Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ИСЛАМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ

10.08.2015 10934 0 пікір

Ислам – ғылым мен тағылым діні. Тағылым сөзі – ыждағаттылық ұйғарымының нышаны болса керек. Исі мұсылман жанға тағылым алу әрқашан  бастапқы орындағы, белгілі бір деңгеймен шектелмейтін екі дүние есігінің кілті, һәм асыл қазынасы.

Білім іздену, тағылым, ыждағаттылық ұғымдары – ислам дінінің өрісінде жатқаны сөзсіз. Ғылым сөзінің астарында барлық салалар қамтылады. Оларға: жаратылыстану, медицина, философия, дінтану және филология сынды салаларды жатқызуға болады. Міне, сондықтан да асыл дініміздің талабы – тағылым болмақ. Қасиетті Құран Кәрім аят жолдарында жүзеден аса жерде келген болса, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мол хадис-шәріптері толықтыра түспек.

Құран Кәрімде (Фатыр, 28): «Шын мәнінде, құлдарынан Алладан қорқатыны - ғалымдар»,-деген аят жолында ғылым мен білім іздеп, Алладан шынайы қорқатындарға теңелген-ді. Олардың ыждағат жолдары ғылым ақиқатына негізделген. Сондай-ақ, пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Білім іздену әрбір мұсылман ерлер мен мұсылман әйелдерге парыз»,-деген. Ислам өркениетіндегі елаузында көп тараған сөз: «Білім – Қытайда болсадағы барып алыңдар»,-дегені бар. Осы нақылдарды ұстанған базбір грек, парсы және үнді тілдерінен араб тіліне аударылған еңбектер пайда болған. Арада ғасырлар өткеннен соң арап туындылары латын тілдеріне аударылды. Оларға – әл-Фараби, Ибн Сина және Ибн Рушдтың шығармаларын бірқатар жатқызуға болады.

Адам баласы ғылым мен білімді дұрыс меңгеру үшін ішкі жан дүниесі мен санасын жетілдіре білуі тиіс. Өйткені тағылым негіздері адамзатқа ортақ қазына, сол рухани қазына жолында ғалымның халық игілігіне ортақ құндылыққа қол жеткізуі, оның жауапкершілігі арқылы ғана жүзеге аспақ. Сондықтан да Ислам дінінің ұрпаққа қояр талабы ғылымға дұрыс қызмет ету, сол арқылы қоғамға, ұрпақ мүддесіне қажет игілікті істің негізін қалыптастыра, жолын сақтап отыру [1, 112-б]. Осы орайда пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Ғалымдар – Алла Тағаланың алдындағы сенімді адамдар»,-дегені бар [2, 46 б]. Енді бір хадисте: «Ғалымдар – пайғамбарлар мирасқоры»,-деген. Демек, пайғамбарлар ғалымдарға бірде-бір динар, бірде-бір дирһем қалдырған жоқ еді. Алайда, оларға – дінді мұра етіп қалдырған. Сондықтан да діни білім – ғылым болмақ. Ендеше, ислам дінінің өзегі болып табылатын, күні бүгінге дейін өзгеріссіз жеткен Хақ Тағаланың қасиетті кітабы – Құран.

Құранды зер сала оқыған адам одан бостандыққа, ғылыми ізденістерге кедергі келтіретін бірде-бірнәрсе таба алмас еді. Тарихта ешқашан да Ислам мемлекеттерінде ғалымдардың еркін ойлауына кедергі болу, зерттеу мен жаңа нәрселерді ойлап табуларына тыйым салатын жайттар болған емес. Керісінше, ондай адамдарға материалдық жағынан сый-сыяпаттар көрсетіліп, қоғамдық ортада мәртебелерін көтеріп отырды [3, 27-б]. Сондықтан да ғылым мен білім қайнар көзі, сондай-ақ, ғаламның жаратылыс заңдылығымен себептерінің хақиқаты көрсетілген кітап, ол – қасиетті Құран.

Асыл дініміздің адамзатқа қойған талабы адам болмысының,  дүниенің, адам мен әлем болмысының тұтастығы және өзара тәуелділігінің негізгі себебі Жаратушыны танып, ықылас көздерін ашу. Әрбір ғылым іздеген жанның бұл дүниесі мен о дүниелік дәрежесі жоғары болатыны сөзсіз. Әрине, бұл да ғалымның ішкі жан дүниесімен тікелей байланысы бар.

Имам Әбу Нуғайм әл-Әсбахани (оны Алла рахмет етсін) «Хулйәт әл-Әулия» атты еңбегінде ардақты сахабаларымыздың бірі Муаз Ибн Жәбәлдің (р.а) сөзін былай келтіреді:

«Тағылым алып, ғылым үйреніңдер! Расында, тағылым – Алла Тағала алдындағы қорқыныш. Ал білім талап ету – ғибадат болса, білімді қайталау – тасбих болмақ. Білім іздену – ыждағат болса, сауатсызға білім үйрету – садақа. Ал білімге лайықтыларға білім беру – бұл Аллаға жақындатар сауапты іс. Себебі, білім – арам  мен адалды ажыратушы. Өйткені, білім – Жәннатқа бастар жолдың шамшырағы. Білім – жалғыздықта жан досың, жат жерде жолдасың һәм сапардағы серігің. Білім – жалғыздықтағы сұхбаттасың. Білім – бақыт пен бақытсыздық көрсеткіші. Білім – жауға қарсы қаруың, жолдастарыңның арасындағы әшекей. Хақ Тағала білім арқылы кей жандарды үстем қылды, жақсылықта жетекші, басшы қылды. Алла Тағала ғылым иелерін жетекші имам қылып, артынан елді еруіне себепші етеді. Жұртшылық оған қарап бой түзеуіне,  оларды үлгі-өнеге қылады. Періштелер білім иелерімен дос болғысы келіп, оларға қанаттарын тигізеді. Ылғалы да, құрғағы да олар үшін Алладан кешірім сұрайды. Теңіздегі балықтар және құрлықтағы жан-жануарлар мен жәндіктер олар үшін (истиғфар) кешірім сұрайды. Өйткені, білім – жүректі надандықтан құтқарып, өмір беретін нәр. Білім – көз алдыңа сәуле түсіріп, қараңғылықты жояды. Адам баласы білім арқылы екі дүниелік дәрежесі өсіп, адамзаттың ең жақсысына айналады. Ғылым туралы ойлану – ораза ұстағанмен бара-бар. Білімді оқып-зерделеу – түнгі тәһәжжүд намазымен бара-бар. Білім арқылы туыстық қарым-қатынас сақталады. Білім арқылы Алланың рұқсаттары мен тыйымдарын меңгереміз. Білім – амалдардың жетекші имамы боллса, ал амалдар – ізбасарлары болмақ. Білім – тек бақыттыларға нәсіп болып, бақытсыздар мақұрым қалмақ»,-деген екен [4].

Әсілінде, ғылым мен білімнің қайнарлары Құран аяттары мен пайғамбар хадистерінде жатыр. Енді бұны жарыққа шығару қазіргі жас буын, жас ғалымдардың еншісінде тұр. Сондықтан да мүмкіншіліктерді кеңінен пайдаланып, Араб елдерінің, Ислам елдерінің кешегісі мен бүгінгісін, олар жеткен не бір ғылыми жетістіктерді зерттеп, зерделеп еліміздің пайдасына ұсынсақ, нұр үстіне нұр болмақ. Жоғарадағы келтірген мысалдардан алатын тұжырым – қазіргі кездегі кейбір біржақтылықтардан алыс болып, ғылым-білім үйренуге, тәжірбие жасауға құштар болуымыз қажет. Сондықтан да Алла Тағала (Нәхл сүресі, 43 – аят): «Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар!»,-деген [4]. Құрандағы аят жолдарында келген аят мәтіндерінің түпкі мағынасын зерделеумен, тағылым алып, алған білімді адалдықпен жеткізіп, ұмыт бола бастаған осынау рухани мұрамызды қайта жаңғыртып, қазақ халқының жарқын болашағының бағдары десек қателеспейміз.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 1. Ү.Сәрсенбин. «Ислам діні тағылымы». «Ақиқат саяси-қоғамдық журнал». Алматы. 2013. 115-б.

 2. Қасиетті сөз // «Жұлдыз», №12, 2003.

 3. Б.Өткелбаев. «Ислам және ғылым».  Көкжиек. Алматы. 2014.172-б.

4. Әбу Нұғайм әл-Әсбахани. "Хулйәт әл-Әулия".

5. Х.Алтай. Құран Кәрім және қазақша мағына және түсінігі. Фахд Патша. 1991 ж. 604-б.

 

 

 

 

 

Серік ТӘЖІБАЕВ,

"Нұр-Мүбарак" Египет Ислам мәдениеті университетінің

Оқытушысы, ғылыми қызметкер, магистр


 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру