
Дін атаулы адам баласын жақсылыққа бастап, жамандықтан тыюды көздейтін адами моральдық құндылықтар жиынтығы. «Діні пәктің - ділі пәк, ділі пәктің - тілі пәк», - демекші жалпы кез келген кісі дін десе, жақсылықты, діндар адам десе, жақсы адамды елестететіні белгілі. Әрине, солай болуға тиіс еді, егер кісінің ұстанған діні ақиқат болса, әрі діндар адам өзін сол дін арқылы дұрыс тәрбиелей алса. Өкінішке орай, бұл екеуі әр қашан бір кісінің бойынан табыла бермейтіні тағы бар.
Адам баласының тәні мен ішкі жандүнесі бар. Ішкі жандүниемізде бейнелеп айтқанда, үш кесе бар. Үшеуі үш түрлі дүниемен толады. Біріншісі ғылым-біліммен, екіншісі салт-сана, тіл, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыппен, ал үшіншісі діни руханиятпен толуы тиіс. «Табиғат бостықты қабылдамайды» (природа не терпит пустоты) деген ережеге сәйкес, егер бұл кеселерге дұрыс нәрсені салмаса, оған теріс дүние кіреді. Бірінші кесеге ғылым-білім салынбаса, надандық басады. Екінші кесеге жоғарыдағы ұлттық сана өлшемдері салынбаса, мәңгүрттік басады. Үшіншісіне дұрыс діни руханият салынбаса, адамның бойында дінсіздік жайлайды немесе кері тартпа жалған сенім сананы улайды. Бір-бірімен тығыз байланысты аталмыш бұл үш тағанды – өркениет, мәдениет және руханият деп атауға да болады.
Бұл үшеуі өзара тығыз байланыста болғанымен бір-бірінің орнын баса алмайды. Кейбір кісілер діни теріс ағымдарға қарсы дұрыс діни ұстаныммен емес, тек қазақы салт-сана арқылы күресуді ұсынуда. Бұл ой қаншалықты дұрыс? Діни экстремистердің лаңкестік әрекеттерінің кесірінен қалыптасқан исламофобия өкінішке орай төл діни ұстанымды кері тартпа секталармен қатар қоюға дейін алып келді.
Ал қазақы тəрбие ғана түрлі діни ағымдардан сақтайтын болса, ұлттық құндылықтарды игерген кейбір ақындарымыз бен жырауларымыз неліктен теріс діни ағымға түсіп кетті? Әлде оларда қазақы тәрбие дұрыс болмағаны ма? Бойында ұлттық тәрбие болмаса, тілінен тікен тайған суырыпсалма айтыскер ақын қайдан шықсын?! Қазақы тәрбиенің жұрнағы да болмаса, мақамды жырау қайдан болсын?! Демек, ұрпаққа қазақы салт-санамен қатар, руханият бірге сіңірілуі тиіс.
Жахандану үдерісіне қарсы тұра алмай, отбасы институты әлсіреген тұста қоғамымыз келешек ұрпаққа өзінің рухани байлығын дәріптей алмаған соң, елдегі көптеген жастар төл дініміздің ақиқатын толық ұғынбағандықтан шала бүлініп, әртүрлі ағымдардың жетегінде кетті. Олардың кейбірі тіпті Ауғанстанға ауып, Сирияға сенделді.
Теріс діни ағым дегеніміз діни идеалогия екенін ескерсек, оған тек дұрыс діни идеалогия арқылы ғана қарсы тұруға болады. Ал оны алыстан іздеудің керегі жоқ. Велосипетті қайта ойлап табу қажет емес. Ол дұрыс діни идеалогия – елімізде кең тараған, халқымыз үшін тарихи рөлі бар діни бағыт болып табылатын ханафи-матуриди мектебі. Сынаны сынамен шығарғанымыз сияқты, діни сектаны қоғамнан аластатудың бірден-бір жолы – ата-бабамыз ұстанған діни жол.
Аллаға шүкір, қазақ елінде Ислам дінінің дәрстүрлі бағыты бар. Әйтеуір жастарға Ислам дінінің ішіндегі мына бағытты ұстану керек, ал мынандай теріс ағымдардан сақтану ләзім, деп айта аламыз. Соның нәтижесінде бізде салафиліктен ханафилікке өткендер баршылық. Ал әлемнің бір қатар елдерінде бұл жоқ. Мәселен, мамандардың айтуынша Германияда салафи-уаһһабилік ағым кең тарап келеді екен. Неміс халқының төл діні – христиан діні, оның ішінде протестанттық бағыт. Биліктегілер ислам дінін қабылдаған неміс жастарына салафилікке балама ретінде өздерінің төл діндерін ұсынғанымен, олар мұны қабылдар емес.
Қазіргі жастарымыз бен келешек ұрпақтың болашағы жарқын, руханияты мығым болуы үшін, ендігі қадам – елдегі білікті дін мамандарын дұрыс пайдалану, оларға жан-жақты қолдау көрсету жəне келешекке дін саласының мықты кадрларын дайындау болу керек.
Мұнымен параллелді түрде, теріс діни ағымдарға заң жүзінде тыйым салу немесе шектеу қою қазіргі уақыттың талабы. Әрине, алдымен мұның механизмі мен тетігін табу қажет. Мұндай қатал қадамға қазір бармасақ, алдағы уақытта опық жеп, сан соғып қалуымыз мүмкін. Себебі, қазірдің өзінде Атыраудағы байыпты деген салафилердің өзі «Біз көппіз. Билік бізбен санасуға тиіс. Кез келген талаптарыңды айтыңдар. Біз шетелдегі басшыларымызбен ақылдасамыз», деп, өктемдік танытуда. Демек, бұлардың шетелдегі шейхтарының айтуымен жүретіндері тағы да нақтыланып тұр. Байқасаңыздар, «ұстаздарымыз» демей, «басшыларымыз» деп тұр. Бұл олардың сырттан қаржы алатындарын көрсетеді. Осылай кете берсе, бұлар әлеуметтік азшылық ретінде ертең расында да өз талаптарын қоя бастаса, не болмақ? Ертеңгі күні шетелдегі әлгі «басшылары» жастарымызды елге қарсы қойса, байыпты немесе байсалдылар радикалға айналмасына кепілдік бере аламыз ба? Міне осындай сұрақтар көпшілігімізді мазалайтыны сөзсіз. Жалған дін жарға соқтырмасын, ағайын!
Қанат Жұмағұл
теолог, дінтанушы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
04.10.2016
5464
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру