Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Иманды жан Отанын сүйеді

20.12.2016 4804 0 пікір

Тәуелсіздік! Қадірін білгенге қандай ғажап ұғым!..

«Өзін өзі білген ер – бақытты, өзін-өзі билеген ел бақытты» депті аталарымыз. Аллаға шүкір, сол бақытты елдің бірі – бізбіз! Өз тізгінімізді өз қолымызға алған бұл заман – ғасырлар бойғы аталар арманы, бабалар аманаты, сол арман-дұғаның қабыл болғандығының көрінісі...

Адамға ата-анасын таңдауға ерік берілмегендігі секілді, туған жерін таңдау еркі де берілмеген. Алайда ол өз туған жері мен елі үшін жауапты. Әсіресе мұсылман адам өз тағдырын туған елінің, отанының тағдыр-талайымен біте қайнастыра сезініп, өзін оның өркендеуіне, рухани гүлденуіне жауапкер санауы керек. Өйткені қасиетті Құранда мынандай аят бар: «Ей, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар мен руларға бөлдік. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың». («Хужурат» сүресі, 13- аят.) Ғалымдар: «Осы «Хужурат» сүресіндегі: «Бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» деген аяттың астарында өз елің мен жерің үшін еңбек ету – адамдық, мұсылмандық парыз екені меңзеледі», – дейді...

Жалпы, тобырдан ұлт, жұрнақтан жұрт қалыптастыру үшін материалдық мақсаттардан бөлек, адамдардың жүректерін жарастырып, күш-жігерін біріктіретін рухани мұраттардың қажет екені даусыз. Сондықтан «ұлт» немесе «елдік» деңгейіне көтерілу – ең әуелі, сол ұлтты құраушы адамдарды біріктіретін рухани ұйытқыға мұқтаж. Ал, адамдардың санасын нұрландыратын, дүниетанымын айқындап, жігерін жанитын қуаттың көзі – қашанда дін болған...

Шын мәніндегі дін дегеніміз – жеке тұлғаның жүрек қазынасы ғана емес, сол тұлға өкілі болып табылатын қауымның (ұлттың) да - тіл, дәстүр, тарих секілді өзекті құндылығы. Егер біз хақ дін Ислам құндылықтарын бір бөлек, ұлттық, елдік құндылықтарды бір бөлек қойып, оларды бір-біріне кереғар дүние ретінде көрсетер болсақ, онда біріншіден: өмірдің ақиқатына қарсы шыққанымыз; екіншіден: халқымыздың ділін, тарихы мен дәстүрін мансұқтағанымыз; үшіншіден: өз ұрпағымызға қиянат жасағанымыз... 

Зерттеушілер дәстүрдің діңгегі – дін екенін, дәстүр – белгілі бір сенім-нанымның тұрмыс-тіршілікке сіңісіп, қалыптасқан формасы екенін дәйектеп отыр. Байыптап қараған адам қазақ халқының салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігі Ислам қағидаларымен біте қайнасып өрілгенін көреді. Тектілік, қонақжайлылық, уәдеге опалылық, үлкенді құрметтеу, кісі көңіліне қарау секілді қадау-қадау қағидаларға құрылған салт-дәстүріміз – шариғат шартымен толық үндес... «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», «Өлімнен ұят күшті», «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі» деген ататанымымыз да бабаларымыздың ұрпағын хақ діннің киелі өрісінде тәрбиелегендігінің дәлелі...

Мысалы: «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген мәтел бар. Отанды қорғау жолында ештеңеден тайсалмауды білдіретін бұл өсиет-сөздің де атадінімізден бастау алатыны сөзсіз. Өйткені, атадініміз бес нәрсені: дініңді, ар-ұятыңды, жаныңды және ұрпағың мен дүниеңді қызғыштай қорғауды міндеттейді. Осы құндылықтарды қорғау жолында қайтыс болғандар шейіт саналады... Сондай-ақ Отанды қорғаудың сауабы туралы ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) мынандай хадистері бар: «Шекараны және Отанды қорғау үшін бір күн, бір түнгі күзет – бір ай бойы нәпіл ораза ұстап, түнімен намаз оқудан да қайырлы» (Тирмизи жеткізген); «Екі көздің иесі бар: тозақтың оты оларға тимейді. Біріншісі – Алла Тағаланы шынайы құрметтеп, көзіне жас алғандар. Екіншісі – Алла жолындағы күзетте көз ілмеген адам» (Бухари мен Муслим жеткізген)... 

Отанды сүю – халқыңды сүю, халқыңның қастерлі құндылықтарын сүю деген сөз. Ал туған елін шынайы сүю үшін адам өз ана тілін, тарихы мен дәстүрін, діні мен ділін жақсы білуі тиіс. Сондай-ақ Отанға деген сүйіспеншілік ел игілігі үшін төккен тер, жасалған жақсылықтармен өлшенеді. Әйтпесе, Мұқағаң айтқандай: «Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген...» Осы тұрғыда ұлт ұстазы Абай хакім: 

«Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,

Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.

Көптің қамын әуелде Тәңірі ойлаған,

«Мен сүйгенді сүйді» деп Иең сүйсін» дейді. Яғни, көпке қызмет қылу – Ұлы Жаратушының разылығына, сүйіспеншілігіне жеткізетін амал-әрекет екенін ұғындырады. Бұл сөздің түп негізі ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) «Адамдардың ең жақсысы – өзгелерге пайдалы болғаны» (Табарани жеткізген) деген мағынадағы хадисінде жатыр...

Негізі, Ұлттың дамып өркендеуі – оның әрбір өкіліне тікелей байланысты. Сондықтан әр ісіне зор жауапкершілікпен қарайтын, арды ақшадан, ел мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін ерлер көбейгенде ғана сол елдің гүлденетіні сөзсіз. Дініміздегі құрбандық шалу құлшылығы да осыны меңзейді... 

Иә, туған еліміздің тарихын зерделеу, тағдырымен тамырластықты сезіну; жақсылығына сүйініп, жамандығына күйіну; оның абыройы үшін тер төгу – қастерлі парызымыз, асыл мұратымыз! Расында, Отан үшін күрес – ерге тиген үлес!..

«Мәңгілік ел» идеясын алға шығарып жатырмыз. Түсінгенге мәңгілік деген – бақидың өлшемі, яғни Ақыреттен кейінгі ғұмыр... Ендеше, еліміздің тәуелсіздігі Қиямет-қайымға дейін жалғассын, халқымыз – Жұмақтық халықтардың қатарында болсын!..

 

Нұржан Таласұлы

Алматы қаласы «Таугүл-3» мешітінің бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру