Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚАЗАҚСТАН МҮФТИЯТЫ – ХАҚ ДІННІҢ БАСТЫ ҮГІТШІСІ

05.10.2016 5819 0 пікір

«Сәдуақас Ғылмани» мешітінің бас имамы Жұманазар Садырханов:

ҚАЗАҚСТАН МҮФТИЯТЫ – ХАҚ ДІННІҢ БАСТЫ ҮГІТШІСІ

 

– Қареке, өзіңізге белгілі, биыл ҚМДБ «Тарих және тағылым жылы» деп жариялады. Біз де тарихи тақырыпта әңгіме өрбітсек. Сұхбатымызды Қазақ тарихындағы алғашқы мүфтилерден бастасақ?

– Қазақ халқы сонау ежелгі түркі, самани, қарлұқ заманында ислам дінін қабылдай бастағанмен, Хақ сенім мемлекеттік дін болып X ғасырда қарақан дәуірінде бекіді. Нақтырақ айтар болсақ, миллади жыл санауындағы 961 жылы Мұса қағанның кезінде Ислам діні мемлекеттік дін болып жарияланды. Осыған байланысты қазақ жерінде алғаш мүфтилер осы қарақан мемлекеті дәуірінде болды деп топшылаймыз. Осы кезеңде ханафи мәзһабының ұлы ғұламалары Әбу Лейс Самарханди, Имам Матуриди, Имам әд-Дабуси, Имам ас-Сарахси, Имам Әл-Бәздауи, Имам Маргинани және т.б. фақиһ-қазылар өмір сүрді. Әсілі, қазыны (сот) қызметке мемлекет тағайындайды. Мысалы, Қарақан мемлекетінде Имам әд-Дабуси мінсіз қазылық қызмет атқарғаны үшін ол «Өз дәуірінің жеті қазысының бірі» атанған болатын. Демек, қазақ  тарихындағы алғашқы мүфтилер Қарақан мемлекеті дәуірінде өмір сүрген деп айта аламыз. –

– Одан бертіндегі Алтын-Орда дәуірінде мүфтилер болды ма?

– Алтын Орда мемлекеті алғаш құрылған кезеңде мүфтилер болған жоқ. Себебі, тарихи деректерде Алтын Орданың алғашқы билеушісі Бату ханның тәңір сенімін ұстанғандығы айтылады. Тек, Жузжанидің шығармасында ғана Бату ханның жасырын түрде ислам дінін қабылдағандығы баяндалады. Оның Еділ өзенінің бойына салдырған Сарай әл-Махруса қаласында сол кезде мешіт-медреселер жұмыс жасады. Ал, Батудың баласы Сартақ хан (1256 жылы) христиан сенімінде еді. Одан кейінші Ұлақшы (1256-127) және Боракшин қатун тәңір сенімінде болды. Жалпы, Алтын Орда мемлекетінің исламдануы Берке хан (1259-1266)  дәуірінде қарқынды түрде қолға алынды. Араб дереккөздерінде оның кезінде Сарай Берке қаласына ислам ғұламалары шақырылып, мешіт-медреселерде қызмет еткендігі айтылады. Беркеден кейінгі  Алтын Орданы билеген Жошы ұрпақтарының көпшілігі байырғы тәңір сенімін ұстанды. Алтын Ордада Өзбек хан (1312-1342) билік құрған дәуірде ислам діні мемлекеттік дін болып жарияланды. Оның кезінде Сарайға келген араб саяхатшысы Ибн Батута Өзбек ханның шариғат заңдарын берік ұстанғанын, Ордада пәтуа беретін шейхтардың болғанын баян етеді. Мысалы, Алтын Ордада Имам Тафтазани және сәл кейінірек Имам Әл-Баззази секілді ғұламалар мүфтилік қызмет атқарғандығы тарихи деректерде айтылады.

– Алтын-Орда ыдырап, Қазақ хандығы құрылған дәуірде мұсылман фақиһтері болды ма?

– Фольклорлық еңбектерде Қазақ хандығы құрылар шақтағы Дешті-Қыпшақта билік құрған Көшпелі Өзбек мемлекетінің билеушісі болған Әбілхайыр ханның Ордасында арғын Ақжол бидің қызмет еткендігі айтылады. Дау-дамайларға әділ, ақ үкім айтқан соң халық оны «Ақ жол би» деп атаған. Ал, негізі оның аты Дайыр қожа еді. Ол дәуірде қожа есімі діни білімі бар адамдарға лақаб ретінде берілетін болған. Яғни, Дайыр қожа бабамызды үкім айтушы қазы болды деп айта аламыз. Жалпы, қазақ қоғамындағы билер институты дегеніміз көшпелілер арасындағы қазы қызметін атқарған данышпандар шоғыры болатын. Олар ислам шариғатымен бірге көшпелілердің әдет-ғұрып құқықтарын терең меңгеруімен ерекшеленген. Билер көбіне-көп тапқырлықпен, шешендікпен және хилая-шария (айла-шарғы) әдіснамасымен үкім шығарған. Дегенмен, сол кездегі хандар Ордада арнайы білімі бар шейхтерді де ұстап отырған. Мысалы, Қасым ханның Ордасында Джуббайри шейхтері қызмет еткен. Одан кейінгі Хақназар, Тәуекел, Есім, Жәңгір хандар өз Ордасында ислам шариғатымен бірге салт-дәстүрді терең меңгерген хикмет иелеріне үкім айтқызған. Айталық, Әз-Тәуке хан Мүсірәлі әзізді, Әбілхайыр хан Мос-Садықты, Кенесары хан Оспан қожаны діни жетекші етіп тағайындады.

– Патшалық Ресейге бодан болған дәуірде қалай болды?

– Патшалық Ресейге бодан болған дәуірде исламға ашық қысым жасалған жоқ. Ресей патшайымы Екетарина ІІ-нің жарлығымен қазынадан ақша шығарылып, 1788 жылы Орынбор мүфтилігі құрылды. Орыс Патшайымы мұсылмандардың ғазауатынан сескеніп, Орыс патшалығының исламға дұшпан емес екенін, қайта мұсылмандарға тиісінше жағдай жасалатынын білдірту үшін көз бояу ретінде осы қадамға барды. Орынбор мүфтиятының алғашқы мүфтиі болып Мұхаммеджан Хусайынов тағайындалды. Ол билеушілерімен мәміле жасап, қазақтардың діни мәселелерін шешуді Орынбор мүфтиятына қаратты. Кіші Жүзге Мұхаммеджан Қазиевті, ал Бөкей Ордасына Жүсіп Махмудовты қазы етіп тағайындады. Өзі Айшуақ хан құрған Хан Кеңесіне мүше болып кірді. Дегенмен, Ресей патшалығының 1867 жылғы әкімшілік реформасы бойынша қазақтардың дін істері жергілікті уезд басшыларына жүктелді. Діни мәселелер орыс шенеуніктеріне қараған тұста олар діни мәселелерге немқұрайлық танытты. Уезд басшылары тағайындаған татардың указной молдалары Бұқарадан қадымша оқып келген ахундар және ишандармен ел ішінде бақталастыққа түсетін. Мысалы, Көкшетауда Бұқарадан оқып келген Науан Хазірет пен Орыс патшасын «Ақ патша» деп дәріптеген татар молдалары ұдайы тартысатын. Осы қайшылықты тоқтату үшін сол кездегі зиялылар қазақтың дін істерін қайтадан Орынбор мүфтиятына қарату туралы бастама көтерді. Әйткенмен, бұл іс 1917 жылы Патша үкіметі құлаған шақта ғана мүмкін болды. Осы жылы Орынборда Алаш Орда үкіметі құрылып, қазақ халқының қазысы болып Ғұмар Қараш сайланды. Бірақ, 1919 жылы құрылған Кеңес үкіметі Орынбор мүфтиятының жұмысын тоқтатты. Ал, Түркістан үкіметінен ашылған Мұсылмандар бюросы да 1921 жылы жабылған еді.

– Кеңес үкіметі тұсындағы мүфтият туралы да айта кетсеңіз?

Кеңес үкіметінің алғашқы жиырма жылдығында ислам дінінің өкілдері қудаланып, қожа-молдаларды итжеккенге айдап, дінге қысым жасалды. Алайда, ІІ Дүниежүзілік соғыс басталған шақта генсек Сталин қан майданға мұсылмандарды тарту үшін Орталық Азия мен Қазақстан мұсылмандарының Басқармасын құруға мүдделі болды. Ташкентте 1943 жылы Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандарының алғашқы құрылтайы өтіп, Бас мүфти болып Ишан Бабахан Абдулмаджидхан (1856-1957) сайланды. Құрылтайға Қазақстан делегациясын шейх Абд әл-Ғаффар Шамсутдинов (1884-1953) бастап барды. Ол 1946 жылдан бастап Орта Азия мен ҚМДБ-ның Қазақстандағы өкілі, әрі Алматы қаласының имамы қызметін атқарды. Сәдуақас қажы Ғылмани 1952-1972 жылдары, Жахия қажы Бейсенбайұлы 1972-1979 жылдар аралығында қази болды.

– Қазақстанның дербес мүфияты қашан құрылды?

– Қазақстан мұсылмандары 1990 жылға дейін Орта Азия мұсылмандарының діни басқармасының (САДУМ) құрамында болды. Бұл діни басқарманың орталығы Ташкент қаласында орналасқандықтан Қазақстанның діни-рухани өміріне аса ықпал ете алған жоқ. Тек жақын орналасқандықтан Оңтүстік Қазақстан облысының азаматтары ғана САДУМ-ның жылуарын сезіне алды. Ташкент және Бұқара қаласынағы медреселерде көбінесе Өзбекстанға көрші облыстардың тұрғындары ғана білім алды.

Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш құрылтайы 1990 жылдың 12 қаңтарында өтіп, сонда дербес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. ҚМДБ-ның тұңғыш төрағасы, Бас мүфтиі болып 1990 жылы Рәтбек Нысанбаев тағайындалады. Сондай-ақ, ол ІІ құрылтайда да (1992) бірауыздан мүфти болып сайланды.

2000 жылы өткен ІІІ құрылтайда діни басқарманың төрағасы, Бас мүфтиі болып, профессор Әбсаттар Дербісәлі сайланып, 2005 жылы IV Құрылтай жиынында осы қызметке қайта сайланады. Ал, 2007 ж. Әбсаттар Дербісәлі Орта Азия мүфтилер кеңесінде бірауыздан осы кеңестің төрағасы болып тағайындалды.

2013 жылдың 19 ақпанында Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс өткен VII құрылтайында Маямеров Ержан қажы Малғажыұлы Бас мүфти болып сайланды.

ҚМДБ – дәстүрлі ислам дінін насихаттап, Қазақстан мұсылмандарының бірлігін сақтау, өзіне қарасты филиалдарда діни амалдардың шариғат талаптарына сәйкес, толық әрі дұрыс орындалуын қамтамасыз ету, облыстардағы өкіл имамдар арқылы мемлекеттегі мұсылман жамағатының діни мәселелерін шешу, республика бойынша ислам дінін оқытып-үйрететін мамандар даярлау, сондай-ақ, шетелдік діни ұйымдармен, бірлестіктермен, оқу орындарымен қарым-қатынас орнату, діни әдебиеттер, оқулықтар, т.б. қажетті басылымдарды әзірлеуді мақсат етеді.

Аллаға шүкір, қазір ҚМДБ-ның құрамында 2500-ден астам мешіт, оның ішінде жүзден астам мешіттерде сауат ашу курстары, 9 медресе, 3 қарилар орталығы, Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университеті, имамдардың білімін жетілдіру институты, экстремизм мен террроризмге қарсы имамдарды дайындау институты, Әбу Ханифа ғылыми зерттеу орталығы жұмыс істейді. Тарихта дәл осындай діни-рухани тұтас жүйе бұрын-соңды болмаған. Сондықтан, біз осы жетістігімізге Аллаға саныз мақтаулар айтамыз!

– Тарихи-танымдық сұхбатыңызға рақмет!

 Сұхбаттасқан: Бақытбек Қадырұлы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру