Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қайырымдылыққа жаршы болған ізгі бастама

23.10.2015 4569 0 пікір

Алматы қаласы, Алатау аудандық «Бекет-ата» мешітінде үстіміздегі жылы мұсылман қауымға үлгі боларлық ізгі бастама көрініс тапты. Нақтырақ айтатын болсақ, мешіт жанынан «Уақып қоры» яғни «үзілмейтін садақа қоры» ашылды. Жалпы қор, осы уақыптық қорлар туралы жиі сөз қозғап жүрген исламтанушы Қуат Қабдолланың ұсынысымен «Бекет-ата» мешітінің Бас имамы Дәуренбеков Орынбасардың басшылығымен игі іс бастама бастау алды.

Әлбетте, қайырымдылық қорлар өте көп, бірақ бұл қордың ерекшелігі түскен қаражаттың үштен бір бөлігі Алла жолында садақаға жұмсалса, қалған екі бөлігі қорда жиналып, болашақта осы қаражат қомақты болғанда уақыптың экономикалық жүйесіне сәйкес оны дамыту қарастырылған.

Шариғатта уақып дегеніміз – белгілі бір мал-мүлікті көп мәрте қайырымдылық жолында пайдалану үшін ұзақ мерзім жұмсамай ұстап тұру. Демек, ол – үзілмейтін садақа болып саналады. Сахаба Жабир ибн Абдулла (р.а): «Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігімен сәлемі болсын) сахабаларынан шамасы жетіп тұрып уақып етпегені болмады», – деген.

Уақыптар – діни сенім және ойлардың  күшті дамыған құрылымдары ретінде ғасырлар бойы қоғамның материалдық әрі рухани қажеттіліктерін қамтамасыз етуде үлкен қызмет атқарып келеді. Осы орайда ғылым докторы Мунзир Қахфтің  «Қазіргі ислам қоғамындағы уақып» атты  кітабына  тоқталсақ, ол кісі уақыптар жайлы: «Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігімен сәлемі болсын) сүннетінде уақыптың көптеген түрлері бар: Мәдина Мунауурадағы пайғамбар мешітінен бастап, сахаба Мухайриқтың (р.а) Ухуд шайқасында Алланың елшісіне (Алланың оған игілігімен сәлемі болсын) тастап кеткен бау-бақшалары, Осман ибн Аффанның (р.а) мұсылмандар суын ішсін деп уақып еткен Рума құдығы. Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а) Хайбардағы жерін уақыпға қойып, оның жемісін қайырымдылық істеріне арнауы.

Уақып мәселесінде ислам шариғаты заң жағынан жан-жақты зерттеліп, қалыпқа түскендігімен ерекшеленеді. Сондай-ақ, уақыптың көптеген мақсаттары мен түрлерімен, қоғамда атқаратын ролімен ерекшеленеді. Шариғат уақыпты мақсатына қарай үш түрге бөліп қарастырады:

1. Таза діни уақып;
2. Қайырымдылық уақыбы;
3. Арнайы немесе ұрпаққа арналған уақып.

Таза діни уақып деп – қаражатты, мал-мүлікті құлшылық мақсаттарына (тар мағынадағы) арнап бөлуді айтады, мысалы намаз оқитын жерлер т.б. Уақыптың осы түрін барлық халықтар ежелгі тарихтан бері білген болатын, мысалы мешіттер, шіркеулер, ғибадатханалар.

Қайырымдылық уақыбы деп – жылжымайтын мүлік пен қаражатты әртүрлі қайырымдылық істеріне (денсаулық сақтау, мәдени шаралар, оқу, қоғамдық, қауіпсіздік салалары) арнауды айтады. Уақыптың осы түрі исламға дейін де белгілі болды, алайда мұсылмандар алғашқы болып қайырымдылық түрі мен көлемін арттырды, тіпті ежелгі өркениеттер мен қазіргі батыс халықтардың барлығынан да асып түсті.

Арнайы немесе ұрпаққа арналған уақып деп – ислам дінімен бірге келген, пайғамбардың сахабалары ойлап тапқан уақып түрін айтамыз. Екінші халифа Омар ибн әл-Хаттаб (р.а) Хайбардағы жерін уақып еткеннен кейін көптеген сахабалар өздерінің мал-мүліктерін, бау-бақшаларын уақыпқа қоя бастады. Олардың кейбірі уақыпты әуелі өздерінің ұрпақтарына, сосын  қайырымдылықтың жалпы түріне  арнаған  еді.

Уақып қорының негізгі мақсаты:

1. Имандылыққа және Отансүйгіштікке насихаттау;
2. Қайырымдылық көмек жасау;
3. Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігімен сәлемі болсын) сүннеті болған уақып ісін тірілту;
4. Жамағаттың ауызбіршілігін нығайту;
5. Діни сауатымызды арттыру.  

Бұл қорға мешіт жамағаттары мамыр айынан бері ай сайын қаражатын беріп, көптеген қайырымдылық шараларға септігін тигізуде. 

Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігімен сәлемі болсын): «Кімде-кім Исламда бастама көтеріп, қандай да бір игі іске мұрындық болса, өзінен кейін сол істі істегендердің алған сауабындай сауапқа кенеледі. Одан кейін сол игі істі істегендердің сауабы титтей де кемімейді. Сондай-ақ, кімде-кім Исламда елден бұрын, қандай да бір жаман іске барса, оның күнәсін және өзінен кейін сол істі істегендердің күнәсін де арқалайды. Кейінгілердің күнәлары бұдан кемімейді», – деп айтты», – деген. Осындай игі бастамаға мұрындық болған ұстаздарымызға Алла екі дүниенің бақытын нәсіп етсін!

Қазақ халқында: «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен», - деген насихаты игі бастамалар басқаларға үлгі болса, нұр үстіне нұр болар еді.  

Шежімбай Бағлан

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру