
Серікбай қажы ОРАЗ,
ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти,
«Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы,
Қазақстан қажылық миссиясының төрағасы
Қазақ үшін қажылық ең алдымен ұзақ сапардан басталатыны хақ. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының қазақ қажылары жайлы жазған деректі еңбегінде Алаш даласынан Меккеге аттанған алғашқы қажылардың сапары төрт-бес жылға дейін созылғандығы жайлы айтылады. Ал Құнанбайлардың заманында қажылыққа ат-қомын бірнеше ай, не жыл бұрын сайлап, дайындалатын. Талай елдерді басып өтіп, қиын-қыстау оқиғаларды бастан өткеріп, тым ұзақ сапардан арып-ашып жеткенде ғана қасиетті жердің төбесі көрініп, аңсаған құлшылығын алаңсыз орындауына мүмкіндік ала алатын. Қауіп-қатері басым, соқтықпалы, соқпақсыз жерлермен, елсіз сахара, иен далалармен жүріп өтіп, аман-сау жете алған жолаушыларға ғана қасиетті Мекке мен Мәдинаны көру нәсіп болатын.
Әу бастағы «қасиетті орынды зиярат ету» деген мағынадағы арабтың «хажж» сөз түбірінен өрбитін «қажылық» сөзінің өзі сол замандағы қазақ үшін қажу, қажалу, қажеттілік, қажыр-қайрат деген іс-қимылдармен сарындас болды десек қателеспеспіз.
Құдайға шүкір, қазіргідей айшылық алыс жерлерге адамды құстай ұшырған қазіргідей озық технологияның заманында киелі жерге бас-аяғы бірнеше сағатта жетіп баруға болады.
Дегенмен, тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда тәжірибесіздіктің, дұрыс ұйымдастырмаудың салдарынан қажылыққа бару үрдісі стихиялы түрде өрбіді. Қажылық сапарын ұйымдастыру кімнің болса, соның ермегіне, табыс көзіне айналды. Жасырары жоқ, тіпті кей кездері қасиетті құлшылық сапары төңірегінде таусылмайтын дау-дамай, келеңсіздіктер де орын алды. Әуежайда тоқырап қалған қажылар, ұшпай қалған ұшақ сияқты сорақы көріністер әлі есімізде.
Бүгінде Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының басшылығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қажырлы да тынымсыз еңбегінің арқасында және тиісті салалардың тікелей қолдауының нәтижесінде биыл 2016 жылы Қазақстаннан қажылық сапарына аттанушылар қасиетті жерге баяғыдай үшінші елге бірнеше сағаттап аялдамай, тікелей жететін жағдай жасалынды.
Мүфтияттың бастамасымен қажылықпен айналысуға үміткер туристік фирмалар арасында тұңғыш рет ашық байқау жарияланды. Бұрыннан бері қажылықпен шұғылданып келген 20 компанияның жартысы ғана, яғни 10-ы байқаудың алғашқы талабын орындай алған. Сауд Арабиясы Корольдігі Қажылық министрлігі мен Діни басқарманың талабын орындай алмаған 10 компания ірі фирмалармен бірікті.
Іргедегі алып ел Ресейде 20 мың қажыға небәрі 9 туристік фирма қызмет етеді. Тіпті көршілеріміз – Өзбекстан мен Қырғызстанда қажылықпен бірде-бір фирма шұғылданбайды. Бұл аса жауапты да, сауабы мол қажылықпен сол елдердің Діни басқармалары шұғылданады.
Діни басқарма елімізде жалпы қажылық мәдениетін қалыптастыру бағытында біршама жұмыстар атқару үстінде. Осы жылы Қазақстан қажылары үш қаладан, атап айтқанда, Астана, Алматы және Шымкент шаһарларынан тасымалдана бастады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан қажылық сапарын ұйымдастырумен айналысатын арнайы қажылық миссиясы құрылған. Миссия құрамындағы уағыз-насихат, дәрігерлер, ақпараттық түсіндіру, т.б. жұмыс топтары өз қызметтерін атқаруда. Аталған топ қажылыққа дайындық жұмыстарын, ұйымдастыру шараларын жыл бойы жүргізеді.
Бұдан бөлек облыстық, қалалық мешіттеріміздің жанынан қажылық оқыту орталықтары ашылған. Қажылыққа баруға ниет еткен адамдар осы орталықтарда дәріс тыңдайды. Мәселен, Алматы қаласындағы «әл-Мәдина» мешіті жанынан арнайы қажылық оқыту орталығын аштық. Онда қасиетті Қағбаның арнайы макеті қойылған. Мақсатымыз – жамағаттың қажылыққа қатысты діни сауатын көтеріп, таным-түсінігін кеңейте түсу.
Жуырда Діни басқарма жанынан арнайы қажылық қоры құрылды. Мұны 2016 жылдың үлкен жаңалығы деп айтуға болады. Мақсатымыз – қажылық мәдениетін қалыптастыру. Біздің зерттеуіміз бойынша, кейбір адамдар дұрыс түсінбегендіктен қажылықты табыс көзі деп қабылдайды. Қажылыққа бұлайша табыс көзі деп қарау – үлкен қателік. Қажылық – Исламдағы бес парыздың бірі, ұлы құлшылық. Осыны ұмытпауымыз қажет. Қажылық – туристік сапар емес. Оны туризммен салыстыру мүлдем дұрыс емес.
Халық қажылықтың қадірін білсе дейміз. Түркия сынды бірқатар мұсылман елдерінде адамдар қажылыққа бару үшін бірнеше жыл өз кезегін күтеді. Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық министрлігі берген орын шектеулі, ал қажылыққа ниет білдірген адам саны өте көп. Ал біздің қажылық қорын құрудағы мақсатымыз – қажылық сапарының сапасын арттыру, қажылық мәдениетін қалыптастыру. Қажылық қоры осы бағытта жұмысын бастап кетті. Қордың жеке сайты іске қосылып, онлайн дәрістер жүргізіліп, сұрақтарға онлайн тәрібінде жауап беріледі.
2015 жылы Сауд Арабиясы Қажылық министрлігінің қажылықты ұйымдастыру жұмысы бойынша қабылдаған жаңа ережесіне сәйкес, қажыларды тасымалдау қызметіне 50 де 50 жүйесі енгізілді. Яғни, Қазақстан азаматтарының 50 пайызын Саудия тарапы, ал қалған бөлігін отандық әуе компаниялары тасуы тиіс болатын.
Алайда, Қазақстан тарапынан ұсынылған әуе компаниясы техникалық себептерге орай, белгіленген мерзім ішінде аккредитациядан өте алмай қалды. Сөйтіп, біз Сауд Арабиясы Корольдігінің халықаралық «Флай Нас» әуе компаниясының толықтай қызметіне жүгіндік. Мұндай шешім қабылдамағанымызда жағдай біз ойлағаннан басқаша болар еді.
2015 жылы Алматы-Жидда, Алматы-Мәдина бағыты бойынша алғаш рет жүзеге асқан тікелей рейс Қазақстан қажылары үшін тиімді болды. Тікелей рейстің ашылуы еліміздің қажылары үшін тарихи оқиға болғанын айрықша атап өткеніміз дұрыс. Қазақстан қажыларын толық тасымалдау құқығына ие болған Сауд Арабия Корольдігінің «Флай Нас» халықаралық әуе компаниясына тиесілі Airbus 330, 300 (сыйымдылығы 375 адам), Boeing 757 (сыйымдылығы 210 адам) маркалы әуе кемелері Астанадан Мәдина шаһарына бес жарым сағатта жетті.
Осылайша қажылық сапары Алаш азаматтары үшін оңтайлана түсуде. Кезінде бірнеше жылдап, бірнеше айлап баратын құлшылық сапары санаулы сағатқа дейін қысқарды.
Бұл да болса, биыл тәуелсіздігінің ширек ғасырын тойлағалы отырған еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықтың, мемлекетіміздің асыл дінімізге көрсетіп отырған қолдауының арқасында қол жеткізілген ірі жетістік.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
08.09.2016
4950
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру