Халқымызда «Байлықтың алды – иман» деген рухани қазына бар. Дәл қазіргі қоғамға, оның ішінде адамзат жанына қажетті дүние осы. Тек, мына заман желісіндегі құбылмалы жүректер иманның отауы болмай, Абай атамыздың «Иман сақтауға – қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек» деген ғажайыбына сай болмай тұр. Дегенмен, адамзат табиғаты алмағайып, ауа райы тәрізді ауыспалы. Тап осы жерде «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер» деген кемеңгерлікті мойындай отырып, иманның дәрменсіздігін айтқым келеді.
Жаратушының ең көркем жаратылысы – адам. Кіршіксіз таза топырағына әдемілік пен әсемдіктің, ізгілік пен имандылықтың тұқымын сепкен. Алайда, бүгінгі санаға шоқ түсті ме, салқындық тиді ме, әйтеуір адамзат табиғаты жұмбақ кеселге ұшырап, бұзылып барады. Жанына ақырзаман орнағандай, уақыт қиыншылығы мен заман тарлығын көрмей өскен бүгінгі ұрпақтың кеселі асқынған тәрізді. Себебі, бірін-бірі алыстан ұнатпайды. Жақындасаң менсінбейді, қасында болсаң көре алмайды. Жанынан қызғанады, сырттан ғайбаттайды. Қылығы ұятсыз, жүрісі арсыз, пиғылы арам, ойы қастық, әрекеті жауыздық. Тіпті, сәт сайын қарыштаған заман технологиясына ілесе, қатқан темір роботтың тірлігіндей, қолдан келсе шауып тастау, атып түсіру, өлтіре салу. Яғни бүгінгі адамзатқа өзі тектес адамның өмірі мен өлімі түк емес. Тіпті, аңға салынған бүркіттей бір-бірін құздан құлатуға құмар. Ал, жемтікке таласқан қалың орман аңдары тәріздес бірін-бірі жұлып жеуге дайын тұрғандары зұлымдықтың бейнесі. Бұл иманнан алыстап, бұзылған сананың у шашуы, шектен шығуы, азғындалуы. Яғни опасыз дүние, озбырлық жайлаған заман. Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарымыздың «Ұят – иманнан, бірі кетсе, екіншісі де кетеді» дегені рас.
Зұлымдық – Алланың ашуын тудыратын қылық. Ол – имансыздық, қиянат жасау, кісі ақысын жеу, қастық іс-әрекет. Ыза-кек сақтамайтын қазағым жұмсартып, мұндайды «Зәлім» дейді. Ал, Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 18-аяты мұны:
صُمٌّ بُكْمٌ عُمْيٌ فَهُمْ لَا يَرْجِعُونَ
«Саңырау, сақау және соқыр сияқты Алла тағаланың нұры мен шындығын көрмей, теріс жолдан шыға алмайды» деп, сипаттайды. Жаратушы пендесіне зұлымдықты қаламаған. Алайда, қасиетті Құранында
وَمَا ظَلَمَهُمُ اللَّهُ وَلَٰكِنْ كَانُوا أَنْفُسَهُمْ يَظْلِمُونَ
«Алла оларға зұлымдық етпеді. Бірақ, олар өз-өздеріне зұлымдық еткен еді» («Нахыл» сүресі, 33-аят) деп, бұған адамның өзі кінәлі екендігін көрсетеді.
إِنَّ اللَّهَ لَا يَظْلِمُ النَّاسَ شَيْئًا وَلَٰكِنَّ النَّاسَ أَنْفُسَهُمْ يَظْلِمُونَ
«Расында, Алла адамдарға еш зұлымдық жасамайды. Бірақ, адамдар өздеріне-өздері зұлымдық жасайды» («Юнус» сүресі, 44 – аят) дегені тағы бар. Дегенмен, болашаққа көз жүгірту қорқынышты. Неге? Өйткені, адамдарда иман саябыр. Ал, дініне зұлымдық жасағанның болашағын болжау қиын. Қазір Аллаға емес, көріпкелге сену бар. Құран аятының шифасына емес, емшінің қамшысы мен құмалағына сену бар. Тіпті, ай-күні аманда мұсылманның ағымдарға бөлінуі, өз дінінен адасуы, бір-бірлерін жат көруі, діңгегін терроризм деу зұлымдық. Бұл араны іріту, соғыс ашу, нақақтан қан төгу, дінінен, иманынан тайдыру амалдары әрі Аллаға қарсы саналатын зұлымдық! Артын қайырлы еткей, жүректерге тауфиқ хидаят. «Адамдарға жақсылықты бұйырып, жамандықтан тыйыңдар! Болмаса Алла тағала сендерге өзінің азабын жібереді. Сонда қанша дұға етсеңдер де, дұғаларың қабыл болмайды» деген (ﷺ) Пайғамбар сөзін ескерген жөн.
Бұл кеселді көбісі кесірлік деп, қоғамнан көреді. Шындығында, қазіргі адам қандай, қоғам сондай. Өйткені, қоғам адамнан тұрады, оның жақсы болуы да, жаман болуы да адамнан. «Ең жақсы адам қолымен яки тілімен өзгеге зияндық тигізбеген адам» деген қасиетті сөз бар. Жақсы адамдар дегеніміз иманы барлар. Олар әр дәуірде болған, бар әрі болады да. Алайда, сол имандының шамын өшіріп, жаманның атын ерттеген бүгінгі сұмпайы тілдердің қызметі ерекше болып тұр. Қоғамға «иманды ой», адамға «жақсы сөз» қалыптастырмай келеді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген емі күшті даналық бар еді. Бүгінде сұмдығы күшті тіл оны жұтып қойғандай. Мақсаты – адамды іштен іріту. Ауызға салған тағамдай, зұлымның алғашқы қадамы адамның тіліне өтті. Көлемі кіші болғанмен, әлемді уытымен ораған тілдің қазіргі тәсілдері мықты. Яғни біреудің сырын ашу, оны келеке ету, баршаға жариялау, орта жолда сатып жіберу, сөз тұрғызбау, өтірік айту, жалған куәгерлік, сөзбен жәбірлеу зұлымдыққа апарар даңғыл жол. Тіпті, бірін-бірі балағаттай салу оңай. Әсіресе, әлеуметтік желіде басым әрі жиі. Әйгілі ғаламтор әлемнің бәрін көзімен бақылап, уысында ұстаушы. Одан иман іздеуге болмайды. Бірақ, екі жақты талдырған тілдің қызметіне үлкен демеуші. Құдіретімен саусақтарды жүгіртіп отыр. Десек те, ғажайып көрініс, қит етсе, асты-үстіне түсіп, жанашырлық танытқан керемет дос немесе тілмен соғысу алаңы. Арасында икемге келмейтін мелшиген, ешкімді менсінбейтін, өркөкірек, тәкаппар тілдер де бар. Бұл жүйеге қоғамдық сана да иланып, тіпті біршама бағытталған тәрізді. Негізінде, иман мен санаға дауылдан бетер тиетін қатты соққы осы. «Он күнәнің тоғызы тілден» десең де, орнын мықтылап бекітіп алған тілді ауыз қуысынан қалай суырып алмақсың. Дегенмен, жамандық насихатын дамытып отыр. Түбі зұлымдық.
Әріден, Алланың аманатына келейік. Адам есірді, ғасырға ұласқан есірткі, насыбай, темекі, арақ және біз біле бермейтін шикізат иіскеу, оны қолдану тыйылмаса, құрдым мен тұңғиық. Себебі, дәмін сезген тіл тәтті дертті бойға таратты, уы осал емес, қайтуы қиын. Мұны да ойлап тапқан адам. Денсаулық – аманат. Оны күтпеу, өз-өзін қинау – қиянат. Ал, қиянат – Алланың аманатына жасалынатын зұлымдық.
فَالْيَوْمَ لَا تُظْلَمُ نَفْسٌ شَيْئًا وَلَا تُجْزَوْنَ إِلَّا مَا كُنْتُمْ تَعْمَلُونَ
«Ол күні ешкімге қиянат жасалмайды. Тек істеген жамандықтарыңа жаза беріледі» («Ясин» сүресі, 54-аят) деген Құран сөзін білген дұрыс.
Қияметтің белгілерінен асып түскен бүгінгі адамзаттың шаранасы қоқыста, ата-анасы далада. Бұл қасірет емес, бұл адамның адамға деген зұлымдығы, зәлімнің тірлігі, иманның жоқтығы. Ал, қасірет – ол ұрпағын тәрбиелемеу. Мұның да түбі зұлымдық. Өйткені, тәрбие ізгілігі иманнан басталмаса, ұрпағы зұлымдыққа бейім келеді. Мәселен, қазіргі әке мен ана сыртта жасырын зина құрса, ұл – қызы білмейді деген ойда. Керісінде, қақпанына түскенді жайына қалдыра қоятын әзәзіл емес. Бұл оның жұмысына ең қажетті насихат. Мұны естіген үрім-бұтақ не болады, енді ойлай беріңіздер. Ал, ер мен ерді, әйел мен әйелді шағылыстыруы адамзат табиғатына шайтанның қанмен жіберген қасақана зұлымдығы.
Біздер Отан, мемлекет, туған жер, ата-баба, өсиет, әке-шеше, ұрпақ деген ұғымдарды қастерлеп, құрметтеп жетілдік. Айналаға адалдықпен қарап өстік. Ал, қазір еш дүниенің қадірі жоқ. Бірін-бірі қойша сатқан заман болды. Отан сату, мемлекет мүлігін тонау күнделікті тірлікке айналды. Бұл бүтіндей елге жасалынған зұлымдық. Ал, зәбір көрсету, ұрып соғу, ұрлық жасау қарқынды түрде көбейгендей.
Әрқашанда адал болсын ар-ожданың, тілегің,
Басқалар да саған әділ болар, білемін.
Зорлық қылсаң өзгелерге, өзің жәбір көресің,
Қиянаттың құрбаны боп, қорлықпенен өлесің – деген Бабыр атамыз болған.
Бүгінгі жас санаға кісі өлтіру, айуандық жасау күнә емес болды. Бұған бәріміз кінәліміз, тәрбие берген біздердің иманымызда яки құлшылық ғибадатымызда кінәрат бар.
Дерттің асқынған жері адамзат өзін-өзі өлтіруі. Фикһ ілімі мұны бес топқа бөліп қарастырады. Яғни қастықпен, қастыққа ұқсас абайсызда, бір себеппен және соның бірі өз-өзіне қол салу. Бұл да өзгені өлтіргенмен тең. Адамда екі иммунитет яғни бірі рухани (имани), екіншісі ағзалық бар. Екеуі де адамға ауадай қажет. Алайда, көпшіліктің пейілі тойынып ішіп-жеу, жылтырақ киім, биік-биік үйлер, мансап, атақ, дүние қуып кетті. Қазіргі халықтың қарны емес, рухы аш. Сондығынан, өмірін қанағат тұтпай, бір тұтам жіппен өлшегені. Бұл әрекет Алланың әміріне емес, азғырушының тіліне ергендік, Жаратушының тыйымын емес, әзәзілдің әмірін орындағандық, адамзат иманын жоғалтқандық. Хақында өзі жауапкер. Бұл жайында Хақ Иеміздің Құраны былай дейді:
أَلَمْ أَعْهَدْ إِلَيْكُمْ يَا بَنِي آدَمَ أَنْ لَا تَعْبُدُوا الشَّيْطَانَ ۖ إِنَّهُ لَكُمْ عَدُوٌّ مُبِينٌ
«Ей, адамзат баласы! Сендерге: «Шайтанға ермеңдер! Ол сендердің ашық дұшпандарың» деп ескертпедім бе?» («Ясин» сүресі, 60-аят)
Сонымен, иман адамның, қоғамның, елдің қорғанышы, ол жоқ жерде зұлымдық бар. Ал, зұлымдықтың харамдығы айтылмаса да түсінікті. Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарымыз үш адамның дұғасы күмәнсіз қабыл болатындығын айтқан. Яғни ата-ананың баласына, сапардағы жолаушының, зұлымнан жәбір көргеннің дұғалары мүлткісіз қабыл. Бұл жерде зұлымдықта қалған адам мен Жаратушы ортасындағы перде, қалтқы ашылады. Ал, қайғылы пендесінің мінәжатын ескерген Алланың қаһары осы дүниеде қиыншылық, қияметте азап. Алла тағала баршамызды өзгеге және өзімізге зұлымдық жасаудан сақтасын, әумин!
Нұрлан Байжігітұлы Асанов
ШҚО, Өскемен аймақтық өкіл имамы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
24.08.2015
8136
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру