Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Алла аспанда дегендерге...

07.09.2015 9654 0 пікір

Әркімнің дінге етер өз қызметі бар. Өз салаң бойынша халыққа қалтқысыз әділ де адал қызмет ету – сенің асыл дініңе қосқан үлесің, дініңді ұстанғаның. Сондықтан әркім мамандығы бойынша тер төгіп, қызмет еткені жөн. Бірақ, бүгінде маңдайы сәждеге тимей жатып, Ислам дінінің күрделі тақырыптарының бірі – ақидамен арпалысқандар бар. «Шымшық сойса да қасап сойсын» демекші, ақиданың да өз маманы бар. Сондай-ақ, ол тақырыптың айтылатын, талқыланатын өз аудиториясы бар. Сондықтан көлденең көк аттыларға айтарым, ақида туралы айтуды өз мамандарына қалдыр. Қазақтың ақидасы анық, мұсылманшылығы мығым болсын десең, өзің көтере алмайтын шоқпарды сүйретіп, айналаңның бәрін шаңғытпа. Мақсатың – бүлік емес, бірлік болсын. 

Алланы аршыға отырғызғандарға айтарым, сен Алланы аспаннан іздеп әлек болдың. Сүйтіп Оған мекен бердің. Сен сенген Алла аспанда болса, мен иланған Алла, мекенге мұқтажсыз. Сен сенген Алла аршыда отырған болса (астағфирулла), мен иланған Алла, әлемді жаратпай тұрып қандай сипатта болса, қазір де сондай сипатта. Менің Аллам, «Қулһу аллаһу ахад. Аллаһус сомад. Ләм ялид, уә ләм юлад. Уә лам якун лаһу куфу уән ахад».

Кейбіреулер Матуриди адасқан деп дүйім жұрт ұстанған сенім мәзһабына қатысты қорықпай негізсіз жала жабады. Бауырым, біреуді адасқан деу үшін әһлі сүнна уәл жамағат ғалымдарының ортақ пікірі, пәтуасы керек. Айтқан сөзіңе сол ғалымдардың ортақ пәтуасынан дәлел келтірші.  

Ал, егер қияметте қаншама мұсылмандар «сен бізге жала жапқансың» деп жағаңа жармасса, жиған теңге мен долларларың көмектеспейтін қияметте неңмен есептеспексің? Күніне 50 ракағат намаз оқып, жылына жүз рет қажылық жасап жинаған сауабыңмен де есептесе алмассың. Сондықтан ғалымдар жасайтын мұндай маңызды мәлімдемелерге кірісіп қайтесің. Көрпеңе қарап көсілсейші. 

Құрметті бауырлар! Жұрттың бәрі жатқа білетін «Қулһу алла» біздің ақидамыз. Сол білетін сүреміздің мағынасына терең бойлап, ұғына білсек жетіп жатыр. Ақиданың білгірі имам Тахауи өзінің еңбегінде: «Ол Өзіндік сипаттарымен жаратылысын жаратудан бұрын қадым (мәңгі). Олардың болуы Оның сипатына ештеңе қоспады. Өз сипаттарымен әзәли (бастаусыз) болуымен бірге әбәди (одан әрі мәңгілік)», - деген.Яғни, Алла бір мекеннен екінші мекенге ауыспайды, мекенге мұқтаж емес.

Сол мекен мен заманның өзі Жаратқан Иеміздің билігінде. Әнғам сүресінің 12-аятында: «(Олардан) көктер мен жердегі жаратылыс кімнің иелігінде? – деп сұра да, оларға «оның бәрі – Алланікі» де» - дегені мекен де, оның ішіндегілер де Алланың иелігінде екендігін білдіреді.

Әбу Ханифа фиқһ әл-әбсат атты еңбегінде: «Менен «Алла қайда?» деп сұраса, былай деп жауап беремін: «Жаратылысты жаратпас бұрын, мекен атаулы жоқ кезде де Алла бар еді. «Алла Тағала айна?», яғни «қайда?» деген сауал да, жаратылыс та, жалпы ешнәрсе жоқ кезде де бар болатын. Алла барлық нәрсенің жаратушысы!»

Тақырыпқа қатысты ойын Абай атамыз:

«Мекен берген халық қылған Ол Лә мәкан,

Түп иесін көксемей бола ма екен?

Және оған қайтпақсың оны ойламай,

Басқа мақсат ақылға тола ма екен?!», - деген өлеңдеріндеАлланың мекенсіздігін меңзейді.

Барша Ислам ғалымдары Алла Тағаланың  мекенсіз екендігіне бірауыздан келіскен. Абдулқадыр ибн Таһир әт-тамими әл-Бағдади: «Алланы мекен қамтымайтындығын әрі Оған уақыт ұғымы жүрмейтіндігін Әһлі сунна уал жамағат ғалымдары бір ауыздан ижмағ еткен», - дейді.

Сол себепті, Алланың мекенімен алыспай, өз мінез-құлықтарымызды көркемдейік, өз-өзімізбен шұғылданайық. Амандаспай жатып, алысқаның ақида болды. Елдің түзу ақидасын «түзетумен» әуреленгенше, әуелі өзіңнің ахлағыңды күзет, сосын ақидаңды түзет.

Түзетем деген адамға қоғамда дерт көп. Мықты болсаң, әуелі өз әпке-қарындастарыңның етегін жап. Қазаққа жаның ашыса, қит етсе, бір-біріне пышақ алып жүгіретін қояншықтарды сабырға шақыр. Мықты болсаң, екі қызды төбелестіріп қойып, соларды телефонға түсіріп тұратын намыссыз жігіттердің жігерін қайра. Діндар болсаң, өзге дінге кетіп жатқан қандастарыңды көркем түрде насихаттап, тілін қайта кәлимаға келтір. Ол аз болса, азғындықтың шегіне жеткен  маньяк-педофилдерді тоқтат. Ұзын сөздің қысқасы, әуелі ағайынды насихатта, жақыныңды жөнде, туысыңды түзе, әпке-қарындасыңның ар-намасын ойла, көршіңе көңіл бөл.

Қадірменді дос! Халифа Әли айтпақшы, «адам айтқан сөзінің құлы, айтпаған сөзінің патшасы» екендігін ұмытпа. Ұлтқа жанашырлық деген ойыңа келген нәрсені кез келген орында айта беру деген сөз емес. Алмақтың да салмағы бар. Ендеше, қиямет таразысы ауыр басар игі амалымыз көп болғай. «Мұсылман мұсылманның айнасы» деген пайғамбар (с.ғ.с). Мұны мұсылман достың жанашырлықпен айтқан пікірі деп қабылдарсың. 

Төлеби ОСПАН,
«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру