
Қандай да бір халықтың әдет-ғұрпын, дінін, әсіресе оның тарихын ұмыттыру – оларды құрдымға жіберіп, біржолата жоюдың оп-оңай жолы. Ұлттық құндылықтарынан, елдің өмірлік тәжірибелерінен мақұрым қалған халық, болашағын құру үшін мықты негіз таба алмай, жойылуға бейім келеді. Мұның мысалын өзінің шығу тегі мен тілін жоғалтып басқа ұлттарға сіңіп кеткен әлемдегі қаншама мәдениеттер мен өркениеттерден айқын көз жеткізуге болады.
Әлемдік аса қуатты мемлекеттердің үлкейіп, күшейе түсуінің негізгі себептерінің бірі – тарихқа аса мән беруінде. Біз де солар сияқты өз тарихымыз бен әдебиетімізді жан-жақты үйренуіміз қажет. Тарихи, әдеби деректерді жүйелі оқу арқылы елжандылық сезім, Отанға деген сүйіспеншілік оянады.
Бұл өте маңызды мәселе. Елбасымыз Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында жастарымыздың білімді, табысты болуын, Отанын жақсы көретін, елін алға сүйрейтін патриот, ұлтжанды болып қалыптасуы қажеттігіне тоқталып: «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек», «2050 жылға қарай біз Қазақстанның кез келген азаматы ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді болатындай саяси жүйе құруымыз керек. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз шет елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені өз жерінде өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуі қажет» деп елді сүю мәселесін ерекше атап көрсетуде.
Осыған орай айтылатын тағы бір өзекті мәселе жастарымыздың ана тілін толық меңгеріп, оны құрметтеуін қамтамасыз ету, ана тілін білмеудің ұят екендігін саналарына сіңіру (әсіресе қалалық жастардың, қоғамда, үй ішінде қазақ тілінде сөйлеуі) де келешек буынның өз Отанына бауыр басуына үлкен негіз болмақ.
Тарихқа үңілсек, арғы тарихымыз біздің дәуірімізге дейінгі V-ІІІ ғасырлардағы сақ, ғұн, үйсін тайпаларынан басталса, «қазақ» деген атауға ие болып, дербес қазақ мемлекетінің құрылғанына да 550 жылдан асты. Римді жаулаған ғұн патшасы Еділ, Кирдің басын алған Томирис ханшайым, түркі дүниесінің төріндегі Бумын, Тоныкөк қағандар, Мысыр билеушісі Сұлтан Бейбарыс, Үнді жеріне иелік еткен Бабыр, Абылай, Кенесары, Дінмұхамед, Нұрсұлтан есімдері біз үшін тек зор мақтаныш ғана емес, рухани әлеміміздің шамшырақтары да!
Түркі мәдениетінің жауһарлары өз дәуірінде ғана емес ХХ ғасырда да әлемдегі ең озық мәдениет екенін тарих дәлелдеп отыр. Египеттің пирамидаларынан Қожа Ахмет Иассауи кесенесі, перғауындардың саркафагтарынан қазақ даласының алтын адам сауыттары кем емес екені әлдеқашан дәлелденген. Көшпенділер өнері, шумерлік мәдениет әлемді мойындатқалы қашан?! Ғылыми зерттеулер бойынша қазақ тілінің түп атасы түркілердің сына жазуы славян-кирилл жазуынан 15 ғасыр, грузин және армян жазуынан 10 ғасыр бұрын пайда болған.
Қазақстан жер көлемі жағынан әлем бойынша 9-шы, ТМД бойынша 2-ші орынды иеленеді. Қазақ тарихта тағдыр тәлкегін аз көрмеген халық. Өз кезінде осынау кең байтақ даланы мекендеген ел халқының үштен екісін жоғалтып, өз жерінде жалпы тұрғындарының 24 пайызын ғана құраған, зиялысымен бірге ер азаматтарынан мүлде айырылып қалудың аз-ақ алдында қалған, соған қарамастан ұлттық намысын, салтдәстүрін, діні мен тілін, ұлттық болмысын ғана емес, мемлекеттігі мен жерінің тұтастығын сақтап қалған қайсар да жауынгер, кемел де кемеңгер қазақтың бүгінгі көп ұлт пен ұлысты ынтымағы мен бірлігі жарасқан тәуелсіз мемлекетін әлем танып, мойындап отыр.
Енді өз тарихымызбен қатар дүние жүзінің тарихын да оқып ғибрат, одан тиісінше сабақ алу маңызды. Тарихымызды білудің пайдасы зор. Біріншіден, адам баласы ұзақ өмір сүруді жақсы көреді. Бұл адамның жаратылысына тән. Біреуге риза болғанда да: «Өмірің ұзақ болсын, көп жаса...» - деп дұға етеміз. Өмір сүру шарттары қаншалықты күрделі болса да, адам өмір сүргісі келеді. Өйткені, өмір қымбат, жан тәтті. Көрген қиындықтары рақат-ләззаттарынан қаншама көп болса да, адам өлімді ұнатпайды, қашанда өмір сүруді қалайды. Ал тарихты оқыған адам сол дәуірден бері өмір сүргендей сезініп, одан да ләззат алады. Екіншіден, адам өмірде әртүрлі оқиғаларға тап болады. Сол сәтте не істеу керектігін білмей, шешім қабылдай алмай, абдырап қалатыны рас. Ал бұл жағдай адамды қиындыққа тіреп жаңсақ шешім қабылдауына себеп болуы да мүмкін. Егер тарихымызға ой жүгіртсек, өмірде кездескен осындай немесе соған ұқсас жағдайларды көреміз. Кейбірі жетістікке жетсе, ал кейбірі дұрыс шешім қабылдай алмай, сәтсіздікке ұшыраған. Жетістікке жеткендердің қандай әдіс-тәсілдерді қолданғанын үйренеміз және солар сияқты әрекет етуге тырысамыз. Үшіншіден, тарихты оқудан дүние-байлыққа деген құмарлық азаяды. Өз заманында әлемді билеген сұлтандар мен патшалар бүгін қандай халде! Барлығы да топыраққа айналып, құрт-құмырсқаға жем болып, сүйегі қурап-шіріп те кеткен.
Бүкіл әлемді билеген патшалардың бірі Ескендір Зұлқарнайын қайтыс болғанда, сол дәуірдің бір данышпан қариясы табыттың басында тұрып, былай дейді: «Ей, ұлы адам! Сен тірі кезіңде де бізге жақсы насихат айтып едің, бірақ ең жақсы насихатты бүгін айттың! Яғни сен былай дедің: Менің халімнен сабақ алыңдар. Кешегі күнге дейін бүкіл әлемге билік еттім, ал бүгін табыттамын. Бірнеше сағаттан кейін жерге көмілемін. Байлықтарың, мал-мүліктерің қанша көп болса да, бұл өлім сендердің де бастарыңа келеді. Ешқашан тәкаппар болмаңдар, дүниеге құмартпаңдар. Өйткені бұл дүние мәңгілік емес».
Халқымыздың да, еліміздің де тарихы аса терең. Оны бүгінгі тәуелсіз еліміздің жастары жан-жақты біліп, одан сабақ алуы әрі күнделікті іс-әрекетінде тиісінше нәтиже шығаруы тиіс. Асыл дінімізбен астасқан салт-дәстүріміз бай. Мұның озығын дамытып, байыта түсуіміз қажет. Осыған орай Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы «Дін мен дәстүр» және «Дін мен тарих тағылымы» жылдарын жариялағаны баршаға белгілі. Бұл игі бастаманы имамдарымыз өз уағыздарына арқау етіп, көптеген игі іс-шаралар атқаруда.
Ғилымбек Мәжиев,
ҚМДБ-ның аппарат басшысы
"Иман" журналы, №2, 2017
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
07.02.2017
4409
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру