Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Сағитжан Дәулетияр, діни басқарманың заңгері: Шариғатты да, заңды да құрметтейік

17.08.2016 4785 0 пікір

Діни басқарманың заңгері Сағитжан Дәулетиярды ашық әңгімеге тарттық.

– Әдетте, заңгерлер табысы да, түсімі де мол орындарды таңдайды. Сіздің діни басқармаға қызметке келуіңізге не себеп болды?

– Менің арғы атам Ысқақ ишан, ал, әкем Мұхаммедәріп діни білімді діндар еді. Осындай отбасынан шықтым. Бала кезімде әкемнің ауыл ақсақалдарының арасында Құранды арапшадан қазақшаға аударып, тәпсірлеп отырғанын талай көрдім. Марқұм 63 жасында дүниеден озды. Ел арасында беделі де өте жоғары болатын. Қазір ғана біліп жүрмін Раббымыз діни білімді адамның дәрежесін көтеріп қояды екен ғой. Ол кезде ауылда мешіт жоқ. Рамазан айындағы тарауих намазы біздің үйде оқылатын. Ауыл қарттары: «Текке тартпай қоймайды» деп текке айтпайтын шығар. Алланың қалауымен осы қызметке келгенім де содан-ау?!

Барды қанағат тұтып, ал дүниені, мол табысты жүрегімнен алып тастауға, құлшылықты бәрінен де жоғары қоюға ниет еткен пенденің бірімін.

Осы қызметке келгеннен кейін қабылдаған Бас мүфтиге:

– Мемлекеттік қызметте қанша істесем де, ҚМДБ-да дінге, діни қызметкерлерге зайырлы елдің заңын түсіндіріп, ақыл-кеңес беруді өзім үшін жоғары мәртебе санаймын, - дегенмін. Сол кезде хазірет таңырқап: – Солай ма! - дегені әлі есімде. Тағы бір басқосуда:

– Діни басқармада қызмет ету бізге Алланың берген зор нығметі. Онымен мақтануға болады, - деген еді діни басшымыз.

– Сізге дейін діни басқармада бірнеше заңгер қызмет етті. Олардың дені көбіне көп қарап отыратын немесе келіп кетіп қана жүретін. Ал, сізді байқаймын жұмыстан бас алмай отырасыз. Іссапарға да жиі шығасыз. Сараптау комиссиясының да құрамындасыз.

– Шынында да жұмыс өте көп. 2010 жылы ҚМДБ-ның заң бөліміне қызметке келгелі бері Қазақстан мұсылмандарының V-VI құрылтайы сайлаған тексеру комиссиясының мүшесімін.

ҚМДБ-ға қарасты, тіпті меншігінде болған жерлер мен ғимараттарды заңсыз жекешелендіру, рақымшылық жасау арқылы қолды болған мүліктерді қайтару мәселелерімен шұғылданып, Алланың қолдауымен оң нәтижеге қол жеткіздік. Іссапарға Бас мүфтидің бұйрығымен ел аумағындағы мешіт, медресе қызметкерлерінің үстінен түскен шағымдарды тексеретін топ құрамында да жүремін. Көбіне-көп құжаттарын рәсімдеуге заң аясында көмектесіп, ақыл-кеңес беру үшін облыс өкіл имамдарының шақыру-ұсынысымен де баруыма тура келеді.

ҚМДБ құрылғалы бері бұрын-соңды болмаған тауар таңбасы «Логотип» сараптамадан өтіп, 11 бөлім бойынша қолданысқа енгізілді. Діни басқарманың жарғысы мен мешіт ережесі, «Зекет» қоры мен халал стандарттау бөлімінің, сондай-ақ «Қажылық» қорының да жарғылары заң аясында сарапталып Әділет департаменті арқылы мемлекеттік тіркеуден өткізілді.

Сараптауға келген діни қызметкердің заң бөлімінен өтуін дұрыс деп санаймын. Себебі жеке іс қағазындағы тігілген құжаттардың заңдылығын, мерзімін, азаматтығын жіті қарап ҚР Ата заңы, еңбек кодексі, салық туралы заңдары мен заңнамаларын ҚМДБ-ның жарғысы, мешіт ережесі талаптарын әрі олардың құқын да жан-жақты түсіндіру заңгердің тікелей міндетіне жатады. Осылай етіп те жүрмін.

– Жиі-жиі сотқа барасыз. Сонда қаралып, шешілген даулы мәселелердің бірқатарын талдап, айтпас па екенсіз?

– Сот мәселесінде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Маловодный ауылы мен Қарасай ауданы, Шамалған бекетіндегі мешіт жері мен оның екі үйін әкімшілік тарапынан, сот, прокуратура, жер қатынастары және әділет мекемелері арқылы бір азамат өз атына заңдастырып, жеке меншігіне тіркеп алған. Осы заңсыз алынған құжаттардың күшін жою үшін аудандық, облыстық соттарға шағым-арыз түсіріп, кейбіреуінің шағымдану уақыты өтіп кетсе де облыстық, Жоғарғы сот арқылы сол мүлік, жер, ғимараттар ҚМДБ-ға қайтарылды. Қаскелең қаласында үлкен көлемдегі мешіт жерін бір лауазымды азамат заңсыз иеленіп келіпті. Сол жер біздің прокурорға жазған хатымыз негізінде қайтарылып алынды.

Сондай-ақ, Алматы қаласы, Түрксіб ауданындағы «Жаңа хаят» мешіті мен Қарасай ауданы, Көлді мерей ауылдық мешітінің имамдарына әкімшілік, ІІБ, прокуратура органдары ҚР Әкімшілік кодексіне сүйеніп «тіркелмеген діни ғимаратқа басшылық жасады» деп толтырылған хаттамалары негізінде сот әрқайсысына 200 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Біздің істі қайта қарау сот алқасына түсірген шағымымыз негізінде заңсыз сот шешімдерінің күші жойылды. Имамдарымыздың құқы қорғалып, айыппұлдан да құтылды. Әлбетте, мұндай мысал жетерлік.

– Осындағы республикалық имамдардың білімін жетілдіру институтының екі айлық курсында дәріс алатын діндарлармен жиі кездесіп жүрсіз. Ақыл-кеңес бересіз бе?

– Ия, ондағы әрбір семинарлық ашық әңгімеміз өте мазмұнды өтеді. Себебі имамдардың көкейтесті сұрақтары көп. Заң туралы түсіндірмеміз он минутқа созылса, қалғаны мешіт құжаты, салық, мемлекеттік құқық қорғау қызметкерлері мен имам арасындағы қарым-қатынас туралы және жеке бастарына қатысты да түрлі сұрақтар қойылады. Семинар үшін берілген бір сағат аздық ететіндіктен сұхбат барысында қандай да заңға қатысты мәселе туа қалса, ұялы байланыс телефоныма кез келген уақытта хабарласуларына болатынын айтамын. Еліміздің әр жерінен хабарласып та жатады. Бәрі бұған дән риза. Діндарларымыз зайырлы еліміздің заңын да жақсы білуге тиіс ғой.

– Діни басқармаға келгенше өз мамандығыңыз бойынша қызмет етіп, тәжірибе жинаған шығарсыз? Сол орта мен қазіргі діни ортадан қандай айырмашылықтарды сезіндіңіз?

– Әрине, тәжірибесіз адам қай салада болмасын өз ісін тиісті деңгейде меңгерген маман бола алмайды. Басқа орта мен діни ортаның айырмашылығы жер мен көктей. Себебі мұнда шариғат заңына үстемдік беріледі, діни қызметкер адами қасиеттің бәрін өз бойына жинап, қолдан келгенінше рухани өнеге-тәрбие насихатын халыққа жеткізіп, әр түрлі жаман әдеттерден Алла разылығы үшін бойын аулақ ұстағандықтан да оған деген құрметім ерекше. Сондай сыпайы да мәдениетті, жанашыр, тілек-мақсаты ортақ діндармен сөйлесу жанымды жадыратып бір керемет сезімге бөлейді. Оларға қуана-қуана қолымнан келгенінше заңға қатысты ақыл-кеңесімді беріп, батасын алуға тырысамын. Діндардың шын жүректен шыққан алғысы қанаттандырады, жігерлендіріп құлшындыра түседі. Халық айтпақшы, «жауынмен жер, алғыспен ел көгереді» ғой.

– Қазір қызметіңізде қиындықтар бар ма?

– Әлбетте, неге болмасын, бар. Қиындықтың бірі кейбір қаулы-бұйрықтарды мұсылман кауымына түсіндіре алмау, кейде мүлдем түсінбеуі. Міне, осыдан: «Діни басқарма бізді неге қорғамайды, неден қорқасыңдар?» деген шамға тиер сөздер айтылып та жатады. Сондай сұрақтарына түсінік пен түсіндірмені аса байыппен жеткізгенде өз ризашылықтарын білдіріп те жатады. Бұл көбіне-көп қыз-келіншектеріміздің орамалына қатысты өзекті мәселеде жиі ұшырасады. Менің қабылдауыма ұстаз, студент, оқушы қыз-келіншектер осыған қатысты келіп тұрады.

Тағы бір мәселе, ел аумағындағы мешіттердің құрылысы аяқталған соң мемлекеттік 12 мекеменің мөрі басылған қабылдау актісі болуы тиіс. Өкінішке орай, көбіне-көп мұның 90 пайызы да жоқ жағдай жиі ұшырасады. Тек бір Алматы қаласындағы мешіттер үшін бұл аса күрделі мәселені ұзақ уақыт Медеу аудандық Аманқұл ата мешітінің іс басқарушысы Рысбек Сейдуәлиев бауырымыз бен имамдарымыз аудандық әкімшіліктердің қолдауымен бірлесе күш жұмылдыруы арқасында толық сәтті аяқтап шықты. Бұл еліміздің басқа аймақтарының діндарлары үшін де үлгі. Расында да, еліміз бойынша заң аясында шешімін күткені әлі қанша десеңізші?!

Сұқбаттасқан Оңғар Сапарбекұлы

"Иман" журналы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру