«Талайды басынан өткерген қара жер, талағы тарс айрылмай қалай жатыр екен?» Бұл – мынау жалған дүниеден мән таппаған бақытсыз әйелдің сөзі еді. Осыдан-ақ оның басындағы қайғының қаншалықты ауыр екенін сезіне бергейсіз. Иә, бұл жұмбақ кейіпкер бірнеше кісіден «талақ» естіп, талан жұтқан, пәруейсіз ғұмырын осылайша өз-өзіне тұл еткен жан еді. Оның сөзіне сенсек, дәл өзіндей зар кешкен қыздар айналамызда жетерлік екен. Сондықтан «Е-ислам» порталы аталған мәселеге байланысты Атырау облысының өкіл имамы Батыржан Мансұровпен әңгіме өрбіткен болатын.
– Батыржан Берденұлы, соңғы уақытта жалпы Қазақстан аумағында некеге байланысты даулы оқиғалардың жиі кездесіп отырғаны мәлім. Исламның пайда болған уақытынан бергі тарихты қазбаласақ та «талаққа» қатысты мәселелер бүгінгідей шегіне жетіп көрмепті. Себеп неде?
– Бисмиллаһир рахманир раһим! Жалпы, ислам шариғатына келетін болсақ, исламда адам баласының бақытты ғұмыр кешуіне, пенденің бұл дүниеде және о дүниеде дұрыс өмір сүруіне байланысты қағидалар нақты көрсетілген. Сондықтан, ислам шариғатына сай қағидаттарды ұстанатын болсақ, отбасының береке-бірлігі бұзылмаса керек-ті. Ислам шариғатында, Құранда бекітілгендей, әрбір отбасын құрғалы отырған ерлі-зайыптылар бірінші некеге тұру керек, ол мұсылманша парызымыз. Ал, екіншіден ол пайғамбарымыз с.ғ.с-ның сүннеті. Егер, некенің мұсылманша шарттары Құран және сүннетте белгіленгендей сақталса, бүгінгі қоғамда кездесіп отырған мәселелерді айналып өтуге болар еді.
– Некенің негізгі шарттары қандай?
– Неке барысында некеге тұратын ерлі-зайыптылардың мұсылман болуы және ол мұсылман отбасының некелесуінде ислам шариғаты шарт қояды. Яғни, ер мен әйелдің бас қосуы үшін, отау құруы үшін олар ең алдымен ата-ананың рұқсатына жүгінеді. Кез-келген дүниеде ислам шариғатында ата-ананың рұқсатынсыз ешқандай іске баруға болмайды. Ол некеде болсын, ол қазіргі кейбір жастар «жиһад» деп кетіп қап жатыр ғой, міне, осы мәселеде де ата-ана разылығы, олардың батасы деген ұлы ұғымдарды ұстану тұрғысынан келгенде олар құлықсыздық танытып, ата-ананың ой-пікірін аяқасты етіп кетіп жатыр.
– Сөзіңіз аузыңызда, нақ біз көтеріп отырған мәселе осы отбасындағы құндылықтардың бұзылуынан туындап отырған жоқ па?
– Дұрыс айтасыз. Мәселенің барлығы да атам заманнан келе жатқан отбасылық құндылықтардың бұзылуынан туындап отыр. Сондықтан да бүгін біздің қоғамда екшелген қазақ дәстүрінің дінмен бекем байланысын алға шығаруға тура келді. Біз қазақ ата-ана алдындағы парызға қандай едік? Мен тізбелемей-ақ, үлкеннің алдынан кесе көлденең өтпеген қазақтың бұрынғы болмысы бүгінгі болмысқа қарағанда әлдеқайда саналы, салиқалы еді. Бүгінігінің келіні намаз оқымаған ата-енесін «кәпір» десе, бұрынғының келіні адуынды ата-енесінен қанша теперіш көрсе де отбасын бұзбай, сол үлкен кісілер отырған жерді айналып өтуші еді, келін боп түскен ошағының төрін сыйлаушы еді. Бұрынғының перзенті ата-анасының сөзін заң көруші еді, ал бүгінгінің перзенті ата-анасының бетінен алып, төсіне шабады. Ал ислам баланың ата-анасына әкіреңдеуі былай тұрсын, «түһ» деп кеюді, тіпті киіміне мін айтуды дұрыс көрмейді. Алла Тағала Құранда айтты: «Жалғыз Алла Тағалаға құлшылық ет, ата-анаңа жақсылық жаса, құрмет көрсет». Бірақ осы жерде арабшасындағы тіркесте «Уә бил уәлидәйна ихсана» деп келеді, «Ата-анаңа жақсылық жаса». Бірақ ары қарай оны сипаттамайды. Кәпір бола ма, мүшрик бола ма? Мұсылман бола ма? Жоқ, ата-анаң! Бітті! Ата-анаң дегеннен кейін ата-анаңа құрмет көрсету – сенің парызың, сенің міндетің!
– Ойланбай от басқан қарындастарыңыз, неке құруда қаншалықты қателікке бой алдырса, оның ақыры соншалықты опық жеумен аяқталып отыр. Кейбірі бірнеше талақ естіп жүріп, «исламша неке деген осы екен, некені бұзу еркектің еркінде екен, талақ алдың екен, көп ұзамай және біреудің етегінен ұстау керек екен» деп нақ сенеді.
– Рас, қаракөз қарындастарымыздың арасында некенің, өкінішке қарай, ойыншыққа айналған түріне кезіккендері бар. Солардың тағдыр жолымен таныса отырып, «әттең-ай» деген ойға жиі барам. Өйткені, неке деген оңай дүние емес. Некеде әзіл жүрмейді, талақта да солай әзіл жүрмейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисі бар. «Алланың алдында ең ұнамсыз нәрсе ол – талақ» дейді. Бұл Алланың алдында ең ұнамсыз нәрсе. Үйлену, талақ жасау – ойыншық емес. Ерлі-зайыптылар үйленіп, соған келісімін беріп, рұқсат берілгеннен кейін, бір-бірімен мақұлданғаннан кейін, қалағаннан кейін, үйленгеннен кейін ер кісі әйелінің кем-қателігі болса, оны жасыруы керек, кемшілігі болса көрместей болуы керек. Пайғамбарымыз хадисінде «Сен әйеліңнің жаман мінезін көрсең, жақсы мінезін есіңе түсір» дейді. Сол секілді ерлі-зайыптылар деген сөз былайша айтқанда бірін-бірі жабушылар деген сөз. Қай жағынан жабушылар? Бір-бірінің айыбын жабушылар. Бір-бірінің айыбын жасырушылар. Міне, осы жерден ерлі зайыптылар деген форма шығады.
– Ал, исламдағы некенің жат пиғылдылар тарапынан бұрмаланған формасын шынайы шариғатқа балап жүрген жандарға не айтасыз?
– Мен нақты айтайын. Бір жылдың ішінде бірнеше кісіге тұрмысқа шығу, сол некенің барлығында да талақ алу – ислам шариғатымен мүлдем үйлеспейді. Бізге шариғат ондай үкім берген жоқ.
– «Ата-анаң мұсылман емес, сондықтан некеге олардың рұқсатының қажеті жоқ» деп үгіттеп, исламнан сауаты аз қыздарымызды құрығына түсіретіндер бар. Мұны қалай түсінеміз?
– Қазіргі уақытта кейбіреулер тарапынан «ата-анаң мұсылман емес, оның рұқсатын алмай-ақ қой» деген үгіт айтылса, бірден басыңызды алып қашыңыз. Бұл ислам шариғатына келмейді, мүлде қайшы дүние. Екіншіден, сені мәпелеп өсірген ата-анаң біздің қазақи тұрмысты алайықшы, біздің қазақ даласында қазақтың кез-келгенін біз мұсылман деп сеніммен айта аламыз. Ал енді ары қарай құлшылық ғибадаттарын орындамауына әркім өзі жауап береді. Біз құлшылық ғибадатты орындамады екен деп, оған үкім бере алмаймыз. Үкім беру – Алланың құзыреттілігінде. Алланың рахымы болса бейнамаздың өзі жәннатқа кіріп кетеді. Сондықтан бейнамаз ата-анасын «мүшрік» деп сипаттауына қарап-ақ, сол азаматтарды жат ағымда деп айтуымызға негіз бар. Қазақта бір сөз бар: «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ!» деген. Сенің ата-анаң мұсылман бола тұра, намаз оқымай ма? Сен намаз оқысаң, сен исламды ұстансаң, сен инабаттылығыңмен көрсет. Инабаттылығыңмен, жүріс-тұрысың ата-анаң үшін насихат болсын. Сол кезде балам қандай керім, ұлым салиқалы болды, қызым инабатты болды деп, ата-анаңның өзі сенімен мақтанатын болады. Ата-ананы ешқашан, ешнәрсеге кінәламау керек. Кінәладың екен, оның зардабын міндетті түрде тартасың!
– Некені өзі барып қосылған жат ағым жетекшілерінің біріне қидыра салуы қаншалықты дұрыс?
– Қазақ қоғамында әр азамат кез-келген уақытта имамдармен кеңесіп отырған. Ерлі-зайыптылар жалпы неке барысында, ертең оның балалары дүниеге келген уақытында, оның некесінде, оның ақтық сапарында міндеттті түрде имамға жүгінді. Исламша некені имам қияды. Құдайға шүкір, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасына қарасты мешіттердің имамдары бар. Сол кісілердің некені қиюға құқысы бар. Ал, имамды тыңдамай, жеке 2-3 адамды жинап, неке қию дұрыс емес. Сондай-ақ, телефон арқылы талақ беру, некелесе салу – ол да дұрыс емес.
– Ислам шарты бойынша талақ қай кезде берілген?
– Талақ соңғы уақытта беріледі. Ерлі-зайыптылардың екеуінің шынында да бірге өмір сүре алмайтынына көз жеткізген уақытта ер кісі талағын береді. Бірінші қандай жағдайда береді? Шынында да екеуі бір шаңырақ астында мүлде келісе алмайтын болса, яғни мінезі келмеуі мүмкін. Жүріс тұрысы келмеуі мүмкін. Екіншіден, ол перзент көре алмауы мүмкін. Тіпті, ол бес жыл өтуі мүмкін, он жыл өтуі мүмкін. Мен балалары болмаған бір кісіні білем, бірақ екеуінің бір-біріне деген махаббаты, бір-біріне деген құрметі перзент сүйіп отырған ерлі-зайыптыларға қарағанда жоғары. Сондықтан бұл оған байланысты емес. Ислам әйелді құрметтеді. Сіз білесіз, мысалы исламнан бұрынғы дәуірдегі қараңғылықтан халықты жарыққа жарыққа шығарған осы ислам болатын. Ислам әйелдің мәртебесін көтерді. Әйелдердің құқын айқындады. Осының барлығын қасақана бұрмалау тек жат пиғылды тобырларға ғана керек. Ал, саналы адам сол сасық пиғылдың қолшоқпарына айналып кетпеуді ойлағаны жөн.
– Көп талақ естігендерге, яғни, біздің кейіпкерлерге "Балаңыз кімді әке дейді?" деген сұрақ қойғанымызда, "Кіммен тұрсам соны "әке" дейтін шығар" деген жауап алдық. Олардың арасында баланың кімнен пайда болғанын да білмейтін қаракөздеріміз бар. Бұл өзінің құрсағын жарып шыққан ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің жоқтығы емес пе?
– Әрбір дүниеге келген нәрестеге әке жауапты. Әке дүниеге келген ұрпағының есімін қоюға міндетті. Әрине ғалымға, үлкен кісілерге есімін қойдыра алады. Оны бағып-қағуға міндетті. Және де бала о дүниеде, қияметте өзінің әкесінің атымен шақырылады. «Мен үйлендім, әйеліме талақ беріп жібердім, бітті, кетті, енді құтылдым» деп ойламауы керек. Жоқ! Әйелдің басқа ерге шыққаннан кейінгі бұдан туған баласының бағып-қағылуы, оның тәрбиесіне оның әкесі жауапты. Өз қағыңнан өзің жеріп отырғанда, өгей әке балаға қайдан тәрбие берсін? Ол баланың өміріне қиянат жасалып отыр. Ойланыңдар, ер-азаматтар. Сенің нәпсің алдындағы әлсіздігің, қаншама күнә мен жауапкершілікке алып отырғанын түсінетін кездерің жетті.
– Осы уақытша некеге жиі баратындар талақ берген уақыт пен келесі некенің арасын сақтай алып жүр ме? Шарт бойынша бұл мәселеге қандай пәтуә берілген?
– Әйелді талақ берген уақытта оны күтетін мерзімі болады. Сіз әйелге талақ бергеннен кейін, ұлы сөзде ұят жоқ, сіз әйелдің етеккірін күтуіңіз керек. Шариғатта оның барлығы қарастырылған. Құран аяттарында, сосын пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде барлығы нақты қарастырылған. Оны "ғиддәт" деп айтамыз. Сол күтетін мерзімнің ішінде бұлар тұрмысқа шығып кетіп жатыр. Құрметті, қарындастарым! Қаракөздерім! Ислам ойыншық емес, дін ойыншық емес. Әсіресе некеге тұру, некелесу үлкен жауапкершілік. Ата-анаң мұсылман болса да, болмаса да ата-анаңның рұқсатын аласың. Ата-анаңның разылығын аласың. Олардың разылығынсыз неке қиылмайды. Қазіргі ғұламалар да ата-ананың разылығын алуға басымдық беруде. Осы мәселе күн тәртібінен қалмай келе жатыр. Неге? Өйткені отбасының ыдырауын ислам қаламайды. Ислам мызғымас отбасын құруды қалайды. Тағы айтарым, дін мәселесінде өзінің мамандары бар. Көшедегі көк аттыны ұстаз тұтуға болмайды. Мысалы, Сіз ауырсаңыз, науқасқа шалдығатын болсаңыз, дәрігерге барасыз ғой. Өйткені, дәрігер соның маманы. Сол секілді қоғамда кез-келген дүниенің өзінің маманы болады. Исламның да, діннің де өз маманы бар. Ол – қазіргі күнде біздің имамдар. Сондықтан біз немқұрайлы қарап, кез-келген кісінің жетегінде кете бермеуіміз керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Шарафат Рысбайқызы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
03.09.2015
6997
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру