Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЖӘННАТ ПЕН ТОЗАҚ

02.12.2016 30115 0 пікір

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Дүниедегі тіршілік атаулының ғұмыры Жаратушының әу баста тағдырға жазған мөлшерімен өлшенеді. Ешкім де сол межеден не артық, не кем өмір сүре алмайды. Пенде өзіне бұйырылған ризық-несібесіне қол жеткізіп, дәм-тұзы таусылған соң пәни өмірмен қош айтысып, мәңгілік өмір сапарына көш түзейді. Себебі, өмірді де, өлімді де жаратушы – бір Алла. Әрбір кеудесінде жаны бар тіршілік иесі өліммен бетпе-бет келері хақ екендігі қасиетті Құранның «Имран» сүресінде: «Әркім өлімді татады» («Али Имран сүресі», 185 аят) деп тайға басқан таңбадай анық айтылады. Әрине, бұл ойлы жанға үлкен сабақ. Сонымен қатар, Құранда өлімнің уақыты да Алланың иләһи ілімімен белгіленіп қойғандығы жөнінде айтылады: «Біз араларыңда өлімді белгіледік. Бізден ешкім оза алмайды» («Уақиға сүресі», 60 аят). Пенденің тағдырында жазылған ажал сәті келгенде, Әзірейіл періште оның жанын бір сәт те болсын кешіктірместен алады. Өлімнің уақыт сәті таянғанда ешқандай кешігу немесе ерте кету деген ұғымның әсте болмайтындығын мына аяттардан білеміз: «Әрбір адамның ажалы бар. Оларға ажал келген кезде, бір сағат бұрын және кейін кешік тірілмейді» («Ағраф сүресі», 34 аят).

«Қашан біреудің ажалы келсе, Алла оны әсте кешіктірмейді» («Мунафиқун сүресі», 11 аят). Демек, пенденің тағдырына жазылған дәм-тұзы біткенде оны өлімнен ешқандай күш ұзарта да, арашалап қала да алмайды. Әбу Хурайра (р.а.) дүниеден өтерінде: «Өмір сүріп, азық жинадым. Азығым амал, жүретін сапарым ұзақ. Сол азығымның қай жерде аяқталатынын білмеймін. Ол не тозақ, не жәннат болады», – деген екен.

Жәннат пен Тозақ – Алла Тағаланың патшалығында Қиямет күні күтетін мекендер. Бұлар Жаратушы хикметі, адамзаттың үміті пен үрейі. Олардың хақтығын Құран Кәрімдегі керемет аяттар мен Пайғамбарымыздан (ﷺ) келген хадистер айқын дәлелдейді. Бұл мекендердің барына сенбегендер – Алланы танымағандар. Бұл мекендер ғайып болмайды, ешқашан жоғалмайды, мәңгілігін тоқтатпайды. Иман етіп, ізгі амал жасағандар Алла Тағала кеңшілігімен жәннатқа кіреді. Ал, иман етпей, күпірлікпен күн кешкен адам Алла Тағаланың әділдігімен тозаққа түседі.

Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.) былай дейді: «Пейіш пен тозақтың растығына сенеміз. Пейіш - мүміндер үшін, ал тозақ - кәпірлер үшін жаратылған. Олай деуіміздің себебі, Алла тағала мүміндер жайында: «...тақуалар үшін әзірленген жәннатқа жарысыңдар, кеңдігі - жер мен көктей», - десе, кәпірлерге қатысты: «кәпірлер үшін әзірленген тозақтан қорқыңдар...» - дейді. («Әли Имран сүресі», 131-133 аят; «Бақара сүресі», 24-аят;.) . Алла тағала пейішті (адамдарды) жарылқау үшін, ал тозақты жазалау үшін жаратты.»

 Жәннат пен тозақ жөнінде имам Тахауи: «Пенде жәннатқа Алла Тағаланың кеңшілігімен ал, тозаққа әділдігімен кіреді. Пайғамбарымыз (ﷺ) : «Алла Тағаланың рахымынсыз ешкім жәннатқа кірмейді,-деді. Сонда: Уа, Алла елшісі! Сіз де ме? – деді. Пайғамбар (ﷺ): «Иә, мен де. Тек егер Алла тағала рахымына бөлесе ғана», – деді. Сонымен қатар: «Пейіш пен тозақ жаратылып қойылған. Ол екеуі жойылмайды әрі ғайып болмайды. Шынында Алла Тағала пейіш пен тозақты жаратты. Және жәннат иелері мен тозақ иелерін де жаратты. Қалаған пендесін жәннатқа кіргізеді, бұл оның кеңшілігі болмақ. Әділеттілігіне сай қалағанын тозаққа кіргізеді...» [1]

Мәтуриди ақида мектебінің ғұламасы Әбу Муъин ән-Нәсәфи былай дейді: «Әһли сүннет уәл жамағат сенімі бойынша, Алла Тағала пейіш пен тозақты жаратып қойды. Екеуі ешқашан жоқ болмайды. Өйткені, бірі - жарылқауға кенелетін орын, екіншісі - жазаланатын жер...»[2]

Ал, Мұғтәзилә ағымының бір тармағы болып есептелетін «Абадия»[3] ағымы және Жәһмия ағымы[4] бойынша, Алла Тағала жәннатты да, тозақты да әзірге жаратпады. Жәннат иелері мен тозақ иелерін жаратпай тұрып, ол екеуін алдын ала жаратып қою – Алланың даналығына теріс дейді. Бұған Әбу Ханифа жауап ретінде былай дейді: «Ол екеуін әлі жаратылмады дейтін адамға былай деп айтуға болады: «Ол екеуі «нәрсе»[5] ме, жоқ па? (Ол екеуінің «нәрсе» екендігі анық). Ал Алла Тағала: «Біз әр нәрсенің Жаратушысымыз», - дейді. (Демек пейіш пен тозақтың да жаратылып қойғандығын айтуға болады). Тағы бір аятта: «Біз әр нәрсені өлшеммен жараттық», - деген... Ол екеуі ешқашан жойылмайды. Шынында Алла Тағала пейіштің нығметін сипаттай келе: «Таусылмайтын және шектелмейтін», - деп айтады. (Нығметі шектелмейтін пейіштің де, жойылмауы заңды)[6]. Жәһмия мен Аббадия ағымдағылар тағы да былай дейді: Бұнымен қатар, ақырзаман келгенде аспан мен жердің астаң-кестеңі шығатыны мәлім. Бұл дегеніміз - олармен бірге жұмақ та, тозақ та жоқ болады деген сөз емес пе?!. Бұған жауап ретінде Әһли сүннет ғалымдары: «Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сырнай шалынған күні, Алланың өзі қалаған жаратылыстарынан басқаның бәрі өледі...», - дейді. Осы аятта «Алланың өзі қалаған жаратылыстарынан басқа» - дей келе, пейіш пен тозақ секілді кейбір жаратылыстар Алланың қалауымен ақырзаман сәтінде жойылмайтындығына ишара етіліп тұр. Оның үстіне, астаң-кестеңі шығатын ол - аспан әлемі. Пейіш аспан әлемінен тыс жерде орналасқан жоқ па?!

Адамның тозаққа кіруі – Алла Тағаланың зұлымдығы емес, керісінше әділдігі. Өйткені, адамға иман ету таңдауы берілген. Сондай-ақ, иман мен Алла әмірін тәрк етіп және тыйым амалдарды істегенге азап бары ескертілген. Сондықтан азаптау – Алла Тағаланың әділдігі мен хикметі»,-деп жазады. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Жәннат тұрғындары өлмейді, қартаймайды, олардың киімдері тозбайды және жастық шақтары өтпейді»,-деп айтқандай осы екі мекеннің тұрғындары да мәңгі жасайды. Демек, жәннат пен тозақ жаратылған, бұл екеуі ешуақытта жоқ болып кетпейді.

Жәннат - мүминдердің мәңгілік бақыт мекені. Қияметте ақырет күнінің есебінен абыроймен өткендер сырат көпірінен де жеңіл өтіп, өздеріне уәде етілген мекендері жәннатқа кіреді. «Жәннәт» сөзі – бау- бақша, жанға жайлы саяжай деген ұғымды білдіреді. Ол – мүминдердің мәңгілік мекені болғандықтан, онда Алланың мүмін құлдарына сыйлаған шексіз нығметтері бар. Жәннатты елестету, нақты суреттеу, қиялға салу мүмкін емес. Жалғанда оған теңдес дүние жоқ. Жәннатта астынан өзендер ағып жататын зәулім сарайлар, түрлі-түсті жеміс-жидектер, сан алуан тағам түрлері, яғни адам қажеттілігін қанағаттандыратын ғажайыптардың барлығы бар. Жәннаттың басты ерекшелігі онда өлім жоқ, тек мәңгілік жалғасатын ләззатты өмір, бақыт һәм қуаныш бар. Мұншалықты нығметті Алла өзіне иман етіп, әмірі мен тыйымдарын бұлжытпай орындаған пенделеріне ғана нәсіп етеді. Жәннаттың таңғажайып асыл мекен екендігі Құранда да ап-айқын баяндалады: «Иман келтіріп, ізгі іс істегендерді қуандыр! Расында олар үшін астарынан өзендер ағатын жәннаттар бар. Әрқашан оларға оның жемісінен бір ризық берілсе, олар осы бізге бұрын да беріліп еді деп айтады. Тағы соншасы беріледі. Әрі олар үшін тап-таза жұбайлар бар. Олар онда мәңгілік қалады». («Бақара сүресі», 25 аят). Сонымен қатар «Жемісі қатар-қатар банан ағаштарының (ішінде), һәм (мәңгі) созылған көлеңкеде, және ағып жатқан судың (қасында), «әрі көл-көсір жемістің (арасында), таусылмайтын әрі тыйым салынбайтын (жемістердің), сондай-ақ биік төсектерде», – делінген («Уақиға» сүресі, 29-34-аяттар).

 Жәннаттағы адамның қиялы жетпейтіндей өте әдемі де сүйкімді, қараған сайын көздің нұрын алатындай тартымды өзге де нығметтердің бар екендігін мына бір хадистен білеміз: «Алла былай дейді: «Мен Салих құлдарым үшін жәннатта ешбір көз көрмеген, бұрын-соңды ешбір құлақ естімеген, ешбір адамның ойына кіріп-шықпайтын кейбір нығметтер дайындадым» [7] . Мүминдер үшін жәннаттағы ең үлкен нығмет – Алланың разылығын алу мен Оның дидарын көру. «Тәубе» сүресінің 72-аяты да осыны меңзейді: «Алланың разылығы – (жәннаттың барлық нығметтерінің) ең үлкені. Міне, осы – ең үлкен табыс, қол жеткізушілік». Жәннат тұрғындары жұмсақ мінезді, ашық жарқын болады. Тұрғындары үшін ең басты игілік – Алла Тағала уәде еткеніндей, ең бір қайырлы жұма күнінде Оның дидарын көру! Пайғамбарымыздан (ﷺ) жеткен хадистерде былай делінген:«Күндердің ең абзалы – жұма күні. Бұл күні Адам атамыз жаратылған. Және осы күні жәннатқа кіргізілген. Әрі осы күні одан шығарылған. Қиямет те осы жұма күні болады» [Муслим]. Жәннатқа алғаш болып Мұхаммед (ﷺ) пайғамбар, сосын сахабалары енеді. Оларды бастап кіретін Әбу Бәкір Сыддық. Одан кейін Аллаға ерекше сенім білдірген, Одан айрықша қорыққан, елді әділ басқарған, ақиқатты адал ұстаған, ізгі амал жасағандар, есеп берместен енеді. Олар Жәннатқа сапқа тізілгенде, ешбіреуі бірін-бірі басып озбайды. Жүздері толған айдай жарық әрі нұрлы болады. Жәннат төрінің «Уәсила» деген атауы бар. Онда тек қана бір адам, яғни Алланың қалауы түссе, Оның Елшісі, таңдаулысы Мұхаммед (ﷺ) пайғамбар отырады. Ал, одан кейінгі жоғарғы сатыларды Алла жолында шахид болғандар иеленеді. Жаратушы раббымыз мүминдерге мәңгілік жәннатты сүйіншілеп Құранда түрлі есімдермен атаған.

- Әл-жәнна (жүмақ, мекен)

«Олар: ‘Жәннатқа Яһуди немесе Христиан кіреді’ деді. Бұл олардың өз ойлары ғана. Айт : егер сөздерің шын болса, дәлел келтіріңдер де.»- («Бақара сүресі», 111-аят).

- Әл-хусна (игілік мекені)

«Мүміндерден себепсіз соғысқа шықпай отырушылармен Алла жолында малдары және жандарымен соғысушылар тең емес. Алла малдарымен, жандарымен соғысушыларды дәрежеде арттырады. Сондай-ақ барлығына да игілік уаде етті. Және соғысушыларды отырушылардан үстем кеңшілікке бөлеп, ірі сыйлық берді.»-(«Ниса сүресі», 95-аят).

- Жәннатун- нағим (ныметтерге толы жәннаттар)

«Егер кітап иелері иман келтіріп, тақуалық қылса еді, әлбетте олардың Нағим жәннатына кіргізер едік.»-(«Мәида сүресі» 65-аят).

- Жәннату адн (турақтылық пен мәңгіліктің жәннаті)

«Алла мүмин ерлер мен мүмин әйелдерге астарынан өзендер ағатын, олар онда мәңгі қалатын бақшалар және Ғадын жәннатында, көркем орындар уәде етті. Ал Алланың ризалығы өте зор табыс. Міне осы үлкен қол жетушілік.»-(«Тәубе сүресі», 72-аят).

- Жәннату хұлд (мәңгіліктің жұрты)

« Айт: Осы азап жақсы ма? немесе тақуалар үшін сыйлық әрі барар орын түрінде уәде етілген мәңгілік жәннат жақсы ма?- де.»-(«Фұрқан сүресі», 15-аят).

- Фирдаус (әр нәрсені қамтитын жәннат бағы)

«Расында иман келтіріп, жақсы іс істегендер үшін Фердәуіс жәннаты, қонақ үй болады.»-(«Кәһф сүресі», 107-аят).

- Дәрүс-сәлам (есендік жұрты)

«Оларға Раббыларының қасында есендік жұрты бар. Істегендері себебті Алла, олардың досы.»-(«Әнғам сүресі», 127-аят).

- Дәрүл мұқама (мәңгі тұратын жер)

«Ол өз кеңшілігінен бізді тұрақты орынға орналастырды. Бізге бұл жерде шаршау да жалығу да болмайды.»-(«Фатир» сүресі, 35-аят).

- Жәннатул мә’уә (шәһидтер мен мүминдердің панасы және қонақжайлы болған жәннат)

« Тұрақтау ағашының жанында. Оның қасында Мәуа жәннаты бар.»-(«Нәжім сүресі», 14-15аят).

- Дәрүл мүттақин (тақуалар жұрты)

« Сондай Алладан қорққандарға: Раббыларың не түсірді?-делінсе, олар: «игілік»- дейді. Сондай-ақ жақсылық істегендерге бұл дүниеде жақсылық бар. Әрине ақырет жұрты тағы жақсы. Әлбетте тақуалардың қонысы қандай жақсы.»-(«Нахыл сүресі» 30-аят).

- Жәннату ғалиә (көтеріңкі жәннат)

« Көтеріңкі жәннатта болады. Жемістері төгіліп тұрады.»-(«Хаққа сүресі», 22-23аят).

- Әл-мақамүл-әмин (қауыпсыз мекен)

«Шын мәнінде тақуалар қауіпсіз бір орында болады.»-(«Дұхан сүресі», 51-аят).

Пайғамбарымыз (ﷺ) жәннат пен тозақты миғрәж түнінде өз көзімен көрген әрі ол жайында мына хадистерінде айтып кеткен. Пайғамбарымыз(ﷺ) былай дейді: «Жәннаттың ортасында бір өзен көрдім. Арштың жоғары жағынан өтетін бұл өзеннен су, сүт, хамр (жәннат шарабы) жəне бал бір-бірімен араласпай ағады. Ол өзеннің жағасы хризолиттен жасалған. Ішіндегі тастар асыл, балшығы хош иісті, шөптері гүлдерден еді. Айналасына күміс ыдыстар қойылған, саны көктегі жұлдыздардан да көп болатын. Маңында құстар жүрді, мойындары түйенің мойнындай еді. Кім сол құстардың етін жеп, сол өзеннің суын ішсе Алла тағаланың разылығын алады. Жəбрейілден(алейһиссалам): “Бұл қандай өзен?” деп сұрағанымда: “Кəусəр. Алла тағала оны сізге берді. Сегіз жәннатта болған бақшаларға су осы Кəусардан ағады” деді. Ол өзеннің жағасынан шатырлар көрдім. Барлығы маржандар мен жақұттардан жасалған еді. Жəбрейілден сұрағанымда: “Сіздің əйелдеріңіздің орны” деді. Ол шатырларда хурилерді (жәннат қыздарын) көрдім. Жүздері күндей жарқыраған, барлығы қосылып бəсең дауыспен өлеңдер айтып отырды. Олар: “Біз қуаныштымыз. Бізге ешқандай да қайғы келмейді. Біз жасанып алғанбыз, ешқашан көріксіз болмаймыз. Біз жастармыз, ешқашан қартаймаймыз. Біз көркем мінездіміз, мүлдем ашуланбаймыз. Біз əрдайым осылаймыз, ешқашан өлмейміз” дейді. Бақыт сарайлары мен талдарына дейін жетіп, олардың дауыстары барлық жерге таралады. Əсемдігі соншалық, ол дауыс егер дүниеге келсе дүниеде ешқандай өлім мен қиыншылық болмас еді. Жəбрейіл(алейһиссалам): “Бұлардың жүздерін көргіңіз келе ме?” деп сұрады. “Иə” дедім. Бір шатырдың есігін ашты. Қарадым. Сондай көркем келбеттерді көрдім, олардың сұлулығын өмір бойы айтып өтсем де тауыса алмаймын. Жүздері сүттен ақ, беттері жақұттан қызыл жəне күннен де нұрлы еді. Терілері жібектен жұмсақ, айдай жарқыраған, иістері хош еді. Шаштары қара, біразынікі өрілген, кейбірінікі жиналған, кейбірінікі бос жіберілген, отырса шатырдай төгіледі, тұрса аяғына дейін жетеді. Əр қайсысының алдында бір қызметші бар еді. Жəбрейіл “Бұлар сіздің үмметіңіз үшін” деді».

Жәһәннам –дінсіздер мен имансыздардың мекені. Сырат көпірінен өте алмаған пенделердің тозақ отына лақтырылатындығы белгілі. Мәселе солай болғандықтан жәһәннәм кәпірлер мен мүшріктердің және мунафиқтардың мәңгілік азап шегетін мекені. Ал, күнәһар мұсылмандар істеген күнәларының деңгейіне қарай жәһәннамда соның жазасын тартып, жүрегіндегі әдепті иманының арқасында Алла қаласа соңында жәннатқа барады. Тозақтың қандай екендігі, имансыздардың онда қалай жазаланатындығы Құранда жанжақты кеңінен баяндалған. Алла Тағала былай дейді: «Расында, Алла кәпірлерге лағнет етті. Және оларға жалындаған тозақ әзірледі. Олар онда мәңгі қалады. Не дос, не көмекші таба алмайды. Олардың беттері от ішінде аударылатын күні: «Әттең! Бізге не болды? Аллаға бой ұсынып, пайғамбарына көнген болсақ еді», - деді» («Әхзаб» сүресі», 64-66-аяттар)

Пайғамбарымыз(ﷺ) миғраж түні: «Сегіз жәннаттың бау-бақшасын жəне əр түрлі нығметтерін көрдім. Жәһәннам мен оның қабаттарын да көрсем деп ойладым. Жəбрейіл (алейһиссалам) қолымнан ұстап, тозақтың ең үлкен періштесі Маликке апарды. “Ей, Малик! Мұхаммед (ﷺ) дұшпандардың жәһәннамдағы орнын көргісі келеді (Оған жәһәннамды көрсет)” деді. Малик жәһәннамның қабаттарын ашты. Жеті қабаттың барлығын көрдім.

Жетінші қабат «Хауиә» деп аталады. Оның азабы басқа қабаттардан қаншама есе ауыр болады. Маликтен: “Бұл қабатта қай тайпа азапталады?” деп сұрадым. Малик: “Перғауын, Қарун жəне сенің үмметіңнің мұнафиқтары азапталады” деді.

Құран Кәрімде: «Ал, енді біреудің таразысы жеңіл тартса, онда оның орны «Һауиә» болады. Ол һәуиәнің не екенін білесің бе? Ол – жалындаған от»,-делінген. («Қариға сүресі», 8-11 аяттар)

Алтыншы қабат «Лази» деп аталады. Ол жерде мүшріктер (еш діні болмағандар) азапталады.

Алла тағала Құран Кәрімде: «Әсте олай болмайды! Шын мәнінде ол тозақ, жалындаған от. Теріні сояды»,– деп ескертеді.( «Мағариж сүресі», 15-16 аяттар)

Бесінші қабат «Хутамə» деп аталады. Ол жерде отқа, сиырға табынғандар, буддисттер азап көреді.

Құран Кәрімде: «Олай емес, әлбетте ол «Хутамәға» тасталады. Хутамәның не екенін қайдан білесің? Ол – Алланың жағылған оты. Сондай жүректерді шалатын. Расында, олар ол отқа қамалады. Ұзын діңгектерге байланады»,-дейді.( «Һумәза сүресі», 4-9 аяттар)

Төртінші қабат «Жахим» деп аталады. Ол жерде күнге, жұлдыздарға табынғандар азапталады.

Құранда Кәрімде: «Оны ұстаңдар да байлаңдар. Сосын оны тозаққа салыңдар».( «Хаққа сүресі», 30-31 аяттар)

Үшінші қабат «Сақар» деп аталады. Ол жерде христиандар азапталады.

Құран Кәрімде: «Күннің қатты қызып, заттарды балқыта түсуін арабтар сақар күн деп айтады. Құранда: «Оны жағатын тозаққа саламыз. Ол тозақтың не екенін қайдан білдің? Кейін қалдырмайды да шала тастамайды. Ол, адам терісін өртеп кетеді. Оған он тоғыз (періште) қарайды»,-дейді. («Мүддәссір сүресі», 26-30 аяттар)

Екінші қабат «Саир» деп аталады, онда яһудилер азапқа тартылады.

Құран Кәрімде: «Осылайша қалалардың орталығы (Мекке халқын) әрі маңындағыларды қорқытуың және де болуында шәк жоқ күні, жиналуды ескертуің үшін саған арабша бір Құран уахи еттік. Ол күні бір топ жәннатта, бір топ тозақта», – деп ескертеді.( «Шура сүресі», 7-аят)

Бірінші қабат «Жаһаннам» деп аталады, оның азабы басқаларынан жеңіл. (Соған қарамастан) ол жерде оттан жасалған жетпіс мың дария бар. Дариялардың үлкендігі соншалық, жер мен көкті сол дарияға тастап, бір періштеге табу əмір етілсе, мың жыл іздесе де таба алмас еді. Зəбанилер (жаһаннамда қызмет атқаратын періштелер) өте үлкен болатын. Егер олардың бірі жер мен көкті аузының бір ұртына салса да білінбес еді. Ол дариялар толқынданып, қорқынышты дауыстар шығаратын еді. Егер сол дауыстан дүниеге кішкене дауыс жетсе, барлық жанды болмыстар жойылар еді. “Бұл қабат қай тайпа үшін?” деп сұрадым. Малик жауап бермеді. Қайта сұрадым. Ол үнсіз қалды... Жəбрейіл (алейһиссалам) Маликке: “Сенен жауап күтіп тұр” деді. Ол: “Мені кешіріңіз” деп өтінді. Мен “Не болса да айт, егер бүгін білуіміз мүмкін болса, бəлкім алдын алып үлгерерміз” дедім. Малик “Йа, Расулаллаһ! Сіздің үмметіңіздің күнəһарларына арналған, оларға мұндай қорқынышты жерден өздерін қорғасын деп насихат етіңіз. Денелерін осындай азапқа тартатын нəрселерден аулақ етсін. Ол күні мен күнəһарларға мейірімділік танытпаймын. Ақ сақалды қарттарына да, жастарына да шапағат етпеймін” деді.»

Құран Кәрімде: «Олар сол күні, тозаққа итеріліп тасталады»,-делінген.( «Тур сүресі», 13-аят)

Тозақтың отыны адамдар мен тастардан құралған. Жәһәннам азабын тартып жатқандардың ішетіндері – ыстық қайнаған су мен қан аралас ірің. Тозақ олар үшін бейне бір зындандай болып, олардың дене бітімдері жанып біткен сайын ет пен тері қайта кигізіліп, мәңгілік азап шегеді. Осылайша Алланың әмірі мен тыйымдарына қарсы келгендердің жазасы адам айтқысыз ауыр болады. Егер жәһәннам азабы болмаса, өмірдегі жақсы мен жаманның, халал мен харамның, ақ пен қараның, күнә мен сауаптың пәлендей маңыздылығы да болмай, адамзаттың жаратылысының да ешбір мәнісі қалмас еді. Әркім өз білгенін істеп, күшті әлсізді езіп, бейбіт қоғам құру мен өмір сүру еркіндігі мүлдем шектеліп, адамдық қасиеттен жұрдай болып, қадір-қасиеттен айрылар едік. Сондықтан Алла адамның мәртебесін өлшеу үшін тозақ пен жәннатты жаратты. Бұл қай тұрғыдан алсақ та әділеттің ақ туындай Жаратушының бізге берген баға жетпес сыйы екендігін ұмытпауымыз керек. 

Жәннат пен тозақ қазіргі таңда қай жерде?

- Қай жерде орналасқандықтары нақты айтылмаған. Десе де, төмендегі аятқа сүйене отырып жәннаттың орны - жеті қабат көктің соңғы қабатында деген байлам бар. Аятта былай делінеді:[8]«..(материалдық өмірдің) біткен жерінде (сидратәль мүнтәһә).. Ол жерде паналайтын (мә-уә) жәннаты орналасқан»[9]. Осы аяттағы айтылып өткен «сидратәль мунтаһа» сөз тіркесіне, сахаба Ибн Мәсғуд пен Дахак «алтыншы көк, яғни, аспанға көтерілудің біткен шегі» деген анықтама береді. Сондықтан, пейіштің орналасқан жерін жеті қабат көктің соңғы қабатында деп айту шындыққа жанасады. Тозақ – жеті қабат жердің астында. Себебі аятта: «Күнәһәрлардың амалнамасы, сөз жоқ, «сиджинде» тұрады»,- делінеді. Сиджин жердің жетінші қабатында орналасқандықтан, тозақтың да орны сол жер деп айтуға негіз бар дейтін ғалымдар болған. Әйтсе де, мұнда ғалымдар арасында нақтылық жоқ. Қайда орналасқандығы - бір Аллаға мәлім.

 

Асқаров Асхат Асқарұлы

Қызылорда облысы, Сырдария аудандық «Мұсылмандар» мешітінің имамы

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

[1] Тахауи ақидасы.

[2] Имам ән-Нәсәфи, Бахрул Кәләм, бет 244. Зерттеп, зерделеуші – Мухаммед Салих әл-Фурфур.

[3] Құрушысы: Ъаббад ибн Сүлеймән әс-Саймәри. Мұғтазилия ағымының ұлы көсемдерінің бірі. Ибадия тармағының басшысы.

[4] Құрушысы: Хорасан өңірінен шыққан Жәһм ибн Сафуан атты адам. Бұл ағым жайында толығырақ мына сілтемеден оқи аласыз:http://islam.kz/kk/questions/aqida-senim/jahmitter-degenimiz-kimder-356/

[5]Қандай да бір затты, әлдебір құбылысты білдіретін ұғым.

[6] Әбу Ханифа, «Фиқһул Әусат».

[7] Бухари Тәфсир 32 сүре; Муслим Жәннәт 1; Ибн Мажа, Зухд 39

[8] Али әл Қари, Шархуль Фиқхиль Әкбәр: 165-166.; ән Нәсәфи, Бахруль Кәләм 244-246 бет. .Дамаск.

[9] Едип Юксель Нәжм сүресінің 14-15 мағынасы, http://www.kuranmeali.org/53/necm_suresi/15.ayet/kurani_kerim_mealleri.aspx; Тәфсируль маудзуғи, 7-том, 493 бет.

[10] http://islam.kz/kk/articles/aqida/al-uasiya/abu-hanifanyn-aqidaga-qatysty-osieti-peiish-pen-tozaq-qazirgi-tanda-bar-11-ereje-2-bolim-786/

[11] http://muslim.kz/kk/question/556-jumaq-jane-tozaq.html

[12] http://old.muftyat.kz/kz/article/view?id=1698

[13] http://aqmeshit.kz/kh-b-lim/10-mirdi-bitui-men-azhal-m-selesi.html

[14] http://www.dinimizislam.com/detay.asp?Aid=3965

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру