
Салтпен байланысқан өлеңдердің бір алуаны дін салты, дін нанымымен байланысқан өлеңдер. Қазақта бұл өлең екі жікке бөлінеді:
1) Ескі діннің сарқыты болған өлең.
2) Ісләм дініне байланысқан өлеңдер.
Алғашқы жікке кіретін наурыз жайындағы сөздер мен бақсылардың сарыны.
Наурыз. Наурыз күн шығыс халқының көбінің мейрамы болған. Солардың ішінде, әсіресе көшпелі түріктер арасында ең қадірлі, ең ұлы мейрам болып саналған. Наурыз – бақташылық кәсібіне салынған елдің кәсіп мейрамы. Бүгінгі мал баққан қазақ сияқты, бұрынғы бақташы елдің барлығында амандық тоқтығы, бар тіршілігі табиғаттың жалаңаш құшағында болған. Ауа райы барлық тілек пен тіршіліктің қожасы. Сондықтан жақсылық, жаманшылық жіберетін қорқынышы да, үміті де бір аспанға байланғандықтан, аспанды "Тәңірі" деп, соны ұлы құдай көру ең ескі діндердің бәріне бірдей жайылған наным болатын.
Қыс кетіп, күн шырайы түзелген кезде, тәңірдей құдай ел тіршілігіне кеңшілік әкелді деп есептеледі. Сондықтан жазғытұрым, наурыздың кірген күні – жаңалық күні. Ескі ауыртпалықтың барлығы қыспен бірге кетіп, енді жаңа үміт, жаңа тіршілік есігі ашылған күн. Кәсіпке келген кеңшілік, шаруа соңындағы елдің де арқасын кеңітіп, бел асыратын, көңілін көтеретін. Сонда алты ай қыс қабағын түйіп, әлденеге соғары белгісіз болып келген тәңірідей иесінің иген күнінде ел де ағытқан қойдай жамырасып, көрден шыққандай жылап көрісіп, қуанышты келешекке үміт артып, бас қосатын.
Бұл мейрам, бері келген кезде, өнер тапқан елдер үшін бұрынғы жанды қызуынан айырылса да, қазаққа, соңғы заманға шейін мағынасын жоғалтқан жоқ. Сондықтан қазақ елі ұлы істің ұлы күнін көтерілген қуанышпен қарсы алатын. Өзге мейрамдардың ішінде жалпақ елдің нық байланысы бар мейрам осы болатын.
Бірақ берірек келгенде, ол мейрам ескі дін нанымының белгісін жоғалтпай, ылғи ескілікке елдің наным, ұғымын жабыстыра берген соң, ісләм дінінің үгітшілері жоғалтуға тырысқан. Сонымен өте ескі замандағы бағасы, бері келген сайын, кеми бастап, соңғы кезде мейрамдық бағасы да әлсірей берді. Бізге қазақ ескілігіндегі әдебиет жұрнағын ісләм дінінен арғы жерден жинау тіпті қиын. Осы күнде ол ескіліктердің ізі қалмай жоғалып кетті. Сондықтан наурыздың да дәл өз кезіндегі салтқа кірген дұғалық сияқты көп өлеңдері ұмытылған. Бүгінде ісләмнің қалың сүзгісінен өтіп келген болымсыз жұрнақтарына қарап қана арғы заманға болжау жасауға болады.
Қазіргі наурыз жайындағы сөздер сол күндегі ырымды, сондағы амандасу, көрісу сияқты ұсақ салтты, сол күндегі тілекті ғана білдіреді. Бірақ нағыз мейрамның өзіне арналған өлең әзір қолға түскен жоқ. Түсуі қиын да сияқтанады. Бүгінгі наурыз жайындағы өлеңдер мыналар:
Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алсаң
Сонда олжалы жол болар, –
деген ескі мақалды өлеңдер.
Және:
Ұлы істің ұлы күнінде,
Бай шығады балбырап.
Қасында жас жеткіншек,
Тұлымшағы салбырап.
Бәйбіше шығар былпиып,
Күндіктері қайқиып
Келіншек шығар керіліп,
Сәукелесі саудырап.
Қыз шығады қылмиып
Екі көзі жаудырап,
Ақ бөкендей сырқырап,
Құл құтылар құрықтан.
Күң құтылар сырықтан.
Кетік ыдыс шөміштің
Түтіні кетер бұрқырап.
Амансыз ба, ұлыс оң болсын!
Ақ мол болсын, қайда барса жол болсын!
Кейбірі:
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!
Және:
Ұлыс күні кәрі, жас,
Құшақтасып көріскен.
Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамырасып өріскен.
Шалдар бата беріскен.
"Сақтай көр" деп терістен.
"Кел, таза бақ, кел!" десіп,
"Ием, тілек бер!" десіп...
"Көш, қайрақан, көш!" десіп!
"Көз көрместей өш!" десіп...
Және:
Есік алды қара су бойлағаным,
Жалғанның қызығына тоймағаным.
Көмілсе де кетер ме көкейімнен
Қалқаммен ұлыс күні ойнағаным,
Наурызды қосқан ескінің бір өлеңі.
Кіші жүз Шақшақ Жәнібек кенже қызын бір досының баласына берген43. Жәнібек өлгенде, сол қыз келіп әкесін жоқтапты. Соның ішінде наурыз турасында мынадай өлең келеді:
Айналайын, әкекем!
Неге бердің кедейге?
Қанша ақылды десең де,
Кедейді кедей демей ме?
Байға берсең, әкекем!
Қазысы қарыс айғырды,
Сүбесі сүйем қошқарды,
Ұлыс күні соймас па ем?
Тамам сорлы тоймас па ең?
Жұп шырақ жағып қоймас па ем.
Мұнда, баяғы заманда, ұлыстың ұлы күні қалың елдің жаңа тілек тілейтіні көрінеді. Жұп шырақ жағу, кетік аяқ, кетік шөміш сындыру, көріскенде: "таза бақ, кел" деп, "Көш қайрақан, көш" деп аластау барлығы да сол заманның тілегі. Ескіліктің ізін сақтаған, ескі күнде аман болып, бүтін болып қалмай, сынып, жарылып қазаға ұшыраған нәрселер болса, оның бәрінде ескі күннің сарқыты қалуға мүмкін. Онда иесіне арнаған жаманшылық сөз сақталып қалуға лайық. Сондықтан кетік ыдыстар сындырылады. Жұп шырақ жағам дегені аспаннан соңғы сенгені от. Оттай иеге арналған тілек. Бұлардан басқа төрт көз итті өлтіру, моғал ошақ қазу болған. Барлығы да сол замандағы дін мейрамының шартынан туған, көпке бірдей салт. Сол күні не істелсе, барлығы да арнаулы өлеңмен, арнаулы тілек сөздермен істелу керек. Бірақ сол сөздің бірде-бірі қолда болмағандықтан, сол турадағы сөзді шала қалдырамыз.
Бақсылардың сарыны. Ескі дін, ескі нанымның сарқыты болған өлеңдердің бірі – бақсылардың сарыны. Мысалы Жаман бақсының сарыны44.
Уай, терегім, терегім!
Бір күніме керегім.
Бейбақтың оты жанбайды,
Бейшараның үйіне,
Шақырса қонақ қонбайды.
Арам ойлы жігіттің
Жүрсе жолы болмайды.
Арық атқа қамшы ойнар,
Жыртық үйге тамшы ойнар,
Көбік қарда түлкі ойнар,
Қаулан көлде жылқы ойнар,
Аталы ұлдың қолы ойнар
Шешесі өлген жетім қыз,
Ол сорлының басында
Сірке менен бит ойнар.
"Мен, Жаманның ұлы Шақармын,
Көпті көрген мақармын!"
Ойбай да терек, уай терек!
Маған бір бәле тақалдың.
Жамансарт бақсының сарыны:
Болат бір пышақ жанға қас,
Қып-қызыл талға қинаса,
Ер жалғыз үй қонбайды
Қатын бір шәйпау болмаса.
Оңалтпақ дүние жоқ екен,
Ту жығылып құласа,
Айғыр айтып, ат айтып,
Ағайыны аңыраса.
Сонда да тәңірім қоймайды-ау,
Алуына ұнаса.
Әсіре бір таудан жол салған,
Қойқаптан барып жол алған,
Көкте екенін көрмеген,
Жерде екенін білмеген,
Аласа бойлы жатаған,
Ажырыққа түйе матаған.
Әкесі өліп ас беріп,
Алпыс бір ала қоңыз атаған.
Жарғыш, жында сен арсыз,
Бейбақ, адамзатта мен арсыз".
Берікбай бақсының сарыны:
Ал періңмін-періңмін,
Періленген серіңмін.
Қалың бір әйтек ішінде,
Аз ауыл Бәкең болса да
Таңдап бір қонған жеріңмін.
Өзім бір деген кісіге
Өзегімді берермін.
Егескен жауым кез болса,
Ауызы бір қанды бөріңмін.
Кекіліктей жорғалап,
Қара бір қаным сорғалап,
Алладан әмір келгенше,
Өстіп бір жүріп өлермін.
Бақсы сарыны арнаулы күймен қобызға қосылып айтылады. Күй ән, жырдан бөлек. Ертеден келе жатқан күңіренген, толғанған суық сарынды боздауық күйлер. Көп бақсының жын шақырғанда тартатыны "Қорқыт күйі". Бақсы атаулының барлығы да қобызбен Қорқыт күйіндей45 жат сезімді күйлерді тартқан соң, соған дағдылы сарын сөздерін қосып сарнаған соң, күйіне келеді. Күй мен сарын бақсының сүйеуі; қызулы, толғақты халге жеткізіп, көреген сәуегей қылуға себеп болатын ең үлкен шарты. Сондықтан өзгеден бөлек күй мен өзге өлеңдерден бөлек сарын өлеңі бар.
Бақсының сарынында сөз қуаты ерекше күш алғандай болады. Сөздерінің бірі мен бірінде байланыс аз болса да, әрбіреуі кезек-кезек болып, түйдектеліп түсіп отырады. Сипат сөзінің барлығындағы салыстырған суретті қайдағы қиынынан, жат жерден, ойда жоқ белгісізден алады. "Жетпіс бұрқан жалмаған, жаман құлақ мәуленім-ау", "уай монтаным -аю тері қалталым", "әсіре бір тау жол салған, қойқаптан барып жол алған... әкесі өліп, ас беріп, алпыс бір ала қоңыз атаған" деген сияқты. Кейде: "өзім бір деген кісіге өзегімді берермін, егескен жауым кез болса, ауызы бір қанды бөріңмін".
Кекіліктей жорғалап,
Қара бір қаным сорғалап,
Алладан әмір келгенде,
Өстіп бір жүріп өлермін.
Міне, осы сияқты сөздердің барлығында өзге сөздерден бөлек, сиқырлы жынша суық құбылыстар бар. Шынында, шалқыған оттай талайды шарпып өтетін, жаланып лаулағандай екпін сезіледі. Сондықтан бар сөздері көп нәрсені көктеп өткендей аттап түсіп, ырғып ортқып, ойнақы болып отырады. "Бейбақтың оты жанбайды, Бейшараның үйіне шақырса қонақ қонбайды", "арық атқа қамшы ойнар, жыртық үйге тамшы ойнар, көбік қарда түлкі ойнар, қаулан көкте жылқы ойнар, шешесі өлген жетім қыз, ойбай сорлы, оның басында сірке менен бит ойнар...", соның артынан кідірместен: "ойбай да терек, уай терек, маған пәле тақалдың" дейді. Қаншалық сөзіндегі суреттер біріне-бірі үйлеспейтін, жат болса да осының бәрін сабалап, бастырмалап, айдап келе жатқан бір күш бар. Ол күш бақсыны кернеп, буып, қыздырып келе жатқан жыны.
Сондықтан біріне-бірі үйлесіп, байланыспаса да, өз бетінде кесек болып келетін асау сөздер, бір бөлек жайын қуаттай болып, ортқып түсіп отырады. Сондай кесек бітімді сөздер ғана "Терек", "Жарғыш", "Толыбек" сияқты жындарды бақсымен тіл қатуға алып келеді. Суық сезімді күй қобыздан шығып толғантқандай зарланып аңыраған кезде, бақсының сөзі қыздырмалап, аттатып, онды-солды жаланып, лаулаған кезде ғана жын келеді.
Бақсылық – ескі діннің сарқыты. Бұрынғы кездегі бақсы көмескіні болжайтын сәуегейлігіне қарап, өз дінінің пайғамбар әулиесі сияқты болған. Ол кезде бақсы болжал айтса "Аспан" сияқты құдайлармен жасырын елшілер арқылы жалғасады, тіл алады деген сеніс болған. Бері келгенде ел сол елшінің бәрін бекер дей алмаған. Бірақ бұрынғы наным бойынша, ол елші қадірлі, қасиетті сипатқа ие болса, бері келіп мұсылманшылық жеңген соң қараңғылық, жамандық белгісін білдіретін жиренішті заттар болып, жын деп аталған. Барлық бақсылық мұсылмандық көзімен қарағанда дұрыстық жолына қайшы келетін, адамшылыққа қас, табиғаттан шығатын сияқты болған. Сол себепті бақсының барлығының түп иесі – шайтан, пері сияқтылар деп, бұрынғы діннен қалған нанымның барлығын бергі мұсылманшылық заманындағы жаманшылық иелеріне апарып қосақтап қойған.
Бақсының барлығында, үнемі айтатын арнаулы сарынымен бірге үнемі аты аталатын, сол бақсының өзіне ғана серік болып жүретін арнаулы жыны болады. Жоғарыда айтылған "Терек", "Жарғыш", "Толыбек" тағы сол сияқты толып жатқан жындардың әрқайсысы – әртүрлі бақсының айрықша белгісі, ерекше меншіктісі. Сондықтан сарынның ішінде "Уай, терегім, терегім" десе не болмаса "қойқаптан барып жол алған", "көкте екенін білмеген, аласа бойлы жатаған, ажырыққа түйе матаған" десе барлығында "Теректей", "Жарғыштай" жындарын айтады.
Берірек келген заманда көп бақсылар: "жынның ішінде тазасы бар, мұсылман жын, кәпір жындары бар" деп, екіге айырып келіп, мұсылман жынға сыйынамыз деп, барлық пайғамбар, әулиелер аруақтарды шақырып, сарын айтатын болған. Бұл бақсылық негізі әлсіреп, құлауға айналған соң, жаңа заман ағымына бойсұнып, мұсылмандыққа ауыл-үй қонып, бітім жасамақ болғаны. Мұны бақсылықтың жоғалар алдындағы азғындаған кезі деп есептеу керек.
Дін өлеңдерінің ендігі бір түрі – ісләм дінімен байланысқан өлеңдер. Қазақта мұндай өлеңдердің түрі көп емес, бірен-саран аз ғана. Мысалы, жарамазан, бата беру өлеңдері сияқты.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
14.12.2016
11489
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру