осыны жете түсінген әлемге аты әйгілі мұсылмандардан шыққан Ибн Сина, Әл-Хорезми сынды ғалымдар кезінде ғалам үшін жаңа ғылым ашып, есімдері тарихта мәңгілік қалды. Сөз соңында айтарымыз, шариғат ілімі адамның миы деп алсақ, дүние білімі оның жүрегі. Ал, мидың жүрексіз, жүректің мисыз өмір сүруі мүмкін емес!
Қуанған Болатқан
Ақмола облыстық «Науан Хазрет»
мешітінің ұстазы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
30.03.2017
5958
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру