
Өмір – Алла тағала жаратқан ең қымбат дүниелердің бірі. Өмір барлық нәрсенің бастауы және негізі. Өмір қамтыған күллі нәрсе өмір сүреді. Сондықтан да өмірді жаратылыстың бастауы деп айтады. Егер жаратылыс тоқтап, тіршілік бітсе сонда барып өмір тоқтамақ.
Дүниедегі тіршілік атауы жалғыз өмір үшін күреседі. Жаратылыстағы барлық нәрсенің осы өмірге ұмтылуы, мақсат қойып күресуі – Алланың барлығына және Оның жалғыздығына дәлел. Алла тағаланың осылай етіп жаратқан өмірін тоқтатуға Аллатан басқа ешкімнің құқығы жоқ. Бұған тек осы өмірді жаратқан Жаратушы ғана иелік етеді.
Адам өмірі, тіршілік сәні. Кез-келген адамның өзіне қымбат әрі құнды бір заты бар. Ол заттың басқа адамдардың пікірінше материалдық құны да болмауы мүмкін, бірақ, бұл ол адам үшін айырықша бағалы, қымбат. Бұл затты ол басқалардың көзінен ерекше қориды, жоғалып кетпесін деп құпиялы жерде сақтайды. Ал кім осы затты ұрласа немесе қиратса онда бұл заттың иесі ол адамға қатты ашуланып, ренжиді. Тіпті, оны жазалауыда, жазғыруы да мүмкін.
Сол сияқты адам өмірі де Алла тағаланың қасында қымбат дүние. Алла да бұны қориды және сақтайды. Оны ұрлаған немесе өлтірген адам да Алланың қаһарына ұшырайды. Қазақ ажал ауызынан аман қалған немесе қатерлі оқиғаға тап болып, аман-сау қалған адамға: «Құдай сақтап қалған екен», – дейді. Әрине, Алла Тағала ажалы келмеген пендесінің жанын барлық қауіптен қориды. Өйткені, ол аманатты адамнан қайтарып алу уақыты келмеген. Алла Тағала әр адамның қасына сақшы періштелерін қойған. Бұл туралы хәзіреті Әли былай деген:
«Алла көктегі тағдырға жазбайынша, жер бетінде еш нәрсе болмайды. Алла әрбір пендеге екі періште қойған. Адамның ажалы жеткенше ол екеуі оны барлық нәрседен қорғайды. Ал ажал келген уақытта екі періште, адамды өліммен оңаша қалдырады».
Сонымен, адамның жаны оған уақытша берілген аманат. Жанның қожайыны – Алла. Сіз: «Жоқ, жан менікі. Өлсем де, өлмесем де өзім білемін» – деп айтуыңыз мүмкін. Қош, делік. Бірақ, «жан» сіздікі болатындай оны сіз жараттыңыз ба әлде Алла ма? Өзгенің мүлкін «өзімдікі» деу қате болар. Сіз өз қолыңызбен жасаған затқа ғана иесіз. Ал сіздің Иеңіз Алла. Өйткені сені Сол жаратты. Кеудеңдегі қымбат «жанды» да берген Сол. Оны саған уақытша аманат етті. Уақыты келгенде ажал періштесін жіберіп, оны Өзі қайтып алады. Мысалы, сіз бір мекемеге басшы немесе жуапты адам болып тағайындалдыңыз. Енді сіз осы мекеменің басшысымын. Не істесем де өзім білемін деп осы ғимараттағы жиһаздарды, мүлікті еркіңіз бойынша талан-таражға сала аласыз ба? Жоқ. Оларды қалаған адамға сатып немесе сыйға тарата аласыз ба? Әрине, жоқ. Бұлай жасай алмайсыз. Егер сіз бұлай жасайтын болсаңыз, онда «құзіретіңізді асыра пайдаланғаныңыз үшін немесе үкіметтің мүлкін талан таражға салғаныңыз үшін» заң алдында жауапқа тартыласыз. Дәл сол сияқты Алла тағала сізге «мынаны сақта» деп жанды уақытша берді. Сондықтан адам өзін өлтірсе немесе өзгенің жанын алса, онда Алланың аманатына қиянат қылып, қылмыс жасаған саналады. Ал қылмыстың артынан жазаның келетінін естен шығармау керек:
«Бір-бірлеріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл Аллаға оңай» (Ниса: 29-30).
Исламда адамың өзіне-өзі қол жұмсауына құқығы жоқ. Бұл тиым салынған әрекет. «Мен өзімді өзім өлтірсем бұған ешкім жауапты емес» – деген пікір қате. Адам бұл қылмысы үшін жауапты:
Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізген риуаятында Алланың елшісі (ﷺ) былай деген:
«Өзін-өзі тұншықтырып өлтірген адам, тозақ отында тұншықтырылады. Өзіне пышақ салып өлген адам, тозақта пышақталады. Өзін жардан тастап өлген адам, тозақ отына тасталады» (Ахмад, Әбу Дәут).
«Судың да сұрауы бар» дегендей адам әр ісі үшін сұралады. Өйткені, Алла адамды парасатты етіп жаратты. Адамның басқа мақұлықаттан айырмасы да осы. Адам – ақыл иесі. Алла адамды осы дүниенің патшасы етіп, барлық жан-жануарды, сансыз нығметті оның ықтиярына салып қойды.
Мен бұл тақырыпты не үшін қозғап отырмын? Мектеп табалдырығын аттап, ересек өмірге қадам басқан жастарымыз өмір құндылығын түсінсе деймін. Күні бүгінге дейін сен ата-ана қанатының астында болдың. Ата-анаң бар тапқан тәттісін алдыңа қойды. Үйдің де мектептің де еркесі едің. Есік ауласындағылар сені таниды, мектеп мүғалімдері біледі. Бір мәселе туындай қалса, барлығы жабылып шешеді. Ал енді ересек өмірге қадам басқаннан кейін, жағдай бұлай бола бермесі анық. Өмір – күрес. Жаңа орта, жаңа өмір, жаңа, жаңа, барлығы да жаңа бола береді. Адам алдынан шыққан қиындыққа біріле салмай сонымен күреседі. Жаңа ортаны таниды, өзін танытады. Осындай ұүрестің алғашқысы мектеп түлегінің алдында тұрған ҰБТ.
Осы ҰБТ маусымы басталған уақытта ел арасында кейде қайғылы оқиғаларды есіп, көріп жатамыз. Әсіресе, өрімдей жас қыздардың гүлдеп тұрған шағында ҰБТ-дан өте алмай намыс көріп немесе ашу үстінде өмірімен қош айтысуы мүмкін.
Құрметті жас түлектер. Өмір бір ҰБТ-мен бітпейді. Алда әлі алынуы керек қанша белестер бар. Алла аманат етіп берген жас өмірді эмоцияға беріліп, қия салуға әсте болмайды. Адам өзіне қол салып, бақилық болғанымен «проблемалар» онымен біте салмайды. Аллаға және ақыретке иман келтірген адам мұны білуі тиіс. Нағыз машақат, сұрақ-жауап емтиханы өлгеннен кейін басталады. Ол жерде сені басыңнан сипайтын ата-ана, қамқорлық қылатын ағайын жоқ. Сен өз машақатыңмен бетпе-бет қаласың.
Жундуб ибн Абдулла (р.а.) пайғамбардың (ﷺ) мына хадисын риуаят қылады:
«Сендерден бұрын қауым болды. Олардың ішінде біреуі жаралы болатын, кейін жарақатына төзе алмады. Ол пышақ алып, жарақатты қолынан сылып, алып тастады. Қаны тоқтамай ағып, соның салдарынан ол адам қайтыс болды.
Кейін ол Алла тағаланың құзырына барған уақытта. Алла тағала:
– Пендем Менің алдыма өзін өлтіріп келді. Мен оған жәннатты харам қылдым, – деп айтты» (Бұһари, Мүслим).
Хадистен көргеніміздей адам өлгенімен басындағы қиындықтардан құтыла салмайды. Онымен күресу керек. Алла тағала барлық пендесіне сынақ жібереді:
«Біз сендерді аздаған қауіп-қатермен, аштықпен және мал мұліктеріңнен, жақын жандарыңнан, өнімдеріңнен айыру арқылы сынаймыз. (Мұхаммед!) сабыр етушілерді сүйіншіле! «Әл-Бақара: 155».
Сол сынақтан сүрінбей өту барлық адам үшін міндет. Сенің алдыңнан шыққан ҰБТ-да осындай сынақтың бірі деп білген жөн. Алланың пайғамбарлары да, Оның жақын құлдары да (әулиелер де) сынақ астында қалып, сүрінбей өткен. Алла сүйген пенделеріне сынақ жіберіп отырады:
«Алла кімге жақсылық қаласа, соған қиындық жібереді» (имам Мәлик және Бұһари). Әрине, сынақтан сүоінбей өткен адамның марапаты да жоғары.
Әдетте, адамға жаман ой ашуланған уақытта келеді. Сөйтіп, оның басында небір ой туады, тіпті адам өзіне қол жұмсауға дейін барады. Егер өзіне қол жұмсаса, онда басындағы қиындықтардан босап, басқаларының аянышын тудырып, есіркеуге бөленіп немесе әділдік орнататындай көрінеді. Бірақ, бұдан ешкімнің еш нәрсесі кетпейді. Өлген адам өледі. Жақындары жылап, сықтап қояды. Басқа не шара?! Ал өмір сол баяғы арнасымен кете барады. Бұдан ұтылатын тек, өлген адамның өзі. Әке-шеше баласыз қалады, ағайындары бауырдан айырылады, болды. Сол себепті де ашу жақсы қасиет емес. Ашуға берілген адам көптеген ақымақтыққа жол беріп қоюы ықтимал.
Әбу Дарда есімді сахабадан мынадай риуаят келеді. «Бір күні мен:
– О, Алланың елшісі, мені жәннатқа кіргізетін амалды көрсетші – деп сұрадым.
Пайғамбар (ﷺ):
– Ашуланба, сонда сен жаннатта боласың – деді» (Табарани).
Халистен шығатын түйін – ашумен дос болмау. Ашудан аулақ жүру керек екен. Ол дос болып жарытпайды.
Жас түлек, мен жоғарыда өмірге ренжіп, «мен өмірде сәтсіз болдым» деп адамның өзіне-өзі қол жұмсауына болмайтыны жайында біраз айтып өттім. Ондай адамның ақыреттегі есебі қатты. Әсіресе, ересек өмірдің табалдырығын енді аттаған жастарға айтарым, ҰБТ адам өмірін қиюға тұрмайды. Адам өміріне құн жетпейді. Оны сен ешқандай бағалы затқа сатып та, айырбастап та ала алмайсың. Адам өмірі былай тұрсын, жай ғана жастықты шақты сатып алу мүмкіндігі болғанда, онда мына жалған дүниеде жастық кезде сатып алуға ғұмыр бойы жиған байлығын ойланбастан сарп ететін патшалар, дәулеті тасыған байлар қанша?! Жастық шақ, жас өмір –Алла Тағаланың саған берген сыйы. Бұл дүние алдамшы. Бір мезгілде дүниеден баз кешіп, өмір сүргің келмей тұрса, енді бір сәтте көңілің жай тауып, ішіңде өмірге деген махаббат сезімің тасып кетеді. Міне, жалған өмір деген осы. Егер ҰБТ сияқты ересек өмірдегі алғашқы қиындықпен күресе білмесең, онда қалған ғұмырыңды қалай кешірмексің?
Бұл жолы ҰБТ-дан өте алмасаң, бәлкім, келесі жылы өтерсің. Өмірде ҰБТ-дан да басқа мағызды дүниелер көп. Мысалы, ата-ананы қуанту, оларға демеу болу, ел азаматы болу және т.б. Сенің осы жағдайыңа жете алмай жүрген қанша кембағал жандар бар, соларды ойла. Жарық дүниені, күннің сәулесін, көк шөпті, қызыл, ақ, сары гүл түстерін көруге зар болған зағиптерді, анасының жылы дауысын, баланың сықылық күлкісін, судың ағысын ести алмайтындарды, бойын түзей алмай арбаға байланған, жерді аяғымен басып сезе алмайтын мүгедек жандарды ойлап жағдайыңа шүкір айт. Алла оларға бермеген нығметті саған берді. Соны ұмытпағайсын. Жас өміріңнің қадірін біл!
Жалғас Садуахасұлы,
Философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
06.06.2016
5695
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру