Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

КЕРЕЙ МЕН ЖӘНІБЕКТЕН КЕНЕСАРЫҒА ДЕЙІН...

01.10.2015 6664 0 пікір

Қазақ хандығына 550 жыл

 

КЕРЕЙ МЕН ЖӘНІБЕКТЕН КЕНЕСАРЫҒА ДЕЙІН...

 

Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда деген тарихи атауларды бастан өткізіп, қазақ деген халық XV ғасырда өз алдына отау тігіп, Қазақ хандығы құрылды.

1460 жылдары құрылған Қазақ хандығы өзінің 400 жылдық тарихында қазақ халқының бойына мұсылман дінін берік орнатты. Демек, ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолы исламмен байланысын ешқашан да үзген емес, тіпті ислам дәстүрлерінсіз қазақ мәдениетін елестету де мүмкін емес. Қазақ мемлекеті өзінің құрылғанынан бастап мұсылмандық құқықтық нормаларына жүгінді. Барлық қазақ хандары Керей мен Жәнібектен бастап  соңғы қазақ ханы Кенесарыға дейін өздерінің шариғатқа жүгінетіндіктерін атап кеткен.

Мәселен, Қасым ханның жеке басының діндарлығы, оның Бұхара шейхы Абу Бәкір Саадтың мүриді болғаны, Тәуекел хан, Есім хандардың нақшбанди софыларымен одақ құрғаны,  Абылай, Әбілхайыр хандардың тұсында, яғни, XVІІІ ғасырда ислам идеялары билеуші саяси элита үшін айрықша күшке айналғаны тарихтан бізге мәлім.

Орыс деректерінде Абылайдың жасыл туы туралы және  Қытайдың мәдени-діни ықпалынан сақтану үшін мұсылмандықты берік ұстанып, дінді дәстүрдің алтын дінгегі ретінде қабылдауды халқына міндет еткені жайында нақты деректер сақталған дейді тарихшылар.

******

Кемеңгерлікке, кісілікке құрылған бабалар тарихының сандаған ғасырлар мен замандарын  шолар болсақ,  «талғанда тіреу, сасқанда сүйеу» болған талай-талай  шешендер мен билер, ақын-жыраулардың  есімдері тарихта қалды. Олар қазақ жерінде әділдіктің салтанат құруы үшін  және қиянат-зұлымдықтың арам шөптей қаптап кетуіне қарсы ұшан-теңіз қажыр-қайрат жұмсаған тұлғалар.

 Ал, қожа-молдалар қазақ халқын тұрмыс-салтта Исламды қалай ұстану керектігіне баулыды. Олар қазақ халқының сүннет, неке қию, балаға ат қою т.б. сол секілді діни  жөн-жоралғылардың ислам шариғатымен сабақтасуына әсер етті.

Қазақ хандарының діни тәрбие алуына аталықтар (діни ұстаздар) институты үлкен әсер еткен болса,  көшпелілердің Исламды қабылдауына қожалар институты соншалықты ұшан-теңіз еңбек сіңірді.

Қазақ  хандық дәуірінде халық тұрмысына толық қалыптасқан хақ діні арқылы қазақ халқының әрбір руының өз қожасы мен пірі болды. Дін таратушылар бұрынғыдай жалпы халықты емес, әрбір ру мен әулетті нысанаға алғандықтан, Ислам шын мәнінде Қазақ мемлекетінің қалыптасуына елеулі ықпал етті.

 

******

 Қазақ хандығы дәуірінің бір кезеңі, яғни Хақназар хан билік құрған жылдарды тарихшылар бытыраңқы жүрген қазақ ру-тайпаларының өзара ұйысқан, хандықтың нығайған  заманы (1538-1580) деп дәйектейді. Қазақтың атақты ханы ислам діні біріктіруші күш екенін жақсы білді және пайдаланды. Мысалға Хақназар хан іске асырған шаралардың бірі -  қазақ тайпалары шежірелерін алғаш жүйеге салуды, керек десеңіз, жаңадан қалыптастыруды қолға алды. Мәселен, Орта жүздегі Алты арыс осы шежіре бойынша, Жаншораның:

- Қарақожа (Арғын тайпасы),

 -Аққожа (Қыпшақ),

-Ақтамбердіқожа (Найман),

-Дарақожа (Қоңырат),

-Есімқұлқожа (Керей),

-Қасымқожа (Уақ) атты алты ұлынан тарайды.

 Бір сөзбен айтқанда, бұл шежіре мұрамыз мемлекетті басқару ісінде хандардың қазақ билеріне сүйенгені сияқты,  рухани-идеологиялық салада қожаларға қол артып отырғанының жарқын куәсі.

 

******

  Есім хан өз тұсында нақышбандилерге  атақты Қарнақ медресесін салдырды. Қазақ даласына нақышбандидің таралуына  үлес қосқан адамның бірі Есім хан екенідігі айтылады. Ал, «Есім ханның ескі жолындағы» төрт тағаннан тұратын төрт қағида бүгінгі күннің Ата Заңы деп айтуға болады. «Хан болсын – ханға лайық заң болсын» – деп басталатын басты талап бүгінгі Тәуелсіз еліміздің Конституциялық заңында да лайықты орын алды.

 

******

Сонымен қатар, мұндай ережелер мен тәртіптер Тәуке ханның тұсында қабылданған «Жеті Жарғы» заңдар кодексінде айқын көрініс тапты. Біз осы заңдар жинағында көрсетілген мынадай қатаң талаптарды кездестіреміз: «Құдайға тіл тигізген адамның күнәсі жеті куәгер арқылы дәлелденсе, оны тас атып жазалау қажет»,

«Егер де біреу христиан дінін қабылдаса, жақындары оның барлық мүліктерін иемденеді», т.б...басқа шариғи тұрғыдағы қатаң баптар «Жеті жарғыда» кездеседі.

******

Қазақ хандығы дәуірінде медреселермен бірге ауыл-ауылда жеке сабақ беретін аталықтар мен қожа-молдалар исламдық білім беру үрдісін жалғастырды.  Созақтағы «Баб ата» медресесі, Тараздағы «Әбдіқадыр» медресесі, Сырымбеттегі «Айғаным медресесі,  Бөкей ордасындағы «Орда» медресесі, Түркістандағы «Қарнақ» медресесі, Ташкенттегі «Көкілташ» медреселері қатарлы атақты оқу орындары жұмыс істеді.

******

Келесі дәуірлер, яғни жоңғар шапқыншылығы, орыс бодандығына кірген замандарда да қасиетті ислам діні халық санасында мәңгі орнығып, олармен бірге өмір сүргенін, тіптен дінсіз қоғам болған кеңестер дәуірінде, яғни 2-дүниежүзілік соғыс тұсында қызылдар билігі де фашизмді жеңу үшін кавказ, татар, башқұрт, Орта азияны мекендеген мұсылман халықтарын жұмылдыру үшін қасиетті дінімізді  біріктіруші күш ретінде пайдаланғаны бізге кеңінен мәлім.

 ******

Бүгінгі күнге дейін қазақ қоғамында елдің жоғын жоқтап, халық үшін қызмет ететін зиялы қауымның сандаған өкілдері тарих сахнасына шыққанын білеміз.  Өз замандарындағы  ең білімді, ең озық ойлы, саяси сауатты саналған сүт бетінің қалқыған қаймақтары осы исламмен сусындаған.

Ислам дінінің қазақ халқының рухани өмірінде ерекше орын алатындығын, имандылықтың, адамгершіліктің негізі екендігін әр кезеңде халқымыздың алдыңғы қатарлы озық ойшылдары жеткілікті түсінген.

******

Қазақ халқы өз тарихының қай кезеңінде болмасын ең бір қиын-қыстау замандар мен тығырыққа тірелген күндерде: хан-сұлтандары,  билері, батырларымен бірге елді ұйытып,  тәлім-тәрбие беретін рухани көсемдері – сопы,  әулие, ишан, имамдарды алдыға шығарып отырған.

Кейбір осындай тұлғалар бүкілхалықтық деңгейге көтеріліп, олардың іс-әрекеттері мен қызметтері ел есінде ұмытылмастай сақталып қалса, кейбір тұлғалардың қоғамдық қызметтері аймақтық деңгейде болып, олар сол өңірлердегі халықтың жадында жатталып қалды.

******

Қазіргі таңда Қазақстанда Ислам діні бір кездегі арнасына қайта толып келеді. Тіптен жанданып, жаңа даму сатыларына өту үстінде. Жасыратыны жоқ,Тәуелсіз Қазақстанда  ислам ықпалды қоғамдық күшке айналуда.  Бірақ сол күштің кімнің қолында болуының маңызы зор.

Тектілігімізді жоғалтпай, бабалар салған даналықтың сара жолын, Исламның жарық нұрын ұрпақтарымызға төге білейік, ағайын!

Алла Тағала халқымызға бақ-береке бергей. Тәуелсіздігімізді мәңгілік етіп, болашаққа басқан қадамымызды берекелі еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин!

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру