
Аллаға сансыз мақтаулар болсын! Еліміз күннен күнге, жылдан жылға әр қырынан жаңаша түлеп, әрбір салада аршындап алға жылжып келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын дүйім елді аузына қаратқан діни уағызшыларға зәру едік. Қызыл сөзді оңды-соңды сілтейтін ел ішінен шыққан ділмарларымыздың діни сауаты төмен болса, білімі сойқан деген шетелден діни оқу оқығандардың тілі күрмелгіш келетін. Осы себептен де көпшілік дін мен қара сөзге жорға шетелдің шейхтеріне көбірек телміретін. Ал, қазір аузымен шоқ тістеп, жалын үрген шешен-уағызшыларымыз халықтың жүрегін тербеп, рухын тербірентетін насихаттар айтып, рухани қажеттілігімізді мейлінше қарымды өтеуде. Әлбетте, осыған жеткізген Тәңірге мың да бір тоба, Жаббар-Хаққа сансыз шүкірлер болсын дейміз!
Алаш жұртының руханияттағы бір кем дүниесі – ислам мәселелерін ғылыми тұрғыда зерттейтін арнайы институт немесе бір орталықтың болмауы еді. Бұл мәселе хақында кезінде талай дуалы ауыз зар қақсады. Бірақ, бүгінде бұл мәселе де біртіндеп өз шешімін тауып келе жатқан тәрізді. Осыдан бірнеше жыл бұрын өзіміз оқыған «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің жанынан «Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығы» ашылғанын естіген едік. Шынын айту керек, әдепкіде бұл ғылыми-зерттеу орталығының пәлендей өндіре жазған өнімін көре қойған жоқпыз. Оқта-текте ағартушылық-танымдық тұрғыда жарық көрген кітаптары болмаса, қоғамға қозғау салатындай айырықша шығарманы көзіміз шала қоймады. Дегенмен, соңғы кездері аталмыш орталық руханиятымызға сеп болар бірнеше шығармалардың томағасын сыпырды. Соның бірі көрнекті ғұлама Әли Жұманың «Муташаддидун» (Дінде шектен шыққандар) атты еңбегінің қазақ тіліне тәржімаланып жарық көруі еді.
Шейх Әли Жұма 1952 жылы Мысырда дүние есігін ашқан. Ол – он жасында қасиетті Құран-Кәрімді жаттап, Мысырдың аузын айға білеген усул-ул фиқһ, фиқһ, хадис, ақида ілімі ұстаздарынан дәріс алған. Небәрі 36 жасында «фиқһ негіздері» саласы бойынша ғылым докторы атағын алған. 2003 және 2013 жылдар аралығында Мысыр Араб республикасының муфтиі қызметін атқарды. Жүзге жуық ғылыми еңбектердің авторы. Оның ақида мен фиқһқа қатысты «Əл-Баян ли-ма яшғалу əл-əзһан», «Əл-Баян ли-ма яшғалу əл-əзһан», «Фəтауа əн-ниса», «Ақида əһлүс-сунна уəл-жамаға», «Әл-ижмағ» атты кітаптары мұсылман әлеміндегі ең көп оқылатын шығармалардың бірі десек қателеспейміз. Ал, шейх Әли Жұманың қолымызға тиіп отырған «Муташаддидун» (Дінде шектен шыққандар) атты кітабы бүгінгі таңдағы исламға қатысты ең өзекті тақырыптардың тиегін ағытып, шешімін көрсеткен қылауыз еңбек болып саналады.
«Муташаддидунде» қамтылған біздің қоғам үшін аса маңызды деген бір-екі тақырыпты тарқатып айтар болсақ.
Шейх Әли Жұма бүгінгі саясиланған «сәлафия» терминін Жамалуддин əл-Афғани мен Мұхаммед Абдуһтар байрағын желбіреткен реформация қозғалысы белең алған ХІХ ғасырдың екінші жартысында Мысыр мұсылмандарын бидғаттардан, хурафалардан (дінде негізі жоқ, дінге енгізілген жаңалықтар), жаңсақ пікірлерден ада, дұрыс исламға бағыттау арқылы түзеп, ислам дінін жаңа заман көшіне ілестіру үшін шетелдік өркениет пен ислам дінінің арасынан сабақтастық жолын іздестіру қажет деген ұранның негізінде пайда болғанын алға тартады. Сондай-ақ, «Нажд өңірінде Мұхаммед бин Абдулуаһһаб құрған уаххабилік ағым мен Мысырда жүріп жатқан реформация қозғалысы арасында ортақ пікір мен көзқарастар бар еді. Ол – дінде негізі жоқ сенімдер мен әрекеттерге қарсы күресу. Міне, осылайша сəлəф пен сəлəфия сөзі уаххабилік ағым өкілдерінің арасында да үлкен қарқынмен таралды. Тіпті, уақыт өте келе уахабия сөзінің орнына сəлəфия сөзі қолданыла бастайды. Мұндағы мақсат – Уаххаби ағымының пікірлері тек Мұхаммед бин Абдулуаһһабтан емес, сəлəфтардан бастау алады деген ойды қалыптастырып, халықты «бұл ағымды құрудағы негізгі себеп сəлəфтар ақидасын ұстанып, солардың жолын жалғастыру» деп сендіру болатын» дейді. Яғни, алғадай мұылмандардың (сахаба, табиғин, таба-табиғин) атауы болып саналатын «сәлаф» терминінің өңі қалай бұзылып, қалай саясиланғанын бұлтартпастай дәлелдеп көрсетеді.
Бүгінгі таңдағы дінбұзарлардың теріс сенімінің бірі Алла Тағалаға мекен беріп, Жаббар Хақтың затын жаратылысқа ұқсатушылық (тәшбиһ) түсінігі екені көпшілікке мәлім. Шейх Әли Жұма бұл мәселені «Муташаддидунде» терең талдап береді. Ол Алланың мекенсіз және Оның теңдессіз құдірет екенін көптеген аят-хадистер және ғұламалардың иждиһатымен түсіндіреді.
Құран Кәрім: «Ол – Алла əуелгі» (Хадид, 3).
Алла Елшісі (ﷺ): «Сен əуелгісің, Сенен бұрын еш нəрсе болған емес»(Муслим «Сахих» кітабы, 4/2084).
Әзіреті Әли (р.а): «Мекен жоқ кезде Алла Тағала бар еді, Ол қазір де солай».
Имам Əбу Ханифа (Алла оны рақымына бөлесін): «Егер Алла Тағала қайда?» деген сауал қойылса, оған: «Жаратылыстарды жаратпай тұрып, мекен жоқ кезде Алла Тағала бар еді. Мекен, жаратылыс тіпті ешнəрсе болмай тұрып та, Алла Тағала болған жəне ол бүкіл нəрсені Жаратушы» деп жауап беру қажет».
Имам Шафиғи: «Мекен болмай тұрып Ұлы Алла бар еді, Ол – мекенді жаратқан. Мекенді жаратпай тұрып əзали (басталусыз) сипатқа ие болған. Оның Өзіне тән ұлық затын өзгермейді және сипаттарында ауыспақ емес».
Имам Тахауи: «Кім Алланың сипаттарын жоққа шығарудан(нəфи), жаратылғандарға ұқсатудан (тəшбиһ) сақтанбаса қор болып, Алланы пəктеген саналмайды. Ақиқатында аса Ұлы Раббымыз жалғыздық (уахдания), даралық (фардания) сипаттарымен сипатталған. Жаратылыстардың ішінде оған ешкім ортақ емес. Шектеулерден, сүйемелдерден, мүшелерден, құралдардан пəк, барлық жаратылыстар сияқты Оған алты тарап тəн емес».
Шейх Әли Жұма жоғарыдағы деректерді бере отырып: «Ислам діні бойынша Алла Тағала ешқандай жаратылысқа, жаратылыс болмысына да ұқсамайды. Бұл сипат жирамия (мөлшерлік), ғарадия (елестік), куллия (бір тұтас денелік), жузия (бөлшектік) сынды нəрселерге қарама-қайшы жəне аталмыш ерекшеліктер Алла Тағалаға тəн емес. Жирамияға бір заттың құрамында болу сипаты, ғарадияға басқа бір заттың əсерімен пайда болу сипаты, куллияға үлкею жəн ебөлшектену сипаты тəн, жузияға кішірею жəне т.б. сипаттар тән. Егер адасқан ағым өкілі «Жаратушы иеміз – жирам, ғарад, кулл, жуз болмаса, онда Оның ақиқаты қандай?» дер болса, ислами тұрғыдан оған қайтарылатын жауап: «Алланы өзінен басқа ешкім білмейді» деген сипатта болуы керек» деп тұжырымдай.
Көріп отырғанымыздай шейх Әли Жұма Аллаға мекен беру және тәшбиһ мәселесіне қатысты алып-қосар ештеңе қалдырмайтындай етіп, өз ой-тұжырымын дәйекті бекітеді. Бұл сөз жоқ терең ізденіс пен сұңғыла зерттеудің көрінісі. Шын ғұлама өз тұжырымын осылайша ешкім дау айта алмайтындай етіп дәлелдеуі тиіс. Сонда дүниені азан-қазан қылған мәселенің көбесі сөгіледі.
Жалпы, шейх Әли Жұма «Муташаддидунде» бүгінгі күні діни талас-тартыстың тұздығына айналып отырған әһлі сунна сенімі негіздері, фиқһ мəзһабтарына еру, білімсіз, жүйесіз пəтуа беру, бидғат түсінігі, тəуассул, тəбəрік, мәуліт, зиярат, шапағат, зікір және т.б. көптеген мәселелердің ғылыми шешімді жолдарын көрсеткен. Аталмыш мәселелерге қарабайыр үңілмей, әрбір мәселенің түпкі негіздернен тартып әкеліп, мәселенің тиянағын әһлі сунна шеңберінде өрбітіп, ғылыми дәл нүктесін қояды. Әлбетте, бұл терең иірімдер мен ғылыми толғамдар ғұламаның шеберлігін паш ететіндігі талассыз шындық.
Құрметті мұсылман бауырлар! Шейх Әли Жұманың «Муташаддидун» кітабы рухани дүниеміздің молая түсуіне үлес қосатыны айпарадай анық нәрсе. Аталмыш еңбек діни ой-өрісіміздің кеңейіп, жан-сарайымыздың жадырауына сеп болады дей отырып, «Муташаддидун» кітабын мұқият оқуға шақырамыз.
Жұманазар Садырханов,
«Сәдуақас Ғылмани» мешітінің бас имамы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
09.01.2017
6760
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру