
СУИЦИД ЕМІ – ИМАНДА
немесе адам алла тағала сыйлаған өмірді өзі өлімге неге қияды?
Өмір – сынақ. Әу баста Алла Тағала адамды жұмақтан шығарып, жерге сынақ үшін жібергенін біріміз білсек, екіншіміз біле бермейміз. Мына жалғанның уақытша қиындықтарын көтере алмай, өз-өзіне қол жұмсау деген кесел соңғы жылдары белең алып кетті.
«Өз-өзіне қол салу қазір төрткүл дүниені қатты алаңдатып отырған үлкен мәселеге айналып барады. Кез келген өлімнің себебіне үңілсек, өз-өзін құрбандық ету сегізінші орында тұр. Ал жалпы өлім көрсеткіші бойынша, бірінші орында. Жыл сайын 1 миллион адам өз-өзін ажалға қияды, ал 10-20 миллиондай адам өзін өлтіруге әрекет жасайды. 1950 жылдан бері өз-өзін өлтіру деңгейі 60 пайызға өсті». Бұл – Ресейдің Мәскеу қаласындағы Сербский атындағы әлеуметтік және сот психиатриясы мемлекеттік ғылыми орталығының бөлім басшысы, профессор Борис Положийдің дерегі.
Суицид жыл өткен сайын күрмеуі қиын мәселе айналып барады. Сарапшылардың пікіріне сүйеенсек, соңғы кездері Финляндия, Венгрия, Эстония, одан кейін Литва, Латвия, мұнан соң Германия, Аустрия, Швейцария, Голландия елі тұрғындары арасында «суицид синдромы» кеңінен тарай бастағанын айтады. Әрине, бұл жантүршігерлік жай. Өйткені, әлемде 20 секунд сайын бір адам өледі, екі минут сайын әрбірі өмірмен ертерек қоштасқысы келеді. Әлем халқының 2-11 пайызы өз-өзін өлімге қиюға дайындық жасайтынын айтады. Адамдардың өз-өзін құрбан етуіне не себеп? Бұл мәселе соңғы екі ғасырға жуық уақыттан бері зерттеліп келе жатса да, оның нақты емі табылмай өлім тоқталмай отыр. Көп жағдайда оның шығу төркіні анықталмай, жұмбақ жағдайда қалады. Бұл сырқат әйелдерге қарағанда, еркектердің арасында 4 есе жоғары, бірақ әйелдер өлуге екі-үш есе көп әрекет жасайды. Ең алаңдатарлығы, өз-өзіне қол салуға бұрын егде жастағы адамдар арасында жиі болса, суицид қазір жасарды. Бүгінде әлем бойынша 18-24 арасындағы жастардың 80 пайызы өлім туралы көбірек ойлайды екен.. Әлемнің көптеген елдерінде және АҚШ-та мұндай өлімдер көбінесе мейрамды тойлау кезінде орын алатын көрінеді.
Күншығыс елі Жапония десе, ішкен асымызды жерге қоямыз. Олардың білімділігіне, қайрат пен жігерлілігіне тамсанудан еш шаршамаймыз. Алайда, аузымыздың суы құрып жүрген сол Жапонияда орташа есеппен күніне 90 адам өз-өзіне қол жұмсайды. Суицид жапондықтар үшін қасіретке айналып барады. Тіпті, ел үкіметі «Суицидке қарсы кезең-кезеңмен күресудің 9 жоспары» деген атақты «Ақ кітап» қаулысын да шығарды. Жапон үкіметінің алдына алдағы он жылда суицид деңгейін 10 пайызға қысқарту туралы арнайы міндет қойылған. Өйткені, жыл сайын елде 32 мың адам өз-өзіне қол жұмсап, о дүниеге аттанады. Күншығыс елінің даму көрсеткіші жоғарылап, экономикасы тұрақты елдердің қатарына енгеннің өзінде суицидтен құтыла алмауда. Мүмкін мұның бір себебін «батырларша» өлуді ерлік деп насихаттайтын жапон аңыздарынан іздеу керек шығар. Мысалы, өз қожайыны өлгеннен кейін «өмір сүруді қажетсіз» деп өз-өздерін құрбандыққа шалған 47 самурайдың әрекетін осы уақытқа дейін жопан қоғамы даттаған емес. Дендеп бара жатқан ауруға қарсы тұру үшін ел парламенті «Суицидке қарсы арнайы заң» қабылдады. Қазір бағдарлама бойынша, әр жастағы азаматтарға арнайы оқулар жүргізіледі. Бірақ, нәтижесі ауыз толтырып айтуға тұрмайды... Осы жерде мынаны айтпасақ болмайды. Әлем мойындаған ғұламалар – Демосфен, Сенека, көрнекті қолбасшы Ганнибал да өз-өзіне қол жұмсаған.
Әлемде жайлап бара жатқан бұл сырқаттан Қазақстан да кенде емес. Өткен жылы ҚР Бас прокуратурасы жасөспірімдер суицидіне арнайы талдау жүргізген. Талдау нәтижесі елімізде олардың арасындағы өз-өзіне қол салу оқиғаларының көбейе түскенін көрсетті. Ал, 2012 және 2014 жылдар аралығында кәмелетке толмаған 850 жасөспірім өз-өзіне қол салған.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы суицид кедей елдерде емес, қазір бай-қуатты елдерде өршіп бара жатқанын айтып дабыл қағуда. Мысалы, кедейлеу Таяу Шығыс, Латын Америкасы елдеріне қарағанда, бай Батыс Еуропа мемлекеттерінде аты жаман өлімнің деңгейі өте жоғары. Мұның себебі неде? Біреуге күлкілі естілер, бірақ сарапшылар тобы Еуропа елдерінде өз-өзіне қол салудың бір себебін «бұл өмірден жалыққандықтан» деп атаған. Ғаламтор сайттарына көз жүгірткенімізде, бұған көзіміз жетті. Өмірден түңілген бір жігіттің хаты былай басталады:
Менде барлығы бар десем, арты қайтқандық емес. Үй-жайым, сүйікті қалыңдығым, табысым да жаманемес.. . Алайда, мен өмірден жалыққаным соншалық, ары қарай жасағым келмейді. Не үшін өмір сүріп жүрмін? Кім үшін? Бәрібір өлемін... Бұл жалғанда мән-мағына мен ешқандай идея жоқ.
Осы мазмұндас хаттардан көз сүрінеді. Олар Жаратушыны тани алмағандықтан, осындай қадамға барып отыр. Егер Жаратқанның бар екенін сезініп иман келтірген болса, мұндай ойға да бармас еді...
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дайындаған кестесіне көз жүгітсек, дамыған мемлекеттерде суицидтің дендеп бара жатқанын байқау қиын емес. Ал, Ислам дінін ұстанатын елдерде суицид өте төмен, 100 мың адамға шаққанда 0,1 оқиғадан келеді. Ал, христиан мен будданы, протестанттық бағытты ұстанатын елдерде бұл көрсеткіш өте жоғары, 100 мың адамға 11,2 оқиғадан келеді. Мұның себебі – Исламның хақ дін екендігінде жатқан жоқ па?
Исламда өз-өзіне қол салу – үлкен күнә. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім өзін темірмен жарып өлтірсе, темір ішіне қадалған күйі тозаққа кіреді. Ал кім у ішіп өлсе, жаһәннамда мәңгі сол уды ішеді, кім жардан өзін тастап жан тапсырса, тозақтың түбіне мәңгіліке тасталады»,– дейді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімінің орынбасары Сансызбай Құрманұлы: «Шариғатымызда Алла Тағала берген нығметке қиянат жасау – харам. Жаратқан Иеміз пенделеріне өмір сүру, ішіп-жеуді өлшеп берген болса, оны дұрыс орынды пайдалануы тиіс. Адам осы өмірін (сынақ дүниені) дұрыс пайдаланбаса, тозақы болады. Сондықтан, қандай қиын жағдайда да өзіне қол жұмсаудан қайтарып, Алла қасиетті Құран Кәрімде: «Өздеріңді өздерің өлімге қимаңдар» («Ниса» сүресі, 29-аят),– деген, яғни, өздеріңе қол салмаңдар»,– дейді. Бұл өмірден тойып, адамның өлімге разы болуы – харам. Қандай жағдайда да сабыр сақтауға тиіс. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір күні мұсылмандар мен дінсіздердің соғысында бір сахабаны сыртынан көрсетіп, оның пейішке баратынын айтты. Соғыс аяқталған соң, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әлгі жұмаққа барады деген сахабаны тозаққа түседі деді. Қасындағы сахабалар Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) мұның себебін сұрады: «Мен бұл сахабаның шын ықыласпен шайқасып жатқанын көріп, оны пейішке барады дедім. Бірақ, ол жалғыз өзі жау қоршауында қалғанда азапты өлімнен қорқып, өз-өзіне қол салды . Сондықтан тозаққатүседі»,– дейді.
Мұсылман болудың негізгі шарттарының бірі, жақсылықтың да, жамандықтың да Алладан екеніне сену. Сондықтан ауыр азап пен дертке шалдыққан кісі мұны Жаратқанның нығметі дептүсіну қажет. Өйткені Нәби (с.ғ.с.): «Дерт – күнәға кәффарат болады»,–деген. Яғни, адам ауырып қиналуы арқылы күнәдан тазарады. Дертінің қатты асқынуына қарамастан, Аюб (ғ.с.) пайғамбар шүкірлік етуін жалғастыра берді. Тіпті, оның денесі түгелдей құрттап кеткенделінеді. Тек тілі ғана сау қалған. Алла оның сабырлығына сый ретінде оны дертінен толықтай айықтырады.
Мақала жазу барысында біраз адамдардың суицидке қатысты пікірін білген едік. Көпшілігінің ойы: «Мектеп қабырғасында «Исламныңнегіздері» жүйелі түрде оқытылатын болса, мұндай ауыр күнәға барушылардың саны азаятын еді. Құдайды танымаушылық осындай жауапсыздыққа алып келеді. Себебі, не істесе де оның жауапкершілігі барын жас өспірімдер сезіндейді де. Тарихтан белгілі қазақта өз жанына қастар тіпті аз болған. Мұның барлығы ата-бабамыз шариғаттан ауытқымай өмірлік қағидасына айналдыра білгенінен. «Дін мемлекеттен бөлек» деп Хақ жолынан алыстауға болмайды. Егер жастарды жастайын Ислам нәрімен сусындата алмасақ, онда бұдан да сорақылыққа тап боламыз»,– деген пікірге саяды.
Өз-өзіне қол жұмсаған адамдардың жанының шығуының өзі аса қиын болатынын бүгінгі ғылым да дәлелдеп отыр. Санкт-Петербург техникалық университетінің профессоры, техника ғылымдарың докторы Константин Коротков адамдардың жанының шығуын зерттеген. Тәжірибеден ғалымның өзі де қатты сескенеді. Өз ажалымен өлгендердің жаны денеден оңай шықса, өзін өлтіргендердің аса қатты қиналғанын байқаған. Жанның шығуын бақылайтын аппараттағы сызықтар (өзіне қол жұмсағандардың) біресе қатты төмен сырғып, біресе бірден жоғарыға көтерілген. Ал, өз ажалымен қайтыс болғандардың сызығы тербермелі бірқалыпты жағдайда өткен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сүйенетін болсақ, 2020 жылы өзіне қол салып өмірмен қоштасатындардың саны 2 есеге дейін артады. Бұл – жылына 2 миллионнан астам адам деген сөз! Өкінішке орай, Қазақстанның да мұнда өз үлесі бар. 20 миллиоға жеткізе алмай жатқан халқымызды енді суицид жалмап жүрмесін. Ат төбеліндей ғана жұртымыз үшін бұл орын толмас шығын...Ол үшін жастарымызды ертерек Алланы тануына мүмкіндік туғызып, иман нәрімен сусындатпасақ, ертең сан соғып қалмасымызға кім кепіл?!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
19.05.2016
8465
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру