Алла Тағала Құран Кәрімде айтады: «Игілік пен тақуалық үшін өзара жәрдемдесіңдер және бір-бірлеріңе күнә мен дұшпандық үшін қол ұшын бермеңдер» («Маида» сүресі, 2-аят).
Отбасы мүшелері алдында өздерінің басты міндеттері бола тұра, олар өзгелердің де міндеттеріне қол ұшын берулері қажет. Отағасының басты міндеті отбасын асырау, оларға жетекшілік етіп, жүріс-тұрысын бақылау секілді болса, әйелінің басты міндеті үй шаруасын тындыру, оның өзі басынан асады. Мысалы, тамақ пісіру, кір жуу, үйдің ішін тазалау, бала бағу, олардың тәрбиесіне көңіл бөліп, қабілеттерін дамыту және т.б. толып жатыр. Осындай міндеттерді атқару барысында кейде күйеуі де, әйелі де көп нәрселерді үлгермейді. Сондықтан бір-бірінің жағдайларын түсінулері, кемшіліктеріне сабыр етіп, сезімдерін жараламаулары, ауырып қалған жағдайларда бір-бірін демеулері, қол ұшын беріп міндеттерін көтерісулері жоғарыда айтылған аятта көзделгендей болуы керек. Айша анамыз (р.анһа.) былай дейді: «Алланың елшісі үй шаруасын да атқаратын..»[1].
Алланың елшісі (ﷺ) былай дейді: «Кім бауырының қажетінде болса, Алла Тағала да оның қажетінде болады»[2].
Өзара жәрдемдесу мен өзара мейірімділік ерлі-зайыптылар арасында қолдан келгенше бүкіл іс-әрекеттерінде болуы керек. Тіпті құлшылық саласында да. Пайғамбарымыз (ﷺ) бұл жайында былай деген екен: «Түн ішінде намазға тұрып, әйелін де оятқан ерді Алла Тағала рақымына бөлесін! Егер әйелі тұра алмаса, ол оның бетіне су себеді. Сол сияқты түн ішінде намазға тұрып, күйеуін де оятқан әйелді Алла Тағала рақымына бөлесін! Егер әйелі тұра алмаса, ол оның бетіне су себеді»[3]. Бетіне су себу дегеніміз - бетіне бір ыдыс су құйып шошыту емес. Бірақ әзіл араластырып, түнгі намазға құлшынысын арттыру.
Мүміндердің өзара жанашырлығын пайғамбарымыз (ﷺ) былай бейнелейді: «Иман келтіргендер өзара сүйіспеншіліктерінде, қайырымдылықтарында және аяушылықтарында бір денеге ұқсайды, егер оның бір мүшесі ауырса, басқа мүшелері ұйқысыздық танытып, қызуы көтеріліп, бір-бірін шақырысады»[4].
Мұсылман отбасы бір дене секілді, егер оның бір мүшесі ауырса, басқа мүшелері ұйықтай алмай, қызулары көтеріліп, өзара шақырысады. Күйеуі әйелін жақсы көреді, оған жақсы қарайды, көңіліне қуаныш ұялатады. Өйткені Алланың елшісі (ﷺ): «Ең жақсыларың – отбасына жақсы қарағандарың. Әрине, мен отбасыма ең жақсы қараушымын», - деді. Әйел де күйеуін жақсы көреді, бір істі бұйырса, бой ұсынады, күйеуін жұмысына ізгі ниетімен шығарып салғаннан кейін, үй істеріне кіріседі, балаларын тәрбиелейді, күйеуінің қуанышы мен қайғысына ортақтасады, оның сырларын ешкімге ашпайды, Алланың ризашылығын күйеуіне бағынуымен іздейді. Өйткені, пайғамбарымыз (ﷺ): «Қайсыбір әйел бұл дүниеден күйеуінің ризашылығына ие болып өтсе, жәннатқа кіреді», - деді. Салиқалы бала әке-шешесін тыңдайды, оларды құрметтейді, бұйырған істерін бұлжытпай орындайды, сөз таластырмайды, айқайлап даусын көтермейді, оларға жақсы қарайды және дұға жасайды: «Раббым, ол екеуі мені кішкентайымда тәрбиелегендей, оларды рақымыңа бөлей гөр».
Ал енді мейірімсіз тұрпайы қарым-қатынастың кесірінен ерлі-зайыптылар арасындағы байланыстың тас-талқаны шығып, бір-біріне деген үміттері үзіледі. Сондықтан өзара мейірімді болулары - отбасы тұрақтылығы үшін, екеуінен де талап етілетін аса маңызды фактор саналады. Мұны бізге Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла Тағаланың рахымы арқасында оларға жұмсақ болдың, егер тасбауыр мейірімсіз болғаныңда, әрине, айналаңнан тым-тырақай қашып кетер еді», - деген. («Әли Ғимран» сүресі, 159-аят)
Дайындаған: Берік Үйсінбаев
muftyat.kz
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
20.04.2016
4896
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру