
Татар халқы жәдидтік ұғымды, яғни жаңашылдықты әрдайым басты негізде ұстаған. Алғашқы жәдидшілікті қазақ жеріне жайған Гаспыралының ағартушылына дейін құран мен сүннет негізінде мешіт пен медреселердің қабырғасында ғана насихатталған болатын. Татарлардың келуімен діни насихат өзгеше өріс алып, шариғат әрбір ақынның өлеңінде, сал-серілер домбырасында жыр-термелермен уағыздала бастады. Әр саланың маманы өз шеберлігімен исламды жаюға атсалысты. Саудагер саудамен, ақын өлеңімен сүннетін сөйлетті. Ғылым мен білімді ең басты негізге айналдыруды көздеді.
Әр мешіттің жанынан бір медресе ашылып, Бұхара мен Ыстамбұлға бармай-ақ, қолы қысқалар осында өз білімдерін шыңдайтын болды. Татарлардың жаңа училищелері шартараптан қарға тамырлы қазақты осы ошақтарына жинап, дінді күллі түркі қандастар бірге меңгеруге кірісті. Түрікпен, татар, башқұрт, өзбектермен бірге қазақтар Тұран даласында қалай бейбіт күн кешкендігі осыдан-ақ еркін аңғарылады. Мағжанның пантүркілік сарындағы өлеңдері әлі күнге дейін бұған үлгілі мысал. Бірақ, бұл діннің тізгіні тек татарларда ғана болғанын білдірмейді, өйткені, сол уақытта Орынбор қаласында да қазақ мүфтилігі ашылған болатын. Алашорданың идеологиялық жүйке жүйесі осы мүфтилікті құрудан басталады.
Ал, ХІХ ғасырдың соңғы шенінен бастау алатын «Түркістан уәлаяты», «Фикир» газеті, кейіннен ашылған «Садақ», «Айқап» журналдарында жарияланған мақалалардың бірқатарлары татар тілінде жазылған. Татар молдасында сауат ашу әр қазақтың түтіні үшін үлкен мақтаныш болатын. Молда көрген, медреседе оқыған кісі баласы сауаттылықты көбіне қазақ тілімен қатар татар тілі арқылы шыңдағанын ескерсек, тіліміздің шариғи терминдері билингвисттік әсермен татар тілінен көптеп алынған. Татарлар әуел баста-ақ діни экспансияны көздеп, дін аз оқытылатын өңіргелге өздерінің білімді шәкірттерін аттандырып отырды . Осының арқасында сауатсыз ауылдарға қазақпен қатар татарлар да ұстаздық қыла бастады.
Татарлар өздерінің діни миссияларын әлі күнге дейін асқан шеберлікпен орындап келеді. Грозныйдың кезінен христиандық гегемонияға оңайлықпен берілмегендігін түсініп, бүгінгі Ресей мемлекеті әлі күнге дейін ислам дініне ашық қолдау білдіреді. Татарстан жұрты Ресейге автономды тәуелді болғанымен, рухани, діни тәуелсіз халық. КСРО-ның кезінде қазақпен қатар қаншама көсемдерінен айрылған ел жәдидтік идеологияның арқасында өз дінін берік ұстап қалды. Мешіт құлап, құран өртелгенімен, әрбір театр сахнасында қойылымдар астарлы дінді уағыздап, саудалар сүннетпен жасалып жүрді.
Күні кеше Мәскеуде сахналанған «Ұмытылған өсиет» («Затерянное завещяние») қойылымы да жоғарыда айтылған татарлардың қайраткерлік жолының жалғасы іспетті. Өйткені, кәдуілгі қойылымды тамашалауға келген мыңнан астам көрермен уағыз тыңдап, хадис үйреніп кеткенін өздері де аңғармай қалса керек-ті. Шебер режиссураның арқасында қазіргі әлемнің түкпір-түкпірінде ислам құндылықтарына қара дақ түсіріп, қолмен бұрмаланып жатқан ақпараттық кезеңнің Ресейлік құрбандары осы қойылымның себебімен іздеген сауалына жауабын алғандай болды. Мінеки, осылайша татарлар тағы да ақиқат жолында олжалы қайтты. Татар академиялық театрының ұйытқысымен ұйымдастырылған бұл қойылымға біздің отандас әртісіміз Бибігүл Ақтан да басты рөлімен атсалысты. Негізгі басым труппа татар сахнасының әртістері – кеңестік сойқан саясаттың кезінде 12 жасында құранды жаттап үлгерген Ғабдолла Кариевтің (әуелде Ғабдолла қари болатын) жаңа буын шәкірттері. Бүгінгі күні Татарстанда Ғабдолла қариды «Театрдың әкесі» деп мақтанышпен еске алады екен. КСРО әлеуетінде дінді тек театрмен сақтап қалуға болатынын білген қайраткер де сол жәдидтік ағымның жемісі болатын.
Айдар Төлегенұлы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
01.02.2017
5856
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру