
Рамазан – күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті, берекелі, сауабы еселеніп жазылатын ерекше ай. Сондықтан бұл айды мұсылман баласы сағына әрі асыға күтеді.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 183-185-аяттарында былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз болғандай ораза парыз етілді. Әрине, сақсынарсыңдар. Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер. Және сондай ораза күш келетіндер (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы. Рамазан айы – сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал, біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыртпалық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар».
Біз осы аяттан біраз нәрсені ұғынамыз. Біріншіден, ораза тек бізге ғана емес, бізден де бұрынғы қауымға парыз етілген. Алайда, ол қауым жер бетінен жойылып, соңғы кітап Құран түсіп, соңғы елші – Мұхаммедтің (ﷺ) сүннетіне негізделген мұсылман шариғаты жер бетіне тарады.
Екіншіден, Алла Тағала осы аятта: «Әрине, сақсынарсыңдар...» дейді. Ораза тек ауыз бекіту, ішіп-жеуден бас тарту деген ұғымды ғана білдірмейді. Рамазан – тақуалық мектебі. Пенде бұл айда күннің ыстығына қарамастан, ауыз бекітіп, барлық уақытын Алланың разылығын тудыратын ізгі амалдарға арнайды. Бүкіл болмысы мен уақытын Жаратушы Иенің разылығына арнаған пенде осылайша өз бойындағы тақуалығын арттырады. Ізгі, сауапты, қайырлы амалдары арқылы Жаратушыға жақындай түседі.
Үшіншіден, ораза санаулы күндерде ғана ұсталады. Алла Тағала 12 айдың бір айын ораза ұстауға бұйырған. Осы айда Раббымыздың әміріне бойсұнған пенденің мәртебесі де арта түседі.
Төртіншіден, Алла Тағала өз құлына ауыртпашылық қаламайды, керісінше жеңіл болғанын қалайды. Аяттың жалғасында: «Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер», – деп баяндалған. Ислам дініндегі парыз амал шамасы келмеген пендеге жүктелмеген. Қарапайым мысал айтар болсақ, қаржылық мүмкіндігі жоқ адам үшін қажылық өтеу – парыз емес. Сол секілді, кәрілік жетіп қартайған қарияға, науқас адамға, емізулі баласы бар жанға ораза ұстау парыз етілмейді. Алайда, бұл топтағы адамдар күн сайын бір міскінді тамақтандыруы тиіс.
Бесінші, Алла Тағала: «Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы», – деу арқылы құлдарын жақсылықты көбірек жасауға ынталандырып тұр. Құранның «Мұтаффифин» сүресінде: «...Жарысушылар осыған жарыссын», – деген аят бар. Демек, адам баласы үшін нағыз жарысу керек болған нәрсе – сауапты істер. Кісі парыз амалдарынан бөлек нәпіл, қосымша құлшылықтар арқылы Аллаға жақындап, Оның мейірім-рақымына бөленеді.
Алтыншы, Рамазан айы – сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Рамазан – Құран айы. Бұл айда Алла Елшісі Құранды көп хатым еткен. Қасиетті айда еліміздің мешіттеріндегі тарауих намаздарында Құран хатым етіледі, яғни, қасиетті кітабымыз толық оқылады. Тарауих намазына қатысып, Алла сөзін тыңдаудың да сауабы теңдессіз. Сахабалар мен ғұламалар ораза кезінде Құран Кәрімді бірнеше рет қайталап оқып шыққан. Біз де мүмкіндігін, уақытын тауып, Құранға көбірек көңіл бөлуіміз керек. Аяттың мағынасына мән беріп, Құдайдың құдіретіне ой жіберуіміз керек. Өйткені, бұл айда оқылған Құран аятының әрбір әрпіне бірнеше есе сауап жазылады.
Алланың Елшісі (ﷺ) өз үмбетіне, яғни сіз бен бізге Құранды ұдайы оқып-үйренуді, жаттауды, оған амал етуді бұйырған. Ондағы әрбір аятта үлкен сауап бар екенін сүйіншілеген: «Сендердің ең қайырлыларың – Құранды үйреніп және оны басқаға үйреткендерің». Тағы хадис-шарифте: «Құраннан бір әріп оқыған адамға бір жақсылық жазылады. Ал, әрбір жақсылықтың сауабы он еселенеді. Мен «Әлиф. Ләм. Мим» бір әріп деп айтпаймын. Әлиф – бір әріп, ләм – бір әріп, мим – бір әріп», – делінген.
Иә, Құран – адамзатты надандықтан, зұлымдықтан тура жолға, ілім мен өркениет жолына бастайтын Хақ кітап. Қасиетті кітабымыз өмірдің барлық саласын қамтыған, адамның адамға тән өмір сүруін үйрететін Алланың кемшіліксіз кемел сөзі. Құран – ешқашан ғасыр соңында қалмайтын, керісінше ғасырды, заманды өз соңына жетелейтін Жаратушыдан тірілер үшін түскен ұлы сөз. Оның көркемдігінде шек жоқ. Бүгінгі күнге дейін, осы сағатқа дейін ұлық кітаптардың ішінде өзгеріске ұшырамаған тек Құран ғана.
Құран оқылған, оған амал етілген үйде, жерде, елде тыныштық орнайды, Алланың берекеті болады. Бұдан түйетін ой – Құрансыз өмірдің мәні де сәні де жоқ. Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадисінде: «Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар. Себебі Құран оқылмаған үйде жақсылық, береке аз болады. Ондай үй-іші әрдайым қиыншылықта болады. Яғни, ондай үйде тыныштық болмайды», – деген.
Құран Кәрім өзіне ұмтылған жандар үшін – үміт көзі. «Құран оқу – көңілдің шипасы», – деп пайғамбарымыз (ﷺ) текке айтпаған. Иә, дәрі-дәрмекпен емделмейтін аурулар Құранмен емделеді. «Кім Құраннан шипа таппаса, басқа оған ем жоқ», – деген Алла Елшісінің тағылымы түсінгенге көп ой тастайды.
Алланың сөзін мәнерлеп оқумен қатар, оны жаттау да – теңдессіз сауап. Осы ретте бір хадиске тоқтала кеткіміз келеді: «Кім Құранды оқыса, және (оны түгел) жаттап алған болса, сөйтіп, оның адал дегенін адал десе, сондай-ақ, арам дегенін арам десе, соның шарапатынан Алла оны жұмаққа кіргізеді. Және оның отбасынан тозаққа түсуі уәжіп, яғни міндет болған он адам шапағат етіледі». Алла тағала баршамызға осындай шексіз нығметке жеткізуді нәсіп еткей!
Ораза – сабыр айы. Ораза ұстаған адам барлық сынақ пен нәпсіні сабырға жеңеді. Ауыз бекіткен адам әдеп білмес пенденің мұсылманға жат әрекеті мен сөзіне: «Мен оразамын», – деп жауап береді.
Термизи жеткізген хадис-шарифте пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ): «Ораза – сабырдың жартысы», – деп айтқан.
Ал Хақ Тағала былай деген: «Расында, сабырлылар сауаптарын қисапсыз түрде молынан алады» (Зүмәр сүресі, 10-аят).
Алла Тағала ұстаған орамызды қабыл етіп, өз мейірімі мен рақымына бөлегей! Әмин!
Әсет АТАШЕВ,
«Орбита» мешітінің Бас имамы
Алматы қаласы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
02.06.2016
7778
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру