
«Сабыр түбі – сары алтын», «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деген қанатты сөздер тегіннен-тегін айтылмаса керек. Бабам қазақ адам бойындағы осы қасиетті аса жоғары бағалаған. Әсіресе, қазіргі қоғамдағы замандастарымыздың бойынан сабырлылықтың тым азайып кеткенін байқаймыз. Мұның ақыры күнде естіп-біліп жүрген суицид оқиғаларына, өзге де ауыр қылмыстарға, тіпті, адам өліміне алып келіп жатқанын ұғыну қиын емес. Жер бетінде өршіп тұрған өз-өзіне қол жұмсау дертінің түп-төркіні де сабырсыздықтан туатыны анық.
Қолшатыр хикаясы немесе «сабыр түбі – сары алтын»
Шын мәнінде, сабыр қасиетін бойына сіңірген жанның жеңісі де, жетістігі де мол. Қай жағынан алып қарасақ та, мінездің бұл түрін иеленген адамнан тек ақылдылықты, асқақтықты, адамгершіліктің зор үлгісін көреміз. Бұл сөзімізге дәлел ретінде баспасөз бетіне жарияланған төмендегі жазбаны ұсынсақ, көпке ой салар ма еді... Бұл уақиға алпауыт саудагердің басында болған екен. Ол өзі өмір сүрген қоғамға сенімсіздіктен барлық мал-мүлкін алтын-күміске айырбастайды да, бағалы қағаздан қолшатыр жасап, алтын-күмісін өте еппен соның ішіне жасырыпты. Сосын өзін қарапайым адам етіп көрсетіп, қолшатырын алып, алыстағы ауылына жүруге дайындалады. Жолда оқыс жағдай туындапты: ұйқыдан оянса, қолшатыры жоқ. Саудагер талайды көрген тәжірибелі адам екен, ешкімге сыр білдірместен айналасын мұқият күзетеді. Өзінің басқа заттарының барлығы қаз-қалпында тұрғанын көріп, қолшатырды алған адамды кәсіби қарақшы емес деп түйіпті. «Бәлкім, бір жолаушы керегіне пайдалану үшін алып кеткен болар» деген ойға келіп, бұл адам осы маңда деп жорамалдайды.
Саудагер ойлана келе, осы жерде тұрақтап қалуды көздейді. Қолшатыр жөндейтін керек-жарақ сатып алып, қолшатыр жөндеу жұмысын бастап кетеді. Арада екі жыл өте шығады. Ол қолшатыр жөндеу барысында кейбір адамдардың қолшатыры бұзыла қалса, жаңасын алуға ұмтылатынын байқайды. Сонымен саудагер жұмысын өзгертіп, көне қолшатырды жаңасына алмастыратын орын ашады. Арада талай адамдар оған келіп қолшатыр алмастырады. Көп өтпей орта жастардағы адам қолтығынан қысқан көне майлы қағаздан жасалған қолшатырды алып келеді. Саудагер бір көріп-ақ өзінің ұйықтаса түсінен шықпайтын әлгі қолшатыры екенін жазбай таниды. Қолшатыр өз қалпын бұзбаған екен. Саудагер еш сыр білдірместен жаңасын алмастырып береді де, ол кеткен соң, керек-жарағын жинастырып, бірден көшіп кетеді. Міне, «Сабыр түбі – сары алтынның» кері. Cабырлылықтан туған ақыл. Тосыннан тап болған уақиға алдында саудагердің сабырлылықпен жасаған әрекеті оны ойлағанына жеткізді.
Әлсіздің жолы қисынсыз келеді
Қамшының сабындай қысқа ғұмырымызда талай қиындықтар мен түрлі қуанышты сәттерге кездесетініміз ақиқат. Өйткені, бұл нәрселер өмірде егіз төлдей қатар жүреді. Мұны тағдыр заңдылығы десе де болар. Себебі, әр пешене сындарлы сынақтардан тұрады. Тек сабыр ете білсек қана, сүрінбейміз. Сабыр етсек қана, сары уайымға салынып, сарсаңға түспейміз. «Сабыр етсең – ісің оңға асады, шүкір қылсаң – жамандық та қашады» дейді Жүсіп Баласағұн өсиеттерінің бірінде.
Сабырлы болуды асыл дініміз де бұйырады екен. Ұлы Жаратушы Құран Кәрімде: «Сөзсіз, сендерді қорқынышпен, аштықпен және малды, жанды әрі жемістерді азайту арқылы сынаймыз, алайда, сабыр етушілерді сүйіншіле!» деп, ұстамдылыққа барғандардың ұтары мол екенін аңғартады. Қасиетті кітаптың жетпістен аса жерінде осы секілді сабыр жайында жазбалар бар. Сонымен қатар, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) де өз мүміндерін сабырлыққа шақырған хадистері мол. Бұлардың барлығы Хақ дініміздің мұсылмандарды мейлінше сабырлыққа үндейтіндігін көрсетеді.
Адам баласы сабыр ету арқылы тағдыр тауқыметінің кез келген түрін жеңіп қана қоймай, Жаратушының сынағынан да сүрінбей өтеді екен. Жазылмас дертке шалдығу, дүниенің қызығын тамашалар екі жанарыңның нұрынан айрылу пенденің басына келетін ауыр жағдайлар емес пе? Ал, Алланың жазғанына разылық білдіріп, жалғанның қиындықтары мен ауыртпалықтарына сабыр еткен пенде күмәнсіз Алланың сүйіспеншілігіне бөленіп, ақыретте мол сауапқа кенеледі. Бұл жайында «Әли Имран» сүресінің 146-аятында: «Алла сабыр етушілерді сүйеді» делінсе, «Нахл» сүресінің 96-аятында: «Расында, сабыр еткендерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз» деп айтылған.
Тағы ескеретін жайт, қиындықтарға сабыр еткендер үлкен жақсылыққа кенелетін болса, сары уайымға салынып, сабырсыздық танытқандар үлкен бақытсыздыққа жол ашпақ. Сабырсыздық – әлсіздіктің, дәрменсіздіктің айғағы. Кейде ол адамды жаман жолға түсуге, тіпті тағдырының өзі күтпеген өзге арнаға өзгеріп сала беруіне итермелейді. Бүгінгі кейбір замандастарымыздың рухының әлсіздігінен болар, басына түскен қиындыққа сабыр етіп, ұстамды болудың орнына, ауыртпалығын сәл болса да ұмытпақ болып, шайтан судан ұрттап, соңында ішкілікке салынып кетіп жатады. Енді біреулері, сөз басында айтқанымыздай, өз-өзіне қол жұмсап, Құдай аманаттаған жанын оп-оңай қия салады. Әсіресе, өлім-жітім кезінде жаға жыртып, шашын жұлып жылап, «Не жаздым саған, Құдай?» деп Ұлы Жаратушыға кінә артушылық та кездесетінін жасыра алмаймыз. Мұндай сабырсыздықтардың қисынсыздығынан бөлек, үлкен күнә екенін, тіпті діннен шығаратын ауыр іс екендігін біріміз білсек, біріміз білмейміз.
Сабырлылық – Алланың сыйы
Тағы да дінге жүгінсек, пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) бір хадисінде: «Кімде-кім сабырлы болуға тырысса, Алла оған сабыр береді. Адам баласына сабырдан артық қайырлы әрі үлкен сыйлық берілмеген» дейді. Ал сахаба Мұғаз бин Жәбәлдың (р.а) мынадай өсиеті бар: «Ұлым қайтыс болғанда Алланың елшісі (ﷺ) маған хат жолдады. Ол хатта былай делінген: «Мұхаммедтен (ﷺ) Мұғаз бин Жәбәлға. Әуелі өзінен басқа ешқандай тәңір жоқ Аллаға мақтау болсын! Алла сауабыңды арттырсын! Саған сабыр берсін! Бізге әрі саған шүкір ете білуді нәсіп етсін! Расында, біздің жанымыз бен малымыз, әйел, бала-шағамыз және олардың малдары – Алланың бізге берген тәтті сыйлары әрі уақытша жанымызда қалдырған аманаттары. Алла саған ол баланы беру арқылы қуанышқа бөледі. Ал қазір үлкен сауап бере отырып, оны сенен алды. Егер сабыр етсең, үлкен сауапқа кенелесің. Байқағайсың, қайғы-қасіретің сауабыңды жойып жібермесін. Кейін өкінетін боласың. Біліп қойғын! Жылап-сықтау өліні кері келтірмейді. Қайғыңды да кетірмейді. Болар іс болды».
Міне, өлімге көңіл айтудың тамаша үлгісі. Сондықтан, әрбір адам жақынынан, туысынан айырылған кезде пайғамбардың (ﷺ) Мұғаз бин Жәбәлға жолдаған осы хатын есіне алып, тап өзіне айтылғандай сезінсе, игі еді. Өйткені, сабырлылық – имандылықтың жартысы. Сабырлы бола білген адам көздегеніне, діттеген мақсатына еш қиындықсыз жете алады. Ал сабырлылық қажыр-қайратпен ұштасып жатса, адам бойындағы ар, ұждан, ынсап сияқты қасиеттерге негіз болады.
Асыл дінімізде сабырлылықты үш топқа бөледі екен. Алғашқысы, ғибадат пен құлшылықта сабырлы болу; екіншісі, Алланың қайтарған күнәларынан тыйылуда сабырлылық таныту; үшіншісі, Алланың пендесіне жіберген қиындықтары мен тағдыр жолындағы сынақтарына сабыр ету. Егер пенде Алла жолындағы құлшылықта сабырлы болса, Алла ол пендесінің мәртебесін 300 дәрежеге көтереді. Кім күнә жасаудан қайтып, шыдамдылық, сабырлылық танытса, ол пендесінің мәртебесін 600 дәрежеге көтереді. Ал, Алланың сынағы мен тағдыр жолындағы қиындықтарға разы болып, сабырлылық жасаса, Алла ол пендесінің мәртебесін 900 дәрежеге көтереді. Ондағы әр дәреженің арасы аспан мен жердің кеңдігіндей.
Бірде пайғамбарымыз (ﷺ) бір топ сахабалардан: «Қалай таң атырдыңыздар?» деп сұрады. Олар: «Аллаға иман келтірген күйімізде таң атырдық» деп жауап қайтарды. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Имандарыңыздың белгісі қайсы?» деп сұрады. Олар: «Бәлелерге сабыр етеміз. Алланың бергеніне шүкірлік жасаймыз» деп жауап қайтарды. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Сіздер, шын мәнінде, момынсыздар және Кағбаның иесісіздер» деп қуантты.
Иә, «Ғасыр» сүресімен айтқанда, «Ғасырға (заманға) ант) Негізінен, адам баласы, зиянда. Бірақ, иман еткендер мен сабырлы болуға насихаттағандар ғана зиянда емес».
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
20.05.2016
8474
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру