
(немесе не үшін «Дін мен дәстүр» кітабынан бәйге ұйымдастырдық)
Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы бізге жат әр-түрлі ағым-секталар ісі белең алған бүгінгі алмағайып заманда жастардың дүниетанымын қалыптастырып, тәрбиелеуде ұлттық дәстүріміздегі адамгершілік пен ар-ұят ұстанымдарын шариғат талабымен заман талаптарына сай тиімді түрде қолдануды басты бағыт етіп ұстап отырғанын ел халқы түсініп отыр. ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазрет жуырда тілшілерге берген сұқбатында: «...қазақтың басынан өткен талай өмір сынақтары дәстүр мен дінді бір-бірінен әбден алшақтатуға бағытталды. Қазір заман өзгерді. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп отырмыз. Мешіттеріміздің есігі айқара ашық. Намаз оқуға, Аллаға мінәжат етуге мүмкіндік пен еркіндік бар. Осы ретте қазіргі ұрпаққа, дін қызметкерлеріне, ел игілігі үшін елеңдеген барлық жанашыр азаматтарға жүктелер міндет – дін мен дәстүрді түгендеу, оны халыққа түсіндіру. Осынау ұлы мақсатты көздей отырып, біз қазір «Дін мен дәстүр» деген кітапты шығардық. Осы еңбекте дін мен дәстүріміздің қабысатын қағидаттары молынан баяндалды»,-деген еді.
Бас мүфти хазреттің бастамасымен жарық көрген «Дін мен дәстүр» атты бұл еңбекте дәстүр туралы түсініктер бере келіп, «Қазақ халқының имани дәстүрлері», «Имани қарым-қатынас» бөлімдері арқылы ұлттық сана, Құдай Тағалаға, тағдырға сенім, Пайғамбарға(ﷺ) құрмет, білімдіге, ұстазға құрмет, діни рәсімдерге құрмет, Отан, ар-ұят туралы, қонақжайлық, дастархан әдептері, әдептілік, сыпайылық, ержүректік, қарапайымдылық, жақсылыққа ұмтылу, ата-ананы құрметтеу, сәлем беру, ынтымақ-бірлік, бауырмалдық, туыстық байланыс, көрші ақысы, сыйластық, дос-жаран, нағашы-жиен, үлкенге құрмет, кішіге ізет, тілеуқорлық т.с.с. біздің халқымызда ежелден мол әрі жоғары болған тамаша озық қасиеттердің «басым бөлігінің имани ұстанымнан алынғандығы, дәстүр мен діннің біте қайнасып бөлінбес дүниеге айналғандығы туралы әңгімеленеді.»(4-бет) Әлбетте бұл тамаша қасиеттеріміз қазір де халқымыздың қаймағы бұзылмаған ауыл-бесігінде өз жалғасын тауып та келе жатыр. Бүгінгі ұрпақ бұл еңбек арқылы бабаларының тарихы ұзақ, тамыры тереңге тартқан, ғасырдан ғасырға қаймағын бұзбай жалғастырып келе жатқан ұлттық ерекшелікке ие таңдаулы салт-дәстүрі, шұғылалы мәдениеті, озық өркениет үлгілері бар екендігін танып-біліп, «сонымен қатар, ұлттық таным мен әдет-ғұрыптардың мұсылманшылықпен сабақтастығын саралап көрсететін»(3-4-бет) сүбелі еңбектердің бастауы болғанын көреміз.
Еліміз қазір елеулі қоғамдық жаңару кезеңінде тұр. Мейлі қандай кезде болмасын, қоғамдық қатынастар дәстүрге өз әсерін тигізбей қоймайды. Өмір өзгеріп, заман жаңарып отырады. Бұрынғы дәстүр көнеріп қатардан қалып, жаңа дәстүр, жаңа салттар пайда болады. Бұл да өмірдің бір түрлі заңдылығы. Демек, «дәстүрлі ислам», сол сияқты «қазақы ислам» деген сөздер өз алдына бөлек дінді емес, «исламдағы қазақ жолы» (яғни ата-бабалар жолы) дегенді білдіреді. Тамыры терең жатқан тарих ақиқаты тұрғанда, жат ағымға еліктеген әлдебіреулердің қазаққа дінді тыңнан үйретеміз деуі «қарғаның бұлбұлға ән айтуды үйретуі» (Абай) тәрізді күлкілі, әрі бекерге тер төгу болмақ. Бас мүфтидің бастамасымен тыңнан түрен сала бастаған бұл көптомдық еңбек арқылы жастарымызбен жас өскін жеткіншектеріміздің санасына «дінімізге, дәстүрімізге берік бола алсақ қана елдігімізді сақтап, дербестігімізге ие болып,... қазірде ортамызға от ала келген пікірлік-ділдік басқыншылыққа қарсы тұра аламыз», (7-бет) әрі жастар санасына ұлттық иммунитет қалыптастыруда зор үлес болары хақ.
Осы орайда аталмыш тақырыпқа байланысты бірер ой-пікірлерімізді білдіре кетуді жөн көремін. Ең қарапайым сөзбен айтсақ, адам баласы мен Жаратушы Құдірет арасын байланыстырушы ілімді біз «Дін» деп атаймыз. Ал Ислам философиясы бойынша, дін деп – әлемді байланыстыратын күш болушы - Алланың бар екендігіне деген Сенімді айтамыз. Бұл Ұлы Сенімнің келесі атауы - Иман. Иманын жоғалту адамның дінін жоғалтуына алып келеді. Имандылық және адамгершілік ұғымдары өзара жақын туыс екенін бәріміз білеміз. Дінге бетбұрыс дегеніміз имандылықты серік ету деген сөз. Ендеше дінге бет бұрған тәуелсіз жылдарымызда біздің қоғамдағы адамдардың пейіл - ниеттері сөзбен айтып жеткізгісіз түзеліп, ортамызға ізгілік пен рухани жаймашуақтық орнап, әрқайсысымыздың жүзімізден нұр төгіліп тұрар еді. Өкінішке қарай, нақты жағдай басқаша.
Қоғамда ізгілік дегредацияға ұшырап, оның орнын материалдық байлыққа ұмтылу мен қатыгездік басып бара жатқанын әркім-ақ байқайды. Материалдық құндылықтар бірінші кезекке шыққан бүгінгі қоғамда адамның ең қасиетті деген ішкі жандүниесімен ізгі Сенімі де Алладан бір нәрсе сұрап қалу үшін жанталасуда екенін байқап қаламыз.(Мешітке тек Алладан сұрау үшін келу!) Бұл енді дінге деген тұтынушылық көзқарастың тап өзі деген сөз. Бір сөзбен айтқанда, рухани сенімін жоғалтып, орнын саудагерлік сеніммен ауыстырған. Сонымен қатар деструктивті, кей жағдайда тіпті радикалды исламдық ағымдағы «шатақ діндердің» (Шәкәрім) белсенді әрекеттері көріністер беруі еліміздің ұлттық өзіндік ерекшелігінен айырылып қалу қаупіне апарып соғуы мүмкін. Өйткені ол топтағылар ең алдымен қазақ ұлтының, яғни біздің төл қазақ дәстүрлерімізден бас тартып, оны жоққа шығарып, фундаменталды және радикалды идеяларды насихаттауда. Ал қазақ халқы үшін ұлтымыздың тілін, дәстүрін, тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, өнерін, өткені мен бүгінін жоққа шығарып, басқа жолды дәріптейтін «діннің» немесе «дінсымақтың» бес тиынға да қажеті жоқ екені түсінікті.
Дәл осылайша, мұнан 300 жыл бұрын Мөңке би айтқан, «алашұбар тіліміз, дүдәмалдау дініміз» бола берсе қоғамда діни сенiм дағдарысы етек алуы мүмкін. Дінге құмар, бірақ қазақы салт-дәстүрді білмейтін адамдар аз емес. Жуырда баспасөз арқылы алынған «Діни секталар неліктен салт-дәстүрге қарсы?» деген сауалнамаға қатысушылар ағымдар «елдің өз тамырынан үзілгенін қалайтындығын» 50%-ы құптапты. «Аңқау елге – арамза молда» 28%-ы деп есептесе, 13%-ы «түпкі мүдделері қазаққа жат» деген күдіктерің жасырмайды. Салт-дәстүрді «діни ұстанымдарға сәйкес келмейді»,-деп 9%-ы жауап беріпті. Жалпы материалдық қоғам адамдардың жүйкесiн жүдетiп, рухани әлсiрете бастады. Қазiр теңгенiң емес, адам жанын құтқару күттiрмейтiн мәселе. Еліміздің Ата Заңы бойынша дін мемлекеттен бөлек. Алайда іс жүзінде екеуі тонның ішкі бауындай өзара тығыз байланысты құбылыстар екені баршаға аян. Өйткені діндар адам болса да, атейст адам болса да, бәрібір Қазақстан елінің азаматы. Ең соңғы ақпарат бойынша бүгінгі таңда елімізде Ислам дінін тұтынушылар халықтың – 75%, православие – 20%, христиан-католиктер – 3%, ал жаңа дін ағымдарын ұстанушылар – 1,5-2% құрайды. Демек Қазақстан Республикасы азаматтары үшін қасиетті Ислам дінінің қоғамдық өмірдегі орны мен атқаратын рөлі орасан зор деген сөз.
Мемлекет қауiпсiздiгi үшiн, халықтың бейбiт өмiр сүруi үшiн дiни ағартушылық жұмысқа бұқаралық сипат берiп, дiни сауатсыздыққа қарсы күреспен жүйелi түрде айналысу қажет деген ой туындайды. Азат елдің әрбір азаматы, әсіресе, өзінің тілін, этномәдениетін, отбасылық және діни құндылықтарын көздің қарашығындай сақтауға талпынуға тиіс. Сонымен қатар, сауатты дiни мамандар көбейген сайын радикалды топтардың ықпалы өзiнен-өзi азаяды. Халық рухын сауықтыруға және экстремизмнің алдын- алуға ең керегі міне, сол. Ал дәстүр жайына келер болсақ, біздің түсінігімізше белгілі бір ұлттың сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігі барысында жинақтап, сұрыптап, бір жүйеге келтіріп, қалыпқа түсірген қоғамдық ойының, әдет-ғұрыпының жиынтығы дәстүр деп аталмақ. (Әлбетте дәстүрдің озығы мен тозығы туралы айту басқа әңгіме!) Дәстүр әрбір ұлттың ұлт болып қалыптасу барысындағы материалдық, әлеуметтік және рухани құндылықтарының өзге халықтарда жоқ өзіндік бейнесі. Сонымен қатар өзіне ғана тән ерекшеленіп тұратын тағылымдық мәні зор моральдық, танымдық тәлім-тәрбиесі, халықтық дағдысы, үлгі-өнегесі. Сондай-ақ даналығы мен даралығы арқылы бір ұлтқа телініп, тек сол ұлтқа ғана тиесілі болғандықтан «Ұлттық дәстүр» деп аталынады. Жалпы кез-келген дәстүр-салтымыз әуелде жайдан-жай қалыптасып, еш негізсіз өмірге келмеген. Әр қайсысының түпкі төркінінде адам жанын тәрбиелеуге арналған ізгі ниет, асыл қасиет жатады. Сол арқылы біздің қандай қасиетке ие ұлт екеніміз ашылады.
Бүгінгі таңда әлемдегі ұлттар өздерінің жүріп өткен жолдарына қайырыла қарап, «Біз мынадай қасиетке ие халықпыз» деп мақтан етерлік, ұлттық болмысы мен бейнесіне тамаша айғақ тұтарлық озық қасиеттерін қарастырып, насихаттауда. Әрбір ұлтқа тән ондай қасиеттерді «Ұлттық құндылықтар» деп атаудамыз.Ұлттық дәстүр мен ұлттық құндылықтар да бір-бірінен айырғысыз, біте қайнасқан егіз ұғым немесе теңгенің екі беті деуге болады. Қазақ халқының қазірге дейін жалғасып келе жатқан, қанына сіңген тектілігі, адамгершілігінің жоғары болатыны, әр түрлі келеңсіз көріністерден, әбес қылықтардан аулақ жүретіні заңнан да биік болған салт-дәстүр, ұлттық тәрбие тағылымдарының нәтижесі екені айдан анық. Бүгінде қазақ азаматтарында халқымыздың таңдаулы дәстұрімен сабақтасқан өзіне тән өзгеше ұлттық намыс-жігері күші болуға тиіс. Мұндағы ұлттық намыс-жігер «мен Қазақпын!» деп кеудені ұрып құр айғайлау емес, қайта ішкі жан дүниеңде намыс туыңды тіктеп, өз халқының таңдаулы дәстүрін, озық мәдениетін ардақ тұтып, ұлттың атақ-абыройына дақ салатын ұнамсыз қылықтардан аулақ болса қызымыз ибалы, ұлымыз иманды болар еді. Жастар үлкеннің сөзіне тоқтайтын болар еді. Ал үлкендер үшін әділдігімен қара қылды қақ жарып, аталы сөзіне тоқтата алатын даналық қажет.
Алла Тағала елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, халқымыздың кең пейілі мен ізгі ниетіне сай, бірлігімізге сызат түсірмей, жақсылығын нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі мәңгілік болғай!
Н.Исенов
(ҚМДБ-ның Павлодар облысы
бойынша өкіл имамы)
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
01.06.2016
4993
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру