
Бес уақыт намаз кестесін жер-жерге тарату үшін алдын ала алуға Кеуілхош Бисенбеков ақсақал діни басқармаға жиі келетін. Ол кісімен сонда таныстым. Орта бойлы, ақсары, шоқша сақалды, жылы жүзді, көпшіл кісі екен. Осы қасиеттерімен өзіне бірден баурап алады. Әңгімесінен оның қырық жыл ұстаздық етіп зейнетке шыққанын білдім. Ақтөбе қаласындағы «Нұрдәулет» және «Нұр ғасыр» мешіттері жанындағы қысқа мерзімді курстарда оқып, діни сауатын ашыпты. Облыстық орталық мешітте кезекші молда қызметін де атқарған. Дінге ықыласы зор. Үш рет қажылыққа барған. Алғашқысында өзінің мұсылмандық парызын өтесе, екіншісінде әкесі үшін, үшіншісінде марқұм күйеу баласы үшін бәдәл қажылық жасаған.
Ақтөбе облысы, Қарабұтақ ауданының Тасөткел ауылында дүниеге келген ақсақал Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітіріп, Аралдың Сексеуіл бекетіндегі №122 теміржол мектебінде 16 жыл ұстаз, 5 жыл оқу ісінің меңгерушісі, 15 жыл директор қызметін атқарған. Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері. Зейнетке шыққан соң бес уақыт намазын үзбей, оразасын ұстаған. Кеңес дәуіріндегі 48 жылғы өтелмеген парыз намаздарының қазасын Алланың берген қуатымен 4 жылда толық оқып бітірген. Күніне шамамен 12 күннің тек парыз намаздарын үзбей оқуды әдетке айналдырған.
Үлкен ұлы намазхан Сабыржанның айтуынша, әкесі үнемі көзілдірік киіп жүрген екен, тек соңғы жылдары қасиетті Құранды түпнұсқада көзілдіріксіз оқитынын байқаған. Құранды көп оқи бергендіктен Алла ол кісінің көз жанарын ашқан. Бірде жиені Мұратжан нағашысының 15 күнде Құранды толық оқып шыққанын оның өз аузынан естіген. Өмірінің соңғы жылдары әкесінің аузынан тек Алланың сөздері, Пайғамбарымыздың ﷺ хадистері, уағыз-насихаттар мен тәрбиелік мәні зор әңгімелер айтылып жүргенін еститін. Сонымен қатар, «Мұсылманның қасиетті күндері мен түндері» туралы шағын діни кітапшалар мен парақшалар шығарып, халыққа таратуды күнделікті әдетіне айналдырған. Соның бірі діни басқарманың сараптау комиссиясынан өткен мұсылман күнтізбесі екен. Баспасөз беттерінде діни танымдық мақалалары жарияланып тұрған. Ара-арасында мектеп оқушыларының дінтану пәнін оқуы жөніндегі ой, пікір, ұсыныстарын тәжірибелі ардагер ұстаз ретінде Білім және ғылым министрлігінің назарына да ұсыныпты. Соның бірінде былай деп жазған:
«Бұл пән 2012 жылдан бері IX сыныпта әр мектепте әр түрлі өткізіліп келеді. Пәннің бағдарламасында оны оқытудың мақсаты мен міндеті және оқу мазмұны қысқа болса да көрсетілмеген. Бірақ, оқылатын тақырыптар көрсетіліп, оған сағаттар бөлінген. Министрлік бекіткен бағдарлама бойынша Қазақстандағы ғылыми дәрежесі бар тоғыз ғалымның екі кітабы жарық көрді. Онда авторлар біздің дәуірге дейінгі 2600 жылдан бергі әлемдік діндер мен олардың тармақтары туралы мағлұматтар берген. Осы белгіленген бағдарлама мен оқулықтардағы көлемді материалдарға 8 жылдық біліммен келген оқушылардың шама-шарқы жете ме деген сұрақ туындайды. Мыңдаған жылдардан бергі бүкіл әлемдік діндердің тарихын меңгеру қиынның қиыны екені анық. Мұның осы пәнді жүргізетін арнайы діни білімі жоқ ұстаздардың өзіне де оңайға соқпайтыны белгілі...
Діни басқарманың қарауында қызмет атқаратын дінтанушылар, имамдар мен ұстаздар қазіргі жағдайда діни тақырыптағы кез келген сұрақтарға жауап бере алатындығына толық сенемін. Тек жоғары оқу орындары мен орта дәрежелі оқу орындары оларға есіктерін айқара ашып қойса болғаны...
![]()
Қазіргі кезде ашылып жатқан ғылыми жаңалықтарда Құранның алар орны ерекше. Сондықтан бүкіл ғылымның атасы – Құран Кәрім деуге негіз бар. Сондықтан Құран Кәрімнің жекелеген аяттары мен Пайғамбарымыздың ﷺ сүннет-хадистерін мектепте оқытылатын өзге пәндерге де пайдалануға болар еді. Жалпы орта білім беретін мектептерде дін негіздерін факультативті (қосымша) сабақ түрінде оқыту өз нәтижесін бермей тұр. Бұл мәселе әлі де өзінің өмірлік мәнін күшейтпесе, төмендетпек емес. Тіпті осы пәнді негізгі пәннің бірі ретінде оқытуға да әбден болар еді. Бұған мүдделі орындардың ортақ тіл табысуы, оқушылардың білім деңгейіне сәйкес бағдарлама жасауы, оқулықтар мен оқытатын білікті ұстаздар даярлау жағы да жетіспей тұрғаны тағы рас».
Бүгінгі уақыт талабынан туып отырған қандай жанашыр әрі орынды пікір, ұсыныс! Әлбетте, мұны еліміздің Білім және ғылым министрлігі ескерсе, құба-құп. Кеуілхош ақсақал дүниеден өтті. Бұған да жылға жуықтапты. Бүкіл саналы ғұмырын жастарға білім мен тәрбие беруге арнаған ұлағатты ұстаздың ата-баба дініне ерекше ықылас танытуы, мұсылманның ең басты парызының бірі намазды толық өтеуі имандылықты ардақ тұтқан әрбір ағайын үшін ғибрат, яғни, үлгі-өнеге деуге болады.
Оңғар Өмірбек,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Суретте: Кеуілхош Бисенбеков ақсақал
![]()
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
21.11.2016
4687
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру