
Қазақ – табиғатынан сабырлы халық. Бүгінгі айтылып жүргендей, ерме, ұраншыл, жалқау халық емес. Мұның барлығы кешегі кеңестік кезеңнен қалған түсінік. Себебі, сол заманда қазақты артта қалған ұлт қылып көрсетіп, тарихы, әдебиеті, мәдениеті жоқ ел санады. Арғы тарихқа тереңдемей-ақ, өткен ғасырдың өзіне көз жүгіртіп қарайтын болсақ, қазақтың басынан аз нәубет өткен жоқ. Сол қиындықтың барлығынан қазақты әуелі Алла, сосын шүкіршілігі мен сабырлылығы құтқарып қалды.
Қазақ қашанда «сабыр түбі – сары алтын» деп, қандай жағдай болмасын ақылмен, төзімділікпен әліптің ақырын баққан ел. Күрделі мәселеге тап болып, күрмеуі шешілмей жатқан жағдайда да адам өзін шыдамды әрі сабырлы қалыпта ұстай білуі қажет. Себебі, ондай жағдайда алғашқы сөз, әлбетте, ашумен айтылады. Ал ашумен айтылған сөздің артында өмірлік өкініш тұрады. Сондықтан, әрбір адам отбасын сақтауда, басына қандай да бір сынақ пен қиыншылық түскенде және елдің, ұлттың, мемлекеттің тағдырына қатысты мәселелерге өте сабырлылықпен, ұстамдылықпен, жан-жақтылықпен қарай білуі керек.
Қазіргі біз өмір сүріп отырған қоғамда бүгін отау құрып, ертең ажырасып жатқан жастар қарасы көбейіп кетті. Неге? Себебі, көпшілігінде отбасында туындаған мәселеге сабырмен қарау, ақылға салу жоқтың қасы. Адам кейде нәпсі мен шайтанның азғыруына еріп, түймедей түсініспеушіліктен түйедей мәселені өзі жасап алғанын байқамай да қалады. Кейбіреуі «отбасында кездескен барлық қиындықты осы уақытқа дейін ішімде сақтап, сабырлылықпен шыдап жүрдім» деп ойлауы мүмкін. Бірақ, шындығында, ол сабырлылық сақтап жүрген жоқ. Ол болған жайлардың барлығын іштей жіпке тізіп, түймедейді түйедей етіп шайтанға азғырылып жүрді. Солардың барлығын түрлі негізсіз ойлармен іштей үлкейтеді. Ақыры ажырасып тынады. Соның салдарынан ана жалғыз басты, бала тірі жетім атанып жатыр. Ал бұл ата-анаға ғана емес, тұтас ұлтқа абырой әпермейтін қасіретті жағдай. Бірақ, ақыл мен сабырға емес, ашуға ерік бергендіктен мұны ойлап жататын бірі жоқ.
Тағы бір жанға бататын жағдай, әсіресе, жастар жағы басына түскен қиындықты ажалмен жеңгісі келеді. Ойланбастан биіктен секіреді. Қорықпастан қыл арқанға қол созады. Уайымға салынып, у ішеді.
Шамасы, олар «өз-өзіме қол жұмсасам қиындықтардың барлығынан құтыламын» деп ойлайтын болса керек. Бұл да үлкен қателік. Санасы сергек, ойлы жас бұл дүниеден кейін де әрбір әрекеті үшін жауап беретінін ұмытпау керек-ті. Жан – Алланың берген аманаты. Ал, аманатқа қиянат жасауға әсте болмайды. Мұның барлығы да сол сабырдың жоқтығынан. Сабырлы адам кезіккен қиындықты, әр мәселені жан-жақты ойланып, саралап, жеті рет өлшеп, бір рет кеседі. Қалайда бір тиімді шешімін табады.
Кешегі ата-бабаларымыз басынан өткеннің барлығын ұрпағына өсиет-өнеге етіп қалдырып кетіп отырған. Өмірдің болмашы сәтсіздіктері мен ауыр қайғы-қасіретіне душар болғандарға: «Күніне мың бір бәле көрсең-дағы, сонда да күдер үзбе бір Алладан» деп, қандай қиындыққа тап болғанына қарамастан, хақ сенімге селкеу түсірмей, адамдық болмысты сақтап қалуды ескерткен.
Сабыр – әрбір адамның рухани тірегі. Сабырлы жан басқа түскен ауыртпашылықты мәрттікпен қабыл алады да, сабырсыз пенде күйіп-пісіп, өзін қоярға жер таппай, отқа да, суға да түсіп, қайғы-мұңға оңай беріледі. Ағайын-туыс, ет жақын адамдарының жанын жаралап, ауыр сөздер айтады.
Адам өзінің ешқашан бірқалыпты жағдайда тұрмайтынын естен шығармау керек. Кейде аспандағы айға қолы жеткендей қуанып, шаттанса, бір күндері күллі әлемді қараңғылық басқандай күй кешеді. Мұндай жағдайда, әсіресе, өмірдің қиындығын көрмеген, буыны қатпаған жастар шарасыздық танытып жатады. Расында, Құранда айтылғандай, «пенде – әлсіз жаратылыс». Сол себепті, адамзат баласы әрдайым үмітпен ғұмыр кешеді. Қандай ауыр жағдайда да, адамның кеудесінен үміт отының өшпеуі, ең алдымен сол сабырға байланысты. Қанағат та, ынсап та сабырдан тірек табады. Сондықтан, қазақ халқы «сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деп, сабырды барлық үлгілі қасиеттердің қайнар бұлағына балайды.
Асыл дініміз исламда адамгершілік, мейірімділік, сабырлылық туралы көп айтылады. Бұл қатарда ең үлкен мәнге ие болатыны – сабырлылық. Осыған орай «Сабыр» хақында көптеген Құран аяттарымен қатар пайғамбар хадистерін де жолықтыруға болады. Бұл аят-хадистер тек сабыр ұғымына таным жасап қана қоймай, оны орындаудың артықшылығы жайында ерекше баяндайды. Құранның «Аср» сүресінде: «Заманға серт. Негізінен, адам баласы зиянда. Бірақ, сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендер, бір-біріне шындықты шақырып, сабырды үгіттегендер зиянға ұшырамайды» деп айтылады. Бұл, шындығында, адам баласының зиянға түсу кезінде ақиқатқа және сабырға шақырудың қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді.
Пайғамбарымыз (ﷺ) «Сабыр – жәннаттің кілті» десе, тағы бір хадисінде: «Сабыр еткен адам жеңіске жетеді» деген. Алла Тағала Құранның «Тур» сүресінің төртінші аятында: «Алла күмәнсіз сабыр етушілермен бірге» делінген. Анығында, сабырлылық – тағдырға қарсы шықпау. Яғни, Алланың басқа салғанына көніп, бергеніне шүкір ету.
Алладан келген әрбір істің астарында не жасырынғанын, нәтижесі қалай болатындығын пенде толық түсінбейді. Құран Кәрімде: «Сендер ұнатпаған нәрселер сендердің пайдаларыңа; ұнататын нәрселер зияндарыңа болуы да мүмкін. Сендер білмейсіңдер, Алла біледі» (Бақара: 216) делінеді. Бұл аяттың мағынасына терең бойлаған адам Алладан келген істердің хикметін сезіп, шүкіршілік сезімі артып, сабырға келері хақ. Сондықтан, пендешілікпен тек қана бақытты, шат-шадыман өмір сүре беретін болсақ Алланы ұмытып, тәкәппарлыққа салынуымыз да бек мүмкін дүние. Бұл турасында хәкім Абай кей кезде адамзат баласын «көйлегі көктік, тамағы тоқтық аздырарын» қалай дәп басып айтқан... Сол себепті, мұсылман адам үшін қиыншылыққа сабыр ең абзал сипат болмақ.
Қазақ тарихтан жауынгер халық болғанымен ешкімге күш көрсетіп, жаулық қылмаған. Яғни, Құдайдың берген несібесіне шүкіршілік еткен, астамшылыққа бармаған. Қазақ даласында болған соғыстың барлығы да тұтқиылдан келген жаулардан ұлтын, елін, жерін қорғап қалу үшін болған айқастар. Сол жаугершілік заманында бізден көп, бізден күшті қаншама ұлттар мен мемлекеттер болды. Бірақ солардың бүгінде не жері, не ұлты қалмай жер бетінен жойылып кеткендері қаншама. Ал қазақ сол шайқастарда алауыздық танытқанда айдауда болды, жұдырықтай жұмылғанда жауына жаналғыштай көрінді.
Қазақ «жау жоқ деме, жар астында» дейді. Бүгінгі бейбіт заманның өзінде жан-жағымыздан анталаған жау аз емес. Тоғыз мемлекет сыятын жеріміздің астындағы қисапсыз қазына, үстіндегі тамылжыған табиғаты кім-кімді де болса қызықтырмай қоймайды. Ат төбеліндей ғана қазақ айтаққа еріп, алауыздыққа жол берсек айдауда кетеріміз анық. Арандатушылардың айтқанына сеніп, алаңға айқайлап шыққан елдердің қазіргі жағдайын естіп, көріп отырмыз. Ереуілге шыққаннан елдің мәселесі, ұрандатқаннан ұлттың мүддесі шешімін таппайды. Мәселе мәмілеге келгенде, сабырмен, ақылмен, келіссөздермен ғана шешіледі.
Біз ауызбіршілік танытып, жұдырықтай жұмыла білсек қана алынбас қамалға айналамыз. Егемендік алған 25 жылдың ішінде әлемнің мен деген алпауыт мемлекеттерімен тең дәрежеде сөйлесетіндей беделге ие болдық. Ерегескен елдерге елші болдық, бауырмалдық пен бітімге шақырдық. Расында, тұрақтылық бар жерде ғана даму болады. Еліміз әлемдегі алдыңғы қатарлы дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп қойды. Сондықтан, тыныштық пен тұрақтылықты қарашығымыздай қорғап, қарқынды дамуға бет алуымыз керек.
«Жігітті кейде баршылық, кейде таршылық сынайды». Кез келген іске байыппен қарау, қиыншылықтарға сабырлылық таныту, қоғамда туындаған мәселелердің мәнісіне жету үшін төзімділікпен талдау жасау, айқай мен айтаққа еріп, өкінішке қалмас үшін мұсылманның ең тамаша таңдауы, ең ізгі сипаты болса керек. Мұны қорқақтық деуге әсте болмайды. Сабырдың салмағын ұлттың, елдің тұтастығымен өлшер болсақ, қоғамдық істерде жеке бастың жауапкершілігінен де жоғары салмақтылық пен салиқалылық керек екендігін байқаймыз.
Айдар ӘБУОВ,
ф.ғ.д., профессор,
Дінтанушылар конгресінің төрағасы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
02.06.2016
4722
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру