
– Еліміздегі мешіттердің бүгінгі хал-ахуалы қандай?
– Әңгімені мешіттерді құжаттандырудың осы уақытқа дейін жүйелі жүргізілмегендігінен бастасақ. Түсінікті болу үшін мешіт құжатының заңдылығын анықтап, оның толық жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін негізгі 3 құжаттың түрін атайын. Алдымен мешіт орналасқан жердің құжаты (мемлекеттік жер актісі), екінші мешіт ғимаратының пайдалануға жарамдылығын растай-тын құжаты (қабылдап алу актісі, техпаспорт) және соңғысы филиал ретінде тіркелгенін куәландыратын құжаты болуы тиіс.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» қабылданған жаңа заң діни қызметкерлердің жаңа талаптармен жұмыс істеуіне жол ашумен қатар мешіттеріміздің тек бір орталықтан басқарылуына мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде республика аумағында барлық мешіттер ҚМДБ филиалы болып тіркелді. Осы жаңа заң аясында діни бірлестік филиалдарының жер құжаттары, ғимарат құжаттары талаптарға сай, заңды болуы көзделді. Осы негізде көптеген мешітте мемлекеттік жер актісі мен ғимаратының құжаттары жасалмағанына көз жеткізіп, осы жұмыспен тыңғылықты айналысуды 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап қолға алдық. Халыққа қызмет көрсету орталығының (ЦОН) республикалық базасынан мешіт құжаттарының заңдылығын анықтау мақсатында тізімін алдырдық. 2500 мешіттен 901 ғана мешіттің мемлекеттік жер актісі ҚМДБ атында екен. Қалған мешіт жері құжатының кейбірі жеке тұлғалардың, ал кейбірі басқа заңды тұлғалардың атында болып шықты. Кейбірі мүлде жасалынбаған. Бұл мешіт жеріне қатысты мәлімет қана. Ал мешіт ғимараттары құжаттарының да заңдылығы осы шамада еді. Алайда 2014 жылдың 30-маусымында қабылданған №231-V-3 Заңға сәйкес, Қазақстан Республикасында 2014 жылдың 1-қыркүйегінен 2015 жылдың 31-желтоқсанына дейін мүлікті жария ету науқаны жарияланған болатын. Осы науқан барысын тиімді пайдаланып, мешіт құжаттарын реттеуге облыс, аудан, ауыл имамдары жаппай жұмылдырылды. Оларға осы науқанның тиімділігі мен маңыздылығы түсіндірілді. Туындаған мәселелер шешіліп отырды. ҚМДБ тарапынан бекітілген қызметкерлер өкілдіктерге арнайы іссапармен барып, құжаттандыру барысын қадағалау әлі де жалғасып келеді.
Бұл құжаттандырудың бірден нәтиже бере салмайтыны басында-ақ белгілі болды. Өйткені жоғарыда айтқандай барлық мешіттер филиал болып тіркелгенімен көбісінің жері мен ғимаратының құжаттарын заңдастыру жүргізілмей келген. Жеке тұлғалардың атындағы мешіттерді келіссөздер жүргізіп ҚМДБ-ға аудару көп уақыт пен зор жауапкершілікті талап етеді. Бұған мешіт имамдары мен іс басқарушылары көп үлес қосуда. Әрбір қағаздың артынан апталап жүретін, бір кірген есікке он рет аяқ басатын сәттер де кездесіп жатады. Басты мақсат барлық мешітті заң талаптарына сай құжаттандыру. Заман түрленіп, заң да жиі өзгеруде. Мұны мешіт құжатының заң мен заман талабына сай болуы тиіс деп ұғуымыз керек. Осы мақсатта әрбір мешіттің бұл іспен шұғылданып жүрген қызметкері жауапкершілікті сезініп тыңғылықты жұмыс жасаса, алдағы бір жылдың ішінде мешіттеріміз толық құжаттанады деп отырмыз.
– Ал, осыған орай ендігі мешіт салушылар не істеуі керек?
- Мешіт салумен сонау Адам ата (ғ.с) заманынан бері Алланың сүйген құлдары пайғамбарлар шұғылданған. Біздің елімізде де солардың ізбасарлары аз емес. Осындай азаматтардың арқасында республикамыздың әр түкпірінде мешіттер бой көтеріп, көбейіп келеді. Намаз оқушылар көбейе түскен соң, мешіт салудың да қажеттілігі артты. Мешіт салдыруға ниет білдірушілер аз емес. Мұны ата-баба арманының рухани кемелдікке бет алуы деп ұғыну керек.
Мешіт салушы азаматтарға кеңес ретінде ең алдымен неден, қандай құжаттан бастау керек екенін айтайын.
Еліміздің барлық облыстарында және өңірлерінде мешіт тұрғызуға ниет білдірген азаматтар немесе қайырымдылық қорлар құрылысты бастамас бұрын діни басқарманың рұқсатын алуы қажет. Ол үшін облыс өкіл имамының ұсынысы мен мешіт салушы кісінің Бас мүфти атына жазған кепілдік хаты жолдануы ләзім. Сол хатта мешітті ҚМДБ-ға филиал ететінін, имам мен мешітке ат беру мәселесін діни басқарма құзырына қалдыратыны көрсетіліп, нотариалды түрде бекітілуі тиіс. Осы құжаттар негізінде Бас мүфтидің мешіт салуға рұқсаты беріледі.
Мешіт құрылысын бастамас бұрын мешіт салынатын жердің құжаттарын бірден ҚМДБ меншігіне рәсімдеген абзал. Сонда құрылыс жұмыстары бітісімен оның филиал ретінде тіркелуі жылдамдайды. Өйткені жеке тұлғаның меншігінде тұрған мешіт үйлерін филиал ретінде тіркеу ҚР заңдарына сай келмейді. Ал филиал ретінде тіркелмеген мешітте құлшылық жасау заңсыз. 2007 жылдан бері жергілікті әкімшіліктер тарапынан мешіт салуға берілетін жерлер тек ҚМДБ-ға рәсімделіп келеді. Демек сол уақыттан бастап мешіт салынатын жер жеке тұлғаның атына рәсімделмейді. Бұл үрдіс ҚМДБ-ға да, мешіт салушыға да заңдық әрі шариғи тұрғыда тиімді.
Жалпы шариғатта «бұл менің мешітім» немесе «мешіт менің жеке мүлкім» деген түсінік жоқ. Мешіт тек қана Алла разылығы үшін салынуы керек және сол үшін басы бүтін жамағаттың игілігіне пайдалануға берілуі қажет. Кейбір кісілер салған мешітінің күнделікті тіршілігіне араласып, имамдарды отырса опақ, тұрса сопақ етуге бейім тұрады. Нәтижесінде ол мешітте имам тұрақтамайды, сырт көзге имамның қадыр-қасиеті түсіп, жамағат арасында дін қызметкеріне деген теріс пікір қалыптасуы мүмкін. Бұл мешіт салып тамшылап жинаған сауабын, шелектеп шашып жататын демеушілерде ұшырасатын өкінішті жағдай. Жалпы мешіт салу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл қалтасы қалың азаматтардың да ісі емес. Бұл қаржылай мүмкіндігі бар немесе бақуатты бірнеше азаматты ұйымдастырып, мешіт құрылысына жұмылдыра алатын – жүрегі Алла деп соғатын, Алла дегенде, өзге істі бір шетке ысырып қоятын, Алла бұйырған намаз, зекет секілді құлшылықтарды ерекше тебіреніспен (жауапкершілікпен) іске асыратын, өлгеннен кейінгі мәңгі өмірдің табысты, жемісті және жеңісті болуы мына өмірде жасаған ізгі амалдарына байланысты екендігіне толық сенетін жанның шаруасы. Қазақстанның түкпір-түкпірінде бұрын салынған көне мешіттер, немесе соңғы жылдарда бой түзеп жатқан жаңа ғибадатханалар болсын, бәрі де осындай ниетпен салынуда деп сенеміз.
– Мешітке имамды тұрақтандыру үшін оның ауласынан тұрғын үй салу мәселесі де маңызды...
– Атап айтылғандай мешіттер саны күн санап өсуде. Бұлардың бірқатары жеке азаматтардың қаржысына тұрғызылса, кейбірі қайырымдылық қорлардың демеушілігімен салынуда. Сол жаңа заманауи үлгідегі мешіт жанынан имамның үйін қоса салып беріп жатқандары да аз емес. Бірақ бұл имамдарды тұрғын үймен толық қамтамасыз еттік деген сөз емес. Жаңадан мешіт салушы қалталы азаматтарға мешіт жанынан міндетті түрде тұрғын үйді қоса салуына кеңес береміз. Бірақ бұған бәрінің бірдей шамасы келе бермейді.
Тағы бір айта кететін мәселе, кезінде түрлі ғимараттар мешітке айналған мекендерде қазір заманауи үлгідегі Алланың үйлері бой көтеруде. Сол заманауи жаңа мешіт салынған жерлердегі ескі мешіт ғимараттары мен жерлерін басқа мақсатта пайдалануды ниет етушілердің де қатары көбейді. Алланың үйі болған, зікір етіп, сәждеге бас қойылған жердің басқа мақсатта пайдаланылуын шариғат жолы әсте қолдамайды. Демек ескі мешітті тойхана, ойынхана, кафе, заманға сай салтанат сарайына айналдыру Исламда дұрыс емес екенін үнемі ескертіп те отырамыз.
Біз әрдайым мешіттеріміздің ғибадат орны ғана емес, сондай-ақ діни-рухани орталыққа да айналуын мұрат етеміз. Сондықтанда алдағы уақытта ескі мешіт ғимараттарын сауат ашу курсы, медресе, қарилар дайындау орталығы т.б. секілді мақсатта пайдалану көзделген. Кейбір өңірлерде дін қызметкерлерінің баспана мәселесін осындай ескі ғимараттарымызды пайдалану арқылы шешіп келеміз. Жаңа мешіттердің бой көтеруіне демеушілік жасаған абзал, үлкен жүректі, игі тілекті азаматтар жетерлік. Осындай азаматтардың көмегімен әрбір ауылдағы ескі мешіт орнына немесе жаңа мешіттер жанына имамдарға тұрғын үй салу алдағы уақыттың еншісінде. Бұл, әрине дін қызметкерлерінің баспана мәселесін шешудің бір жолы ғана. Алдағы уақытта әрбір мешіттің жанында имамдарға арналған тұрғын үй болатынына сеніммен қарауымыз керек. Өйткені имамға жағдай жасалмаса кез келген мешітке имам тұрақтамайды. Шалғай ауылдарға да білікті, білімді мамандардың тұрақтамауының бір себебі осы баспана мәселесі. Жоғары білімді дін мамандары үшін жалақы мен баспана мәселесі шешілсе, кез келген қазақы ауылда дін өркендемек һәм дұрыс бағытта қанатын жаймақ.
– Соңғы кездері демеушілер мешіт жанынан асхана да салдыруды қолға алды. Мұның пайдасы қаншалық?
– Мешітті қай заманда салса да, кімнің қаражатына салынса да ол әуелі мұсылман жамағатына, мұсылман халықтарының бірлігі мен ынтымағы, достығына қызмет етуі тиіс. Мешіт сондай-ақ тек ғибадат орны ғана емес, рухани, мәдени орталыққа да айналуы заңдылық. Осы заңдылықты ұстанған көптеген мешіттің іргесінен асханалар (хатымхана) салынуда. Онда діни іс-шаралар ұйымдастырылып, құдайы астар беріледі. Ол ғимарат ынтымақтың, имандылық пен бауырмашылдықтың рухани қайнар көзі ретінде қызмет етуде. Бұл бірінші жағы болса, екіншіден мешіт жанындағы асханалар Алла үйлерін қаржылай мұқтаждықтан құтқарады. Әрбір құдайы астан түскен пайдадан мешіттің коммуналдық шығындарын өтеп, қызметкерлердің тұрақты жалақы алуына мүмкіндік беріледі. Алдағы уақытта әрбір мешіттің жанында асханалар бой көтеріп жатса, бұл да дініміздің өркендеуіне өз үлесін қосатын игі іс болар еді. Өйткені біреудің қолына қараған дін қызметкерінің әлеуметтік мәселесі осылай шешіліп жатса, ол бар күш-жігерін дінді жаюға салатынына кәміл сенемін.
– Биыл Бас мүфти «Көрікті мешіт-2016» деген байқау жариялады. соның қорытындысы не берді?
– Біздегі мешіт ғимаратының сәулет ерекшелігі әр өлкеде әртүрлі. Әрбір өңірде ежелгі сәулет өнері мен дәстүрі ескеріліп, мешіттерімізден ұлттық нақыш айқын аңғарылуы қажет. Өйткені қай мемлекетті алып қарасаңызда өзінің тарихи, рухани мұрасын ұмытпай қастерлеп, оның ертеңгі ұрпаққа жетуін қарастырады. Республикамызда сәулеті Орта Азияға тән бірқатар көрікті де зәулім мешіттер бой көтерді. Бұл тұста бізді қуандырған бір жәйт мешіт салып, Алла Тағала разылығына бөленудің айқын үлгісін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының өзі көрсетіп отырғандығында. Ол еліміздің түрлі аймақтарынан ел тәуелсіздік алғалы оннан астам көрікті мешіттер салдырып, халқының мерейін көтеріп келеді.
Осы мақсатты көздеген Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен «Көрікті мешіт-2016» байқауы жарияланған болатын. Бұл байқауға республикамыздың түкпір түкпірінен екі деңгейде мешіттер қатысты. Бірінші деңгей – қалалық және аудандық мешіттер. Екінші деңгей – ауылдық мешіттер. Бұл мешіттер сәулеттік ерекшелігі, ұлттық нақышта әрленуі, ауласындағы қосымша ғимараттардың үйлесімдігі мен жалпы тазалығы, көгалдандырылуы бойынша сынға түсті. Көркемдігінде мін жоқ мешіттер жеңімпаз деп танылды.
Мұндағы мақсат – елдегі әрбір мешіттің сәулетті де көркем болуа түсіне жаппай ынталандырып, атсалысу.
– Байыпты әңгімеңіз үшін Алла разы болсын!
Сұқбаттасқан Оңғар Сапарбекұлы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
25.08.2016
7299
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру