
Рамазан – күллі мұсылман жұртшылығына қадірлі де қасиетті ай. Өйткені, бұл ұлық айда әрбір күш-қуаты жеткен мұсылман баласы парыз оразасын ұстап, сауабы мол құлшылық-ғибадатын әдеттегіден арттырады. Осылай өз-өзін тәрбиелеп, жан-жағына жақсылықтың дәнін себеді. Бұл айдың мәнісін шын түсінген адам әрбір күнін бос өткізуге, болмашы іспен шұғылдануға жол бермейді. Керісінше, әрбір сағатын өзіне тиімді пайдаланып, ықыласпен атқарған игі істері арқылы қат-қат сауап жинауға бейімделеді.
Қателік-күнәлары үшін үнемі тәуба жасайды. Қала берді сауапты еселей түсетін жақсылықтардың санын арттырады. Олай дейтін себебіміз, рамазан қайырымдылық пен ізгіліктің еселене жасалатын айы. Қасиетті Құранда мынадай аят бар: «Жақсылық жасауда жарысыңдар» («Бақара» сүресі, 148-аят)
Жалған бес күн өмірімізде жақсы мен жаман істің қатар жүретіні ақиқат. Күн сайын бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген азғындықтың әлемде жайлап жатқанын байқаймыз. Алайда, бізді қоршаған қоғам жақсы іске көп мұқтаж. Сол үшін таңды аман-есен атырған әр пенде жақсылық жасауға ниеттенуі жөн іс. Мұны Пайғамбарымыздың (ﷺ) мына хадисі қуаттай түседі: «Игі һәм сауапты іс жасауға асығыңдар, өйткені жақын келешекте жер бетінде қараңғы түндей түнерген көптеген бүліктер орын алады. Сол кезде адам таңертең мүмін болса, кешке қарай кәпір, кешке кәпір болса, таңертең мүмін болып тұрақсыз күй кешеді. Ойланбастан болмашы дүниелік нәрсеге бола дінін сатады».
Үмметін сауапты істерге үндеп, жақсылық жасауға асықтырған ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) Рамазан айында мүлдем басқаша күй кешетін. Яғни, күнделікті жақсы істерін бұл айда тіптен көбейтіп, жомарттықтың нағыз үлгісін бейнелейтін. Ибн Аббас (р.ғ.) жеткізген риуаятта: «Алла Елшісі (ﷺ) адамдар арасында ең жомарт жан болатын. Рамазан айы туып, Жәбірейіл (ғ.с.) періштемен жиі жолыққанда, одан өткен мәрт адам болмайтын. Жәбірейіл періште Рамазан айының мүбәрак әр түнінде Пайғамбарымызға (ﷺ) келіп, екеуі бірге Құран оқитын. Алла Елшісі (ﷺ) Жәбірейіл (ғ.с.) періштемен жолыққан кездерінде жер бетіне береке әкелетін желден де жомарт болып кететін еді», - делінеді.
«Кісіні кейде таршылық сынайды, кейде баршылық сынайды», - дейді дана халқымыз. Сынақ өмір болған соң, біреу тойып секіреді, енді бірі тоңып секіріп жатады. Дегенмен, таршылық пен баршылықты жалғап, тойған мен тоңғанды да теңейтін ол – жақсылық. «Жақсылық ағаш басында, жамандық аяқ астында» деген қанатты сөз де осыны айғақтаса керек. Алла тағала былай дейді: «Жақсылық жасауда, тақуалыққа жетуде бір-біріңе жәрдемдесіңдер!» («Мәидә» сүресі, 2-аят) Ардақты Пайғамбарымыздың (ﷺ) сахабалары аятқа амал жасап, шексіз жомарттықтың үлгісін танытты. Ол жайындаардақты сахаба хазіреті Омар (р.ғ.) былай дейді: «Исламның кең таралуы үшін Алла Елшісі (ﷺ) бірде жәрдемдесуімізді бұйырды. Бұл менің байлығымның ең көп кезі еді. Ішімнен: «Әй, осы бүгін Әбу Бәкірден озбасам ба?!» дедім. Мал-мүлкімнің жартысын Алла Елшісіне әкеліп табыс еттім. Алла Елшісі: «Ей, Омар! отбасыңа не қалдырдың?» – деді. «Дүние-мүлкімнің жартысын қалдырдым»,– дедім.
Біраздан кейін Әбу Бәкір (р.ғ.) келді. Ол мал-мүлкін тегіс алып келген екен. Алла Елшісі (ﷺ) одан: «Ей, Әбу Бәкір, сен отбасыңа не қалдырдың?»,- дегенде оның айтқан жауабы мынау болды: «Оларға Алла мен Расулының сүйіспеншілігін қалдырдым”. Мұны естіген мен:«Бұдан кейін жақсылық жасау жолындағы жарыста мен одан ешқашан да оза алмаспын», - деп түйдім.
Жалпы мына нәрсені ұмытпағанымыз жөн. Жасайтын жақсылығымыз да, жамандығымыз да өзге үшін емес, ең әуелі өзіміз үшін екен. Бұл жөнінде Құран былай дейді: «Кімде-кім түйірдей жақсылық істеген болса, оның сыйын көреді. Кімде-кім түйірдей жамандық істеген болса, оның да жазасын көреді». («Зілзәла» сүресі, 7,8-аяттар) Біздің түсінігімізде жақсылықты біреуге жасадық, көмектестік деп түсінеміз. Әсілінде, сол жақсылықтар ертеңгі ақыретімізге әзірлік және дүние тіршілігінде жиған сауабымыз болып табылады. Ең алғаш оқыған жұма хұтбасында Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген:
«Ей, адамдар! Күш-қуатыңыз барында ақыретке әзірлік жасаңдар. Біле жүріңіздер, ақыретте әркім жасаған ісінің есебін береді. Сіздердің әрқайсысы шопансыз қалдырған қойдан да сұрауға тартылады. Кейін Алла Тағала оған аудармасыз және делдалсыз былай дейді: «Саған Елшім келіп әмірлерімді жеткізді ме? Мен саған мал-мүлік, көптеген жақсылықтар бердім. Ал сен ақырет азығы боларлықтай өзіңмен не әкелдің?»Бұл сұраққа тосылған адам оңына, солына қарайды. Бірақ ешнәрсе көрмейді. Алдына қарағанда жәһаннамды көреді. Олай болса, жарты құрмамен болса да жәһаннамнан құтылуға қамданыңыздар. Жарты құрма таба алмаған адам бірауыз жақсы сөзімен болса да өзін құтқаруға әрекет етсін. Расында жасалған бір жақсылыққа оннан жеті жүзге дейін сауап жазылады».
Қасиетті Рамазан күндеріміз сауапқа толып, оның жеті жүз есеге дейін еселеп жазылуын қаласақ, жақсылық істерде үнсіз қалуымызға тағы болмайды. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы жыл сайынғы дәстүр бойынша биылда Рамазан айына орай халыққа Үндеуін жариялады. Аталған үндеуде: «Рамазан – жалпыға ортақ ізгі амалдар маусымы. Ораза – тәрбие, сабыр, қайырымдылық, ізгілік мектебі. Рамазан – қайырымды жандар үшін үлкен мүмкіндік. Оразада жасалған Жаратушы Иемізге ұнамды әрбір қайырлы іс – үлкен сауап», - делінген.
Ізгі амалдар маусымы болған рамазанның берекетінен қалмау үшін, жақсы амалдарды арттырып, сауапты істерге ден қою қажет. Өйткені, адам жақсылық жасау арқылы сауап жинаса, екіншіден қоғамдағы мұқтаж жандардың қажеттілігі өтеліп, мал-мүлкінің берекесі кірмек. Ардақты пайғамбарымыз (ﷺ) хадисінде:«Жомарт – халыққа, жұмаққа, Алла Тағалаға жақын, бірақ тозақтан алыс. Сараң – халықтан, жұмақтан, Алла Тағаладан алыс, бірақ тозаққа жақын. Сол сияқты, надан жомарт – сараң ғалымнан қарағанда Аса Ұлы Аллаға сүйкімді», - деп айтқан.
Алланың жолында жұмсалған жақсы іс – садақа. Ол жылы сөзбен, қол көмекпен немесе мал-мүлікпен де атқарылуы мүмкін. Сондай-ақ, жақсылықты үлкен-кіші деп бөлместен шынайы ниетте іске асырған абзал. Құранда былай делінеді: «Қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де Алла тағала оны біледі» («Бақара» сүресі, 273-аят).
Қайыр-ихсанымызды қандай ниетте жасап жатқанымызды Алла анық білуші. Сол үшін жақсылықтарымыз рия һәм сауапсыз қалмау үшін дұрыс ниетте жасап, оған ықыласты түзету керек. Сонда ғана Алла жолында жұмсалған әрбір жақсылықтың орны еселеніп толмақ. Аятта былай делінген: «Алла тағала жолында не жұмсасаңдар да, Алла тағала міндетті түрде оның орнын толтырады» («Сәбә» сүресі, 39-аят). Алланың бұл хақ уәдесі рамазан айында тіптен артпақ.Әбу Һурайрадан (р.ғ.) жеткен хадисте Алла елшісі (ﷺ): «Күн сайын таңертең Алланың құлдары ұйқысынан енді оянып жатқанда, көктен екі періште түседі. Бірі: «Уа, Алла Тағалам! Дүние-мүлкін игі жолға жұмсағанның дүниесінің орнын толтыра гөр»,-десе, екіншісі: «Уа, Алла Тағалам! Жиған-тергенін жұмсамай, тығып отырған сараңды шығынға батыр»-деп, дұға жасайды»,-деп айтты» - дейді.
Міне ағайын ешнәрсе Алла құзырында елеусіз қалмақ емес. Не нәрседе бір Алладан қайтады. Адамнан емес, істің қайтарымын Құдайдан үміт қыла отырып, жақсы амалдарға асығайық. Бір-бірімізге қолғабыс беріп, игі істің ұйытқысы бола білейік. Жабырқағанның жанынан, қамыққанның қасынан табылу – нағыз мұсылмандығымыз екенін ұмытпай, қасиетті ораза айында жақсы істе жарыса түсейік.
Нұржан КЕРІМБЕКОВ,
Қызылорда қалалық «Айтбай» мешітінің бас имамы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
14.06.2016
6591
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру